Бастауыш сынып оқушыларына экологиялық тәрбие беру


Станбекова Гүлнұр Кенжебекқызы

Оңтүстік Қазақстан мемелекеттік педагогикалық университеті 102-36 тобы студенті

Жетекші: Ақынова Л.А. б.ғ.к., аға оқытушы

Дүниетану пәнінің мұғалімі оқыту барысында өзінің әр сабағында мынадай тәрбие түрлерін оқушыларға беріп отыруы тиіс: дүниетанымдық, эстетикалық, экологиялық, санитарлы-гигиеналық, адамгершілік, еңбек тәрбиесін, т.б. Осы аталған тәрбие түрлерінің бірнешеуіне сипаттама беріп көрейік.

Табиғатқа ізгілік сезім адамның барлық кейінгі өміріне де игі әсерін тигізеді, табиғаттың жеке бас қасиетін дамытудағы рөлі мейірбандыққа тәрбиелеуде көрініс табады, оны табиғатқа қатыгездік әрекеттерден сақтандырады, бастауыш мектеп жасындағы балаларға экологиялық тәрбиені меңгертудің маңызы орасан зор.

Бастауыш мектеп жасындағы бала табиғатқа деген өзіндік көзқарастарын қалыптастыра бастайды және балада әрекет жасау компоненті маңызды бола бастайды.

Ата-анасынан үйге жан-жануар алып беруін өтінуімен қатар, оларғы сүйіспеншілігін оларға жағдай жасау арқылы көрсету, осы кезеңдегі баланың табиғатқа деген қатыстығының қалыптаса бастайтындығы көрінеді. Дүниетану пәнінің әр сабағында экологиялық тәрбие беріліп отырылуы тиіс.

Дүниетану сабақтарында экологиялық тәрбие берудің мақсаты – “адам-қоғам-табиғат”  жүйесінде үйлесімділік орнату, табиғи байлықтарды сақтау, молайту және тиімді пайдалануда жауапкершілік сезімін тұғызу.

Оқушылар қоғам мен табиғаттың даму заңдылықтарын білу, табиғатты қорғау қажеттілігін түсіну, табиғатқа тигізетін өзінің салдарын болжай білу, табиғат пен қарым-қатынасында заңды ережелерді сақтау т.с.с. құрамды бөліктерді білуі қажет.

Оқушылардың экологиялық санасы, ойлауы, сауаттылығы, этикасы және мәдениеттілігі экологиялық білім беру мен тәрбиенің нәтижесінде қалыптасады. Қоғам  дамуы табиғатпен тығыз байланысты. Ғылыми-техникалық прогрестің дамуы барысында қоршаған орта мен қоғам арасындағы қарым- қатынастың қарама-қайшылығы арта түсуде. Осы қарама-қайшылық негізінде табиғаттың тепе-теңдігі бұзылып, табиғи жүйенің өзін-өзі реттеп отыру ырқынан шығып кетті.

Табиғат әлемі – адамдардың тіршілік ету ортасы. Адам табиғатсыз өмір сүре алмайды. Сол себепті табиғат пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың үйлесімді дамуы әрбір адамның денсаулығына, физиологиялық өсіп-жетілуіне ауадай қажет екендігіне жас ұрпақтың көзін жеткізу бүгінгі таңдағы маңызды мәселелердің бірі болып отыр.

Қазақстан Республикасының Конституциясының алтыншы бабы жер мен оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекеттің меншігі екендігін, олардың мемлекет қорғауында болатындығын мәлімдейді.

Қазіргі әлемдік деңгейдегі дамушы Қазақстанның жағдайында жас ұрпаққа экологиялық білім мен тәрбие беру бүгінгі күн тәртібіндегі бірден-бір қажетті кезек күттірмес мәселе екендігі 1991 жылы «Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептері тұжырымдамасында» және 1992 жылғы «Қазақстан Республикасының білім беру туралы» заңында, 1996 жылғы «Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігінің тұжырымдамасында» көрсетілген.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Қоршаған ортаны қорғау туралы» заңның 89-шы бабының әрқайсысы еліміздің болашағын экологиялық жағынан қамтамасыз етуге арналады. Заңда басқа салалармен қатар педагогикалық жағынан шешуге тиісті міндеттер белгіленіп, экологиялық тәрбие мен білім берудің жалпыға бірдей және үздіксіз жүргізілу қажеттілігі баса көрсетіледі.

Қоғамның дамуы табиғатпен тығыз байланысты. Осы адам мен табиғат арасында жақындық болмай, еш даму, еш болашақ болмайды. Сондықтан болашақ ел тізгінін ұстар, еліміздің ертеңгі иелеріне бүгінгі күннен бастап табиғат пен оның ерекшелігін, маңызын жанында қалыптастыру, яғни экологиялық тәрбие беру өте маңызды мәселе.

Ғылымда «экология» деген ұғымды алғаш айтқан адам – Эрнст Геккель. Ол «экология» деген сөзге анықтама беруге тырысты. 1866 жылы немістің табиғат зерттеушісі Э.Геккельдің өмірге енгізген «экология» сөзін дәлме-дәл аударғанда «үй туралы ілім, тұрақ (мекен) туралы ғылым» деген грек сөзінен шыққан.

Келесі бір экологиялық сөздікте «экология (гретің «ойкос» – үй, тұрақ, мекен және «логос» – білім, ғылым, зерттеу деген екі сөзінен құралған) қоршаған ортаны қорғаудың ғылыми негізі, тірі организмдердің өмір сүру жағдайларын, олардың өзара қатынастарының, табиғи ортамен байланыстарын зерттейтін ғылым» деп сипаттаған. Осы тұрғыдан Я.А.Коменский «Тәрбиенің негізі – табиғат, ал адам – табиғаттың бір бөлігі және оның заңдылықтарына бағынушы» дейді.

Бастауыш сынып экологиясы бүгінгі талапқа сай «Дүниетану» курстарына қосымша білім беруге бағытталған. Алдына қойған негізгі мақсаттары:

1.Оқушыларға айнала қоршаған ортаны адам өмірімен байланыстыра отырып білім беру.

2. Оқушыларға  қоршаған ортаның бір-бірімен үнемі байланыста болатынын ұғындыру.

3. Оқушыларда алғашқы экологиялық ұғымдарды қалыптастыру және табиғатқа деген жауапкершілік ой-өрісін дамыту.

Жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін бағдарламаны құрастыруда 1-4 сыныптар бойынша қамтылған білім жиынтығы былайша топталған. Мәселен, 1-сыныпта: Қоршаған орта мен адамның арасындағы қарым-қатынастар, табиғи ортаның біртұтастығы және бір-бірімен қатынас түрлері, табиғат нысандары, өсімдіктер мен жануарлар туралы алғашқы оң және теріс көзқарастар туралы білім беріледі.

Екінші сынып бойынша – адамның табиғатқа деген сұранысы мен қамқорлығы, туған өлке мен атамекен, тұрмыстық ғимараттар, оның табиғаттан алынып жасалатын, тұрған мекені мен оның құрауыштарының қажеттілігі туралы ой-өрістер дамытылады.

Үшінші сыныпта – адамның табиғатты пайдалану кезіндегі теріс іс-әрекеттерін көрсету арқылы олардың табиғатқа деген қамқорлығын, аяушылық сезімдерін ояту, өсімдік пен жануарлар дүниесінің адамға қажет екеніне толық көздерін жеткізу, үй және мектеп үлесіндегі өсімдіктерге қамқорлық жасау элементтерін бойларына дарыту.

Төртінші сыныпта оқушыларда өсімдіктер мен жануарлардың әр түрлілігі мен бірлестіктерін, топтарын ажырату, олардың тіршілігі туралы қызығушылықтары мен ынтасын арттыру көзделеді.

Алғаш рет тірі организмдерді қорғау керектігін түсіндіру. Қызыл кітаптың мақсатын ұғындыру. Сол сияқты оқушылардың қоршаған ортаның сапасы, ластану және адамның денсаулығы арасындағы байланыстарды ажырату деңгейіне дейін білімдері дамытылады.

Әрбір курсты аяқтауы табиғатқа шығу арқылы бекітіледі. Оқушылар естіген және көргендерін қолымен ұстап түйсініп, табиғаттың әр түрлі құбылыстарынан ләззат алады. Туған мекенге деген алғашқы патриоттық сезімі оянады.

Оқушылардың білім мен біліктілігіне қойылатын негізгі талаптар (І-ІV сыныптар).

І сынып бойынша оқушылар:

– айнала қоршаған ортаны бағдарлауды;

– табиғаттағы заттарды, өсімдіктер мен жануарларды;

– ауа, су, топырақты ажыратып олардың адам үшін қажеттілігін;

– адамның табиғаттағы орнын ажырата білулері тиіс.

Оқушылардың біліктілігі:

– табиғаттағы заттарды (өлі және тірі заттар) ажырата білу;

– ауа, су, топырақты ажырату және олардың пайдасы туралы айтып бере алу;

– өсімдік пен жануарларды ажыратып, олардың адам үшін қажеттілігін іс жүзінде білу.

ІІ сынып бойынша оқушылар:

– өзінің тұрған үйін, мекеннің тазалығын, жеке басының гигиенасын сақтауды;

– ірі  құрылыстар, көліктердің түрлер мектеп т.б. мекемелер туралы;

– тұрған мекенінің айналасындағы табиғат құрауыштарын, азық –түлік сапасын, айнала мен көше тазалығын сақтауды;

– үй және жабайы жануарларды ажыратып, олардың адам өміріндегі маңызын білулері тиіс.

Оқушылардың біліктілігі :

-үйдің айналасы, көше , үй –іші және өзінің жеке басының тазалығын сақтауды;

– ірі ғимараттар мен мекемелерге бару, жол жүрудің қарапайым ережелерін;

– азық-түліктің сапасын ажырату, үй және түздегі жануарлармен қамқорлық қарым-қатынас жасау және сақтану шараларын;

– өсімдік пен жануарларды немесе ғимараттардың аттарын біліп ажырата алады.

ІІІ сынып бойынша оқушылар:

– табиғаттағы заттардың бір-бірімен байланысы, адамның табиғатты пайдалану себептерін;

– табиғаттағы өзгерістерді байқау, мәдени өсімдіктер мен орманның ерекшеліктерін;

– бау-бақша, мектеп үлесі, гүлдердің түрлері, оны күту, олардың пайдасы мен зияны туралы мәселелерді білулері тиіс.

Оқушының біліктілігі:

–   табиғаттағы заттарды атап, оның не үшін керектігін;

–  өсімдіктер мен орманның түрлерін ажыратып, олардың маңызын;

–  пайдалы мен зиянды организмдердің бірнешеуін атап, олардың адам үшін маңызын айтып беруді меңгереді.

ІV сынып бойынша оқушылар:

– адамның табиғат байлықтарын дұрыс пайдалануы немесе пайдаланбауы;

– өсімдік пен жануарлардың мәңгі еместігі, олардың сиреп немесе біржола құрып кететіні;

– тірі организмдердің өмір сүруі және тіршілігінің адамға тәуелділігі;

– қызыл кітаптың маңызы және кейбір сирек аң мен құстар жайлы және оларды қорғау;

– өзен мен көлдер және жерді қадірлей білу мен олардың ластануының себептері;

– ауаның сапасы және адам денсаулығы туралы мәселелерді білулері тиіс;

– табиғи байлықтардың бірнешеуін атап, олардың  қорын, дұрыс пайдалану барысына баға беруді;

– сирек өсімдіктер мен жануарлардың бірнеше түрлерін атап және кездесетін жерлерін білу, оларды қорғау жолдарын;

– қызыл кітапты оқып, оның мәнін түсіндіріп және өз өлкесінде кездесетіндерін есепке алуды;

– өзен мен көлдер, ормандарда тіршілік ететін аң мен құстарды ажыратып, оларды қорғауға қорғау туралы іс-тәжірибелерді;

– ауа мен судың сапасы және тазалығын ажыратып, олардың немен ластанатынын ажыратып, талдау жасауды игереді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.      Жүнісова К, Аймағамбетова К Дүниетануды оқыту әдістемесі.. Атамұра 2012.

2.      М.К.Естұрсынова, Ш.С.Набидолина Жаратылстару негіздері және дүниетануды оқыту әдістемесі Астана, 2007.

3.      Қ.Аймағамбетова бастауыш сынптарда дүниетануды оқытудың теориялық негіздері, 2003.

4.      К.Жүнісқызы,Ә.Бірмағамбетов, Қ.Аймағамбетова И.Нұғыманов, Қ.Жүкешов Дүниетану оқулықтары 1-4 сыныптар. Алматы: Атамұра, 2011ж

5.      Аймағамбетова Қ.А., Жүнісова К.Ж. “Дүниетану” оқулығына әдітемелік         нұсқау.  Алматы, 1998.

6.      Аймағамбетова Қ.А. Олейник З. Дүниетану оқулығының хрестоматиясы Алматы, 1998.