Мемлекет нысанының элементтері және ұғымы


Қалдыкөзова  Гүлдана Тұрарқызы
«Түркістан Ахмет Ясауи»  кәсіби  колледжінің арнайы пәндер оқытушысы

Сабақтың мақсаты:

1.Білімділік:  Оқушыларға  мемлекетті басқарудың нысаны,  аумақтық құрылымы туралы түсіндіру, меңгерту.

2.Дамытушылық: Мемелекеттік құрылымына байланысты  жіктелуін есте сақтауды    қалыптастыру.

3.Тәрбиелілік: Оқушылардың  заң ғылымында монархияның  түрлерін ажырата  білуге тәрбиелеу

Сабақ әдісі:  Түсіндіру, баяндау, ой қозғау, ой дамыту,сұрақ –  жауап, интеллектуалды ойын.  Жанпейісованың модульдық оқыту  технологиясы.

Сабақтың түрі:  тәжірибелік

Сабақ көрнекілігі: Кеспе қағаздар, оқу құралы, плакат, интерактивті  тақта

Пән аралық байланыс: Құқық негіздері, мемлекет және құқық тарихы

Сабақтың барысы:

I .Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылармен  сәлемдесу,  түгелдеу,  оқу құралдарын реттеу, назарларын сабаққа аудару

II. Үй тапсырмасын тексеру

Тақырыбы: Билік  ұғымы

1.Құқықтық мемлекет түсінігі

2. Биліктің  түрлері

1 – тапсырма  «Кім жүйрік?» интелектуалды  ойын . Оқушылар үш топқа бөлініп, берілген сұрақтарға  жауапты  плакатқа  жазады.

I топ
II топ
III топ
1.Заң  шығарушы –парламенттің құрылымына түсінік беріңіз
1.Атқарушы –Үкіметтің құрылымына түсінік беріңіз
1.Сот билігі ұғымына түсінік беріңіз
2.Сенаттың құқықтары мен міндеттері қандай?
2.Президенттің құқықтары мен міндеттері қандай?
2.Соттардың тәуелсіздігі қандай?
3.Мәжілістің құқықтары мен міндеттері қандай?
3.Министрлердің құқықтары мен міндеттері қандай?
3.Жоғарғы сот төрағасына түсінік беріңіз
2- тапсырма:  «Жұмбақ  терминдер» ойынында  адасқан әріптерден сөз құрау және оған анықтама беру.

1. Мекітү –                                                                           6. Ұқыққ-

2. Лекметме –                                                                      7. Отве –

3. Мотув –                                                                             8. Дрефнемуер –

4.Тичмпени –

5. Ксеодк –

III. Жаңа сабақ

Жоспар:

1.Мемлекетті басқарудың нысаны

2.Мемлекеттің аумақтық құрылымы

3.Мемлекеттің саяси режимі

1.Мемлекет  нысаны туралы ұғым ең маңызды мазмұндық сипаттама болып саналады. Әдіснамалық  жағынан  алып қарағанда мұның маңызды екенінде сөз жоқ.

Мемлекет нысаны деп мемлекеттік билікті ұйымдастыру мен оның құрылымын айтады. Мұнда маңызды мәселе: мемлекет нысаны теория жүзінде ғана емес, оның практикалық саяси мәніннің жоғары дәрежеге дейін көтерілуі. Мемлекеттегі биліктің қалай ұйымдастырылып, қалай жүзеге асырылып жатқандығынан мемлекеттік басшылықтың нәтижелілігі, басқарудың ұтымдылығы, үкіметтің мәртебелік беделі мен қадірінің дәрежесі және оның тұрақтылығы, елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің ахуалы, жайы мен күйі көрініп тұрады. Міне, мемлекет нысаны мәселесінің аса маңызды саяси аспектісінің осыларға байланысты болып келетін себебі осы.

Мемлекет нысаны, яғни мемлекеттік  биліктің  құрылымы, оны ұйымдастыру мағынасы жағынан алып қарағанда әртүрлі аспектілер түрінде көрінеді. Біріншіден – бұл мемлекет пен басқарудың жоғарғы органдарын құру және ұйымдастырудың белгіленген тәртібі. Екіншіден – бұл мемлекеттің аумақтық құрылысын жасаудың тәсілі, орталық регионалдық және жергілікті билік пен басқарулардың өзара қатынастарын белгілеудің тәртібі. Үшіншіден – бұл мемлекеттік (саяси) билікті жүзеге асырудың әдістері, амалдары мен жолдары. Сонымен мемлекет нысаны негізгі үш элементтен, атап айтқанда: мемлекетті басқару нысаны, мемлекеттің құрылым нысанынан және мемлекеттік, саяси режим нысанынан синтезделеді (түзіледі). Осы көрсетілген мемлекет нысаны жөніндегі түсінік бірден қалыптаспаған. Ұзақ уақыттар бойы бұл түсінік басқару нысаны мен мемлекеттік құрылым нысанынан тұрады деп есептелініп жүрді де, кейінірек оған саяси режим, саяси өзгермелілік (динамика) те қоса қарастырылатын болды.

Басқару нысаны ұғымын пайымдағанда мемлекеттік ең жоғарғы биліктің ұйымдастырылуы түсіндіріледі. Әсіресе, оның ең жоғарғы және орта органдарының ұйымдастырылуы, олардың құрылымы, құзыреттері, құрылуының тәртіптік реті, өкілеттіктерінің мерзімі, халықпен қатынасу түрлері, халықтың оларды қалыптастыру дәрежесі сөз болады.

Басқаша айтқанда,басқару нысаны – мемлекеттегі жоғары егемендік биліктің ұйымдастырылуы, оның органдарының өзара және халықпен байланысын сипаттайды. Басқару нысаны мемлекет нысанындағы ең басты жетекші элемент болып табылады.

Ежелгі грек философы Аристотель өз заманында басқарудың нысанын жоғарға өкіметтік биліктің жүзеге асырылуының қалай орындалатынына байланысты жіктеген болатын. Онда жоғарға өкіметтік билікті жеке адамның бір өзі атқаратын түрін – монархия, шектеулі адамдар арқылы атқарылатын жоғарғы өкіметтік билік – аристократия және бүкіл халықтың қатысуымен атқарылатын жоғары өкіметтік билік – демократия деп жіктеген болатын.

Басқару нысандарының осы көрсетілген айырым белгілері қазіргі кезге шейін сақталды. Жоғарға билікті жалғыз адам атқара ма? Әлде ол билік сайланбалы алқалы органға тиесілі ме? Міне осы жәйтке байланысты басқару нысаны ерекшелеу барысында ажыратылады. Енді осыны байланыстыра отырып басқарудың монархиялық және республикалық нысандарын атап, бөліп көрсетуге болады.

Монархия – мемлекеттің егеменді жоғары билігі бір адамның қолында өмір бойы болады және атадан балаға мұра (мирас) ретінде беріледі (өтіп отырады). Монарх (патша, король, перғауын (фараон), қаған, хан және тағы басқалар) ешкімнің алдында жауапты болмайды. Ол тек құдайдың алдында ғана жауапты.

Ең алғашқы мемлекеттердің бәрі де монархиялар болған және орта ғасырдағы мемлекеттердің көпшілігі де монархия болатын.

Қазақ жеріндегі бұрын болған мемлекеттер де монархия болған, мұнда мемлекетті қаған, хан басқарған. Бірақ, ханның билігі атадан балаға емес, ағадан ініге мұра ретінде ауысып отырған.

Сонымен, монархия деп жоғарғы билігі бір ғана адамға тиесілі болып келетін мемлекеттегі билікті айтады. Мұндағы бір ғана адамға тиесілі билікті ол адам өз билігімен, қалауынша пайдаланады. Билікті өз билігімен қалауынша пайдалану құқығын ол адам ешқандай да басқа биліктен алған емес.

Заң ғылымында монархияның екі түрі көрсетіледі: абсолютті (шексіз) және шектеулі (конститутциялық немесе парламенттік және дуалистік монархия).

1.Шексіз (абсолюттік) монархия. Бұл жерде монарх- мемлекеттің бірден бір жалғыз, ең жоғары органы. Монарх барлық биліктің үстінен тұрады,оның қолында заң шығару, заңды атқару,  және сот билігі болады. Шыңғыс хан және оның қрпақтары билеген Қыпшақ мемлекеттері, XVIII ғасырдың соңындағы буржуазиялық  революцияға  дейінгі Людовиктер  басқарып келген Франция – осы абсолюттік монархияға мысал. Қазіргі кезде басқарудың  мұндай  нысаны  Біріккен  Араб Әмірлігі елдерінде орын алған.

2.Шектеулі конституциялық немесе парламенттік монархия, басқарудың мұндай нысанында елдегі билік (өкімет) монарх пен басқа органдарға (мысалы,парламентке) бөлінген болып келеді. Қазіргі кезде басқарудың мұндай нысаны Ұлыбритания, Бельгия, Норвегия, Швеция мемлекеттерінде бар.

Дуалистік монархия. Басқарудың бұл нысанында елдегі мемлекеттік билік монарх пен парламент араларында тең бөлікке түскен болып келеді. Мысалы, өикен замандардағы Пруссия, Австрия, Италия, Румыния, Ресей елдерінде монархтың қолында атқарушы билік (үкімет) болған. Үкіметті жасақтау, өзінің алдында жауапты министрлерді, басқа да лауазымды тұлғаларды тағайындау және оларды орнынан алу құқығына ие болған. Бұлардан басқа монарх тыйым (вето) құқығы мен парламентті таратып жіберуге шексіз құқықты болған.

Республика. Басқарудың бұл нысаны бойынша мемлекеттегі ең жоғары билік (өкімет) сайланбалы органдарға тиесілі болып келеді. Мұндай органдар белгілі бір мерзімге ғана сайланады және олар сайлаушылар алдында жауапты болады.

Республика билігінің екі жолы бар: президенттік және парламенттік. Президенттік республикада Президентті тікелей халық сайлайды және Президент мемлекет басшысы бола тұрып, негізінен, Үкіметті өзі құрады. Қазақстан мемлекеті – Президенттік басқару нысанындағы республика.

а) Президенттік республика. Басқарудың бұл нысанында президенттің жеке өзі парламенттің қатысуымен үкіметті құрады. Үкімет өзінің қызметтері бойынша президент алдында жауапты болады. Басқарудың мұндай нысаны қазіргі заманда Америка Құрама Штаттарында және Қазақстанда орын алған.

б) Парламенттік республика. Мұндай басқару нысаны бар елде парламент заң қабылдайтын ғана емес, сонымен бірге үкіметті бақылайтын да орган болып табылады. Мұндағы президент – мемлекет яғни ел басшысы, ол үкімет басшысы емес. Мұнда үкіметті партиялар құрады. Үкіметке премьер-министр жетекшілік етеді (басқарады) (премьер-министр лауазымы басқаша аталуы мүмкін).

Парламенттік республикада мемлекет билігінің жоғары органдарының жүйесі Парламенттің басымдылық принципіне негізделген. Парламенттің алдында үкімет өзінің саяси қызметі үшін алқалы түрде жауап береді. Үкімет Парламенттің сеніміне сүйеніп қызмет істейді. Парламент Үкіметті қолдамаса, ол қызметін тоқтатады. Парламенттік республикаға Италия,Алмания,Үнді мемлекеттерін жатқызуға болады.

в) Парламенттік-президенттік аралас республикалар да кездеседі, онда Үкіметті Президент пен Парламент бірлесе отырып жасақтайды, құрады.Мысалы Ресей Федерациясы.

Формалды тұрғыдан қарасақ, басқару нысанынның мемлекеттік құрылысқа шешуші әсер етпейтінін байқаймыз. Мысалы, монархиялық Жапония немесе Ұлыбритания әлдеқашаннан демократиялық құқықтық мемлекет екені белгілі. Республикалық Кеңестер Одағы мұндай мемлекет бола алмады. Патшалық Ресей демократиялық та, құқықтық та мемлекет болмаған еді. Ал Франция Республикасын бұрыннан демократиялық басқарудан республикалық басқару нысанындағы демократиялық, құқықтық мемлекеттің мазмұнына көбірек сәйкес келеді.

2.Әрбір мемлекеттің аумағында мемлекеттің аумақтық құрылымы оның ішкі құрылысын анықтайтын құрамды бөлшектерге бөлінеді. Сол аумақтық құрылымның көлемінде мемлекеттің аумақтық бөліктерінің жүйесі қалыптасады. Солардан мемлекет, мемлекет органдарының байланыс жүйесі түзіледі. Мемлекеттің тұтастай және оның әрбір аумақтық бөлігінің құқықтық мәртебесінің сипаты да соған байланысты болады. Мемлекет аумағының аталған түзілімін мемлекеттік құрылым дейді. Демек, мемлекеттік құрылым – тұтастай мемлекет пен оның бөліктерінің белгілі түрдегі құқықтық қатынастарын сипаттайтын мемлекеттің аумақтық ұйымдастырылуы болып табылады.

Мемелекеттік құрылымына байланысты барлық мемлекеттер біртұтас(унитарлы)  және күрделі  болып екі топқа бөлінеді.

Унитарлық мемлекеттің ішкі аумақтық құрылымында басқа мемлекеттер болмайды. Осы мағынада унитарлық мемлекет біртұтас мемлекет деп аталады. Унитарлық мемлекет, әдетте тек әкімшілік-аумақтық бөліктерге бөлінеді де, мелекеттің әкімшілік-аумақтық құрылымын құрайды. Әкімшілік-аумақтық бөліктерге ерекше құқықтық мәртебе берілмейді. Мұндай мемлекетте бір ғана Конституция, бір ғана заң шығаратын жоғары орган, бір ғана жоғары басқару органы, біртұтас азаматтық болады. Қазақстан Республикасы – унитарлық мемлекет.

Унитарлық мемлекет – тұтас орталықтандырылған мемлекет. Оның әкімшілік-аумақтық бөліктерінде мемлекеттік құрылым мәртебесі және егемендік құқықтар болмайды. Унитарлық мемлекетте жоғарғы органдардың, заң қабылдаудың, соттардың бірыңғай жүйелері құрылады. Онда бірыңғай азаматтық және бір арналы салық жүйесі болады.Мысалы Италия,Франция,Қазақстан.

Күрделі мемлекет – мұндай мемлекеттердің құрамдас бөліктерінің белгілі бір дәрежеде дербестігі болады. Күрделі мемлекеттерге империя конфедерация, федерация, достастық және бірлестіктер құрған мемлекеттер жатады.

Империя – күш жұмсаудың нәтижесінде құрылған күрделі мемлекет. Бұл мемлекеттің құрамдық бөліктері жоғарғы өкімет (билік) орындарына тәуелді болып келеді. Империялардың бір ерекшелігі, олардың құрамдық бөліктерінде ешқашанда бірыңғай мемлекеттік-құқықтық мәртебе болған емес. Мысалы, тарихта белгілі  Рим империясы, Британия империясы және т.б. жатады.

Федерация – күрделі одақтық мемлекет, оның құрамдас бөліктері мемлекеттік құрылымдар болып табылады. Олардың белгілі бір мөлшерлі шамада (дәрежеде) егемендігі болады. Федерациялық одақ децентрализациялау қағидатына негізделеді.

Федерацияда  жоғарғы  федералдық органдар және федералдық заң қабылдау жүйелерімен қатар федерация субъектілерінің жоғары органдары мен заң қабылдау жүйелері қатарласа өмір сүреді, федерацияда қос арналы салық жүйесі орын алады. Федерацияның нысандық белгісіне қосарланған азаматтықтың болуы жатады. Федерациялар аумақтық немесе ұлттық-мемлекеттік қағидат бойынша құрылуы мүмкін. Мысалы, АҚШ мемлекеті федерация-штаттардың 51 субъектілерінен, ал Ресей Федерациясы – 89 федерация субъектілерінен (Республикалар, округтер, өлкелер және т.б. тұрады). Алмания (Германия)- 16-дан аса федерация  субъектісінен тұрады.Бразилия 26 штаттан тұрады,ал Үндістан-28 штат және 7 аумақтан тұрады.

Достастық – белгілі бір дәрежеде тектес болып келетін ортақ белгілерімен (нышандарымен) сипатталатын мемлекеттердің ұйымдасқан түрдегі бірлестігі. Мұндай бірлестікті біріктіретін белгі (нышандары) экономикаға, құқық жүйесіне, тіл, мәдениет, дін салаларына қатысыты болып келеді. Мысалы Еуропа Одағы және т.б.

Бұл бірлестіктің мүшелері толығынан алғанда тәуелсіз, егеменді мемлекеттер, олар халықаралық қатынастардың субъектілері болып табылады.

Мемлекеттер бірлестігі – қоғамның мемлекеттік болып ұйымдасуының өтпелі кезеңдеріне тән нысан. Мемлекеттер бірлестігін құрудың негізнде, әдетте, мемлекетаралаық келісім (шарт) жатады, оның өзі көп жағдайларда бірлестікке кірген мемлекеттер арасындағы интеграциялық байланыстарды нығайта түседі. Сөйтіп бірлестік мемлекеттерінің конфедеративтік бірлестікке қарай бірте-бірте дамуына жол ашады.

3.Саяси режим дегеніміз- мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыру әдістеренің жиынтығы.Саяси режимдердің түрлері:

а) демократиялық;

б) антидемократиялық.

Антидемократиялық саяси режим өз кезегінде:

а) авторитарлық;

б) тоталитарлық;

в) фашистік режимдер болып жіктеледі.

Демократиялық саяси режимнің нышандары:

1. Әр түрлі партиялардың, бірлестіктердің, қозғалыстардың Конституция шеңберінде еркін, бостандық жағдайында әрекет етеді, қызмет атқарады.

2. Идеологиялық плюрализм, яғни, қоғамда әр түрлі идеологиялық ағымдардың, бағыттардың болуына және үстемдік етуші бірден-бір идеологияның болмауына жағдайлар жасалады.

3. Мемлекет өз органдарын, негізінен сайлау жолымен құрады.

4. Қоғамда демократиялық құқықтар мен бостандықтар орын алады. Оларды, шын мәнінде, қамтамасыз ету кепілдері жасақталады.

Антидемократиялық саяси режимнің нышандары:

1. Демократиялық партиялар мен ұйымдарға тыйым салынады.

2. Идеологиялық плюрализм болмайды, мемлекетте үстемдік етуші идеология орнығады.

3. Сайлау жолымен құрылған органдар болмайды.

4. Демократиялық құқықтар мен бостандықтар шектеледі.

5. Жаппай қуғын-сүргін және заңсыздықтар орын алады.

Авторитарлық режим антидемократиялық режимның бір түрі ретіндегі сипаты дербестенеді, яғни  нақты билеушілер түрінде көрініс табады, олар диктатура (шексіз билік) орнатады.

Тоталитарлық режимнің белгілері:

1. Мемлекетте бір ғана саяси партия үстемдік етеді, ол мемлекеттік биліктің ұйтқысы болады.

2. Бір ғана идеология үстемдік етеді, идеологиядағы плюрализмге төзбеушілік етек алады.

3. Қоғамда жеке адамға табыну мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі.

4. Мемлекет әкімшіл-әміршіл жүйе арқылы басқарылады.

5. Азаматтардың құқықсыздығы, олардың жүріс-тұрысы мен іс-әрекеттерінің жөн-жобасы қатал түрде реттеліп, жүзеге асырылады.

6. Шектен шыққан әлеуметтік бөспелік (демагогия) орын алады.

IV.  Бекіту:

1-      тапсырма:  Саяси  режимдердің  түрлерін  топтастыру

 

2-      тапсырма: «Балық  қаңқасы» (Фиш-боун) әдісі

сұрақтар

 

 

мәселе

қорытынды

 

Шығу жолдары

1-топқа:

1. Басқару нысаны ұғымына түсінік беріңіз

2. Монархия дегеніміз не?

3. Дуалистік монархия дегеніміз не?

4. Президенттік басқару ұғымына түсінік беріңіз

5. Парламенттік  республикаға анықтама беріңіз

2-топқа:

1. Аумақтық  құрылымына түсінік беріңіз

2. Унитарлық мемлекет қандай мемлекет?

3. Федерация ұғымына түсінік беріңіз

4. Мемлекеттер бірлестігі дегеніміз не?

5. Империя ұғымына түсінік беріңіз

3-топқа:

1.Саяси режим түсінігіне анықтама беріңіз

2. Саяси режимдердің түрлерін атаңыз

3. Демократиялық саяси режимның нышандарына түсінік беріңіз

4. Антидемократиялық саяси режимнің нышандарын атаңыз

5. Тоталитарлық режимның белгілері қандай?

3-тапсыпма: «Сандар сөйлейді» әдісі

3 саны- Мемлекет нысанының үш элементтері бар.

2 саны – Монархия екіге бөлінеді.

4 саны- Демократиялық саяси режимнің  төрт нышаны бар.

5 саны- Антидемократиялық саяси режимнің бес нышаны бар.

6 саны- Тоталитарлық режимның алты нышаны бар.

V. Бағалау: Оқушылардың үй тапсырмасын орындау деңгейі мен сабақтағы белсенділігіне қарай бағалап, журналға қою. Сабақты бағалау мен бақылау төменгі кесте бойынша жүргізіледі.

Бағалау парағы:


Оқушының

аты-жөні
Үй тапсырмасы
Жаңа сабақ
Қорытынды
Кім жүйрік? ойыны
Жұмбақ терминдер
Топтастыру
«Балық қаңқасы» (Фиш-боун) әдісі
«Сандар сөйлейді» әдісі

VI. Үйге тапсырма :  Конфедеративтік  мемлекеттер туралы мағлұматтар әкелу

VII.Пайдаланған әдебиеттер:

1. Т.Ағдарбеков «Мемлекет және құқық теориясы» Алматы -2003 ж.

2. Д.А.Булгакова  «Мемлекет және құқық теориясы» Алматы -2001ж.

3. Ғ.С.Сапарғалиев, А.С.Ибраева «Мемлекет және құқық теориясы» Астана -2014 ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *