Мағжан шығармаларын өзге ұлт өкілдеріне үйрету


Хаймолдина Толкын Магжановна

М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің

Қазақ тілі, кәсіби қазақ тілі оқытушысы

Мағжан шығармаларын өзге ұлт өкілдеріне үйрету

Мағжан Жұмабаев – аса ірі тұлға. Ол – ақын, прозашы, публицист. Әдебиеттің әр алуан жанрларында белсенді қызмет ете отырып, Мағжан революциядан кейін туған жаңа кеңестік әдебиеттің негізін салушылардың алғы легінде болған. Туған еліне, жеріне деген махаббатын, жанашырлығын, елі үшін күйзелісін оның әр шығармасынан көріп, сезінеміз.  «Күміс кездік қап түбінде жатпайды» дейді халық даналығы. Бұл ой мен сөздің түпкі сырына ден қойсақ, шын асыл, қымбат қазына, қилы кезең, шытырман уақытта да сыны мен сипатын өзгертпейді. Біз мұны қоғамдық – саяси, мәдени-рухани өмірімізде демократиялық бағытта кең өріс алған бүгінгі шақта айқын аңғарамыз.

Мағжан Жұмабаев тағдыры ауыр, өмірі қысқа болғанымен, шығармашылық мұралары өте бай. Оның шығармашылығы әр жанрды қамтыған. Дегенмен, Мағжан прозадан гөрі поэзияға бейім. Поэзиясын өзгеден ерекше, ірі қасиеттері хақында тұжырымдап айтсақ, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – ұлттық ақындығында.[1]

Қазақ әдебиеті пәні білім беру жүйесіндегі басты пәндердің бірі болып саналады. Әдебиет пен басқа ғылым салаларының өзара тығыз байланысы ғылыми ой-пікірлермен түсіндіріліп, тұжырымдалады. Мемлекеттік тілде оқымайтын мектептердегі әдебиет пәнінің басты міндеттерінің бірі – оқу материалдары негізінде оқушылардың санасына қазақ халқына деген құрмет сезімін ұялатып, өзі тұратын еліне патриоттық рухты сіңіру болып табылатындығы дәлелденеді. Дидактикалық ұстанымдар жүйесі, түрлі оқыту әдістерінің ерекшеліктері мысалдармен жан-жақты талданып беріледі.

Әдебиетті оқыту әдістемесінің ажыратылмас бөлігі – тәсіл болғандықтан, әдебиетті оқытудың негізгі тәсілі ретінде түсінік беру арқылы оқытуға баса назар аударылып, айрықша қарастырылады. Өйткені, әдеби шығарманы түсіндіру оқушы мен мұғалімнің біріккен шығармашылық әрекетін қажет етеді. Ең алғаш рет бұл тәсілді орыс әдебиетінің әдіскерлерімен ғылыми әдебиеттанушылары қолданған. Олар түсінік беру арқылы оқыту әдеби шығарманы оқытудың негізгі және белсенді тәсілі дей отырып, бұл тәсіл мұғалім жұмысында үлкен орын алу керек деп есептеген.

Қазақ әдебиетінің түпнұсқасы негізінде оқытылуы кешенді түсінік беру ұстанымы болып табылады. Оны мынадан көреміз:

– Тарихи – мәдени түсінік беру. Мұнда оқылып отырған көркем шығармада немесе ақын-жазушы өмірбаянын оқуда және мемлекеттік тілде оқымайтын мектеп оқушыларына түсініксіз немесе белгісіз жағдайларда көрініс тапқан қазақ тарихы мен мәдениетінің фактілерін ашып беру;

– Географиялық – қазақ халқы тұратын географиялық (табиғи) жағдайларды (климат, рельеф, жануарлар, өсімдіктер әлемі) түсіндіру;

– Лингвистикалық түсінік беру – тілдің әр түрлі элементтерін, мағынасын шығармада қолдануын түсіндіру;

– Этнографиялық – орыс халқының тұрмысында кездеспейтін, қазақ халқының дәстүрлері мен ырымдарын, ұлттың бөлек тұрмысын түсіндіру.

Түсінік берудің жоғарыда көрсетілген барлық түрі бір-бірімен өзара тығыз байланысты.

Мемлекеттік тілде оқымайтын мектептердің жоғары сыныптарында түсінік беру арқылы оқытудың маңызы жоғары. Мемлекеттік тілде оқымайтын мектептердің жоғары сыныптарында қазақ әдебиеті шығармаларынан түсінік беру арқылы оқытудың рөлі басқаша сипатта болатыны кеңінен сөз етілді. Мемлекеттік тілде оқымайтын мектептің жоғары сыныптарындағы қазақ әдебиетінен түсінік беру арқылы оқытудың әр түрлерін қолдану қарастырылды. [2]

Мағжан Жұмабаевтың шығармасын оқыту – оның өмірін оқытудан басталады. Көркем мәдениеттің, ең алдымен, әдебиеттің ірі құбылыстарын толық меңгеру – оны құрастырушылардың рухани әлеміне енуді талап етеді. Көркем шығармада бейнеленген суреттердің терең өзара байланысын тауып, бағалау үшін, әсіресе Мағжан шығармаларында бұл суреттерді көру мен тартыстарын бақылау жеткіліксіз. Мұнда сонымен қатар мәтін жолдарын түсіне алу керек және оның қайталанбас шығармашылық жекелігін сезіну керек.

Мағжан Жұмабаевтың өмірі – ерлік үлгісі. Сырттай өмірі шытырман оқиғаларға толы емес. Себебі оның өмірі қысқа болды. Сондықтан оқушыларға оның өмірінің шынайы ерлігін көрсету керек.  Ол жол – білім жолы. Осының өзі оның ерлігі мен батылдығын танытады. Осы жерде лингвистикалық түсіндіру керек: жазушыны психологиялық суреттеуге өте қажет сөздерді бөліп алып, жеткілікті деңгейде түсіндіру керек.

Географиялық түсіндіру ақын – жазушылардың туып – өскен жері туралы түсіндіргенде қолданылады. Мысалы, Мағжан Жұмабаев туып – өскен Сасықкөл Солтүстік Қазақстан облысында орналасқаны айтылады. Көл неге Сасықкөл деп аталған? Сасықкөл “сасық” деген мағананы білдіргенімен, шынында өте әдемі және жайлы жер. Сондықтан, мұндай әдемі жерге көз тимеу үшін сақтанғаннан атаған. Көз тиюден сақтау үшін қымбат нәрсені басқаша атау керек деген сенім болған. Ақын өлеңіндегі Сасықкөл – армандаған өлке, жер жаннаты. Сонымен қатар, көп қасіретті көрген жер – патша билігінің жаманшылығын көрген, кейіннен үлкен жайылымдардың бос қалуына, көлдің тазалығының ластануына әкеп соққан революциялық жағдайды көрген.

Ақын-жазушылар өмірін оқытқанда этнографиялық түсіндіруді қолдануға болады. Мысалы, Мағжан Жұмабаев өмірі мен шығармашылығына қатысты түрлі сабақ құрылымдары көрсетіледі. Әр сабақ мұғалімнің сабақ барысындағы түсінік беруді, оқушылардың мәтінді оқуды және түсінік беру арқылы талдауды, қазақ тілінің синонимия, антонимияға байланысты орындалатын тапсырмаларды, әдеби теориялық білімдерін жетілдіруді көздейді. Оқушыларға сұрақтар мен тапсырмалар беріледі, мәтінді мазмұндау, дискуссиялық мәселерге өз көзқарастарын білдіру және өзіндік жұмыс көлемінде оқылған ақын–жазушылардың шығармаларынан мазмұндама мен шығармалар жазу ұсынылады.  Тағы да өмірі мен шығармашылығын өткенде, оның Қазақстандағы алғашқы ғалым-педагог екенін айтумен қоса, ұлттық әдет-ғұрып, мінез-құлық жөнінде де құнды пікірлер қалдырғанын айта кеткен жөн. Ғалым өзінің “Мектеп және оның бағыттары” атты публистикалық мақаласында: “Жаңа мектепті құрушылар, қазақтардың мінезінің және әлемді қабылдауының ұлттық ерекшелігін міндетті түрде ескертуі керек”, – дейді. Сонымен қатар мемлекеттік тілде оқымайтын мектептерде қазақтың лирикалық поэзиясын оқыту оқушыларды мемлекеттік тілді үйретудің ұтымды әдісі болып табылады. Егер мұғалім оқушыларды тебіренте алса, поэтикалық бейнелердің шынайы тереңдігін ашып берсе, суреттелгенді автормен бірге сезуге көмектессе, поэзияда өзінің ойы мен сезіміне жауап табуға көмектессе – лирикалық шығарманың тереңдеріне оқушыны бойлатқаны болып табылады. Осы ретте мұғалімнің белгілі бір қаламгер шығармасын оқушылардың толық қабылдауы үшін тарихи-тұрмыстық, этнографиялық, лингвистикалық мәліметтермен таныстыруы аса қажет екендігін байқаймыз.

Мағжан Жұмабаев мұраларының орасан молдығына қатысты олардың көпшілігін сабақтан тыс жұмыс түрлерін ұйымдастыру керек: үйірмелер, сыныптан тыс оқулар, аудармашылармен кездесулер, конференциялар, олимпиядалар, диспуттар, конкурстар, викториналар, әдеби кештер, мұражайға, театрға бару, қойылымдарды, кинофильмдерді қарау және талдау, т.б. қажет. [3]

Қорыта айтсам, Мағжан Жұмабаевтың көркем шығармаларын өзге ұлт өкілдеріне таныстыру – маңызы зор істердің бірі. Орыс мектебіндегі оқушыға жеке тұлға ретінде назар аударып, оның ішкі әлеміне барлау жасап, психологиялық мүмкіндіктерін зерттей отырып, жұмыс жасаудың әр түрлі жолдарын қарастыру – бүгінгі күннің басты мәселесі.

 

[1] – Елеукенов. Ш. Мағжан Жұмабаев, Алматы: Қазақ ССР «Білім қоғамы» – 1990; 152 б

[2] – Қирабаев. С. «Қазақ әдебиеті оқулығына медотикалық нұсқау» Алматы, «Мектеп», 1987,6 б

[3] – Черкезова В.М. Русская лит-ра в нац. Школе: Принцип общности и нац. Своеобразия лит-р народов в препод. Русс. Лит-ры в нац. Школе М., 1981, 153 б

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *