Бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымдық ұғымдарын дамыту жолдары


Төрехан Нургүл Жолдасбекқызы

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті 102-36 тобы студенті

Жетекші: Ақынова Л.А. б.ғ.к., аға оқытушы

Жекелеген табиғат құбылыстарын қабылдау. Кез келген ғылым мен оқу пәні логикалық  бірізділікпен дамитын ұғымдар жүйесі      болып табылады. Балаларға табиғаттануды оқытудағы міндет – олардың түсініктерін  тудырып, ұғымдарын қалыптастыру жөніндегі күнделікті, жүйелі жұмыс жүргізуде.        Бұл жағдайда білімді игерудің бірінші кезеңі жеке табиғат құбылыстарын немесе фактілерді қабылдау  болып табылады. Егер балалар олардың алдына  белгілі бір міндеттер қою арқылы жаңаны қабылдауға даяр болса, игеру сапасы артады. Балалардың қабылдау кезіндегі белсенділігі олардың алдына: мұндай табиғат құбылысы неліктен болады? Оны қалай түсіндіруге болады – деген нақтылы сұрақтар қою арқылы проблемалық жағдай тудыра алғанда ғана артады.

Проблемалық жағдай көбінесе мұғалімнің табиғаттағы бақылаулар кезінде, тәжірибе немесе практикалық  жұмыстар жүргізгенде дұрыс қойылған сұрақтар мен тапсырмалардан туады. Қабылдау белсенділігін арттырудың маңызды кезеңі – мұғалімнің    балалардың бұрынырақ  алған білімдерін пайдалануы.

Мұғалім жаңа материалды өткенде табиғаттың бұл құбылысы немесе заты туралы балалардың не білетінін міндетті түрде анықтауы керек. Кіші мектеп жасындағылар көпшілік жағдайда құбылыстың тек сыртқы, көбінесе мәнсіз белгілерін байқайды. Сондықтан бақылауларды ұйымдастыруда мұғалімнің алатын орны өте зор. Балаларды заттың немесе құбылыстың барынша маңызды, мәнді белгілерін көре білуге үйрету керек.

Ол үшін ең алдымен оқушылардың белгілі бір нақтылы табиғат құбылысын немесе обьектіні бақылауларын ұйымдастыру керек. Балалар жүйелі және бір бағыттағы бақылаулар жүргізгенде обьектіні немесе табиғат құбылысының жалпы және айқын белгілері ғана емес, сонымен бірге жеке егжей-тегжейлерін байқай бастайды. Бақылау жан-жақтылы және мақсатты сипат алады. Балалар бірте-бірте обьектілерді салыстыруға, бақылаулар негізінде қорытындылар жасауға үйренеді. Баланың жаңа затты немесе құбылысты көруге, бақылауға табиғи, туа біткен талпынысы қабылдаудың бастапқы негізін құрайды.

Түсініктер. Мұғалім түсінікті тереңдету үшін оқушылардың алдына заттың немесе құбылыстың негізгі қасиеттерін анықтайтын сұрақтар қояды. Мәселен, сыныптарда  балалар күзде жапырақ түсуін бақылайды да, мынадай сұрақтарға жауап береді. Жапырақ  түсу кезінде қандай өзгерістер болады? Жапырақтар қандай ағаштардан түседі? Мұғалім жапырақ  арқылы оларға тамырдан діңді бойлап келетін ылғал буланатынын түсіндіреді. Егер қыста ағаштардағы жапырақтар түспесе олар құрып кетеді, өйткені жапырақтардағы су қатып қалады. Ағаштарға жапырақ тастаудың қажеті не? (Жапырақтағы ағаштар құрып кетпеу үшін).  Неліктен шырша мен қарағай қылқанын тастамайды? (Өйткені қылқан арқылы су аз буланады) .  Ақыр соңында оқушылар жапырақ  күзде түседі деген қорытынды жасайды. Бұл жапырақты ағаштардың қысқы суықтарға дайындығы .

Мұғалім балаларды заттардан немесе құбылыстардан белгілері мен қасиеттерін  ажыратуға, сонан кейін түсініктерін кеңейту үшін бірнеше заттың немесе құбылыстың белгілері мен қасиеттерін салыстырып, олардың ең маңызды ерекшеліктерін  анықтауға үйретуі керек. Мысалы, оқушылар қылқан жапырақты және жапырақты ағаштарды салыстырғанда  бірінші кезекте  олардың жалпы белгілерін: тамыры, діңі, бұтақтары, жапырақтары бар екенін атап өтулері керек. Олар содан кейін, осы жалпы белгілерін  салыстыра отырып, негізгі айырмасы жапырақтарында  екендігі  қылқан жапырақты ағаштардың жапырақтары  қылқан түрінде болатындығы  жайлы  қорытындыға келеді.

Түсініктерді  қалыптастырудағы  маңызды қадам – балалардың  заттың ең маңызды  белгілерін айыра білуі болып табылады. Балаға заттың мәнсіз белгілерінің немесе қасиеттерінің өзгеруі осы заттың белгілі бір ұғымға тиістілігіне әсер етпейтіндігін түсіндіру керек. Мысалы жапырақты ағаш биік немесе аласа, жуан немесе жіңішке, ұшар басы үлкен немесе шағын болуы мүмкін, бірақ бәрібір ол қылқан жапырақты ағаш емес: жапырақты ағаш болып қалады.

Одан әрі мұғалім балаларға заттарды  олардың маңызды белгілеріне қарап ажыратуды үйретуі керек. Мәселен, мұғалім заттың бір немесе бірнеше маңызды белгілерін атай отырып, оқушыларға заттың өзін атауды ұсынады: онша биік месе өсімдік, бірнеше жіңішке діңдері бар, бұтақтарында қылқан немесе кәдімгі жапырақтар  болуы мүмкін. (Бұта). Немесе мұғалім мынадай сұраққа жауап беруді ұсынады: бұл жер бетінің қандай формасы, онда көкжиек түзу сызық болып көрінеді, байқарлықтай көтеріңкі не ойыңқы жері жоқ  (Жазық). Сонымен заттың маңызды белгілері оқушыларға заттың өзін дұрыс анықтауға көмектеседі.

Маңызды белгілер мен қасиеттерді анықтауға байланысты жүйелі жұмыс жүргізу балалардың жеке табиғат объектілері туралы саналы түсініктерінің қалыптасуына әкеліп соғады.

Түсініктердің болуы адамға заттардың өздері болмағанда олардың бейнелерін пайдаланып сөйлеуге мүмкіндік береді. Балалар көз алдарында болмаса да сыныпта төбелер туралы әңгімелейді, төбенің схемасын сызады, немесе үйдегі, табиғаттағы, тіршілік бұрышындағы бақылауларына сүйене отырып, алдарында не өзі, не бейнесі болмаса да, қандай да бір жануарлар туралы айтып береді.

Сонымен балалардың психикалық іс-әрекетінде заттардың бейнесі болып табылатын көру, есту, қозғалыс (моторлық), сезім, иіс, дәм және басқа да түсініктері өте маңызды орын алады.

Ұғымдар.  Жұмыстың келесі кезеңі – балаларда белгілі бір ұғымдардың қалыптасуы. Оқушылардың айқын және дәл түсініктерінің болуы бұл ұғымдарды  қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ұғымның блгілі бір мазмұны мен көлемі болады. Ұғымның мазмұнына заттың немесе табиғат құбылысының оны басқалардан ажырататын маңызды белгілері кіреді. Біз табиғаттануда ұғымның екі түрімен – географиялық және биологиялық түрлерімен кездесеміз. Географиялық ұғымдарға жеке және жалпы ұғымдар; биологиялық ұғымдарға түр және туыс ұғымдары жатады.

Жеке географиялық ұғымдар – Астана, Алматы, Шымкент сияқтылар.

Жалпы географиялық ұғымдар – өзен, қала, тау.

Биологиялық түр ұғымдары – қоян, шырша, көктікен. Биологиялық туыс ұғымдары жануар, қылқан жапырақты өсімдік, гүлді өсімдік.

Туыс (биологиялық)  немесе жалпылама (географиялық) ұғымдарының барлық маңызды белгілері әрбір жеке объектіге, яғни жеке немесе түр ұғымына да қтысты.  Бірақ, әрбір объект маңызды туыстық немесе жалпы белгілерден басқа оларды жеке (немесе түрлік) ұғымға жатқызатын өзіндік дербес қасиеттерге де ие болады.

Жұмыс үстінде балалардың назарын жеке географиялық ұғымның жалпы ұғыммен, түр (биологиялық) ұғымының туыс ұғымымен (аю – жануар; шырша – өсімдік;) байланысына аударып отыруы қажет.

.

2-сыныпта оқушылар биологиялық ұғымдармен қатар жалпы және жеке географиялық ұғымдарды түсініп игереді. Балаларға табиғат заттары мен құбы- лыстары туралы  түсінік беріп ұғымдарын қалыптастыра отыра,  мұғалім табиғаттағы бақылауларға сүйене отырып, заттардың негізгі қасиеттерін айқындайтын әр түрлі көрнекі құралдар қолданады. Таулар туралы ұғымды қалыптастыруда мұғалім  балалардың төбелерді немесе тауларды бақылауларына сүйенеді де, 2 сынып оқушыларының таулар туралы қандай түсініктері бар екенін анықтайды. Осыдан кейін мұғалім «Равнины и горы» деген кинофильмді көрсетеді. Фильмнің мазмұны бойынша мұнан кейінгі әңгімеде ол қабырға суреттерін пайдаланады. Жұмыс мынадай сұрақтардың негізінде құрылуы мүмкін: төбенің қандай бөліктері бар? Таудың қандай бөліктері бар? Төбе мен таудың қандай ортақ белгілері бар? Төбе мен таудың қайсысы биік? Таудың төбеден қандай айырмашылығыбар?

Төбенің таудан негізгі айырмашылығын анықтай отырып, мұғалім балалардың «тау»  туралы жалпы түсінігін қалыптастыруға алып барады.

Мұғалім оқушыларға картадан тауларды табуды ұсынады да, соның арқасында  «тау»  туралы жалпы түсінікті баянды еткендей болады.

3-сыныпта  оқушылар материктермен танысқанда ең алдымен олар туралы түсінік алады: содан кейін барып балалардың  «материк»  деген ұғымы қалыптасады. Глобуспен және жарты шарлар картасымен жұмыс істей отырып, балалар құрлықтың барлық жағынан мұхиттармен қоршалған орасан зор алқаптарын табады, онан соң мұғалімнің материк деп нені айтады деген сұрағына жауап бере отырып, оның анықтамасын береді. Әрі қарай  мұғалім үшінші сынып оқушыларын материктердің аттарымен: Евразия, Африка, т.б. таныстырады. Сөйтіп, балалар жалпы ұғымнан соң жеке ұғым алады. Олар әрбір материк қандай мұхиттармен шектесетінін экваторға және бас меридианға орай оны қай жарты шарда жатқанын анықтайды, яғни материктің жеке ұғым ретіндегі дербес ерекшеліктері айқындалады.

Ұғымның мазмұнын дәл ашуды анықтама деп атайды. Кез келген ұғым сөзбен айтылады. Ұғымға байланысты жұмыс әрқашанда балалардың сөздік қорын молайтумен ұштасып отыруы керек.

Оқушылардың санасындағы ұғым кеңейіп және тереңдеп отыру үшін мұғалім сабақта бір ұғымға бірнеше қайтара соғып, оны жаңа мазмұнмен байытып, тереңдетіп және кеңейтіп отырады.

2-сыныпта мұғалім әр түрлі жануарлар орманда қысты қалай өткізетінін айта келе, бұл жануарлардың қысқа қалай дайындалғанын еске түсіруді ұсынады. Неліктен аю мен борсық қысқа азық дайындамайды? Неліктен түлкі мен қоян да күзде қор жимады? Жануарлардың қайсылары тамақ қорын жинады? Осы және осы сияқты сұрақтарға жауап әр түрлі жануарлардың тіршілік жағдайына бейімделуі туралы оқушылардың ұғымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Табиғаттану ұғымдарын қалыптастыруда алынған білімді бекітуді және оны практикада: тәжірибелер мен практикалық жұмыстар жүргізуде, қорытынды сабақтарда  қолданудың үлкен мәні бар.

Сонымен, сезім мен қабылдаудан түсінікке, ал одан әрі ұғымға дейінгі жол оқушылардың санасында болмысты оның маңызды, заңды байланыстарымен   және қатынастарымен қоса толық бейнелеуге баратын жол болып табылады.

 

Пайдаланатын әдебиеттер :

1.     Аймағамбетова Қ.А., Жүнісова К.Ж. “Дүниетану” оқулығына әдітемелік         нұсқау.  Алматы, 1998.

2.     Аймағамбетова Қ.А. Олейник З. Дүниетану оқулығының хрестоматиясы Алматы, 1998.

3.     Аймағамбетова Қ.А., Олейник З. “Дүниетану оқулығына үлестірмелі дидактикалық материал,  Алматы, 1998.

4.     Батурицкая Н.В. Дидактический материал по природоведению 4 класс. Минск, Нар –  Асвета,  1985.

5.     Бибик Н.М. Ознакомление с окружающим миром во 2 классе. Пособие для учителей. Киев,  1984.