«Туған өлкем-қандай көркем»


 Рахат Нұрмахан Құралбекұлы
 Ақтөбе обл. Байғанин ауданы Сағыз орта мектебінің 7 сынып оқушысы

Жетекші: Таңбай    Жансерік   Тайшыбайұлы

 

Мақсаты:

a)  туған жеріміздің тарихымен таныстырып, киелі топырақтан өсіп – өнген өнер иелері мен  ел мақтаныштары  туралы білімдерін жетілдіру;

ә) Танымдық қабілеттерін арттырып, ой – өрістерін дамыту;

b) Туған жердің тарихын құрметтеу, елін, жерін сүюге баулу, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.

 

Міндеті: – Ел тарихын терең білетін, туған жерінің патриоттарын тәрбиелеу;

–          Кіндік қаны тамған туған жердің қасиетін бойларына дарыту;

–          Ұлтжанды, отаншыл ұрпақ тәрбиелеу;

–           Туған жердің есімін әлемге танытқан азаматтарымызды мақтан етуге насихаттау;

–          Қасиетті жердің қымбат қазыналарын сақтай білуге, қорғай білуге тәрбиелеу.

Күтілетін нәтижесі:

–          Ел тарихын тереңнен түсінетін, оны мақтан ете білетін, туған жердің патриоты бола білетін тұлға;

–          Ел ағаларының ізін жалғастырып, туған жерін әлемге танытар тұлға;

–          Ұлтжанды тұлға;

–          Танымдық қабілеттері қалыптасқан, ой – өрісі мол тұлға;

 

І.Ұйымдастыру кезеңі

Хор:  «Қаратерең вальсі»

ІІ. Кіріспе

Көкарал сағымданып, көріне ме?

Қарауға елдегілер еріне ме?

Көлдайдың аяғына ұйық еніп,

Дәу сазан бұрынғыдай семіре ме?

Бұл ауылдың аты – Қаратерең. Нулы жерге емес, сулы жерге тән атау.

Ақын Дабыл Сахиев жырлағандай , әрбір жас өскін өзінің туған жердің тарихын, туған жерінен шыққан тұлғаларды, ауылды құруға ат салысқан азаматтарды , бәрін – бәрін біліп қана қоймай, мақтан етіп өсуі керек. Сонда ғана олардың бойында туған жеріне деген сүйіспеншілік сезімі қалыптасып, ұлтжанды ұрпақ болып қалыптасады. Бүгінгі « Туған жердің топырағы киелі» атты өнеге сағатымызды ашық деп жариялаймын.

 

ІІІ. Негізгі бөлім

Қаратерең – Сырдарияның Арал теңізіне құяр жеріне ең жақын орналасқан ауыл. Заманында ұлы теңіздің арыстан жал толқындары елдің іргесін сабалап жатқан деседі.  Батысында жағалаудан жылыстай бастаған Арал керіліп жатса, оңтүстік – шығыс жағын тұтастай жайлаған Кәрітұма көлі айнадай жарқыраған. Кез келген үйдің маңында теңкиген қайық, алты құлаш ау, төрт құлаш таяу…  Енді қазір Қаратереңге желкесінен төнген теңіз де жоқ, ауылды қоршаған көлдер де жоқ.

 

 

 

Жетпісінші жылдардың ортасында Қаратерең қатты құлазыды. Су тартылып, теңіз балықшы ауылды тастай қашты.  Жағалау жыл өткен сайын алыстай берді. Алып кемелер қайраңда қалды. Қайық біткен теріс аунап түсіп, ұлтанын күнге қақтап,  үй-үйдің іргесінде теңкиіп жатты. Ел-жұрт жан – жаққа көшті. Қызылорданың іргесіне қоныстанды. Шығындап, шымкент асты. Алатауды бетке алғандар да болды. Алдымен теңізді тастап, айдынның сәніне айналған кемелер кетті. Одан соң кеме түгілі қайықтар да жағалауға тұмсық тіремейтін болды. Адамзат Аралға жасаған көпе – көрнеу қараулығының белгісіндей қара кеме Қаратереңнің ту сыртында көпке дейін қозғалмай жатты.

 

Туған жеріміз « Қаратерең» аталуының шығу тарихын білеміз бе?

Жалпы, арал аймағында «қара» деген сөзден басталатын жер атауы көп. Қарақұм, Қарашалаң, Қарашоқат, Қарабаса… соның ішінде Қаратереңнің шоқтығы биік.

Қаратерең аталуының өзіндік бір сыры бар. Ала құмның ар жағында әрі терең, әрі қара бір теңіз болған. Сол теңіздің қара және тереңдігіне қарай Қаратерең деп атаған. Қазіргі таңда бұл теңіз тартылып кеткен. ең алдымен бұл жердің атауы Шевченко атанса керек.

 

 

 

Баяғыда басына күн туғанда біздің ауылдың іргесіне айдауда болған  тарас Шевченко Қосарал (ауылдың бұрынғы атауы) туралы бірнеше өлеңдерін жазып, бірқатар суреттерін де салған.  Сонымен қатар ол ауылдың шет жағына әдейілеп жиде тал отырғызыпты.

 

Кейінгі кезде Қаратереңнің он бойына қан жүгірді. Елдің тіршілігі едәуір жақсарды. Жұрттың тұрмысы едәуір ілгеріледі. «Мәмбетәлі Ахун» мешіті, Клуб үйі, Ұлы отан соғысы ардагерлері мен балықшылар  құрметіне арналған ескерткіштер салынса,  қазіргі таңда жаңа мектептің іргетасы қаланып, ауыл көркі гүлдене түсуде.

 

 

«Ел іші-өнер кеніші»- дегендей, талай ақын-жазушының да, әртіс әншінің де ел ішіне, оның ішінде қазақ халқының тілі мен діні, салты мен дәстүрі, әдебиетінің қаймағы бұзылмаған ауылдан шығып жататыны анық. Біздің Қаратереңнің қара топырағынан кәсібі актер мен кәсіби актриса да, дарынды суретшілер де, ғылым докторларымен ғылым кандидаттары да, журналистер де, ақын да, полковник те,атақты асаба да шықты.

 

(Ауылымыздың мақтаныштарын өмір деректерін суреттерімен бірге таныстырады)

Тау-құзы, шың-шыңырауы, жасыл желегі жоқ болғанымен қаратереңнің вальсі бар еді. Иә, кәдімгі вальс. Ауылдың вальсі. Ауыл жастарының вальсі. Сол вальс талай ұрпақты әлдилеп өсірді десек қателеспейміз.  Сөзін жазған – ақын Серік Сейітмағамбетов, ауылдың күйеу баласы. Өлең алпысыншы жылдардың аяғында шыққан деседі. Әнін жазған мектеп мұғалімі, талантты музыкант Орынбай Сейітжанов . Бұл ән алпысыншы – жетпісінші жылдардың жастардың беріле шырқайтын әні болса, сексенінші-тоқсаныншы жылдардың ұрпақтары еріне шырқады. Бірақ осы үш шумақ өлең талайдың делебесін қоздырып, алыс армандарға ұмтылдырып, биікке қол создырғанын ұмытуға болмас.

Сол вальстің мәтіне мынау еді:

Ыстық құшақ жан анамдай көремін,

Өзіңе арнап жыр маржанын төгемін.

Сен деп қана дүрсілдейді жүрегім,

О, сүйікті менің Қаратереңім!

 

Тоқындардай тынбай алға келемін,

Көк теңіздей тебірене беремін.

Шағала арман шарқ ұрады кеудемде,

О, сүйікті менің Қаратереңім!

Алысамын дауылдармен жеңемін,

Көңілдерге шаттық гүлін егемін.

Гүл жайнайды, нұр жайнайды алабың,

О, сүйікті менің Қаратереңім!

ІV. Қорытынды.

Бұл киелі мекен. Оның тарихы тереңде.  Біз туған жеріміздің тарихын еш уақытта шектей алмаймыз.Біздің мақсатымыз туған жеріміздің қасиетін құрмет тұту, бағалау. Қысқасы, Қаратереңнің алыста қалған вальсін қайта шырқай білейік.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *