«Оқушының музыкалық-орындаушылық шеберлігі»


 Куанышева Фариза Досбулатовна
 № 1 Балалар өнер мектебі, Орал қаласы, БҚО домбыра оқытушысы

Ұлттық дәстүр мен салт-сана тағылымын жас жеткіншек бойына дарытып, оның жан-жүйесін оятуда, өнерге ынтасын арттыруда қазақтың қасиетті де киелі қара домбырасының рөлі ерекше.

Домбыра үні өзіне тән дыбыстық бояуымен, алуан түрлі қағыстарымен және штрихтарымен қатар, өте бай көркем образдық әлемімен де айқындалып, қазақ халқының тарихи дүние танымы және психологиялық ерекшеліктерімен тығыз байланысып жатады.

Музыкалық шығармаларды оқушыға үйрету үшін мұғалім, ең алдымен, ол шығармаларды өзі жан-жақты білуі керек. Демек, музыкалық шығармаларды үйрету үшін, оқушыға әрбір шығарманы талдап, оның есінде сақталатындай дәрежеде қарапайым тілмен түсіндіре білу қажет. Тәжірибе көрсеткендей, тек ұстаз басшылығымен үйренген музыкалық шығармалар арқылы ғана оқушының музыкалық-орындаушылық шеберлігі техникасының өсіп-жетілетіні біздің сөзімізді растайды.

Музыкалық шығармаларды үйретудің бірнеше жолдары бар, оны түрлі сатығы бөлуге болады. Шығарманы алғаш үйреткенде, оқушыға басынан аяғына дейін бір орындап шығу қажет. Мұның үлкен мәні бар. Алғашқы ойын арқылы оқушыға шығарманың жалпы мінезі, көркемдік суреті айта қаларлықтай әсер етеді.

Бала жаңа шығарманы басынан аяғына дейін ойнап танысқаннан кейін, оқытушы енді шығарманы оған өте жай ойнатып талдауға кіріседі. Шығарманың қиын жерлеріне көбірек тоқталып, шәкіртіне оның игеру жолдарын түсіндіріп, музыкалық құрылысы, ырғағы, мелодиялық ерекшелігі жайлы әңгімелеп таныстырады. Әрине, осы тұрғыдан үйретумен бірге оқытушы оқушыдан, ең алдымен, шығарманың ноталарын өте дұрыс үйреніп, оған аса ұқыптылықпен қарауды талап ету керек. Біз ноталарды дұрыс үйрену керек дегенде, шығарманың гармониялық фактурасын, динамикалық ерекшеліктерін, шығарманы алғашқы үйрену мерзімінен бастап-ақ түсініп ойнауға тырысу керек деген ұғымды айтуымыз керек. Сондықтан оқушының шығарманы дұрыс түсініп, ырғағы мен мелодиясын бұзбай ойнауын мейлінше қадағалау – оқытушының жауапты міндеті.

Шығарма үйренуде аппликатураны дұрыс пайдаланудың маңызын еш уақытта естен шығармау керек. Мұғалімнің міндеті – әр оқушының аппликатураны өзі қойып үйренуге жаттықтыру. Қандай шығарма болмасын, ұстаздың жәрдемінсіз-ақ оқушының өзіне ыңғайлы етіп тиісті аппликатураны қоя білуі – оның шығарманы дұрыс ойлауына, саусақтарын дұрыс орналастыруына көп көмегін тигізеді. Музыкалық шығармалардың мазмұнын, көркемдік дәрежесін түсіндіру-оның ішкі сырын көңіл-күйі арқылы сезу, беріле орындау деген сөз. Шығарма мазмұны түсінікті болып, музыкалық образды оқушы санасына ой салғанда ғана, орындаушы шығарманы шын сүйсініп ойнайтын болады. Ондай шығармалар оқушының тек сүйікті шығармасы болуымен бірге, оның музыкалық-орындаушылық шеберлігінің өсуіне, музыкалық сана-сезімінің жетіліп, дамуына зор мүмкіншілік туғызатыны айқын.

Профессионал-домбырашы даярлау міндеті-ұстаздан оған оқып жүрген кезде-ақ жанрда және стильде жазылған музыкалық шығармаларды беруді талап етеді.

Домбыра-қазақтың халық музыка аспабы. Қазақ халқы күйге бай болғандықтан, болашақ домбырашының репертуарында күйлер мол болуы қажет. Ол күйді орындағанда бабына келтіріп тамылжыта, тебірене орындауға міндетті. Әрине, бұған қарап домбырашы репертуарын тек күймен ғана шектеп қоюға болады деген ұғым болмауы керек. Қайта мұғалім оқушысына күймен қоса, халықтың әндері мен билерін, домбыраға лайықталып түсірілген орыстың, Батыс Европа классиктерінің, тағы да басқа халықтардың түрлі мінездегі музыкалық сипаттағы шығармаларын орындауға міндетті.

Көп алдына шығып, жеке өнер көрсету, бір жағынан, оқушының орындау шеберлігіне сын болса, екінші жағынан, оның жауапкершілігін де арттырады. Баланың жеке-даралық ерекшелігі де оның шығармашылық өмірінің осы бір жауапты кезеңінде айқындала түседі. Шәкірттің көп алдына шығып өнер көрсетуіне, концерттік шығармалар алдын-ала жатталып, оларды орындаудың әдіс-амалдары толық меңгеріліп, көркемдік мазмұны айқындалғаннан кейін ғана рұқсат етіледі.

Жас музыканттың бойында сахнада ойнауға жеткілікті түрде даярмын деген өзіне-өзі сенімділікті тәрбиелеу-мұғалімнің басты міндетінің бірі.

Шәкірттің көпшілік алдына шығып, өнер көрсетуі тек өзінің орындаушылық шеберлігін арттыру емес, сонымен бірге композиторларды және олардың шығармаларын насихаттау екенін де есте ұстау қажет.

 

Аппликатура.

Аппликатура (applico- латын сөзі)  қолданбалы, қою деген мағынаны білдіреді. Аппликатура аспапта шығарма орындаған кезде. Саусақ алмасу реті. Әрбір орындаушы аппликатура негіздерінің басты принциптерін  білуі, алғашқы кезеңнен қатаң аппликатуралық  заңдылық қалыптастыруға міндетті.

Аппликатураны нақты мақсатпен  таңдау қиындылықтарды жеңуге, шығарманың көркемдік мазмұнын ашуға көмекткскді. Дұрыс қойылған саусақ кестесі тез есте қалады, аспапты ойнауда ыңғайлы болады.

1.Аспап мойнында саусақ қойылымының табиғи орналасу қалпы.

2.Сөйлем, иірімді орындағанда алғашқы аппликатуралық үлгіні сақтау.

3.Әр саусақтың  перне басуда тепе – тең күшін реттеу.

4.Саусақтардың жеке сезінуін қолға алу.

5.Алақан,білезік, білек, иық – буындарының көмегін саралау.

6.Дәстүрлі, қалыптасқан саусақ кестесі заңдылықтарын сақтау.

7.Күйлер мен шығарма орындаудағы аппликатуралық ерекшеліктерді ажырата білу.

8.Аппликатураның позициядағы қалпын жете меңгеру.

Домбыраның негізгі ойнау тәсілдерін меңгерген талапкер өз орындаушылық шеберлігін одан әрі жетілдіре түсу үшін күрделі қағыс түрлерін, әдіс – амалдарды, ерекшеліктерді үйренуі қажет.  Домбыра аспабын орындаудағы оқушының техникалық мүмкіндіктерін дұрыс меңгеруге, оның өнерге деген ынта – ықыласын өсіріп, музыканы дұрыс тыңдап, тереңдей түсуіне тәрбиелеу болып табылады.

Берілген тапсырмаларды игергеннен кейін домбыра тарту техникасын өсіруіміз керек. Ол үшін әр түрлі мажор және минор гаммаларын , арпеджио , этюд т. б. жаттығуларды ойнаймыз. Гаммалар мен арпеджиоға аппликатура қойылады және оны әр домбырашының қолының бітіміне , саусақ салалығына, ептілігіне қарап қоямыз. Гамма бұл әр түрлі биіктікте орналасқан музыкалық дыбыс қатары.

Орындаушылық дәстүрдің ерекшеліктеріне байланысты, домбыра ойнау кезінде, қолдың қимылы алуан түрлі болып келеді. Жекелеген саусақтардан бастап иыққа дейінгі буындардың бүгіліп немесе жазылып, қағыс шеңберінің кеңейіп немесе тарылып отыруы – күйдің стильдік сипатын ашып,ерекшелігін айқындай түседі. «Төкпе күй» дәстүрінде бас бармақ сұқ саусаққа жақын тұрса, «шертпе күй» дәстүрінде керісінше – қашығырақ тұрады. Батыс өңірінде «төкпе күй» орындауының өз заңдылығы бар. Ол – оң қолдың ішекті шерту шеберлігі домбыра шанағындағы қақпақ аумағынан шықпауы. Бірақ, екі орындаушылық дәстүрде де төрт саусақ жартылай бүгулі күйінде бір – біріне жақын орналасып, алақан домбыра қақпағына қарап тұрады.

Оқушыға домбыраны үйретуде бір жүйелілік, бағыт болу керек. Есту, есте сақтау, ырғақты сезіну, зейіннің қалыптастыру, өз бетімен жұмыстану, жалпы өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру.

Аспапты дұрыс ұстауы. Екі қолдың дұрыс қойылымы. Жалпы отырғышта отырғанда ыңғайлы орындықта отыруы. Табиғи қалпын сақтауы. Қыз баланың отырысында аяқты көтеру. Ер балаша отыру дәстүрде жоқ екенін ұстанған жөн болады.

Сондықтан оқушы ең алдымен оң аяғын сол тізесінің үстіне қойып, орындыққа тік, еркін отырып жаттығуы қажет. Мұндағы сол аяқтың тізеден бүгілуі дұрыс болуы керек. Әр оқушының орындығы өз бойына сәйкес болуы қажет. Домбыраны ұстағанда екі иық төмен немесе жоғары көтерілмей, бір деңгейде болғаны жөн. Оқушы қағыстарға біраз жатыққаннан кейін сол қол саусақтарымен бірге қосып ойнауды үйренеді. Сол қол саусағы домбыра мойнының кіші тиек тұсынан пернеге тақап басылады. Ал перне басуға қатыспай, бос тұрған саусақтарды шашыратпай, домбыра мойнының астына жасырмай, қойылымдық қалпын сақтап ұстауы қажет. Пернеден пернеге (дыбыстан-дыбысқа) ауысарда сәл босатып, ішекті бойлай сырғыта жылжыту қажет. Қолдың әрлі-берлі қозғалысы кезінде иық, шынтақ буындарын жоғары немесе төмен көтермей, білезік буынын бүкпей, алақанды домбыра мойнына тигізбей ұстағаны жөн. Перне басатын саусақтар, қағыстар сияқты өз алдына арнайы таңбамен белгіленеді.

Оқытушының маңызды міндеттерінің бірі – оқушының өз бетінше жұмыс жасауға дағдыландыру. Осы орайда оқушының үй жұмысын ұйымдастыра білуі және оның өзіндік шығармашылық еңбекпен игерудің мәні зор. Тағы бір ескертетін жәй: есте сақтау, шығарманы әр мақамда ойнай білу, нотаны парақтан бірден оқып ойнап кету қабілеттерін үнемі қадағалап, дамытып, отыру, оқушының шығармашылық мүмкіндігін аша түсетіні сөзсіз.

Оқушы бастапқы қадамдарды дұрыс меңгеріп, қолдана білуі, ұстаздың жетістігі деп білемін. Жалпы қойылым, отырыс, музыкалық сауаттылық тек бірінші сыныпта емес жыл сайын айтып отырып, әрдайым есте ұстап, одан әрі күрделендіре беру керек. Теория мен практиканы ұштастырып сабақты жүйелі өткізген дұрыс болады.