«Тәуелсіз ел ұланымын!» шығарма


Есенбаева Тилектес Гурбанбаевна
3 курс студенті
Маңғыстау гуманитарлық колледжі
Бердешева Роза Утегеновна
 Мұғалім
Маңғыстау гуманитарлық колледжі

Мен көгінде байрағы желбіреген тәуелсіз Қазақстанның азаматымын. Азияның кіндігінде орын тепкен, картаданойып орын алған , ұлан-байтақ жердің иесі, «қазақ» деген ұлы халық перзентімін. Осындай ұлы халықтың ұланы болу бақытына мен қалай ие болдым? «Тәуелсіздік» деген 11 әріптен тұратын сөздің мағынасы қандай терең, астары қандай кең десеңізші!Ол – өлең, ол – ән, ол – сұлулық, ол – асқақ арман, ол – шалқыған дәулет, көркейген сәулет! Бір ғана сөз бейбітшілік, бақыт, сәттілік, достық, сыйластыққа жетелейді, жаныңа жылылық пен дербестікті ұялатады.Шыңын мәңгі қар басқан биік таулары, сарқырай аққан өзендері, мөлдір сулы көлдері, шет-қиыры көзге көрінбейтін жазық далалары,қойнауында ұлан-асыр кен байлықтары тасып жатқан қуатты өлке, құт-мекеннің мәртебесі жоғары, тұғыры биік. Солай дей отырсақ та бүгінгі таңдағы әлем мойындаған Қазақстанмен еркіндікті аңсаумен бодандықта болған Қазақстанды салыстыру қиын.

Пай! Пай! Киелі неткен жер! Батырлар дүрілдеп өткен жер. Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,-деп қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев жырлағандай, бұл өлке нені көрмеді десеңізші! Ғасыр ағынымен қанды шайқасты да, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт өмірді де, өзге мемлекеттердің үстемдік етіп, билік жүргізуін де, бірін-бірі жеуге дейін барған аштық заманды да, табиғаттың дүлей күшін де, бәрін-бәрін көрді, келешек ұрпаққа жетуі үшін тасқа қашап, хатқа қаттап, бәрін мәңгі өшпестейсақтап жазды

Әлихан Бөкейхановтың «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады» деген сөздері қазақтың тәуелсіздікке ұмтылудағы қадамының маңызын ұғындырады. Осындай ұлт жанашырлары Қазақстанды өз билігі өз қолында болатын, ежелден келе жатқан мәдениеті мен салт-дәстүрлері,әдет-ғұрыптары толықтай сақталған мықты, ынтымағы жарасқан, егемен мемлекет ретінде көруді аңсаумен өтті. Тәуелсіздіктің бізге не бере алатынын түсінген асыл текті бабаларымыз оның жолында жан аямай күресіп бақты. «Осы кісілер тірі болғанда қалай болар еді?» деген сұрақ көкейімнен кеткен емес. Тәуелсіздік жолындағы күрестердің бірі де бірегейі 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі. Қазақ жастары билік басшыларының шешімімен келіспегендіктен наразылық білдірді, Қазақстандағы билікті қазақ басқаруы керек деп кеңестік билікке ашық қарсы шықты. Алаңды өз қандарымен жуған жандардың жанқиярлық ерлігі арқасында жаужүрек батыр ұрпағы екенімізді дәлелдеп, бодандықтан арылып, бостандықта өмір сүру бақытына ие болдық.Осылайша көптен күттірген тәуелсіздікке қолымыз тек ХХ ғасырдың соңында ғана жетті. 1991 жылы еліміздің басшысы Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланып, еліміздің шынайы тарихының ақтаңдақ беттері ашылды,егемен ел азаматтарының құқықтарын , мемлекет заңдарын анықтайтын Конституция қабылданды. Әлем елдері тізімінде жаңа мемлекеттің аты жазылды. Қаншама жылдар бойына тәуелсіздікті армандап келген ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды. «Тарихты жеңген жазады»дейді емес пе, ендеше біздің ғасырлар бойы күрескен жеңісіміз көрінді.Ұлттық валютасы, әнұраны, туы және елтаңбасының пайда болуыкөгінде қыран еркін шарықтаған Қазақстанның ешкімге бағынышты емес екенін дәлелдеді. Тіл — ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі емес пе? Осыны ескерген көреген Елбасымыз мемлекеттік тілді қазақ тілі деп бекітті. Тәуелсіздік алуымыздың арқасында қаншама жыл бойы езгіге түскен ана тіліміз қайта жаңғырды.

Мен сияқты өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ үшін тәуелсіздіктің маңызы ұшан-теңіз екендігіне сенімім мол.Мен осындай елде туып-өскенімді мақтан тұтамын. Басқалардың қолы жете бермейтін тәуелсіздіктің бізге келгені-үлкен мақтаныш, дәреже, бақыт.Бүгіндері Қазақстан Республикасы тәуелсіз, еңсесі биік, басқа дамыған мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең егеменді мемлекет болып қалыптасты. Ата-бабамыздан қанмен берілген өжеттік, қайсарлық сияқты қасиеттер болашақ ұрпақты да тек алға, жаңа белестерге жетелейтіні анық. Шығыстан алтын күн нұрын төгіп, еркіндіктің самалы ескен осы кезеңнің баянды болатынына кәміл сенемін.