Бастауышта математика сабақтарында өздігінен білім алу әрекеті арқылы оқушылардың білімдік құзіреттілігін қалыптастыру.

Абдулова Назгуль Алибаевна
№  17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешені бастауыш  сынып мұғалімі

      Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында мемлекеттік саясат ретінде «Әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалды дамуы, жеке адамның дарындылығын дамыту» сияқты өзекті мәселелер енгізіліп отыр. Дарынды балаларды іздеу, оларды оқыту мен тәрбиелеу бүгінгі таңда ауадай қажет, себебі дарынды адам басқаларға қарағанда қоғамға көп пайда әкелетіндігі анық.[1] Қазақстан Республикасының 12 жылдық білім беру тұжырымдамасында білім берудің басты мақсаты: «Өзінің және қоғамның мүддесіне өзін-өзі белсенді етуге дайын, өзгермелі даму үстіндегі ортада өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті және құзіретті, шығармашыл, білімді, тұлғаны дамыту және қалыптастыру» делінген. Сондықтан білім беруден күтілетін түпкі нәтиже осы мақсатқа сәйкес, тұлғаның құзыреттіліктері бойынша анықталатындығы белгілі. 12 жылдық оқытуға көшуге байланысты білім беру жүйесінде құзырет, құзыреттілік, құзырлылық деген жаңа сөздер қолданысқа енді. Педагогика ғылымының кандидаты М.Жұмағалиева құзыреттілік-тұлға бойындағы белгілі бір пән бойынша алған білімнің білім, білік дағдыларынан көрінуі, ал құзырлылық – осы құзыреттілікті өз қажетіне сәйкес қолдана, пайдалана білуі деп көрсетеді. [2] 12 жылдық оқыту мерзімімен бекітілген мемлекеттік жалпы білім беру стандартының мазмұны әр оқушының жеке ерекшелігіне қарай білім нәтижесі түріндегі құзыреттер жиынтығын игеруге бағдарланып белгіленген. Білім беруден күтілетін нәтиже ретінде мектеп бітірушінің түрлі жағдайларда өз бетімен шешім қабылдай алуына мүмкіндік туғызатын негізгі құзыреттіліктер : проблеманың шешімін табу немесе өзіндік менеджмент, ақпараттық және коммуникативтік деп аталатын негізгі құзыреттіліктер.
І.Проблемаларды шешу құзыреттілігі:
– ол мұғалімнің көмегімен құрылған проблеманың қай жағынан келу қажеттігін түсіндіреді;
-шынайы және ойлаған жағдаяттардың бір-бірінен айырмашылығын көрсете отырып,сипаттайды;
-проблеманы анықтайды және құрастырады;
– проблемаға талдау жүргізеді (оның пайда болу себептерін көрсетеді)
ІІ.Ақпараттық құзыреттілік:
– ақпараттың белгісі мен белгісізін бөледі;
– қойылған міндетті шешуде ақпараттың берілген тізімде бар жоғын көрсетеді;
– ұсынылған ақпараттың қойылған міндеттерді шешуге қажетін бөліп алады;
– анықтамаларды, энциклопедияларды қолданады, мазмұн бойынша кітаптарға және сілтемелер бойынша сайтқа бағдар жасайды;
ІІІ. Коммуникативтік құзыреттілік:
– баяндаманың жоспарын дайындайды;
– көпшілік алдындағы баяндаманың нормасы мен шегін сақтайды;
– өз баяндамасының мағыналық блоктарын ерекшелеу үшін үзілістер пайдаланады;
– пысықтау мен түсінуге берілген сұрақтармен жұмыс жасайды;
– монолог, диалог, пікірталаста (топ) нақты/бағалау ақпараттың негізгі мазмұнын қабылдайды;
– әңгімені нормаға сәйкес бастап, аяқтайды, диалог форматы мен мақсатына сәйкес сұрақар қояды және береді;
– оқушылар пікірталас шиеленіскен жағдайда одан да шығу тәсілдерін
пайдаланады немесе топтың нәтижеге қол жеткізе алмау себептерін
жинақтайды;
Бұл нәтижелер оқушының өз бетінше талдай білуіне, өз қызметіне мақсат қоюға, жоспарлауға, салыстыра дәлелдеуге, сыни тұрғыдан шешім қабылдауға, қарым қатынас диалогына қатысуға, өзін-өзі бағалауға мүмкіндік туғызады. Оқушылардың оқудағы белсенділігі оқуға қажетті білім, білік дағдыны саналы меңгеруінен оны тәжірбиеде пайдалана алуынан көрінеді. Оқу тапсырмаларын орындау нәтижесі ішкі белсенділікке тікелей байланысты. Ішкі белсенділікке оқушының белсенді түрде ойлау әрекеті жатады
Оқушылардың жұмысын ұйымдастыру- мұғалім үшін жауапты да күрделі жұмыс. Оқушылардың өзіндік жұмысын қалыптастыруда бір-бірімен тығыз байланысты екі міндетті шешу қажет. Бірі- оқушылардың танымдық көзқарастарын қалыптастыра отырып , дамыту, екіншісі- өзінің практикалық іс-әрекетін бағалауға, өзіндік қорытынды шығаруға, шешім қабылдауға баулу. Өзіндік жұмыс терең де берік білім алу құралы бола отырып,оқушының азамат ретінде өмірден өз өрнын табуға кепіл бола алады. К.Ушинский кез-келген оқытудың жемістіліг
інің бірден-бір негізі-оқушылардың өз бетінше әрекет етуі, олардың дербес жұмыстарды орындауы деп есептеді. Тек өздігінен жұмыс істегенде ғана оқушы өз мүмкіндіктерін біліп, қанағаттану көңіл күйін сезіне алады.[3] Математика сабағында оқушылардың өз бетінше жұмыс жасау дағдыларын дамыту, баға жетпес құндылықтардың бірі. Егер математика пәні бойынша жүйелі жан-жақты терең білім берілсе, оқушылардың өздігінен білім алу, сол білімді нәтижелі түрде пайдалану деңгейлері дамып, құзыретті тұлға болып қалыптасады.

«Математика» пәнінің білім стандарты – Қазақстан Республикасындағы жалпы білім беретін мектептің бастауыш сатысындағы барлық түрлеріне ортақ математикадан оқушылардың алатын міндетті (минимум) білім деңгейін тағайындайтын құжат.

«Математика» пәні бойынша бастауыш білім стандартындағы білім мазмұнын оның құрылымын анықтау төмендегідей ұстанымдарды ескеру арқылы жүзеге асырылады:

Ізгілендіру
Интеграция
Дидактикалық бірліктерді ірілендіру.
Математикалық білім стандартында математикалық білім, білік, дағдыларды игеру, танымдық және коммуникативтік іс-әрекет пен өздігінен білім алуға, еңбекке бейімдеу, оқушының ақыл-ойының математикалық стилін, интеллектуалдық және ерік пен сезімге қатысты сапаларын дамыту көзделген. Сондай-ақ ата-дәстүр, әдет-ғұрып, салт-сана, халықтың және ұлттың болмысты дүниежүзілік мәдени мұраларын үндестіру, меңгерген математикалық білімдерін өмірде қолдануға жан-жақты дайындау арқылы баланы жеке тұлға етіп қалыптастыруға басымдық берілген.

Математика да өнер сияқты таным әдісі.     Оқушының таным әрекетін жақсарту үшін, ойын-сауықтардың, қызықты сұрақтардың, жұмбақтардың, мақал-мәтелдердің математикалық негізін біліп, оларды тұжырымдауда қолданылатын математикалық тілдерді меңгеріп, оқиғаны өмірмен байланыстырып, оның  тәрбиелік мәнін ашып отыру қажет. Мұны математика пәнінің мазмұны да, оқу бағдарламасы да талап етеді. Көптеген зерттеу жұмыстары мен мектептегі озат тәжірибелерді  баспа бетінде жариялау мұны мойындағанымен, оқыту үрдісінде қалай пайдалануға болатындығына нақты материалдың жоқтығы мәселені қиындата түседі. Біздің зерттеуіміздің теориялық та практикалық маңызы бар.

Математика күрделі пән болу үстіне, ол ақыл-ой оралымдылығына, әлем бірлігін түсінуге қызмет етеді. Математиканы оқытудың тәрбиелік мәні мен практикалық мазмұны математиканы мектепте оқытудың білім беру мақсатымен ұштасып жатады.

Математиканы оқытудың жалпы білімдік мақсаттары мұғалімнен төмендегідей жұмыс түрлерін жүргізуді талап етеді:

Оқушыларға математикалық білімнің, біліктің белгілі жүйелерін меңгерту;
Болмыстағы ақиқатты танудың математикалық әдістерін меңгерту;
Математика тілін, терминологиясын меңгерту, қалыптастыру;
Математикалық интуициясын дамыту;
Оқу қызметін ұйымдастыруға қажет болатын математикалық мағлұматтарды тиімді пайдаланудың қарапайым дағдыларын қалыптастыру.
Оқушы аталған мақсаттарды жете түсініп, білімді берік, саналы және жүйелі түрде игере алса, онда оқу міндеттерін іске асырып, күнделікті тұрмыста кездесетін алуан түрлі мәселелерді шеберлікпен шеше алады.

Сондықтан мұғалім бірінші сабағында-ақ, сол сияқты жыл бойы, реті келгенде оқылып отырылған немесе түсіндірілетін материалдың практикалық және теориялық қажеттігін ашып отырады. Мысалы, интеграл дененің көлемін тапқанда, тізбек шегін, нақты сандарды шектеусіз ондық бөлшек көмегімен жазуда, функция үзіліссіздігінің «эпсилон – дельта» тіліндегі анықтамасында, сандық әдістерде пайдаланылады. Ал сандық әдістердің практикалық маңызы зор. Оқушының практикалық мазмұны бар мәселелерді шешуде математикалық әдісті пайдалануы үшін алдымен қажетті математикалық білімі болуымен бірге, математикалық құралды дұрыс пайдаланып, қарастырылып отырған математикалық үлгінің қолданылу аясын білуі қажет.

Танымдық белсенділік – оқушының оқуға, білуге деген ынта-ықыласының, құштарлығының ерекше көрінісі. Танымдық белсенділік проблемалық сұрақтың жауабын іздестіруде, өзіндік  жұмыс  орындауда жүзеге асады.

Оқушының өздігінен білім алуы өз еркімен жүйелі жұмыс істеуді талап етеді. Өздігінен білім алуды оқушылардың күнделікті рухани қажетіне айналдыру мәселесіне мән берілмей келеді. Өздігінен білім алу әрекеттің мақсат-міндеттерін,  мазмұнын, ұйымдастыру жолдарын оқушылардың өздері анықтап, іске асыруына байланысты. Ал оларға кеңес, нұсқау, жалпы бағыт беріп, басқарып отыру – мұғалімнің міндеті.

Өзіндік жұмысты ұйымдастырудың шарттары мыналар: мұғалімнің нақты тапсырмалар, нұсқаулар беруі; жұмысты орындаудың және аяқтаудың уақытын белгілеуі; мұғалімнің басқаруымен оқушының дербестігінің мөлшері; олардың жұмысты өз еркімен және қалауымен істеу, оған әсер ететін мотивтер т. б.

Өзіндік жұмысты мұғалімнің дұрыс басқара білуі және оқушының дербестік әрекетінің деңгейінің артып отыруы – осы жұмысты ұйымдастырудың негізгі белгілері болып табылады.

Оқушылардың дербестігінің даму деңгейіне қарай өзбетінше істейтін жұмыстарды репродуктивтік және шығармашылық деп арнайы екі топқа бөлуге болады.

Оқушының өзіндік әрекетінің нәтижесінде оның бойында мынадай қасиеттер қалыптасады:

1.Өзбетінше ойлану біліктері мен ізденімпаздығы;

2.Оқуға деген қабілетінің артуы;

3.Берілген білімді игеру ғана емес, оны жаңалап және тиімді игеру жолдарын түсіне білу ниеті;

4.Басқа оқушылардың түсіндірмелеріне сын көзбен қарау;

5.Өз ойының дербестігі.

Оқушының өз бетінше кітаппен жұмыс істеу, бақылау, жаттығу, эксперимент жүргізу іскерлігі мен дағдыларын қалыптастыру.

Өз бетінше жұмыс-бір жақты ұғым емес, оған алуан әдістер мен тәсілдер қолданылуы мүмкін. Математика сабағында оқушылардың өз бетімен жұмыс істеуін әртүрлі деңгейде ұйымдастыруға болады. Өзіндік жұмыстарды мақсатына қарай: оқыту мақсатындағы, жаттығу мақсатындағы ,бекіту мақсатындағы , қайталау мақсатындағы , дамыту мақсатындағы, шығармашылық мақсатындағы өзіндік жұмыстар деп бірнеше түрге бөлуге болады Кез-келген оқытудың жемістілігінің бірден-бір негізі-оқушылардың өз бетінше әрекет етуі, олардың дербес жұмыстарды орындауы деп есептеледі. [4]

I. Оқыту мақсатындағы өз бетімен жұмыстар жаңа тақырыпты түсіндіру барысында тапсырмалар беру арқылы жүргізіледі. Оның мақсаты – жаңа материалға қызығушылын дамыту, тақырыпты түсіндіру барысында бірден не түсініксіз екені анықталады, яғни өтіліп жатқан тақырып бойынша ережелерге мысалдар келтіру арқылы жүргізуге болады.
Формула  бойынша қасиеттерін дәлелдеу оқушыға өз бетінше тапсырылады, яғни оқушы жаңа тақырыптың қасиеттерін өз бетінше дәлелдеп, өздігінен білім алуға ұмтылады.Мұндай салыстыра отырып, өткен материалды жаңа материалмен сабақтастыруды оқушыларды өз бетінше ойланып жұмыстануын дамытудың алғы шарты деп айтуға болады. Және де оқушылар өздері дәлелдеп шыққан қасиеттерін ауызша жеткізеді.
Жаңа сабақты оқушыларды араластыра отырып, өз бетінше меңгеруге тәрбиелеу, оқушылардың өз бетінше алынған ақпаратты талдай, таңдай білуі нәтижеге бағытталған білім беруде күтілетін тұлға құзіреттілігі деп сипаттауға болады.
ІІ.Жаттығу мақсатындағы өз бетімен жұмысқа арналған тапсырмалар біртекті болады, яғни түсіндіріліп берілген анықтама, ережелерге сәйкес қасиеттерді белгілерді қорытып шығару. Мұндай жұмыс кезінде, оқытушының көмегі қажет болады немесе оқулық, дәптер-таблицалар. қарауға рұқсат беріледі. Өз бетімен жұмыстың бұл түрінде тапсырмалар, әр түрлі деңгейдегі карточкалар немесе дидактикалық материалдар арқылы беріледі.Жаттығу мақсатындағы өз бетімен жұмыстарды орындауда оқушылар ең негізгі ұғымдарды меңгеріп, өз беттерімен және оқулықпен жұмыс жасауға дағдыланды. Ойлау, еске сақтау арқылы өздігімен жұмыс істеу іскерлігі дамиды.
ІІІ. Бекіту мақсатындағы өз бетімен жұмыстар оқушылардың логикалық ойлау қабілетінің дамуына септігін тигізеді және ережелерді алмастыра отырып қолдануды талап етеді. Сонымен қатар өз жұмыс тәжірбием бойынша сыныптан  жеке оқушылардан консультант-ассистенттер дайындап аламын, сол оқушыларды пайдаланған тиімді болады. Себебі бір жағынан ол оқушылар өз беттерімен тапсырмалар дайындап, оны өз тобындағы үлгерімі төмендеу өқушыға орындаттырады. Сол уақытта осы оқушының сабаққа қызығушылығы артуымен қатар, өзіне үлкен сенім жүктелгенін түсінеді. екінші жағынан оқушыны адалдыққа тәрбиелеуге, адамгершілік қасиетінің артуына көмектеседі. Үшінші жағынан уақыт үнемделеді. Тақтада есеп шығарылып жатқанда қате кетпеу жағын консультанттар қадағалап отырады. Бұл үй тапсырмасын тексеруге де тиімді. Бұлай оқытудың тиімділігі нашар оқитын оқушылар көпшіліктің көлеңкесінде қалмайды. Берілген тапсырманы орындағанда қысылмай өзара ақылдасып, бірі түсінгенін екіншісі түсіндіру арқылы дұрыс орындап шығуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар , күнделікті сабақта түгелге жуық оқушы бағаланып отырады.Тәрбиелік жағы оқушыны әділ болуға үйрету, яғни әділ бағалап, өз жолдастары арасында беделге ие болады.Екінші жағынан өз беттерімен жұмыс жасау арқылы ойлау қабілеттері дамиды.

ІҮ. Шығармашылық мақсаттағы өз бетімен жұмыс өте жоғары деңгейде жүргізіледі, бұл оқушылардың үлкен қызығушылығын арттырады. Мұндай тапсырмалар шығарылған есептің І-ші, ІІ-ші тәсілдерін табуға беріледі немесе кейбір теоремалардың дәлелдемесінің басқа тілдерін табу тапсырылады. Ең ыңғайлы әдісті таңдап алу дағдысы бір есептің әр түрлі әдістермен шешу процесінде пайда болады. Есепті әр түрлі тәсілдермен шешу геометриялық фигураның қасиеттерін толығырақ зерттеуге мүмкіндік береді. Тағы бір маңыздылығы – ол шешімге әр түрлі жолмен  келіп, есеп шешімінің дұрыстығына сенім қалыптасады.

Ү. Қайталау мақсатындағы өз бетімен жұмыс жаңа сабақты түсіндіргенге дейін жүргізіледі, яғни оқушылардың дайындығын тексеру мақсатында, қиындық келтіретін сұрақтар болса мұғалім анықтауға көмектеседі.
ҮІ. Дамыту мақсатындағы өз бетімен жұмыс белгілі бір тақырыпқа байланысты баяндама дайындауға, есептер құрастыруға үйге тапсырма беру арқылы жүргізіледі немесе олимпиадаға дайындау, ғылыми конференция т.с.с.Оқушылардың өздігінен жұмыс істеуге баулуда олардың алдына өздерінің есеп құрастыруларын мәселе етіп қоюдың маңызы зор. Оқушының пәнді оқуға деген мақсаттарын айқындай келе оқушылардың өздігінен білім алу әрекетін төрт деңгейге бөлуге болады.
-Бірінші деңгей – бар білімін қолдана білу. Оқушы, әсіресе, жаттығу орындау кезінде керекті ережелер мен формулаларды қолданып, өз бетімен тапсырмаларды орындайды.
-Екінші деңгей – бірнеше анықтамалар мен формулаларды талқылап керегін өз бетімен қолданатын оқушылар. Бұл деңгейдегі оқушылар есепті шығару кезінде өзі есепке анализ жасай алады.
-Үшінші деңгей – есепті шығару кезінде тиімді әдістерін таңдап есепті бірнеше әдістермен шығаратын оқушылар. Мұндай оқушылар өзінің оқу әрекетін жоспарлап, ұйымдастыра алады.
-Төртінші деңгей – оқушылар сыныптан тыс оқулықтармен есептер шығарып, мектеп курсында қарастырылмайтын тақырыптарды өз бетімен оқитын оқушылар.
Тұлға құзіреттілігін қалыптастыруда өзіндік жұмыстарды ұйымдастыру төмендегі нәтижелерге қол жеткізеді.
1. Оқушылардың икемділіктерін қалыптастыруда пән бойынша оқулықпен жұмыс істеу, тақырыпты беріліп оқи білу, әр тақырыптың соңындағы сұрақтарына жауаптарын табу, таблицалардан және графиктерден, интернеттен, қажетті материалдарды ала білу, интерактивті тақтада жұмыс істей білуге.
2. Күрделірек міндетті, яғни ұсынылған тақырыптан ең бастыларын жоспар бойынша талдап, баяндай білу, күрделі есептерді шығара білу, математикалық әдебиеттермен жұмыс істеу,өзіндік ойлай білу, теоремаларды дәлелдей білуге.
3. Баяндамалар мен рефератар жазуға байланысты әдебиеттермен жұмыс істеуді игереді, өздігінен білім алуға дағдыланады.
Қорыта келгенде, мақсатым сабақтағы түсініксіз барлық сұрақтарды оқушылардың өздерімен шешуге жұмыстану. Математика пәнін оқыту процесінің негізгі мақсаты-арнайы педагогикалық әдістерді мақсатты жүйелі түрде пайдаланып, шығармашылық ойлауын, ғылыми көзқарасы мен белсенділігін қалыптастыру, өз бетімен білім алу дағдыларын дамыту болып табылады. Оқушылардың өз бетімен жұмысын қалыптастыру оқушының пәнге деген қызығушылығынан туады.Ұстаз үшін нәтижеге жету шәкіртінің білімді болуы ғана емес, білімді өздігінен алуы және алған  білімдерін қажетіне қолдану болып табылады. Заман талабына сай жаңа технология әдістерін үйрету, бағыт бағдар беруші –мұғалім. Осы үрдіспен бәсекеге сай дамыған елдердің қатарына ену ұстаздар қауымына зор міндеттер жүктейтінін ұмытпауымыз керек.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.12 жылдық білім №1 2007ж.
2. Құзыреттілікті қалыптастыру жолдары Г.Құдайбергенова.
3. Қазақстан мектебі №8 2009ж.
4.Математика №4 2009ж
5.ИФМ №1 2001

Leave a Reply

Your email address will not be published.