Ашық сабақ: «Тәрбие – бастауы ертегі»


Өмірбекова Гүлімжан Нұрпашқызы

Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылы Балалар мен жасөспірімдер орталығының қосымша білім беру мұғалімі

       Халық ауыз әдебиетінің ішіндегі ең жақыны балаларға ол ертегі болмақ. Алғашқы қауымнан бастап, бала тәрбиесіне ерекше әсер ететін ертегілерді ойлап шығарған адамзат тарихында ертегілердің тәрбиелік мәні зор. Қазақ ертегілері сан алуан.

Өскелең ұрпақты жан – жақты жетілген адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеуде ертегінің алатын орны ерекше. Ертегі аданың қиялына қанат бітіреді. Білмегенді білгенге сүйрейді. Кімдерден, қай кейіпкерлерден аулақ болуды насихаттайды.  Бұл өшпес зор туындылар бала болашағының мәнді мақсатты көзқарасын тудырары сөзсіз.

Белгілі батыр, қаһарман жазушы Б. Момышұлы «Ертексіз өскен бала рухани жетім адам болады» деп ертегілердің адам өміріндегі мәні мен маңызын айқындап берген болатын.

Баса айтқанда, ертегі жанры баланың сана – сезімін оятып, қиялын қанаттандырады, жаманнан жирендіріп, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелейді. Сондықтан отбасында да, балабақшада да, мектепте де ертегі – әрі білім, әрі тәрбие құралы. Әр түрлі мазмұндағы ертегілермен  танысу бала қиялын ұштап, еркін сөйлеуге үйретеді.

Мәселен «Сауысқан мен көкек» ертегісін саусақ театры арқылы сахналап көрсетер алдында, оқушылардан осы құстар туралы не білетінін сұраумен қатар, мұғалім өз тарапынан сауысқан мен көкек туралы қосымша мынадай мағлұмат берген дұрыс.

Біріншіден, баланың ертегіге деген қызығушылығын арттырады;

Екіншден, ертегі мазмұнына терең бойлатады;

Үшіншіден, баланың тілдік қорын, қиялын дамытады;

Төртіншіден, ертегідегі кей кейіпкерлердің жаман әдетінен аулақ болуға, жақсы кейіпкерлерге қарап қайырымды, мейірімді болуға талпынады;

Бесіншіден, ертегіде қиял-ғажайып оқиға мен шындық оқиғалардың араласып жататынын танытады.

Осы ойдың дәлелді көрінісі ретінде «Сауысқан мен көкек» ертегі сабағы

Сабақтың мақсаты: 1. Ертегідегі құстардың өмірімен таныстыру.

2. Сөздік қорын байыту, ойын, қиялын дамыту,

дүниетанымын кеңейту.

3.  Еңбексүйгіштікке, құстарды қорғауға тәрбиелеу.

 

Әдісі:   Сұрақ жауап, түсіндіру, салыстыру.

Көрнекілігі: Құстардың суреттері, сауысқан ұясының суреті, ертегі

кейіпкерлерінің қолға киілмелі ойыншықтары.

Сабақтың барысы.

І. Ұйымдастыру кезеңі.

–         Балалар, бүгін біз жаңа ертегімен танысамыз.

Жұмыртқасын кез келген ұяға тастап кетеді. Тастап кеткен жұмыртқаны басқа құстар  басып шығарады да, балапандары жетім өседі. Өйткені бұл құстың тұрақты ұясы жоқ, ағаштың бұтақтарын паналап күнелтеді.

– Балалар, мен қандай құс туралы айтып тұрмын?

– Көкек туралы не білесіңдер?

– Басқа құстар көкектің жұмыртқасын неліктен басып шығарады?

– Оның себебі: көкек жұмыртқасын боямалап  жұмыртқалайды, яғни басқа құстардың жұмыртқасынан көлемі мен түрі жағынан бірдей болады. Сондықтан да басқа құстар өз жұмыртқам деп ойлайды. Көкектің балапаны  өте пысық болады. Жұмыртқадан шығып көзін ашқан кезде, ұядағы басқа құстардың балапандарын ұяның шетіне қарай ысырып, құлатып жібереді. Ұядағы өзінен басқа балапандар біткенге дейін осылай әрекет ете береді. Балапан осы әрекетін 4 күнде жасап үлгермесе, қалған күндері мұндай қасиеті жойылады. Көкектің балапандарының осындай ұнамсыз қасиеттері болса да, оларды қорғауымыз керек. Өйткені  табиғаттағы кез – келген құстың, аңның, өсімдіктің пайдалы жақтары бар.

– Құстардың қандай пайдасы бар?  (балалардың жауабы)

– Балалар, бірақ барлық құс көкек сияқты емес. Балапанының жағдайын ойлап, берік ұя жасайтын құстар өте көп. Солардың бірі-сауысқан. Ол бір  күні көрші ағайыны көкекпен сөйлеседі, олар не туралы сөйлесті екен?  Білгілерің келе ме?

Ендеше, «Сауысқан мен көкек» ертегісін сахналап көрсетейік.

ІІ. Қорытындылау.

Сауысқан қандай құс?

Көкек қандай құс?  Ертегі кейіпкерлеріне мінездеме беріп салыстыру.

Көкектің ұясыз қалуына не себеп болды?

–         Балалар, еріншектіктің, жалқаулықтың соңы не болатынын ертегіден білдік.

Қане, орнымыздан тұрып, аяғымыздың ұшынан бастап, басымызға дейін бойымыздағы осы жаман қасиеттерді алып тастайық. (қимылмен көрсету)

Еріншектік пен жалқаулықты бойымызға ұялатпайық.

 

ІІІ. Бағалау.

ІҮ. Үйге тапсырма беру.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *