Тіл – асыл қазына


Дощанова Сабира Есентаевна

Таран ауданы Юбилейное орта мектебі қазақ тілі және әдебиетінің мұғалімі

Елбасы Н.Ә.Назарбаев “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” деген тұжырымдаманы үнемі айтып келеді. Қазақ тілі мәселесі мемлекеттік деңгейге көтерілген кейінгі жылдары бұқара жұртшылық та ана тілі үшін белсенділік танытуда. Бірақ  әлі шешілмей жатқан түйінді мәселелер де баршылық.

Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан, кез-келген мемлекет өзінің аумақтық салт-дәстүрін, ана тілін ерекше қорғайды.Ана тілін дамыту, қорғау дегеніміз – өз ана тілінде таза сөйлеу және оны жақсы біліп, туған анадай сүю.

Сүйемін туған тілді – анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан,

Құлағыма сіңірген таныс үнін, – деп С.Торайғыров ағамыз жырлап өткен. Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған. Мысалы: “Өнер алды – қызыл тіл”, “Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады”,   “Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіні бар” сөздері халқымыздың орынды сөзге қандай мән бергенін көрсетеді. Қазақ тілінің сөздік құрамы өте бай, оған 67 мың тізімдік сөз, 24,5 мың фразеологиялық тіркес – барлығы 91,5 мың лексикалық бірлік кірген бір ғана он томдық “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі” куә бола алады деген ойдамын.