Кесте тігу технологиясы


Диметова Нилуфар Нурсаидовна
«Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледжінің арнайы пәндер оқытушысы

Сабақтың мақсаты:

1.Білімділік: Оқушыларға  халықтың қолөнерінің бірі кестелеу технологиясы туралы ұғымды қалыптастыру, білімдерін кеңейту, түсіндіру

2.Дамытушылық:   Кесте тігістерінің орындалу әдістеріне қажетті құрал жабдықтарды қолдану икемділігін  дамыту,  есте сақтау қабілетін қалыптастыру.                                                      3. Тәрбиелік:  Оқушыларды    ұлттық рухты сезінуге, әсемдікке, еңбекті сүюге,   кесте тігуге үйрету.

Сабақтың көрнекілігі: мата, жіп, кергіш, қайшы, кесте түрлері

Сабақтың түрі: Тәжірибелік

Сабақтың әдісі: Түсіндіру, сұрақ–жауап, деңгейлеп-саралап  оқыту технологиясы

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі:

Оқушылармен сәлемдесу,   түгелдеу, журнал толтыру, оқу құралдарын реттеу,  зейінін сабаққа аудару.

ІІ. Үй  тапсырмасын тексеру

Тақырыбы: Бисер өнері

1.Бисер туралы түсінік

2.Бисерден жасалған бұйымдар

1-тапсырма.  Іріктеу  кезеңі  (бисерден жасалған картиналарын түсіндіру)

Компановкасын орналастыру

Суретті дұрыс таңдау

Түстерін дұрыс қою

Пайдаланған бисер түрлерін түсіндіру

2-тапсырма. «Көңілді  сауда» ойынында  ұяшықтарда берілген сұрақтарға жауап беру арқылы көрмеге тігу үшін қажет заттарын сатып алу.

 

1.      Бисер дегеніміз не?

2.      Ең алғаш бисер қай елде пайда болды?

3.      Бисерді ең  көп шығаратын ел

4.      Бисерді қандай бұйымға қолданады?

5.      Бисердің түрлері?

6.      Бисермен жұмыс істегенде көмектесетін құрал?

7.      Тұңғыш рет бисер қандай өндіріспен байланысты болды?

8.      Бисер қандай материалдан жасалады?

9.      Барлық қол өнері сияқты бисер тоқудың тарихы бар. Осыдан неше жыл бұрын әйнек өнері пайда болған?

10.  Әйнекті ең алғаш құпиясын ашқан ел?

Сергіту сәті.                  Жұмбақтың жауабын табу.

Ұзын-ұзын жолдар бар,

Үйрек қонар көлдер бар.

Ат үстінде шоқиып,

Отыратын күндер бар.                               (Кесте)

ІІІ. Жаңа сабақ

1. Кесте туралы түсінік

2. Кестенің түрлері

1. Кестелеу өнері ертеден келе жатқан халық өнері. «Өнер таусылмас қазына, жұтамас байлық» дейді дана халқымыз. Бүгінгі сабағымызда қазақтың қолөнері – кесте түралы және кесте тігудің түрлерімен танысамыз. Кесте сан ғасырлар бойына халқымыздың талантты іскерлерінің көркем қиялдарын шеберлік құдретімен бейнелеген ақыл парасаттарының жауһары. Сол кестелеу өнерін жоғалтпай үйреніп, әрі қарай дамытү біздің міндетіміз.
Қолөнер  – ежелден келе жатқан кәсіп. Ол халықтың өмірімен, тұрмысымен бірге дамып, ұрпақтан – ұрпаққа беріліп отырады. Қолөнер дүние жүзінің әр халқында бар. Сонымен қатар әр елдің табиғи ерекшелігіне, этикалық талғамына  байланысты өзіндік ерекшелігімен өшпес із қалдырып отырады. Көне заманнан келе жатқан қазақ қолөнері өз халқының дәстүрлі көркемдік мұрасын сақтап қалған. Сол қолөнердің бір түрі – кесте тігу. Кесте дегеніміз – мата бетіне түскен сурет нұсқасын жіппен толтыру. Жалпы кесте тігу технологиясы табиғатпен байланысты. Қазіргі уақытта ғылыми- техникалық даму (кезеңінде) заманында кесте өнері ұмытылған жоқ, бұрыннан да танымал бола бастады. Қолмен кестелеу шыдамдылықты талап ететін шығармашыл іс. Онда өрнек немесе кескін қолмен ( инемен, бізбен және де іс машинасымен де) әр түрлі маталарға алуан түсті жүн, жібек жіптермен, сондай-ақ моншақтармен кестеленеді. Кестені киімді, тұрмыстық заттарды кестелеу үшін және сәндік панно ретінде қолданады. Шығармашылық көркемдік ерекшелігі, пішіні мен ою- өрнектің үйлесуі. Қол кестесі бұйымдарына тұтынушылар сұранысының өсуі бұйымдардың түрлерін көбейтуге, оның сәндігін түрлендіруге және кестелеудің әдістерін көбейтуге көмектеседі. Кестелеу үшін табиғи, жасанды, синтетикалық және аралас жіптер, мулине т. б. жіп түрлері қолданылады. Кестені көңіл сызады , қол тігеді, көз сынайды дегендей, кесте тігудің алуан әдісі бар.

2.Кесте өнерінің қазақ халқына тән байырғы көне түрлері: біз кесте, орыс  кестесі, әредік  кесте, шым  кесте, түкті кесте және т.б.

Сабақты кесте. Кестенің бұл түрін тігу үшін өрнектің нұсқалары пайдаланылады. Оларды тіккен кезде ине кері шаншылады, яғни әрбір жаңа тігіс осылайша түседі. Жіпті бекітіп, инені матаның кесте түсетін бетіне шығарған соң оған 2-4 жіпті іліп алу керек. Жіпті шығарып алған соң инені қайта шаншып, сосын оған алғашқы тігіске қанша жіп алынса, сонша жіп іліп алады. Тігістердің біркелкі болып түсуін қадағалау және инені екінші, үшінші, одан кейінгі тігістерде алдыңғы тігістің ортасынан шығарып отыру қажет.

 

Сабақты кесте

Барқыт тігісі. Кестенің бұл түрімен балалардың киімін әшекейлейді. Оның үстіңгі жағы айқасып келеді де, астынан параллель бағытта екі қатар тігіс түседі. Кестенің бұл түрімен кестелегенде жіптерді санап, есептеп отыру керек. Егер кесте тігінен тігілетін болса, онда материалдың екі шетінен параллель екі сызықты белгілеп алады. Қалың маталардан екі жіптен суыр керек. Кестелеу төменнен жоғары қарай басталады. Инені тігіп отырған адам өзіне қарай бағыттап шаншып отырады. Кестені 3-4 түрлі жіппен кестелеуге болады, тек жіптердің түсі бірін-бірі ашатындай, дұрыс таңдалуы қажет.

 

Барқыт тігісі

Біз кесте  шығыс халықтарының арасында қазақ пен қырғыз халқында аса жоғары деңдейде дамыған. Біз кесте – кергішке керілген арнайы мата бетіне түсірілген, ою-өрнек немесе бейнені сызық бойымен қармақ бізді матадан әрі өткізіп, жіпті бері іліп шалып алу арқылы қайталанатын майда тігісті айтамыз. Біз кестеге матаға сызылған ою–өрнекті сызық бойымен кестелеп, сонан соң ішкі жағын түрлі өңді жіптермен толтырады. Қалған бөліктері фон ретінде қалады. Біз кесте шымылдықтың басына, жарғақ шалбардың басына, жұқа шапанның, шекпеннің өңіріне тігіледі.

 

Біз кесте

Санап кестелеу деп аталатын кестені жіп оңай суырылатын матаға кестелейді. Бұл тігіс әдетте тік сызық бойына түсіріледі.

 

Санап кестелеу

Айқас тігіс – кесетенің ең көп тараған түрі. Бұл тігілуі қарапайым әрі әдемі кесте. Айқас тігіс кестесін селдір матаға түсірген дұрыс. Оның размері кестелейтін жіптің жуан-жіңішкелігіне, матаның қалыңдығына байланысты. Кестелеу барысында үстіңгі негізгі тігістің бір бағытта түсіп отыруын бақылау керек. Бұл кестені бір түсті және көп түсті жіптермен кестелеуге болады. Бір түсті жіппен кестелеген кезде көбінесе басқа түсті жіппен жиіектеліп отырады. Бұл кестені үш түрлі тәсілмен тігуге болады.  1 – тәсіл – матаның теріс жағынан тік тігіс түсіру. Бір қатарды солдан оңға қарай жартылай айқастырылып тігіледі, сосын осылай кері бағытта қайталанады:

 

Айқас тігіс

2 – тәсіл – матаның теріс жағынан көлденең тігіс түсіру. Оңнан солға қарай тұтас айқас тігіс тігіледі. Сосын теріс жағынан инені сол жаққа қарай өткізіп, араға бір бүтін айқас тігіс қалдырады да, инені оң жақ бетіне шаншып шығарады.

 

Айқас тігіс

3 – тәсіл-көлбеу айқас тігісі. Кестелеуді төменнен жоғарыға қарай бастау керек.

 

Айқас тігіс

 

Шым кесте – сурет бойынша кестелеу. Кестенің бұл түрін кез келген матаға түсіруге болады.Оның бірнеше түрі бар.

–Бір жақты тығыз кесте (“верхошов” немесе “владимир кестесі”) – мұндай кестемен жастық тысына, дастарқанға т.б. өсімдік сабақтарын, гүлін, жапырағын салып кестелейді. Мұның бір өзгешелігі, тігілген кестенің тігістері түгелдей матаның оң жақ бетіне түседі, ал теріс жағынан матаның небәрі бірнеше жібі ғана іліп алынады. 6 қабатталған мулине жіппен немесе жүн жіппен тігіледі. Әдете, қызыл жіпке көк, сары, жасыл және ақ жіпті үйлестіріп алады. Бұл кестенің тігістері біріне-бірі тым тақау түспейді. Оң жақ бетіне негізгі сурет түседі, ал теріс жағына сурет нұсқасының бойымен көктелген сияқты бір қабат тігіс түсіп отырады.

 

Бір жақты тығыз шым кесте

Түйіндеу кесте (гүлдің және жапырақтың кей жерлерін осылайша кестелейді) – инені матаға шаншып, оған жіпті бірнеше рет орайды (түйіннің размеріне байланысты), сосын жіпті сол қолдың бас бармағымен басып тұрып, ілмектің үстінен тартып алады да бекітеді;

 

Түйіндеу кесте

Орыс кестесі – бұл кесте “инені алға салу” әдісімен матаның түзу жібі бойымен тігіледі, инені оң жағынан 1 мм жерден өткізеді. Өрнектің бәрін бір бағытта түсетін тігіспен тігеді. Иненің жанындағы тігістің ортасына таман шаншып, келесі қатардың тігісін түсіреді. Кестелеген кезде тігістердің арасынан мата көрінбейтіндей етіп кестелейді. Ол үшін тігістердің арасы өте жиі болуы тиіс (бос ширатылған жіппен тіккен дұрыс). Орыс кестесімен ақ сары және сұр түсті маталарды ақ жіппен кестелейді. Сондай-ақ жастық, жастық тысына, дастарқанға, т.б. ұсақ тор көздермен үйлестіріп, әдемі кестелер төгеді. Матаға тор көзді жасау үшін тор көз түсетін жердің бір шетінен келесі шетіне дейін жіпті шаршылап таратып, жіптердің қиылысқан жерін ұсақ көлденең тігістермен бекітеді.

Орыс кестесі

Кесте тігу үшін қажетті құрал-жабдықтар:

1. Матаны жылы сумен жуады.Мата отыруы керек.

2. Матаның шеті сетінемеу үшін оның жиегін қайшымен қияды немесе тігіспен бастыруға болады.

3. Матаның бетіне кесте суреті түсіріледі.

4. Матаның өлшемдері кесте шарғысына сәйкес керілуі тиіс.

5. Шарғы диаметрі 15 см немесе 25 см болуы керек. Сурет салынған мата екі шарғының арасына бекітіледі. Мата бұранда арқылы керіліп тартылады.

6 .Кестелеуге мулине жібін пайдаланыңдар.Олардың әр түрлі түсін таңдап алыңдар.                     7. Барлық нәрселер өз орнында болуы тиіс.Кесте тігетін матаны құрал-саймандар мен жіптен бөлек ұстаңдар.Матаның әрбір бөлігін полиэтилен пакетке сақтау керек.

Жұмыс басталардың алдындағы еңбек қауіпсіздігінің талаптары:

1) инені ауызға салуға болмайды;

2) ине, жіп, қайшыны арнайы қобдишада сақтауы керек.

3) қайшыны сабы жағымен ұсыну керек;

4) тот басқан инемен кесте тігуге болмайды;

5) жұмыс басталарда инені санап қою керек;

ІV. Бекіту:    Гүл өсірсең терлеп,
Мұның аты – еңбек.
Кесте тіксең зерлеп,
Мұның аты – еңбек.
Қиындықтың бәрін
Еңбек қана жеңбек.

1-тапсырма. «Көрме» байқауына  тапсырмалар бойынша берілген суреттер бойынша   кестені   тігіп, көрмеге қою.

Шығармашылық жұмыс 4 түрлі талап бойынша бағаланады:

1. Мата, карандаш, ине, жіп, қайшы                                                                                                  2. Матаға өрнекті салу                                                                                                                          3. Матаны кергішке керу                                                                                                                             4. Матаға сызылған өрнекті сызық бойымен кестелеу

 

2-тапсырма.  Кесте,  шебер, ине  туралы  мақал – мәтелдердің   жалғасын тап.

Кесте  туралы

Кестенің сыры түрінде,  Кілемнің сыры ………………. (түгінде)

Кестені  көңіл сызады, қол тігеді, көз  …………………..(сынайды)

Қыз еркем, кестесімен ………………………  (көркем)

Ұл еркем, өрнегімен ………………………… (көркем)

Шебер туралы

Шебердің қолы ……………., шешеннің  тілі ………………..(ортақ)

Шебер қол шет ………………(қалмайды)

Шеберді өнер ………………….(асырайды)

Шебердің ісі ……………, шешеннің сөзі ……………..(мерген)

Шеберлік шексіз …………………(байлық)

Ине туралы

Жолды инемен өлшемес …………….(болар)

Көк инемен көктеу ……………………..(білмеген)

Білім – инемен …………………….(құдық қазғандай)

Іздей білген ирімнен де ине ……………(табады)

V .  Үйге тапсырма. 8 наурыз мерекесіне арнап А3 форматта кесте тігу

VІ.Бағалау. Сабаққа белсенді қатысып, сұрақтарға жауап беріп, берілген тапсырмаларды орындап, отырған оқушыларды білім деңгейлеріне қарай бағалау.

VІІ. Пайдаланылған әдебиеттер:

1. З.Айдарова «Бейнелеу өнері»

2. Р.Н.Нұрғалиев   «Шаңырақ» үй-тұрмыс энциклопедиясы

3. А.Х.Маргулан Казахское декоративное прикладное искусство. –Алма-Ата: Өнер, 1986. – 256 с.

4. С.Қасиманов Қазақ халқының қолөнері. — Алматы: Қазақстан, 1995. – 240б.

5. Ұ.М. Әбдіғаппарова « Қазақтың ұлттық ою-өрнектері»  Алматы «Өнер»  1999 ж

6. С. А. Жолдасбекова, Б.А.Симова «Сәндік қолданбалы өнерге үйрету бойынша       хрестоматия»  Шымкент 1993ж.

7. Ә.Ә.Усманов, М. Б. Сәрсенбаева «Педагогика»  Алматы 2005 ж.

8. Сапарұлы Б. Адалбақан: Ғылыми-көсемсөздік желілер. – Алматы: Өнер, 1992ж. – 384 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *