Білім беру жүйесіндегі иновациялық қозғалыс


 Байхазан  Алмагүл
 Қарағанды облысы, Осакаров ауданы, «Осакаровка кентінің №1 орта мектебінің базасындағы тірек мектебі (ресурстық орталығы)» КММ бастауыш сынып  мұғалімі

Бүгінгі күні Қазақстанда білім берудің өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасуда. Педагогика ғылымында баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын шығаруға ұмтылыс көбеюде.

Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің  инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі — маңызды мәселелердің бірі.Сондықтан да оқушылардың ой-өрісін, ұлттық мәдениетін, ұлттық рух пен сана-сезімін дамытып, алғыр тұлғаны қалыптастыруда тәрбие жүйесіндегі инновациялық іс-әрекеттердің ендірілуі үлкен жетістіктерге жетелейді .

«Инновация» ұғымын қарастырсақ, ғалымдардың көбі оған әртүрлі анықтамалар берген. Инновация латыншадан аударғанда «жаңа», «жаңалық», «жаңарту» дегенді білдіреді немесе  “инновация” — бұл нақты қойылған мақсатқа жетуде ойға алынған жаңа нәтиже. Нақты мақсатқа қандай әдіс-тәсілдердің көмегімен жетуге болады? Оқу мақсатының жүйесінде берілген мақсаттың негізгі категорияларын пайдалана отырып, педагог өз еңбектерінің нәтижесі туралы ақпарат алуға мүмкіндік алады. Демек, мақсат пен нәтиже – жаңалыққа бет бұрудың кілті.

Инновациялық үрдістің негізі – жаңалықтарды қалыптастыру, қолдану, жүзеге асырудың тұтастық қызметі. Кез келген жаңа әдіс жекелік, сондай-ақ уақытша жоспарға жатады. Бұл яғни, бір мұғалім үшін табылған жаңа әдіс, жаңалық басқа мұғалім үшін өтілген материал тәрізді.

Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.

Жаңа педагогикалық технологиялар оқушының шығармашылық қабілеттерін арттыруға өз үлесін қосады.

Жаңа технологияны қолдану  оқып үйрену, меңгеру, өмірге ендіру, дамыту кезеңдері арқылы іске асады.

Жаңа технологиялардың педагогикалық негізгі қағидалары:

ü балаға ізгілік тұрғысынан қарау;

ü оқыту мен тәрбиенің бірлігі;

ü баланың танымдық күшін қалыптастыру және дамыту;

ü баланың өз бетімен әрекеттену әдістерін меңгерту;

ü баланың танымдылық және шығармашылық икемділігін дамыту;

ü әр оқушыны оның қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне орай оқыту;

ü барлық оқушылардың дамуы үшін жүйелі жұмыс істеу;

ü оқу үрдісін оқушының сезінуі.

Бүгінгі таңда білім берудің ұлттық жүйесі өте маңызды, қарқынды өзгерістердің сатысында тұр. Қазіргі кезде   қоғам дарынды, қабілетті адамдарды қажет етеді. Сондықтан да қазіргі уақытта мамандық атаулының барлығы дерлік бейімділікті, ептілікті, ерекше ой қызметін ғана емес, мектеп ұжымынан үлкен жауапкершілікті, қызу белсенділікті талап етеді.

Үздіксіз жаңалық енгізу білім беру мекемелерінің, соның ішінде жалпы білім беретін мектеп жұмысының дамуының ең басты факторы болып отыр.Мұндай жағдай білім беру мен тәрбие жұмысын ұйымдастырудың, сондай-ақ, “МҰҒАЛІМ-ОҚУШЫ” қарым-қатынасындағы әдістеме мен үлгісін және мазмұнын да жаңалыққа жетелейді. .[1]

Білім берудің мақсаты, оның ұйымдастырушылық құрылымы, технологиялық жағынан жабдықталуын, оқыту әдістемесі қоғамның әлеуметтік сұранысынан туындайды. Бұған дейін білім беру үрдісінің негізгі бөліктері:

Мақсат —> мазмұн —> форма —> әдіс —> оқыту көрнекілігі болса, бүгінде жаңа технология бойынша оқып үйрену —> меңгеру —> өмірге ендіру —> дамыту болып өзгерген.

Яғни  ізденіс-жаңалыққа жол ашу. Мұғалімдер әдістемелік ізденістерді басшылыққа ала отырып, еңбекті сабақ үрдісінде білулері керек.

Қазіргі кезде  көп айтылып, талқыланып жүрген жаңалықтарды оқыту үрдісіне енгізу, яғни, инновациялау инновациялық үш бөлімнен тұрады:

І-бөлім.   Кәсіби шеберлік

ІІ – бөлім.   Біліктілік дағдылары

ІІІ-бөлім.   Жүзеге асыру,  қолдану.

Қазіргі заманғы білім беру мазмұнындағы  осы өзгерістердің барлығы – оқытудың негізгі мақсаты оқушылардың танымдық ой белсенділігін қалыптастыруда ойын сабақтарын өткізу оқушыларды өз бетінше ізденуге, ойлау кабілетін арттыруға, тапқырлыққа баулиды. Сондықтан оқушылар сұрақтар мен сөзжұмбақтарды шешу үшін өтілген материалды үнемі кайталап отыруды әдетке айналдырады. Оқушылардың сабаққа деген ынтасы артып, олардың шығармашылык ой-өрістерін, түсінік-танымдарын еселеп, арттыра түседі. .[2]

Ойын сабақ оқушылардың логикалық ой-өрісін, сана-сезімін дамытуда, олардың әр түрлі шамалар мен бірліктердің, терминдер мен заңдылықтардың, құбылыстар мен өзгерістердің атын есте сақтауға көмектеседі.

Сабаққа дайындық барысында оқушылар әр түрлі газет-журналдарды, көмекші құралдар мен анықтама кітаптарды пайдаланады, яғни бір сөзбен айтқанда оқушылардың өз бетінше шығармашылық ізденіспен жұмыс жасау қабілетін арттырады.

Жаңа технология жүйесінде проблемалық, іскерлік ойын арқылы оқытудың маңызы зор. Оқушылар әр түрлі проблемаларды талдайды, оның шешу жолдарын іздестіреді. Мұндай сабақтар оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытады, пәнге деген қызығушылығын арттырады, өмірде кездесетін түрлі қиындықтарды жеңуге тәрбиелейді.

Іскерлік ойын сабақтарын өткізу технологиясы 3 кезеңнен тұрады.

I кезең. Дайындық (рольдерді бөліп беру, оқушыларды топтарға бөлу, проблемаларын алдын ала таныстыру, қажетті материалдарды жинау)

II кезең. Ойын кезеңі (оқушылар жасаған хабарламаларды тыңдау, пікірталас жасау, қабылданатын шешімді талқылау және оны бақылау, талқыланған шешімді қабылдау)

III кезең. Қорытындылау (проблеманы шешудің тиімді жолдары іздестіру)

Іскерлік ойындарының дидактикалық, тәрбиелік, дамытушылық (әлеуметтендірушілік) маңызы зор.

Оқушылар әрбір сабақтан мол білімділік, тәрбиелік, дамушылық алу керек. Сондықтан пәнаралық байланыс арқылы сабақтың біліми, ғылыми сипатымен қатар оның тәрбиелік танымдық, адамгершілік мазмұнда ұйымдастырылуын ойластырған абзал.

Оқыту үрдісі кезінде сабақтағы басты тұлға білім беретін мұғалім емес, осы білімді қызыға қабылдауға дайын оқушының болуы.

Білім беру саласындағы қазіргі оңды өзгерістер әрбір мұғалімнен өз ісіне мұқияттылықты талап етеді.Нағыз өз ісінің шебері ғана жоғары жетістіктерге ие бола алады. Ал білікті маман болу үшін көп ізденіс керек екені даусыз. .[3]

Мен де өз әріптестеріммен қатар оқушы оқыту мен тәрбиелеу ісіне өз үлесімді қосып келемін.  Оқушының ойлау қабілетін артыру, сол қабілетін белсенді ету – басты мақсатым.

Әсіресе, мен баланың білімге деген қызығуын арттыратын жүйелі іс-әрекеттер ұйымдастыруға талпынамын. Ол жүйе мына төмендегідей:

‪1. Шығармашылықпен жұмыс істеуге арналған тапсырмалар.

‪2.Әр түрлі анықтамалықтармен жұмыс істеуге дағдыландыру.

‪3.Ғылыми әдебиеттердің оқуға баулу.

‪4.Жарыстар, сайыстар, әр түрлі танымдық ойындар ұйымдастыру.

‪5. Интернет, телеарна мен мерзімді баспасөздерде берілген соңғы жаңалықтарымен таныстырып отыру.

‪6.Қызықты тәжірибелерді, сапалық есептерді көбірек қолдану.

‪7. Мұғалімнің    айшықты,    өмірден    алынған    дәйектерді    сабақта қолдану.

Осы әдістерді сабақта қолдана отырып оқушының ойлау тәсілдерін бақылауға болады. Берілген материалдан оқушы ең маңыздысын, ең бастысын бөліп алады, басқа нәрселермен салыстырады, оны жүйелеп, қорытындылайды, нақтылайды, анықтайды және ұғымға түсінік береді, оны дәлелдейді немесе жоққа шығарады, модельдейді. Жаңағы тәсілдерді қолданғанын оқушының сөзінен, тұжырымынан байқауға болады.

Өз тәжірибемдегі оқушының ойлау қабілетін арттыру үшін қолайлы деп санайтын әдістерім: ойын, жарыс, сайыс, оқушының қиялын, бақылауын қолдану, танымдық ойын және шығармашылықпен орындауға арналған тапсырма. Ұстаздық тәжірибемде оқытудың пәрменді әдіс –тәсілдерін қолданудан сабақтың тиімділігі арта түсетініне көз жеткіздім.

Қорыта келгенде ХХІ ғасыр компьютерлік ақпараттар  заманы. Сондықтанда жер бетінде болып  жатқан жаңалықтар мен  өзгерістер туралы спутник, интернет арқылы мағлұматтар оқушыларға жеткізіліп, айтылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

‪1. Демеуова Ләззат. Ғаламдық ойлауға бейімдеу. “Қазақстан мектебі” №12 Алматы, 2003- 3 бет.[1]

‪2. Жошыбаева Гүлнар. Ұлттық мектеп – ел еңсесі. “Қазақстан мектебі”, №12, 2003-13 бет.[2]

‪3. Қоянбаева Сәуле. Танымдық қызығуды белсендіру. “Қазақстан  мектебі” №6, 2003 [3]

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *