Мерекелер мен іс –шаралардың сценарийлері «Наурыз мейрамы»


Оразалина Айшажан Рахимжановна
№ 42 «Тілек» балабақшасының тәрбиешісі

Мақсаты: Б.М: Балаларға өте көнеден келе жатқан наурыз мейрамының маңыздылығын түсіндіру, өлең, тақпақтарын анық айта білуге үйрету. Халқымыздың аса үлкен дайындықпен қарсы алатын ұлыстың ұлы күнінің ерекшелігін балаларға айта отырып,мерекелік көңіл-күй тудыру.

Д.М: Балалардың қазақ халқының рухани өмір құндылықтары, этно мәдениеті туралы білімдерін кеңейтіп, ойын, ұлттық дүние танымын кеңейту.

Т.М: Халқымыздың салт – дәстүрін қадірлей білуге тәрбиелеу.

Керекті құралдар:үнтаспа,көжеге қосылатын тағам түрлері, ағаш аттар, асықтар, орамал

Әдіс – тәсілдер: сұрақ – жауап, әңгіме, түсіндіру

Сөздік жұмыс:мейрам, мереке, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі

Ән залы «Наурыз» мерекесіне арнайы безендірілген, оның төрінде ұлттық үй жиһаздары жиналып, алаша, құрақ көрпелер төселінген, жартылай оған алты қанат үй тігілген.

Балалар ертеңгілікке Роза Рымбаеваның орындауындағы «Наурыз думан» әнімен кіреді. (балалар  бес қатарға тұрады).

1 Жүргізуші:

Басталды міне тойымыз,

Шырқалсын ән мен ойымыз.

Наурыз бақыт әкеліп,

Тойға ұлассын тойымыз.

2 Жүргізуші:

Келді наурыз жар салып,

Би билейік ән салып.

Жылда келсін Ұлыс күн!

Тұрайық есен қарсы алып.

Ән: «Наурыз»

Тақпақтар

Жанерке

Көзін ашып бұлақтың,

Көпшілік көшет еккен күн.

Жаңғырып, дәстүр жаңарып,

Қадіріне жеткен күн.

Аяулым

Кеңінен елге таралған,

Негізі ерте қаланған.

Еңбек, шаттық жыл басы,

Наурыздан бастап саналған.

Дария

Жылдағыдай көктемнің

Жауқазыны жаңа гүл.

Нұрын төгіп көктен күн,

Келді наурыз жаңа жыл.

Алихан

Күн менен түн теңелді

Жер шуаққа кенелді.

Наурыз тойы жырымен

Көңіл гүлдей жайнасын.

Арман

Наурызды халқымыз

Жыл басы санайды.

Көнермей салтымыз,

Көп елге тарайды.

Наурыз тойын тойлайық,

Қызығына тоймайық.

Құтты болсын халайық,

Ұлыстың бұл ұлы күні.

Қызықты сәт: әже немерелерімен Наурыз тойын тойлауға келеді.

Орынбасар, Мирослава, Дарина, Динара, Расул, Дильназ.

(Әже немерелерімен Наурыз мерекесі туралы әңгімелеседі де, Наурыз көже дайындауға барады, ал балалар орындарына отырады)

Тақпақтар:

Адина

Наурыз – Жаңа жыл келді,

Мейрамдаймыз, жырлаймыз.

Би билейміз дуласып,

Қосылып ән шырқаймыз.

Расул

Наурыз келді тағы да,

Жасыл желек тағына.

Құтты болсын мереке

Жаңа жылға береке.

Далила

Думандасын дарқан жерім

Күмбірлесін күй төгіліп.

Наурыз тойы құтты болсын

Қонақ жайлы жомарт елім.

Динара

Әнім де саған, биім де,

Құт қонақ өзің үйімде.

Қуаныш сыйлап еліме,

Күлімде, наурыз, күлімде.

Адильжан

Осы айда бар мереке,

Қуантар ана, әжені.

Наурыз тойы береке,

Тоя ішем көжені.

Наурыз қыз кіреді:

Сәлем, елім ардақты

Сәлем қарты халқымның.

Уақытыма риза боп,

Бақытыма шалқыдым.

Ашық болса күніміз,

Ашылады нұрымыз.

Жаратылыс жаңарып,

Теңелген кез күн мен түн.

Жүргізуші:

Хош келдіңіз, Наурызым ардақты

Халқым саған бар үмітін жалғапты.

Жылда осылай келе бергін жасарып,

Гүлге бөлеп, нұрға бөлеп жан – жақты.

Қызықты сәт:  Ортаға Қожанасыр мен Алдар көсе келеді.

Алдар көсе (Қожанасырға қарап):

-Қожеке, мына жерде сайысқа түсетін өнерпаздар көп, ойын – сауықтың талайы әлі алда. Мереке ұзаққа созылар түрі бар, бәрін тамашалауға уақыт жетсе жарар еді.

Қожанасыр:

-Қой, Алдар, қайда асығасың, уақыт жетеді. Бүгінгі тәуліктің ұзақтығы жиырма бес сағат емес пе?

Алдар көсе (таңданып):

-Қалайша, тәулікте жиырма төрт сағат еді ғой.

Қожанасыр:

-Кешегі бір сөзінде «Наурыз» келді, енді бір сағатқа ұзарады – деген өзің емес пе едің?

Алдар:

-Бір сағат күннің шуағы мен батуының ұзарғанына қарай айтылған емес пе? Сен болсаң тәулікке бақандай бір сағат қосып алыпсың өзіңше.

Ата кіреді:Наурыз мерекесі – нағыз халықтық мереке, көпшілік болып тойланатын төл мейрамымыз, мерекелеріңіз құтты болсын, Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Наурыз мерекесін ұлтты ұйыстыратын ұлыстың ұлы күні мынадай қасиеттері мен сипаттарын ескергеніміз жөн.

1.     Жылдың ауысуы, түлеу, жаңғыру мерекесі (22 наурызда күн мен түн теңеледі,тіршілік жанданады,жан – жануарлар төлдейді, көктем келеді).

2.     Теңдік, еркіндік мерекесі (бұл күні барша жұрт, яғни қызметкерлер жұмысын тоқтатып көпшілік мерекелеп тынығады).

3.     Тазалық мерекесі

4.     Табиғатқа қамқорлық мерекесі (ағаштар отырғызылады, бұлақтардың көздері ашылады)

5.     Ынтымақ, татулық, достық мерекесі Оу, Алдардың бір еркелігін кешірмейсіз бе?

Наурызда жұрт жыл бойындағы ренішті ұмытып, тәубеге келер, татуласар болар, «Наурызда» көк тас та жібиді деген. Бір – біріңе ренжіген, көңілдерің қалған кез болса, бүгін бәрін ұмытып, жаңаратын, табысатын күн.Ендеше кімде – кімнің көңілінде біреуге деген кірбің болса, ұмытып қане достасайық.

Әжелеріңнің наурыз көжесі дайын болғанша, өзіміздің бәрімізге белгілі ұлттық ойындарымызды ойнап, көңілімізді көтерейік.

Ойын: « Орамал тасымақ»

Алдар көсе: -Қожеке, қане, жанкүйерлер болайық, сен қай топтың жағындасың

Қожанасыр: – Мен.., жеңген топ жағындамын.

Ойын: «Күш сынасу»

Жүргізуші:

Балаларымыз көңілді,

Жабырқауды білмейміз.

Біз сүйеміз өмірді,

Ойнаймызда билейміз.

Би: «Қамажай» Ұлдар биі

Жүргізуші:

Өнердің сезіп құдыретін,

Халықтың білсек құрметін.

Ұрпақпенен жалғасып келетін,

Ойынды «Теңге алу» көрелік.

Ойын: «Теңге алу»

Жүргізуші:

«Қой асығы демеңіз,

Қолға жақса – сақа тұт.

Жасы кіші демеңіз,

Ақылы асса – аға тұт»

Ойын: «Асық салу»

Тақпақтар:

Асия

Бүгін күн мен түн теңелді

Жер шуаққа кенелді.

Соны тойлар ел енді,

Наурыз тойы салтымыз.

Абылайхан

Малдар төлдеп, қой қоздап,

Сүттен бұлақ ағызған.

Жаңа жылдың сипаты

Молшылыққа аңыз боп,

Басталыпты наурыздан.

Назым

Той жасаймыз,

Мәз – мейрам шаттанамыз.

«Ұлт тойы» – деп

Наурызды мақтанамыз.

Осылай жарасымын таба бергей,

Ата – дәстүр, аялар салт – санамыз.

Мирослава

Нұрын төгіп көктен күн,

Келді Наурыз жаңа жыл.

Мерекесін көктемнің

Бүкіл әлем тойласын!

Жәнібек

Наурыз келді құт болып,

Мына бізге нұр болып.

Аққа аузымыз толады,

Бар жақсылық болады.

Жүргізуші:

Балабақшаларда сәбилерге жан – жақты тәрбиенің елеулі бір саласы өнерге баулу болса, олардың әсемдікті танып, бойына сіңіре білуіне бидің тигізер пайдасы зор. Би баланы музыка сазын тыңдауға, қимыл – қозғалыс жасай білуге тәрбиелеумен қатар, дене бітімінің сымбатты болуына әсер етеді.

Жалпы «Көңілді ырғақ» биі

Тақпақтар:

Томирис

Қарды ерітіп жылғасы,

Наурыз келді жыл басы.

Шуақ төкті жарық күн,

Мейрамында халықтың.

Аминат

Наурыз келді еліме,

Наурыз келді жеріме,

Байлық, бақыт тілеймін,

Бүкіл қазақ еліне.

Ислам

Наурыз тойын әдейі

Әжем еске түсірді.

Біздерге арнап дәмді ғып,

Наурыз көже пісірді.

Ән: «Наурыз той»

1 Жүргізуші:

Ой қосылып ойыңа,

Бой қосылып бойыңа.

Аман – есен жетейік,

Келер Наурыз тойына!

2 Жүргізуші:

Атадан қалған ұлттық аманат- «батаменен ел көгерер» демекші атамыз бата береді.

Балалар сап түзеп ән залынан шығады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *