«Астана- Ұлы дала елордасы»


Көрегенова Әсел Мейрамбекқызы

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы Алғабас ауылы №157 Б.Пәрімбетов атындағы қазақ орта мектебі КММ 10 «Б» сынып оқушысы

Жетекші: Әйменова Айжан Медетбайқызы

        Ердің ерлігін, туған жердің жырын жырлап, өскелең ұрпаққа өткен ғасырдың өшпес аңыздарын ақиқатқа айналдырып, шындықтың шырайындай қазақ елінің ақ таңымен тарихи Ақмола атауын еншілеген Сарыарқа төріндегі қайсар қаланың Астана аталуына биыл 20 жыл толып отыр. Бұл бабаның қанымен қорғалып, ананың ақ сүтімен ақталған қасиетті жылдар. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербелген егеменді еліміз өзінің елордасын шыңдары көкті тіреген асқақ Алатау баурайынан Ұлы даланың кіндігіне қарай көшірген сәті – жарқын болашақтың тұтқасын ашқан тарихи кезең еді. Алтайдан Каспийге дейін көсіліп жатқан ұлан – ғайыр кербез далам көптен күткен бақытын тапқандай, Қараөтелге жол тартқан ұлы көшті барша әлемге сүйіншілеп, жаңа ғасырға аяқ басқандығын тербеле жырлап тұрғандай. Сол сәтте көкпен таласқан тәкаппар қыран құс азаттықтың ақ таңын ұрандады, ал күн болса жер жүзіне ерекше мейіріммен нұрын төге жарқырап, әсем гүлдерді одан сайын құлпыртып, жайқалта түсті, байтақ даланың бақытына қуанғандай шықылықтаған бозторғайлар да ән салып еді.

Осыдан төрт жүз бұрын «Алтын ғасыр» деп аталатын Әз – Тәуке ханның тұсында қазақ елінің ордасы сахараның кіндігі – Сарыарқаға бой түзеген еді, енді міне сол кемеңгер саясатты бүгін де даналық пен көрегенділіктің белгісі іспеттес Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қайталады. 70 жыл бойы өзгеге бодан болып, астанасын қызыл кеңестің пәрмені бойынша сайлап келген халқымыз егемендікке қол жеткізгеннен кейін бұл құқыққа ие болып, шырқау биікке шыққан қырандай қайта өрледі. Қазақ елі атын дәуірдің алғашқы баспалдағын аттап қана қоймай, көк жүзіне көк байрағымен қоса ұлттық рухын желбіретті, барша жұртқа паш етті.

Ерке Есілдің жағасында бой түзеген әсем Астана – әр қазақтың кеудесіндегі үміт сәулесін оятып, ізгі ниет пен игі тілеудің ортақ келісімі болған құтты мекенге айналды. Сонымен қатар, Астана ХХІ ғасырдағы экономикалық, технологиялық, ақпараттар тасқынының арнасы болып, дүйім алаш жұртын жаһандық дамуда әлем елдерімен иық тіресіп тұрарлықтай дәрежеге жеткізді. Қазақстанның адастырмас темірқазығына айналған құтты ордамызда дүниежүзі көз тіккен «ЭКПО 2017» көрмесі болып өтті. Көрме – Астананың жасампаздығын паш еткендей тарих сахнасында ойып тұрып орын аларлық жетістігі болды. Әрине, осыған дейін де қаншама тер төгіліп, қаншама еңбек етілді, өйткені бұл Қазақстанның дамуының айғағы еді. Юнесконың шешімі бойынша 1999 жылы елордамыз «Бейбітшілік қаласы» деп аталды. Ынтымақ пен бірлікті ту еткен халқымыз Астана қаласын қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жұмақ өлке екендігін мақтанышпен жырлап, жүрегіне үлкен сенім ұялатты. Біз ән салып, жасампаз қаланың көркемдігін жырымызға қостық, дүниежүзінің алты құрлығына алты алаштың сұлулық пен татулықтың алтын діңгегі болғандығын дәлелдедік. Астана – біздің мақтанышымыз, ол тәуесіздік үшін күрескен батыр бабаларымыздың ерен ерлігінің, болатты балқытып, темірді ерітетін жүрегіндегі туған жерге деген ыстық махаббатының жемісі.

Мен бейбіт заманның жаңа буынымын, мұны кеудемді кернеген мақтанышпен емес, ұрпағының алаңсыз өмір сүруі үшін жас өмірлерін ерлікпен қиған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев секілді бабаларымның рухына алғыспен басымды ие отырып айтамын. Олардың үмітін ақтап, жаңа заманның перзенті ретінде Ұлы Абай айтпақшы «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп, мен өзімнің және өзімнен кейінгілердің болашағы үшін Қазақстанның бір кірпішін қалап кетсем деймін. Менің ендігі алға қойған мақсатым да, бар мұратым да осы. «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін»  деген ақын Мағжанның сеніміне селкеу түсірмейегеменді еркін елімнің еңсесін тік көтеріп, тәуелсіздігін тұғырлы етуге қолымнан келгенін аянып қалмаспын. Еуразияның жүрегіне айналған елордамыздың гүлденуіне өз үлесімді қосамын. Қорытындылай келе, ару қаланың 20 жылдық мерейтойына арналған жүрекжарды өлеңіммен шығармамның соңын тәмамдасам деймін.

Астана – арман қала, ару қала,

Гүлденіп, көркейе түс сен жайқала.

Әлем жұрты көз тіккен боз ордамсың,

Жырлаймы н мақтанышпен сені айнала.

 

Ғасырдың қаласысың болған жаңа,

Бой түзеп ерке Есілдің жағасында.

Еркіндіктің еңсесін тік көтеріп,

Жалғайын болашаққа сені ғана.

 

 

Өзің жайлы ән айтар байтақ дала,

Айналдың бақытына жаңа Астана.

Жерімде сұлулыққа сен секілді,

Бар ма екен тең келетін әсем қала.

 

Түнгі қала жарқырайды шамдары,

Жымыңдап, қарағанда жұлдыздары.

Көз тоймас  келбетімен таңқалдырып,

Болдың сен қазағымның армандары.

 

Құтты болсын 20 жылдық мерейтойың,

Мәз болып тойлап жатыр алаш елің.

Паш етіп Сарыарқада ұрандашы,

Ақ таңын барша жұртқа азаттықтың.

Көрегенова Әсел Мейрамбекқызы

№157 Б.Пәрімбетов атындағы қазақ орта

мектебі

10 «Б»сынып оқушысы

Қызылорда облысы,

Шиелі ауданы,

Алғабас ауылы.

Жетекшісі: Әйменова Айжан Медетбайқызы

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *