Рухани жаңғырудың тетігі – тіл


Сарбаева Гульбаршин  Абукызы

Қазтұтынуодағы Қостанай жоғары экономикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің  оқытушысы

Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған. «Өнер алды – қызыл тіл», «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады», «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» деген сөздері халқымыздың орынды сөзге қандай мән бергенін көрсетеді. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз ешқашан қол қусырып отырған емес. Жиырмасыншы жылдары тіл мәртебесін ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар, сексенінші жылдардың аяғында бостандықтың лебі білінісімен басталған бүкілхалықтық қозғалыс – соның айғағы. Ата – бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік.

Елбасымыздың «Мен жастарға сенемін» деген сөзі бар. Ендігі мақсатымыз –ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру. Тіл – таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Дегенмен, алдымен туған еліңнің мемлекеттік тілін білуге міндеттісің.
Қазақ тілі – өте бай тіл. Ол шаруашылықтың бар саласын өркендете түсуге себепші күш, халқымыздың мәдени дәрежесін көтере беруші пәрменді құрал, жұртшылықты жаппай отаншылдық рухта тәрбиелеудің басты құралы, қуатты қаруы.Жасыратыны жоқ, кешегі кеңестік дәуірде шетқақпай болған тілімізге ілесе халқымыздың ұлттық рух, дәстүр – салтының ұмытыла бастауы өтірік емес. «Тілімізді кристалдай таза ұстап, қыз жасауындай жайнатуға тиіспіз»- деген Шоқан Уәлихановтың сөзі дәл бүгінгі ұрпаққа айтылғандай.Елімізде ауызекі сөйлесу тілі болып әлі күнге дейін орыс тілі үстемдік құруда. Өз отбасында ана тілінде сөйлейтін отбасылардың саны аз.          Амал не, осындай әдемі туған тіліміз бола тұра өзге тілде сөйлейтіндер де көп болды. Тіпті туған тілден безетін сорақыларды да көргеніміз бар. Төл тілде сөйлеуден безу ақ сүт беріп, асыраған анаңды ұмытумен бірдей. Келешегінің кемелді болуы үшін қазақ тілін де үйренулері қажет.Тіліміздің мемлекеттік дәреже алуына байланысты қазіргі кезде практикалық жағына да, теориялық жағына да көптеген нәтижелерге жетіп жатырмыз. Тіл халықпен бірге өмір сүріп, дамиды. Себебі, әр ұлттың тілі – оның бақыты, тірегі. Ана тілінде таза сөйлеу, оған деген оң көзқарас ең зор адамдық, мәдениеттілік, тәрбиелілік болып саналады. Тіл мен қарым қатынас біріккенде ғана сыйластық, достық, адамгершілік пайда болады. Мемлекеттік тілді меңгеру елдің бірлігін білдіреді. Сондықтан мемлекеттік тілді рухани жаңғырудың тетігі деп ойлаймын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *