Бастауыш сынып оқушыларын жаңа технология арқылы тіл дамыту жолдары

Тусупова Айжан Тлеужанқызы
 Қарағанды облысы, Осакаров ауданы«Осакаровка кентінің №1 орта мектебінің базасындағы тірек мектебі

 (ресурстық орталығы)» КММ бастауыш сынып  мұғалімі

     Бүгінгі таңда Қазақстанның дүниежүзілік білім кеңістігіне ену қажеттілігі көтеріліп отырған кезеңде білім беру мәселесін, әдіс – тәсілдерді инновациялық үрдістермен алмастыру арқылы жалпы білім сапасын арттыру көзделген. Осы орайда әрбір мұғалім озық технологияларды терең талдаудан өткізіп, өзіне тиімдісін таңдауы керек. Сонау ХХ ғасырдың басында Ж. Аймауытов: «Сабақ беру – жай үйреншікті нәрсе емес, ол – жаңадан жаңаны табатын нәрсе» деген екен.
Ұстаз пән мұғалімі ретінде осынау жаһандану заманында қай технологияны, қандай әдіс – тәсілдерді таңдаса да өз еркі. Ал мен бастауыш сынып мұғалімі ретінде әрбір сабағымда қандай озық технологияны игерсем де, қандай да бір әдіс – тәсілдерді қолдансам да ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, мәдени мұраларды жадында өшпестей етіп сақтаған құзіретті жеке тұлға қалыптастыру үшін таптырмайтын қарапайым әдіс – тәсіл деп білемін. Туған тілін, жерін, салт – дәстүрін, тарихын сүйе білген оқушы білімге іңкәр, жақсылыққа құмар, жүрегі кең, жаны жайсаң, шешендік өткір тілмен сөйлей алатын, ойын ашық жеткізетін, жеке тұлға ретінде қалыптасқан азамат болары сөзсіз.
Ал қоғам бізге тап қазір, жаһандану заманында, жан – жақты жетілген, рухани бай жаңа заман адамдарын тәрбиелеуді талап етіп отыр. Қазіргі заманауи ұстаздардың алдында өз халқының мәдениетін, әдебиетін, тілін, салт-дәстүстірін, тарихын, өнерін сүю арқылы, басқа халықтардың да тілі мен әдебиетіне, салт – дәстүріне құрметпен қарайтын нағыз мәдениетті адам тәрбиелеу міндеті тұр.Сондықтан жалпы білім беретін мектеп қабырғасында әр оқушының болашақтағы өз бағытын дұрыс белгілеп, саралай білуі үшін оларға берілетін білім өзегінде, өзіндік сана, көзқарас, дүниетаным мен сенім қалыптастыруда, сондай – ақ, қай ортаға болсын тез бейімделіп, жаңа ақпараттарды тез түсініп, қабылдау қабілеттілігін, іскерлік қасиетін дамытып, жеке тұлға етіп тәрбиелеудің орны ерекше.
Қазіргі жаһандану заманындағы оқытудың мақсаты – ана тілін құрметтеу, еліміздің тарихын жетік білу, әдет – ғұрпымыздың, салт – дәстүріміздің сан қырлылығын игеру, шешендік өнердің алуан түрлі сипаттары арқылы оқушылардың сөз мәдениетін жетілдіру, тілді әлеуметтік қызметіне сай орынды жұмсай білуге үйрету, интеллектуалдық қабілеттерін арттыру, ұлттық сана – сезімін ояту, азаматтық ұстанымын, рухани құндылықтарын қалыптастыру болып айқындалады. Әр оқушыны жеке тұлға деп танып, оның шығармашылық қабілеттерін шыңдау, шығармашылықпен жұмыс жасауға талаптанған әрбір мұғалім әдебиеттегі көркем мәтінді ұлттық құндылықтармен өзектестіре оқыта отырып, оқушының жан – жақты қабілеттерін дамыта алады.
«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай» – деп Сократ айтқандай Егеменді еліміздің алдыңғы қатарлы отыз мемлекеттің қатарына қосылуға табандылықпен жылжу саясаты қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі өзгерістер енгізіп, жаңа талаптар қойылып отыр. Соның ішінде болашақ ұрпаққа әлемдік деңгейде білім беру мақсатына орай білім мазмұнына жаңаша қарау – басты міндеттердің бірі.
Қазіргі кезде білім берудің жаңа жүйесінің жасалынуы, білім мазмұны мен әдіс – тәсілдерінің жаңаруы бәсекелестікке қабілеті мол, шығармашылық бағытта еңбектенетін, ой қабілетімен ерекшеленетін азаматты тәрбиелеуді көздейді. Сапалы білім – ел болашағын айқындайтын басты көрсеткіш болып табылады. Кез келген оқыту белгілі мөлшерде адамды дамытады. Оқитын пән қаншалықты жаңа, бағалы болса да, мұғалімнің шеберлігі қандай жоғары болсын, мұғалім мен оқушының өз белсенділігін туғыза алмаса, берген білім күткен нәтиже бермейді. Оқушының адам ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады. Жаңа технологияның басты мақсаттарының бірі – баланың оқыта отырып, ой еркіндігін, белсенділігін, ізденімпаздығын қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру.
Міне, біз бүгін «Білім берудегі Кембридж тәсілдерінің теориялық негіздері» осы жоғарыда айтылған ұстанымды ұстайды. Яғни, мұндағы бала өзі ізденуші, бір – біріне үйретуші, ал мұғалім бағыт беруші, нұсқаушы. Бұл тәсілдің басқа технологиялардан ерекшелігі жеті модуль арқылы іске асады. «Сабақ – оқытушының педагогикалық мәдениетінің айнасы», – деп А. Сухомлинский айтқандай, осы жеті модульдің ішінде өзімнің пәніме тиімдісі, жарыққа шығарары, баланың қызығушылығын оятары, білімін жетілдірері қайсы екен деп көп ойланғаным рас. Саралай келе әр сабақта бір немесе бірнеше модульді бірден қолдануға болатынын анықтадым. Бұл қолданыстан ұтылғанымнан ұтқаным көп болды. Әр мұғалім өз сабағының – көшбасшысы. Көшті қалай бастап алып жүрем десе де өз еркі. Ал көшті дұрыс бағыттай білу ол шеберлігіне байланысты.:
1. Қызығушылығын ояту – жаңа сабақты түсіндіру кезіндегі үйрену процесі. Бұл бұрынғы білетін білім мен жаңа білімді ұштастырудан тұрады.
Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер арқылы оқытуда оқушылар бұрынғыдай тек тыңдап және көшіріп қана қоймай, белсенді әрекеттер атқарады. Жаңа технология арқылы баланы оқыта отырып, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру. Ол белсенді әрекеттерге ойлау, оқу, сөйлеу, талқылау, жазу, пікірлесу, пікір таластыру жатады. Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер арқылы оқытуда білім дайын күйінде берілмейді, ол тек белсенді әрекеттер арқылы ғана игеріледі, оқушылар өзара қоян – қолтық қарым – қатынаста болып, онымен бірлесе әрекет жасау, диалог құру. Өзімізге сыни тұрғыдан ойлауымыз керек. Сабақта оқушылардың тақырып бойынша өз ойларын білдіруі, пікір алмасуы диалогпен жүзеге асты. Топтық әдісті қолданғанда оқушылардың бір – бірімен ақылдасуы, оны топтан біреуінің шығып айтуы, ал болжау әдісін қолданғанда оқушылардың мәтінде не туралы жазылуы мүмкін екендігі туралы өз ойларын да диалог арқылы көрсете білді.
2. Мағынаны тану – жаңа сабақты бекіту процесі. Бұл кезеңде оқушы жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс жасайды, тапсырмалар орындайды. Сонымен қатар олар идеяны жеткізіп қана қоймай, шешім табу үшін топқа сұрақ қояды және басқаларды сұраққа тартады. Әр топтан бір оқушы шығып ұжым алдында мәтін мазмұнын қысқаша баяндап береді.
3. Ой толғаныс – сабақты қорытындылау кезеңі. Осы кезеңде үйренуші не үйренгенін саралап, салмақтап, оны қандай жағдайда қалай қолдану керектігін үйренеді. Мысалы, бұл жерде балалар эссе жазады. Өз ойларын қағаз бетіне түсіріп, түйгендерін анықтайды. Бұл модульдің нәтижесі көп. Атап айтар болсам, ой – пікірін ашық, еркін айту, бір – бірінің сабақ барысында қателіктерін айту, жақсы қасиеттерін үйрену, сабақ – білім естерінде көп уақытқа сақталады, сабақ барысында өзі талдайды, бір – біріне талап, өтініш, тілектерін білдіре алады. Сондықтан ең жақсысы – балалар оқу тәрбие үрдісінде үлгілі мінезге бір – бірінен үйренетін ұжымдық оқытуды ұйымдастыру».
Мұғалім бала бойындағы туа біткен түрлі қасиеттерді дәл байқап, оның сапалық ерекшеліктеріне баға беріп, ары қарай өз бетінше дамыта түсуіне жағдай туғызуы керек, көмектесуі қажет. Бұл үшін, әрине ұстаздың өзі де өзгеруі, яғни дәстүрлі оқытудың таптаулары сүрлеуінен арылуы тиіс. Осылайша оқытудың жаңа мазмұнын жасауға бетбұрысты әрбір мұғалім өзінен бастағаны жөн. Мұғалім шәкіртке білім, білік, дағды беріп қана қоймай, ақыл – ойы мен қабілетінің дамуына көңіл бөліп, «оқи алуға үйрету керек». Мұғалім оқытуға кіріспес бұрын оқушылардың мінездерін зерттеп, білімдерін тексеруі тиіс. Мұғалім әр баланың білім дәрежесі қаншалықты екенін саралап алғаннан кейін, оның алға жылжуына ықпал етуге міндетті.
«Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиялармен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет»- деп елбасымыз өз жолдауында айтып қана қоймай, әр мектепті түрлі ақпаратты техногиялармен қамтамасыз етуде. Яғни, ақпараттық технологиялардың білім беруде маңызы зор. Өйткені ол оқушыларға үлкен ақпараттық білім кеңістігіне жол көрсетеді. Бұл баланың ой өрісін кеңейтіп қана қоймайды, білім деңгейін көтеруге үлкен үлесін қосады. Сабақ беруде мұғалім оқушылардың жас ерекшелігін негізге алуы керек.
Тапсырамаларды да меңгере алатындай, сұрақтарға дұрыс жауап іздей алатындай етіп қою керек. Сол кезде сабақ күтілген нәтижеге қол жеткізеді.
1. Мұғалім оқыту кезінде билік жүргізу әдісінен арылуы керек.
2. Оқыту үрдісі кезінде сабақтағы басты тұлға білім беретін мұғалім емес, осы білімді қызыға қабылдауға дайын оқушы болуы тиіс.
3. Балалардың оқуға деген ынтасын күшейту керек
4. Өз дербестігін, белсенділігін дамыту қажет.
5. Оқу, дамыту жұмысын ұтымды жүргізу үшін баланың табиғи талабын, қасиетін дер кезінде айқындау керек.
Осы қағидалар негізінде сабақты жаңа технология әдістерін қолдану арқылы жүргізу – оқушының өзін – өзі дамытуына, өз біліміндегі олқылықтарды өзі тауып, өз сұрағына өзі жауап іздеп жан – жақты білім алуына көмектеседі. Әр уақытта бала білімін алға қоюшы ұстаз үлкен көрсеткішке қол жеткізу жолында талмай талаптанып, шаршамай еңбектенеді. Сол кезде ғана еліміз көкке шарықтап, басқа елге елді танытады. Елді өсіретін де, елді төмен түсіретін де – білім. Сондықтан қолда бар амалдарды тиімді пайдалана білу сіз бен біздің үлесімізде, құрметті әріптестер!

Leave a Reply

Your email address will not be published.