Мерекелер мен іс –шаралардың сценарийлері «Күн дидарлы Қазақстан!» (Тәуелсіздік күні)


Сакенова Калкен Сериковна
№ 42 «Тілек» балабақшасының тәрбиешісі

Мақсаты: Балалардың  Отаны, Рәміздері, Елтаңбасы, Тәуелсіздік күні туралы түсініктерін молайту. Мәнерлеп тақпақ айтуға, сахналық көріністерді көрсетулері арқылы еліне, отанына деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Отанын, елін сүюге тәрбиелеу.
Еліміздің Тәуелсіздігіне орай өткізілетін мерекелік ертеңгілікке  балалар залға  ту, шармен кіреді.

Әнұран  орындалады
Тәрбиеші: Сәлеметсіздер ме,балалар, қонақтар, әріптестер! Бүгінгі «Тәуелсіздік» күніне  арналған мерекелік ертеңгілігімізді бастаймыз.
-Балалар, біздің Отанымыз қалай аталады ? Қазақстан.
-Қазақстан қандай мемлекет? Қазақстан тәуелсіз, егеменді мемлекет.
-Еліміздің Президенті кім? Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
-Еліміздің елордасы қай қала? Астана.
-Астана қандай қала? Астана – бас қала, әдемі, үлкен қала.

-Біз тәуелсіз елдің түлегі болғанымызға шексіз қуанамыз. Біздің отанымызды  әлем таныды. Осы сәтте Отан туралы еріксіз ойға берілесің. Бұл ұғымның аясы кең. Отан – далаң, орман, тауың, ауылың..
Отан туралы тақпақтарымызды айтайық.

Арна
Отан- жерім, Отан- суым,
Отан  қуат, нәр береді.
Отан- ұран, Отан- туым,
Отан мәңгі гүлденеді!

Согдиана

Отан деген – атамекен,

Отан деген – туған жер.

Отан – ана, Отан – үлкен,

Қазақстан – туған ел.

Асия

Отанды әркім анасындай,

Қастерлейді бағалап

Өйткені Отан баласындай

Бізді өсірер аялап.

Нұрай

Сарыарқаның даласында,

Күн шуағын төккен күн.

Елім менің,жерім менің,

Баққа қолы жеткен күн.

Тәрбиеші:  Отанымыз,туған жеріміз, еліміз жылдан жылға көркейіп жаңарып өсіп өнуде. Олай болса балалар, «Біздің  Отанымыз » әнін бірге тамашалайық

Ән: «Біздің Отанымыз»

Тәрбиеші: Біз бүгін тәуелсіздік алған күнімізді мерекелеудеміз. Біздің еліміз тәуелсіз болғандықтан өз мемлекеттік Әнұраны, Елтаңбасы және өзінің Мемлекеттік туы бар.

-Балалар, мемлекеттік туымыздың түсі қандай екен?
-Туымыздың түсі – көк.
-Иә, өте жақсы. Ал, енді балалар, Рәміздерге байланысты тақпақтарымызды айтайық  (балалардың тақпақтары тыңдалады)

Қолдарына   ту, елтаңба, шаңырақ суреттері

Алдияр

Отаным менің Қазақстан.

Туың тұр ғой жарасқан

Жарқырап тұр күніңде.

Қыраның тұр көгінде.

Сабина
Елтаңбасы  елімнің
Неткен  әйбат, әдемі!
Тұнығындай  көңілдің,
Ортада  аспан  әлемі.

Самира
Құт, береке – шаңырақ,
Орын алған  ол  төрден.
Қанатты  қос  арғымақ,
Екі  жақтан  көмкерген.

Жантөре

Көк байрақтың бетінде,

Қыран бүркіт қанатты.

Сол қырандай еркіндеп,

Бала өседі талапты.
Тәрбиеші: Балалар сендер «Тәуелсіздік  алдық» дегенді  қалай түсінесіңдер? Балалар жауабы: Өзіміздің жеріміз, еліміз, туымыз, елтаңбамыз, әнұранымыз, теңгеміз бар.

Ендеше тамашалайық көрініс:  «Тәуелсіздік деген не?»

Тәрбиеші: Біз көпұлтты егемен елміз. Тілімізге, дінімізге бөлінбей тату-тәтті бір аспанның астында, бір мемлекетте өмір сүріп жатырмыз.

-Қандай мемлекетте өмір сүріп жатырмыз? (Қазақстан)

-Қазақстан деген мемлекетті басқарып отырған кім? (Н.Ә.Назарбаев)

-Ендеше Елбасымызға  арнаған  әнімізді айтып берейік.

ӘН: «Нұраға»

Тәрбиеші: Бүгінгі тәуелсіздік мерекесіндегі қуанышымызды білдіретін қандай тақпақтар білесіңдер?

Айнель

Тәуелсіздік – ел болу

Ынтымақпен өрге озу.

Еркін және өзге елмен,

Терезесі тең болу.

Тоғжан

Тәуелсіздік  жолында,
Талай – талай тер тамған.
Билігім  өз  қолымда,
Еркіндігім – Елтаңбам.

Ильяс

Тәуелсіздік таңы атты,

Барлық әлем жаңарып.

Осы тұрған халқыма

Бейбітшілік орнады.

Диана

Он алтыншы желтоқсан
Ел мерейі тасыған
Қазақ деген қалың жұрт
Бәрін кешті басынан

Ақбота

Он алтыншы желтоқсан

Тәуелсіздік алған күн

Ерекше боп мәңгілік

Ел жадында қалған күн

Тәрбиеші: Қазақ жері – кең байтақ, ұлан – ғайыр  дала. Оның  табиғаты

алуан  түрлі, жері бай. Мұнда  жазық  дала да, көл  де, шөл  де, аймақ  та бар.

Әлемге  әйгілі  тарихи  ескерткіштер, табиғаты  көркем  қорықтар, көптеп кездеседі. Ал  келесі  балалардың  орындайтын  әсем  билері  де  осы  жайында.

БИ: «Қазақстан»

Ойын «Шаңырақ»

Тәрбиеші: Мен сендерге жұмбақ жасырам кім жауабын айтады екен?
1. Келген емес жайдан жайдан – жай
Жеңдік барлық езгіні
Тәуелсіздік алғаны ай,
Жылдың қай мезгілі?    (Қыс мезгілі , Желтоқсан айы )
2. Тәуелсіздік жолында
Тапқан жолдың шешімін
Президенті қазақтың
Айтшы кәне есімін.    (Н. Назарбаев)
3. Туымыздан күн қарап,
Күлімдейді әлемге.
Күн астында қандай құс
Қанат қаққан бар елге.    (қыран құс)
4. Көк аспанның түсі бар,
Ортасында күні бар.
Қыран ұшқан қалықтап,
Кімнің туы біліп ал!    (Қазақстанның туы )
Тәрбиеші: Балалар мына «жүрек» шарды алып, шын жүректен Елбасымызға, осы отырған қонақтарға  тілек тілейік.Балалар  шығып, бір- бір сөзден айтады
-Нұрлы күн болсын!
-Елімізде бейбітшілік болсын!
-Елбасымыз аман болсын!
-Қазақстан гүлдене берсін!
-Ана тілімізді құрметтейік
-Рәміздерді құрметтейік!
-Еліміз, жеріміз бай болсын!

-Деніміз сау болсын!

-Балабақша гүлдене берсін!

-Сіздерге қуаныш, шаттық тілейміз! ХОРМЕН (шапалақтау)

Тәрбиеші: Ал құрметті қонақтар осындай әдемі тілектермен  бүгінгі ертеңгілігімізді аяқтаймыз. Сіздерге тағыда  мейрамдарыңыз құтты болсын, аспанымыз ашық болып, Қазақстанымыз гүлдене берсін дейміз!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *