«Жаңартылған білім – болашақтың кепілі»


Жапабаев Ермухан Темірғалиұлы
«Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектебі» КММ математика пәнінің мұғалімі

Мен 2017 жылы 27 ақпан – 22 желтоқсан аралығында «Қазақстан Республикасы орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсын оқып келдім. Осы курста алған әсерім осы эссені жазуыма арқау болды. Біздің көз алдымызда жанарлары жәудіреп, білсем екен, үйренсем екен деп шәкірттеріміз отырады. Біз осындай қарқынды дамып жатқан заманда дәстүрлі білім берумен шектеліп қала алмаймыз. Ұлы орыс педагогы Константин Дмитриевич Ушинский мұғалімдердің педагогикалық іс – әрекетін  жан–жақты зерттегендердің бірі. Ол былай деген еді: «мұғалім өзі үйреніп, оқып жүргенде ғана өмір сүреді». Бұдан өз кәсібилігін жетілдіру мақсатында үнемі оқып, үйреніп отыратын мұғалім ғана өз іс-әрекетінен ләззат алып, өмір сүре алады дегенді ұғынуға болады. Егер кәсіби сана–сезім іске деген жағымды эмоционалды қарым-қатынаспен, өз еңбек саласына деген мақтаныш сезімімен ажарланса, бұл іс үшін де, адамның өзі үшін де оңтайлы болады.

Елбасымыздың жолдауында айтқандай: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін, заман талабына сай білім қажет». Жаңа білім берудің негізгі мақсаты – білім  мазмұнының жаңаруымен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Ғылым мен техниканың күн санап өсуіне байланысты педагогика ғылымының теориясы мен оқыту үрдісі де түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Соған орай оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Осы тұрғыда әр пән мұғалімдерінің оқыту әдістерін, жаңа технологияларды таңдап пайдалану және авторлық үлгілерді қолдану мүмкіндігі берілген. Мұғалімнің шеберлігі қандай жоғары болса да, мұғалім оқушының өз белсенділігін туғыза алмаса, берген білім күткен нәтиже бермейді. Оқушының тұлға ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады. Осындай жаңа технологияларды қолдана отырып, сабақ беру мені қуанышқа бөлейді. Ал, енді жаңартылған бағдарлама бойынша білім беруге келсем, жаңартылған оқу жоспарлары, тілдік дағдылар, педагогикалық әдіс-тәсілдер және белсенді оқыту техникалары мұғалімді шабыттандырып, одан сайын қанаттандыратыны анық.

Әлемдік «Мак Кинзи» компаниясының кеңесшісі, Ұлыбританиядағы білім сапасының сарапшысы М.Барбер «білім беру нәтижесін түбегейлі өзгертудің басты үш факторы бар, олар: педагогтік қызметке соған лайық адамдардың келуін қадағалау, оларды оқытушылық қызметін тиімді жүргізуге қажетті деңгейде даярлау және әрбір білім алушыға сапалы білім беруге қолайлы жағдай туғызу. Өйткені, кез-келген білім беру ұйымындағы білім сапасы онда жұмыс істейтін оқытушылар сапасынан жоғары болуы мүмкін емес» деген. Ол сонымен қатар, өзінің көптеген елдерде жасалған зерттеулеріне сүйене отырып, «әлемдегі нәтижесі жоғары білім беру ұйымдарын басқарудағы бәріне ортақ қасиет – ұйым жұмысындағы сапалы өзгерістерге қол жеткізудің бірден-бір факторы педагогтерді дамытуға қажетті жағдайлардың жасалуы» деп тұжырым жасаған. Елбасы Жолдауында елімізде білім беру саласын дамытудың жаңа міндеттерін нақты белгілеп берді. Осы міндетті іске асыру білім саласы қызметкерлері мен ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекет тарапынан білім деңгейін және ұстаздар беделін көтеру жолында көп игілікті істер атқарылуда.
Білім сапасына қойылатын жаңа талаптар білім мазмұнын игеруде мұғалімнің оқушымен қатар тұруын қажет етеді. Оқушылар білімін критериалдық бағалау оқыту мен білім беруге деген әртүрлі тәсілдемелерді пайдалануға, оқушылардың оқу жетістіктерінің мониторингісін уақтылы жүргізуге, мұғалімге сабақты қажетті мазмұнмен толтыруға мүмкіндік береді, оқушылардың оқуға деген уәждерін арттырады, оқытудың заманауи әдістерін біріктіреді. Негізінен жаңартылған білім жүйесі құзіреттілікке және сапаға бағытталған бағдарлама. Жаңартылған білімберу бағдарламасын тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс–тәсілдері: белсенді оқу, бірлескен оқу, модельдеу, саралау, т.б.

Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы  тұлғасының үйлесімді, қолайлы білім беру ортасын құра отырып, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АКТ-ны қолдану, коммуникативті қарым–қатынасқа түсу, жеке, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықпен қолдана білу. Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі: спиральді қағидатпен берілуі. Әрине, жаңашылдық болғаннан кейін қиындықсыз болмайды. Үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп. Жаңартылған білім – болашақтың  кепілі.
«Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім», – деп бекер айтылмаған.  Бала оқыту жүйесінде мұғалімдерге үлкен міндет жүктелетіні айдай анық.  Сол міндетті абыроймен атқару үшін күні-түні іздену, әлемдегі озық әдіс-тәсілдерді барынша мектеп өміріне ендіру – ұстаздар үшін парыз. Сонда ғана елбасымыз айтқандай озық және бәсекеге қабілетті ұлттық білім беру жүйесін құра аламыз деп ойлаймын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *