Созылмалы инфекциялық аурулардың патологиялық морфологиясы: сүтқоректілер мен құстар туберкулезі


Борибекова Бақытгүл Ергешовна
«Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледжінің арнайы пәндер оқытушысы

Сабақтың мақсаты:

1. Білімділік: Оқушылардың  оқу  қабілеттерін  және  білімдерін тереңдете  отырып, сүтқоректілер мен құстардың туберкулезімен таныстыру, түсіндіру.

2.Дамытушылығы: Оқушылардың  ойлау  қабілетін  жетілдіру, алған  білімдерін  тәжірибеде қолдана білуге, сүтқоректілер мен құстардың туберкулезі туралы нақты білуге  дағдыландыру.

3.Тәрбиелік:  Оқушыларды туберкулез ауруының себептері мен дамуын және сақтану шараларын білуге тәрбиелеу.

Сабақ көрнекілігі: Интерактивті тақта, суреттер, плакаттар, кеспе қағаздары, бейнежазба.

Сабақ түрі: тәжірибелік

Сабақтың  басқа  пәндермен  байланысы: биология, жануарлар анатомиясы, ветеринариялық гигиена, ветеринариялық санитария

Сабақ  барысы:

І. Ұйымдастыру  кезеңі

Оқушылармен сәлемдесу, түгелдеу, оқу құралдарын тексеру, аудитория    тазалығына мән беру және журнал толтыру;

ІІ. Үй  тапсырмасын тексеру

Тақырыбы:Листериоз, шошқа тілмесі

Листериоз ауруының этиологиясы және белгілері, патологиялық-анатомиялық өзгерістері, емдеу шаралары

Шошқа тілмесінің этиологиясы, патологиялық-анатомиялық өзгерістері, алдын алу және емдеу шаралары

1-тапсырма. 2 топқа бөлініп үй тапсырмасын айту

2-тапсырма. Топтастыру

І  топ

ІІ  топ

3-тапсырма. Листериоз, шошқа тілмесі туралы қорытындылау  мақсатында әр оқушы бір-бір сөйлемнен айтып шығады. Сөйлем қайталанбау қажет.

III. Жаңа  сабақ

1.Сүтқоректілер мен құстар туберкулезі (бейнебаян көрсету)

2.Емі және алдын алу шаралары

Туберкулез аурумен ірі қара, түйе, қой, шошқа, тауық жиі ауырады. Ал жылқы мен ешкі бұл аурумен басқа үй жануарларына қарағанда сирек ауырады.

Туберкулез қоздырғышының қатерлі әсерінен ауырған малдың өкпесі және басқа да органдары зақымдалып, мал арықтап созылмалы ауруға шалдығады. Соңғы жылдары және қазіргі кезде республикамыздың солтүстік аймақта орналасқан Целиноград, Көкшетау, Павлодар, Қостанай, Торғай және Қарағанды облыстарында ірі қара мал арасында туберкулез ауруы жиі кездесуде.

Туберкулез қоздырғышы солтүстік облыстардың табиғи климаттық жағдайына байланысты  (күн сәулесінің аз түсуіне, ауаның ылғалды болуына) өте жақсы өсіп-өніп, мал фермаларының ауласында, жайылым шебінде, суда, ауада кең тараған. Осы жағдайлардың бәрі бұл ауруды түпкілікті жойып жіберуге мүмкіндік бермеуде.

Қоздырғышы. Ол үш типке бөлінеді. Адамның туберкулезін қоздыратын микробты туберкулезіне хуманус, ірі қара ауруын тудыратын — туберкулезис бовис, құс ауруын тудыратын—туберкулезис  авис деп аталады.

Туберкулез дәнді түрі.

Ірі қара ауруын қоздыратын туберкулезис бовис микробы ауа жеткілікті жерде өсетін, түзу кейде иілген жіп тәріздес бактерия.

Әдетте оның ұзындығы 1,5-6,0 микрон, жуандығы   0,2—0,5  микрон, қозғалу қабілеті жоқ, капсула және спора түзбейді.

Тіршілік ету барысында табиғаттың қолайсыз жағдайларына тап болған кезде туберкулез микробы жіңішкеріп, бұтақтар құрады. Бұл кезде оның формасы кәдімгі саңырау құлақтың формасына ұқсап қалады.

Фермалар мен комплекстердегі сиыр малы арасында ауру көбейген кезде сауын сиырларының желіні ісініп, бездері шошып, томпақ ісіктер пайда болады. Бұл кезде желінді қолмен сипаған кезде үлкенді-кішілі томпақтар бар екені байқалады.

Қатты зақымдалған желінді сауған кезде үрпіден қан аралас, іріген сарғылт түсті сүт шығады. Кейбір малда ауру асқынған кезде өкпемен бірге ішек те зақымдалады, бұл кезде малдың іші өтіп, құрт анықталады.

Туберкулез кейде малдың аналық жыныс безі мен жатырын зақымдауы да мүмкін, мұндай кезде буаз сиыр іш тастайды, сауылып жүрген сиыр қысыр қалады, жатыры қабынады.

Өлекседегі өзгерістер. Малдың жаңа өлексесін сойып көргенде өкпе ткані мен бронхының ірі түтікшелері зақымданып, қабынғаны жай көзге көрінеді. Өкпеден осы ауруға тән аумағы әр түрлі түйіншектер бар екенін байқауға болады. Мұндай түйіншектердің іші әдетте іріген ірімшікке немесе  қоймалжың затпен толып тұрады. Осылармен қатар өкпе және кеңірдек бездерінің үлкейгенін олардың ісінгенін байқауға болады. Өлекседе осындай туберкулезге тән басқа да өзгерістер болады. Айталық, өлексе өте арық және онда сасыған иіс болады.

Ауруды анықтау. Әдетте аурудың толық диагнозы эпизоотологиялық, аллергиялық және лабораториялық зерттеу нәтижесінде, сондай-ақ өлекседегі өзгеріске қарап қойылады.

Жалпы бұл микроб ауа райының және табиғаттың басқа қатерлі әсеріне оңайлықпен бой бермейтін өте төзімді бактерия. Ол кейбір күшті химиялық қосындылардың әсеріне өте шыдамды келеді. Мәселен, туберкулез микробы қышқыл мен сілтіге, спиртке өте төзімді келеді. Себебі, бұл микробтың, денесінде май, балауыз және стеарин қышқылы сияқты заттар көп болады. Осындай қасиеттеріне байланысты туберкулез бактериясы кәдімгі анилин бояуларымен боялмайды. Оны бояу үшін Циль-Нильсон әдісі колданылады.

Туберкулез микробы өзінің тіршілік ететін ортасының қолайсыз жағдайларына өте төзімді келеді. Мәселен, ол адамның кепкен қақырығында малдың ауруға шалдыққан өкпе-бауырларында ұзақ тіршілік етеді.

Жайылымда, ондағы шашылған малдың қиында, топырақта және тоқтау суларда туберкулез микробы бір жылға дейін өмір сүре алады.

Ауру малдың нәжісіндегі, несебіндегі микробтар 75 градусқа дейінгі ыстықта 30 минут шыдайды, ал қайнатқан кезде 5 минутта өледі. Малдың көмілмей қалған өлексесінде туберкулез таяқшасы бір жылға дейін өмір сүре алады.

Туберкулез микробы сыртқы ортаның әсеріне төзімді болғанмен де оны тез арада өлтіретін химиялық заттар бар. Мәселен, бұл микроб хлораминнің 2—5 проценттік ерітіндісінде 4—5 сағатта, формалиннің 5 проценттік ерітіндісінде 10—12 сағатта, 5 проценттік карбол қышқылында 24 сағатта тіршілік өту қабілетінен толық айрылады. Бұл заттар қора-жайды дезинфекциялауға жиі қолданылады.

Туберкулез ауруы мал шаруашылығына экономикалық жағынан көп зиян келтіреді. Көптеген зерттеушілердің деректері бойынша ауруға шалдыққан әрбір ірі қара жылына шаруашылыққа 80—115  дейін зиян келтіреді.

Таралу жолдары. Туберкулез негізінде ауру малдың тыныс жолынан бөлінетін кілегейлі сұйығы, нәжісі арқылы жемшөпке, суға, ауаға тарап, одан барып сау малға жұғады. Бұл аурудың пайда болуында және оның тез арада басқа малға жұғуына малды күтіп-бағу деңгейі, фермада тазалық сақтау ережесін қатар сақтауға көп байланысты болады. Әдетте малды күтіп-бағу мәдениеті жоғары шаруашылықтарда бұл ауру сирек кездеседі. Ал керісінше, тазалықты дұрыс сақтамайтын, малды жемшөппен жеткілікті түрде азықтандырмайтын фермаларда бұл ауру жиі кездеседі.

Қазіргі кезде республикамыздың көптеген шаруашылықтарында сүт, ет өндіретін комплекстер жұмыс істеуде. Ал бұл комплекстерде осы ауруды болдырмау үшін жартылай карантиндік тәртіп орнатылған. Малды күтіп-бағу, азықтандыру кезінде тазалық сақтау ережесі катаң түрде сақталынады.

Аурудың белгілері. Малдың қай түрі болмасын көбінесе өкпе туберкулезіне шалдығады. Ауруға шалдыкқыш малда алғашқы кезде аса белгі болмайды, мал тәбеті нашарлап, біртіндеп қоңдылығы төмендей бастайды.

Аурудың қоздырғыш микробы малға жұққаннан бастап, оның белгілері

айқын білінгенге дейінгі мерзімі —15—40 күн аралығында болады. Алғашқы кезде малдың дене қызуы аздап көтеріледі. Өкпесі азғана зақымдалған болса, мал анда-санда, бірақ қатты жөтеледі, ал егер өкпенің көп жері зақымдалған болса, жиілеу жөтеліп, жөтелген кезде қатты ауырсынады. Малдың жөтелі ертеңгісін, кешкісін малды бір орыннан екінші орынға козғаған кезде қатты күшейеді. Созылмалы туберкулезге шалдыққан мал айлап жөтеледі, арықтай бастайды, жеткілікті мөлшерде сапалы жем-шөппен азықтандырғанның өзінде коңдылығын жоғалтады. Қысқаша айтқанда жеген азығы бойына сіңбейді, мал қаусап арықтап кетеді. Ауру малдың жүні үрпиіп, оның терісі табиғи созылғыш қасиетінен айрылып, қатып қаусап қалады. Туберкулез ауруына тән ерекше климаттық белгілердің бірі—сөл бездерінің көлемі үлкейіп, ісік сияқты болып тұруы, оны малды қолмен тері сыртынан сипап байқауға және жай көзбен де көруге болады. Ауру асқынған кезде жақ астындағы без ісініп, мал күйіс қайтарудан, шөп шайнаудан қалады. Кейде қолтықтағы, шаптағы, желін үстіндегі бездер де үлкейіп ісінеді, қолмен басқан кезде мал ауырсынып, қиналады.

Мал фельдшерлері бастапқы кезде ауру малдың сырт белгілері білінбейтінін естен шығармаулары керек. Күнделікті табыннан жөтеліп жүрген арықтай бастаған, тез шаршағыш, сөл бездері үлкейген, желіндері аздап қабынған мал кездессе, онда сол табында туберкулез бар деп күдіктенуге болады. Ауруды толық анықтау үшін аллергиялық және лабораториялық, зерттеулер жүргізіледі.

Аллергиялық әдіс бойынша малдың көзіне және терісіне туберкулин дәрісі жіберіледі. Әдетте туберкулин ересек малдың мойын терісіне (жүні қырылған), бұзаудың жауырын терісіне 0,2 мл мөлшерінде егіледі.

Туберкулинді малдың терісіне жіберу үшін инесі жіңішке және өзі қысқа арнайы жасалынған шприц қолданылады. Ал соңғы жылдары ауаның күшті қысымының көмегімен жұмыс істейтін инесі жоқ «овод» маркалы шприцтердің көмегімен туберкулин егу шаруашылықтарда кеңінен қолданыла бастады.

Инесі жоқ автоматты түрде жұмыс істейтін шприцті қолданғанда еңбек өнімділігі артады, малдың терісі инемен тесіліп, жарақаттанбайды.

Туберкулезге аллергиялық әдіспен тексеру төмендегіше атқарылады. Туберкулин жіберілген соң мал ауру болса, онда дәрі жіберілген жер қызарып үлкейе бастайды. Алғашқы тексеру туберкулин егілген соң   2 сағаттан кейін ғана анықталады. Тексерудің алғашқы нәтижесі белгілі болғаннан кейін дәл сол жерге тағы да туберкулин егіліп, оның қорытындысы 24 сағатта шығарылады.

Егер бір тәуліктен кейін туберкулин егілген теріде қызарып, көлемі          8— 10 мм болып, ыстық ісік пайда болса, малды туберкулезбен ауырды деп диагноз қойылады.

Кейбір кездерде ауруы өте асқынған және өте арықтаған мал туберкулинге реакция бермеуі мүмкін, мұндай кезде малдың танауынан сілекейлі зат алынып, бактериологиялық әдіспен қосымша түрде зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

Туберкулинді көзге тамызу арқылы да ауру малды анықтауға болады. Ол үшін туберкулиннің 2—3 тамшысы арнайы дәрі тамызғышпен (пипетка) көзге жіберіледі. Егер мал ауру болса, 3—4 сағат өткеннен соң ісініп, ірің ағады. Көзге туберкулин тамызу кезінде тексеру 3,6,9, 12 және 24 сағатта жүргізіледі.

Ақпен малдың астыңғы, үстіңгі қабығын көтеріп, көздің ішкі кілегей қарығында ірің бар, әлде жоқ екенін тексереді.

Шаруашылықта көбінесе малды ауруға тексерген кезде туберкулин өзге және теріге бірдей жіберіледі де, осы екеуінің біреуі реакция берсе, ол ауру деп есептелінеді.

Мал табынын туберкулинмен тексерген кезде және оның қорытындысын шығарған кезде мал фельдшері, жоғары білімді мал дәрігері не шаруашылыктың бас мал дәрігері қатысуы керек.

Малды туберкулинмен тексеру бұл өте жауапты да және қиын жұмыс. Сондықтан да оны фельдшердің жеке өзіне жүргізуге болмайды. Ал қазіргі кезде өнеркәсіптік орындардың қосалқы шаруашылықтары көптеп саналуда, олардың фермаларындағы 30—50 бас малды мал фельдшерінің жеке тексеруіне болады, бірақ бұл жұмысты жүргізгенде өте ұқыпты болып, оның қорытындысын екі дана етіп актіге түсіру қажет.

Сақтық шаралары. Қазіргі кезде малды туберкулез ауруынан сақтандыратын вакцина және арнайы сарысу жоқ. Сондықтан да малда туберкулез ауруын болдырмау үшін көптеген-жұмыстар жүргізіледі.

Бірінші, кіші-гірім ферма болсын, ірі сүт өндіретін комплекс болсын санитарлық-гигиеналық тазалықты сақтау ережесін бұлжытпай орындайды. Табынға кездейсоқ бөтен малдың кіріп кетуіне жол берілмейді. Жалпы ферма немесе комплекс ондағы малдың аурудан таза не таза болмауына қарай екіге бөлінеді. Егер фермадағы малдың арасында ауру болмаса, онда оны «туберкулезден таза» ферма деп атайды. Ал егер фермадағы мал арасында бірнеше бас ауру болса, онда оны «туберкулезден таза емес»—деп атайды. Ал аурудан сақтандыру осы екі фермада да жүргізіледі. Бірақ оларда сақтандыру және сауықтыру жұмысы екі түрлі жүргізіледі.

Туберкулезден таза фермадағы мал жылына бірінші рет, көктемде жайылымға шығарда, екінші рет күзде — қораға ұстау кезінде диспансерлік бақылаудан өткізіліп, туберкулинмен тексеріледі. Егер осы тексеру кезінде фермадағы мал аурудан түгел таза болса, онда ол ферма туберкулезден таза күйінде қалады, ал егер мал арасынан 2—3 мал ауруға шалдықса, онда олар тез арада сау малдан оқшауланып, бөлек  қорада карантиндік жағдайда күтіп бағылады. Ал мұндай ферманы «туберкулезден таза емес» деп, оған карантиндік тәртіп орнатылады.

Туберкулезден таза фермаларға басқа жақтан мал әкелінетін болса, онда ол малдың әрқайсысы 30 тәулік бойы карантинде ұсталып, туберкулинмен тексеріледі. Керек болған жағдайда мұндай тексеру жұмысы 2—3 рет қайталанады. Туберкулезден сау фермалардағы малды күнделікті сапалы жемшөппен жеткілікті мөлшерде азықтандыру, мезгілімен 2—3 сағат серуендету, қорадағы ішкі ауаның жылылығы мен ылғалдылығын бір қалыпта ұстау, мал тұратын орын мен ферма ауласын таза ұстау — осының бәрі ауруды сақтандыру шараларының қатарына жатады.

Туберкулезден таза емес фермаларда малды аурудан сауықтыру үшін арнайы шаралар жүргізіледі. Ондай шараны жүргізу үшін шаруашылықтың бас мал дәрігері бір жылдық мерзімге малды туберкулезден арылту жоспарын жасайды. Бұл жоспарды шаруашылықтың бірінші басшысы және ауданның бас дәрігері қарап, бекітеді. Осы жоспарлы жұмысты орындауға мал дәрігері мен фельдшері, ферманың меңгерушісі және малшылар қатысады. Олар фермадағы малды әрбір 20—25 күн сайын туберкулинмен тексеріп отырады. Бұл кезде ауру деп анықталған мал жеке немесе карантиндік қорада күтіп-бағылады, ал сау деп табылған мал бөлек басқа қорада күтіп-бағылады. Ауру және сау сиырлар бөлек сауылып, сүтін бір-біріне қоспайды. Анық ауру деп табылған мал шаруашылық бас мамандарының ұйғарымы бойынша етке өткізіледі.

Туберкулезден сауықтыру кезінде малды әрбір 20—25 күн сайын тексеру жүргізіп болған сон, ауру деп табылған малды ауру малға арналған жеке кораларға жіберіп, қораның мал жатып-тұратын орнын дезинфекция өткізген жақсы. Қораларды дезинфекциялауда күйдіргіш натрийдің проценттік ерітіндісі, хлораминнің 5 проценттік ерітіндісі, жаңа сөндірілген әктің 20 проценттік ерітіндісі пайдаланылады.

Туберкулезді болдырмау және сауықтыру үшін ай сайын фермадағы алды түгел тексеріп, ауру деген малды бөліп отыру, қораны дүркін-дүркін дезинфекция жасау арқылы ауру қоздырғышының көзін жойып, ауру мал мен сау малды бір-біріне жақындатпай және малдың күтімін жақсартып отыру — оларды туберкулезден арылтудың негізі   болып саналады.

Ауру қоздырғышын жою үшін және фермалар малын туберкулезден қорғау үшін төмендегіше шараларды тұрақты жүзеге асыру қажет.

Бөгде адамдар мен кездейсоқ малдың фермаға кірмеуі үшін оның жалпы ауласын биіктігі 1,5—2 метрлік темір-бетон қабырғалармен қоршап мал мен адам арнайы бөлек есік арқылы кіріп-шығуы тиіс.

Туберкулезден таза шаруашылықтардың барлық ірі қарасы жылына екі рет, ал аурудан таза емес шаруашылықтарда әрбір 30—40 тәуліктен соң барлық мал туберкулинмен тексеруден өткізілуі керек.

Туберкулинмен малды тексерген санын жеке ауру малды оқшаулағаннан сон, мал қоралары мен ферманың ауласы, құрал-жабдықтар, азық тұрататын транспортер міндетті түрде жақсылап тазартылып, 3 проценттік күйдіргіш натрийдің, 3 проценттік формальдегидтік және 5 проценттік хлорлы қосынды ерітінділерімен дезинфекция жасалады.

Аурудан таза емес фермаларда күн сайын малдың қиын, төсеніштерін және жемшөптің қалдықтарын залалсыздандыру үшін арнайы жасалынған орындарға жинау, фермада мал дәрігерінің рұқсатынсыз малды бір топтан екінші топқа ауыстыруға жол бермеу; туберкулезден таза емес ферма сиырларының сүтін 85° жылылықта 30 минут бойы пастеризациядан өткізу;

фермада жаңадан алынған бұзаулар ірі малдан белектеніп өсіріледі, ауру сиырдан туған бұзауды енесінің уызын ішкізбей, сау сиырдың сүтімен азықтандыру; күнделікті сүт сауатын құралдарды және сүт құятын ыдыстарды жылы сумен жуып, дезинфекция жасауға арналған ванналарда бумен еңделіп кептіріледі; мүмкіндік бар жерлерде ыдыстарды 10 проценттік дезмоланың 80 градустық ерітіндісімен залалсыздандырады;

Малы туберкулезден сау емес фермаларда жұмыс істейтін мал мамандары, сауыншылар және малшылар күнделікті өз басын аман сақтау гигиенасын орындап, әрбір жарты жыл сайын медициналық байқаудан өтіп жүрулері керек.

Жаз айларында малы туберкулезден таза емес және одан аман шаруашылықтар малын бір-бірінің жайылымдарына жібермеулері керек.

IV. Бекіту

1-тапсырма. «Ия, жоқ» ойыны

Ойын шарты: Тақтаға бір оқушы шығып, бес сөздің ішінен біреуін таңдап алады. Отырған оқушылар сұрақ қойып, шыққан оқушының қолындағы жасырылған сөзді «ия, жоқ» деген жауабы арқылы табулары керек.

Mycobacterium avium

Туберкулин

Өкпе

Ірі қара малы

Mycobacterium bovis

2-тапсырма. «Аукцион» ойыны

Ойынның мақсаты: Сөздік қорларын молайту. Пәнді сүюге тәрбиелеу. Нарықтық экономикаға бейімделу.
Ойынның шарты: Топ екі командаға бөлінеді. Тақтаға қағазға жануарлар суреті ілініп, әр сурет артында сұрақ карточкасы болады бұл суретке  әр команда қанша ұпай беретінін анықтап алады. Ең көп ұпай берген команда  суретті алып артындағы сұрақты қояды. Егер команда дұрыс жауап берсе, берілген ұпайлар команданың қорына көшеді. Дұрыс жауап бермесе, ұпай екінші командаға көшеді. Ең көп ұпай жинаған команда жеңімпаз атанады.

Ірі қара малының туберкулез ауруындағы қоздырушысы

Туберкулез ауруының жұғу жолдары

Туберкулезді диагностикалау әдістері

Қора-жайды дезинфекциялауға жиі қолданатын препараттар

Туберкулез ауруы кезіндегі патологиялық – анатомиялық өзгерістері

Туберкулез ауруының вакцинасы

V. Бағалау.  Сабаққа белсенді қатысқан  оқушыларды   бағалау, естірту, журналға қою.

VІ. Үйге тапсырма

Сүтқоректілер туберкулезін алдын алу шаралары

Құстар туберкулезін емдеу шараларын оқу

VІІ. Пайдаланылған  әдебиеттер

1.М.А. Молдағулов, А.Н. Ермаханов «Жануарлар ауруының клиникалық диагностикасы» Алматы 2006 ж.

2.Х. С. Жұмабеков, К. Ю. Дербышев «Жануарлардың патологиялық  анатомиясы»,  Алматы 2011ж.

3.Ж.Б.Ахметов «Патологиялық анатомия», Алматы 1993 ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *