БАЛАБАҚШАДАҒЫ БАЛАЛАР ІС-ӘРЕКЕТІНІҢ НЕГІЗІ-ОЙЫН

Әлменова Маңғаз Бейсенбайқыз 
№134 «Гауһар» балабақшасының тәрбиешісі

Іс-әрекет дегеніміз түрлі қажеттерді өтеуге байланысты белгілі мақсатқа жетуге бағытталған процес. Адам үшін іс-әрекеттің қашан да қоғамдық әлеуметтік мәні зор. Адам әрекеті сан алуан. Оның негізгі түрлері ойын, оқу, еңбек әр уақытта белгілі бір мақсат, міндеттерге бағытталып отырады. Бұлардың барлығына тән ортақ қасиет белгілі қажетке байланысты туып отыратындығы. Сондай-ақ жас мөлшерінің әр кезеңінде түрліше көрінетіндігінде. Осы іс-әрекеттің бірі – ойын.

Ең алдымен таным көзі – сезім арқылы қабылдауы, бала өз тәжірибесінен бақылап, көріп тануынан тұрады. Сезіну процессі кезінде бала бір нәрсені немесе заттың қасиетін, құрылымын таниды. Баланың логикалық ойлау түсінігі ең алдымен, оның сезінуімен байланысты.

Күнделікті өмірде және балабақшада іс-әрекет барысында дидактикалық ойындар мен ойын жаттығулар қолданылады. Дидактикалық ойындардың оқу іс-әрекетінен тыс уақытта ұйымдастыру, баланың математикалық түсінігін кеңейтеді, тереңдетеді, ойын бекітеді. Дидактикалық ойындар негізінен оқыту барысында жан-жақты, бағыт-бағдар беріп отырады.Дұрыс ұйымдастырылған оқыту ісі жаңа материалдармен жұмыс жасау, қайталау, кезектестіріп оқыту түрлерін қолдану, баланың белсенділігін арттырады. Іс -әрекет құрылымының – көлемі, мазмұны бағдарламаға сай, балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес жоспарланады және үйретіледі.

Мектепке дейінгі балалық шақтың барлық кезеңдерінде сабақтарға іс-әрекетке арналған ойын әдістеріне үлкен мән беріледі. Оқытудың әдістері мен тәсілдері ережеге сәйкес қолданылады, әртүрлі үйлестіруде оқытудың көп бейнелі әдістері мен тәсілдерін пайдалану, оларды шебер үйлестіру керек, сонда сабақтар балаларға пайдалы, қызықты болады.Математика пәндерінде  дидактикалық ойындарға ерекше көңіл бөлемін. Қызықты жаттығулар, шығармашылық тапсырмалар т.б. Өзімнің математика бойынша сабақтарымда жұмбақтарды пайдаланамын, өлеңдер, тақпақтар таңдаймын,логикалық ойлауға арналған тапсырмаларға мақалдардан, қанатты сөздерден, ертегілерден және де сергіту сәтінен (физминуттардан) топтама жасаймын. Әртүрлі қызықты материалдарды қолдану педагогикалық үрдістің тиімділігін арттырады, сондай-ақ, олар баланың ақыл – ойының дамуына үлкен ықпал ете отырып, балалардың ойлауына, есте сақтауына себеп болады. Балаларды ойын үрдісіне оқыта жүріп, ойыннан алған қуаныш оқу қуанышына ұласуы үшін, ары қарай жұмыстанамын.

Мектепке дейінгі жастағы балалардың логикалық ойлауын дамыту.Ересек адамдардың ісі, жұмысы, қызметі сияқты ойын да бала өмірінде маңызды болып саналады. Мектеп жасына дейінгі балалардың жан-жақты дамуы үшін логикалық ойындардың орны ерекше. Ойын – мектеп жасына дейінгі кезден басталып адаммен өмір бойы ілесіп жүретін ерекше қызмет түрі. Логикалық ойын – балалардың оқуға, еңбекке деген белсенділігін арттырудағы басты құрал.Логикалық ойындар баланың психикасында сапалы өзгерістер тудырады: бала зейінінің, жадының қалыптасуына ойлау, қиялдау қабілетінің дамуына әсер етеді. Ойлау шығармашылық және таным әрекетінің негізі болып табылады[1].

Логикалық ойлау – адамның интеллектуалдық қабілеттерінің негізін құрайды. Дамытушы ойындар балалардың логикалық ойлау дағдыларын арттырады. Сол себептен балаларға логикалық ойындарды кеңінен және жүйелі пайдаланудың маңызы ерекше.Санай білуге үйрету тәсілдері.Балаларды әрі дұрыс, әрі тез санауға үйретудің алуан түрлі жолдары бар.«Қандай сан қалып қойды»Іс-әрекет барысында тәрбиеші фланеллограф бетіне сан ретімен карточкаларды қояды. Сонан соң балаларға карточкалардың қалай тұрғандарын есіне сақтап қалуды ескертеді. Олар көзін жұмады, сол кезде тәрбиеші бір карточканы алып қояды. Балалар көзін ашады да, қай санның жоқ екенін табады. Кім бірінші жоқ санды атайды, сол бала жалауша алады.Ойын бірнеше рет қайталанып ойналады.

«Көршілес сандарды тап» атты ойында аталған санның көршілес сандарын атау мақсат етіп қойылады. Ең алдымен балалар шеңбер құрып тұрады. Жүргізуші шеңбер ортасында тұрып допты бір балаға лақтыра отырып, ойына келген бір санды атайды. Доп ұстаған бала сол саннан кейінгі санды атауы керек. Егер доп ұстаған бала дұрыс жауап бермесе, басқалары хормен жауабын айтады.

«Ретімен санауға жаттықтыратын ойындар»Мақсаты: Реттік есепке жаттықтыру арқылы балалардың ақыл-ойын дамыту. Бұл ойынға түрлі-түсті орамалдар пайдаланылады. Балалар сол орамалдарды бастарына тартып сапқа тұрады. «Бірінші, екінші» деп дауыстап санайды. Жүргізуші «қай орамалды әпкенің, қай жерде тұрғанын ойына жаттап алып, шығып кетеді. Осы кезде «орамалды әпкейлер» орын алмасып тұрады, жүргізуші қайтып келіп, қандай өзгеріс болғанын табуы шарт. Қызыл орамал бесінші еді, ол енді екінші болыпты, ал екінші орамал бесінші болыпты». Жүргізуші дұрыс жауап берсе, келесі жүргізушіні өзі тағайындайды[2,15 б.].

Балаларды реттік есепке жаттықтыру, затты сипап білушілік қасиетке дағдыландыру үшін «Өз орныңа тұр» ойынын ойнатуға болады. 2-10-ға дейін түйме тағылған карточка пайдаланылады. Ойыншылар сапқа тұрады, қолдарын артқа қояды, олардың алдында он орындық қойылады. Тәрбиеші бәріне карточка үлестіреді. Балалар қолдарымен түймелерді сипап отырып, санын есептейді. Сонан соң тәрбиеші белгі береді «Есеп сандар! Өз реттік орындарыңа тұрыңдар!». Ойыншылар өз реттік санына сай орындықтардың артына тұрады. Бұл беріліп отырған ойындардың міндеті – балалардың білімін бекітіп, сезімталдық қабілеттерін дамытады.

Бала тәрбиесі әр уақытта үлкен мәселе болып саналады. Әрбір қоғамның дамуына байланысты бұл мәселе әрқалай шешіліп отырған. Қазіргі жаңару кезеңінде біздің қоғамымыздың ілгерілеу процесінде адам факторы және оны жандандыру, ел өмірінің барлық жақтарын жаңарту бала тәрбиесінің мәні мен оның проблемаларын күрделендіріп отыр. Осыған байланысты тәрбие берудің тиімділігі мен сапасын арттырудың негізгі бағыты – барлық тәрбиелік істе әрбір баланы жеке тұлға деп танып біліп, жан-жақты қалыптастыру.

 

Ойынмен ұйымдастырылған іс-әрекет балаларға көңілді, жеңіл келеді.Ойын – балалардың оқуға деген ынтасын арттыратын құрал. Сондықтан балалар сабақ үстінде ойынды көп қажет етеді. Оларға пайдаланылатын ойындар балалардың жас ерекшеліктеріне қарай күрделеніп отырады. Олай болса, ойынды пайдаланудың маңызы зор. Мұндай ойынның көптеген түрлері бар.

Қорыта келе, ойын балалардың жас ерекшеліктеріне және өтілетін пәннің тақырыптарына мазмұнына сай етіліп таңдалып алынғаны дұрыс. Бала ойын іс – әрекеті үстінде білімді қалай игеріп жатқанын, ал оқу үрдісінің қалай ойынға ұласып кеткенін аңғармай қалуы тиіс. Іс-әрекет үстінде балалардың біліктілігі, іскерлігі, дағдысы, дүниетанымы дамиды. Негізгі бетбұрыс бала білімінің сапасын арттыру, ол дегеніміз түпкі нәтижені көре білу, яғни балаға берген біліміміздің қайтарымын көру. Ол үшін балалардың пәнге деген  қызығушылықтарын оята отырып, барлығын қызықтыра отырып қатыстыру қажет. Бес саусақ бірдей емес, яғни әр баланың пәнге деген  қызығушылығы, дүниетанымы, даму ерекшеліктері әртүрлі. Сондықтан балалардың осы топтарына әртүрлі деңгейде талап қоюға тура келеді. Ал ойын элементтері кез-келген баланың қызығушылығын тудырады. Тіпті нашар оқитын баланың өзі ойын арқылы берілген тапсырмаларды асқан қызығушылықпен, белсенділікпен орындайды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Балабақшаға арналған ойыншықтар мен құралдар

Алматы : Мектеп. 1988. – 183б.

2.Дүкенбаева Ғ.С.Мектеп жасына дейінгі балалардыойынарқылы

адамгершілікке тәрбиелеу : – Алматы : Рауан, 1992. – 60 б.

Leave a Reply

Your email address will not be published.