“Тіл мәртебесі-ел мәртебесі”


Жетписбаева Лаззат   Маликовна

Қостанай ауданы,  Половников орта мектебі ММ бастауыш сынып мұғалімі

Математика… Сені жұрт «ғылымдар патшасы» деп құрметтейді. Ал мен үшін сен биік шың болып алыстан көз тартасың. Кейде сенің ұшар басыңа қиялап қыран, өрмелеп жылан шыға алмай жатады. Саған талпынып биігіңе жетсе, көлеңкеде емес, күн көзі шыжғырып тұратын күнгейден көрінуі керек! Ал мен биік шыңның шынарында тұрмасам да, тырбанып алға ғана ұмтылып, өрмелеп жатқаныма мәзбін. Шыңыңа жетермін бе, әлде жетпеспін бе?

Жалпы адамзат тарихына үңілсек, математика ғылымының кіндігі де, тұсауы да кесілген жер – ертедегі Шығыс, яғни ежелгі Египетте, Финикияда, Қытай мен Индияда, екі өзен аралығындағы Вавилонда алғашқы математикалық тұжырымдар пайда болған. Сайын далада көшпелі ғұмыр кешкен біздің ата–бабаларымыз үшін де математика ғылымы жат болмаған.         Қазақ – тумысынан математик, дарынды да қарымды халық. Оған ешкімнің дауы болмаса керек. Қай дәуірді алсаң да, қазақтың қайраткерлері айбынымен де, айбарымен де, ақыл-парасатымен де, қарым-қабілетімен де дараланып тұрады ғой. Ғылымды өмірінің мән-мағынасына балаған, мамандығын ар туындай ұстаған Асқар Жұмаділдаев «Қазақ балалары математикаға өте қабілетті келетіні рас. Қазақ – ілім-білімнің кез келген саласына бейім халық. Оның бір себебі – біздің ұлтымыздың өз тарихында көп сұрыпталғанынан. Небір алапатқа ұшырадық.

Мұндай құбылыс адам бойында ширығуды, өмірге, қоғамға икемделе өмір сүруге деген ішкі түйсікті оятады. Ішкі түйсік логикаға, ал логика есепке жетелейді», – деген болатын. Сондай-ақ, ол ертедегі қазақ жылқышыларының алдынан ағын судай жөңкіліп өтіп жатқан үйір-үйір жылқыны көзбен «іліп» санап үлгеретіні және ойыншы жігіттердің «теңге ілу», «жамбы ату» ойындарында теңгені қапысыз іліп алу не жамбыны қағып түсіру үшін белгілі бір арақашықтықты, ағызып келе жатқан аттың жылдамдығын, қас-қағым уақытты асқан дәлдікпен есептеп әрі тепе-теңдік сақтауы қазақтың асқан математикалық интуицияға, қабілетке ие болғанын дәлелдейтіні жөнінде әдемі пікірін білдірді.