Дарынды оқушыларды қолдау, анықтау


Муканова Акмарал Дамировна

Меңдіқара ауданы әкімдігінің  «Жарсуат негізгі мектебі» ММ бастауыш сынып мұғалімі

Қоғамның өркендеуіне, дамуына, онда болып жатқан өзгерістерге байланысты біздің мемлекетіміздегі білім саласының алдында жүйеленіп, дайындалып берген білімді, дағдыларды меңгеретін, қайталайтын ғана емес, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, тың жаңалықтар ашатын, ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр. Бұл міндетті шешу жолында алдыңызда отырған оқушылардың барлығын бірдей деп есептегенмен, ойлауы, дамуы, шығармашылығы жоғары дамыған, өзіндік жұмыстарды орындауды жақсы көретін, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап іздейтін, өз құрдастарынан ерекшеленетін, даму деңгейі жоғары оқушылар кездеседі. Бұл оқушыларды «дарынды» оқушылар деп атап жүрміз. Оқыту үрдісінде  кездесетін қиындықтың бірі –   «дарынды оқушы және оның икемділігін әрі қарай арттыру жолдары»  ұстаздар мен психологтар назарын аударуда. Көптеген жағдайда дарынды оқушылардың танымдылық қабілетін арттырумен шектелсек, кей уақытта ондай оқушымен пәнді тереңдетіп оқытумен айналыстық.

«Дарындылық» деген ұғымның нақты анықтамасы ешқандай әдебиетте берілмеген, ғылыми еңбектерде дарындылықтың әр түріне тоқаталады: интеллектуалдық, академиялық, шығармашылық, берілген.

Дарынды оқушымен жұмыс жүргізуді неден бастау қажет?

Бірінші кезең дарынды оқушыны анықтаудан басталады. Бастауыш сыныпта дарынды оқушыны психологиялық ерекшеліктеріне қарай, сөйлеу, есте сақтау, қисынды ойлау деңгейлеріне қарай анықтайды. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіннің мектепке дайындығын анықтауға арналған А.Керн, Я.Йирасек, С.Штербел, Г.Гетпер тестісі тамаша көмекші бола алады. Бұл тесті арқылы оқушылардың оқуға деген қабілетін, ойлауының, сөйлеуінің даму деңгейін үш аспектіде зерттеуге болады. Жоғары деңгей көрсеткішін көрсеткен оқушыларды дарынды және қабілетті оқушылар қатарына жатқыздық. Себебі, Л.А.Венгердің, Ю.З.Гильбух, Н.С.Лейтес; Г.В.Бурменскаяның «Дарынды балалар» еңбегінде «Егер оқушы кез-келген еңбегінде, шығармашылық жұмысында жоғары көрсеткішке жетіп, өз құрбаларынан ерекшеленсе, ондай оқушыны дарынды деп атауға болатынын» – айтады. Дарынды оқушыларды анықтауда бастауыш сынып оқушысының интеллектуалдық, академиялық және шығармашылық даму деңгейіне баса назар аудару қажет. Бұл кезеңде А.И.Доровскидің «Дарындылықты анықтау жолдары» еңбегін басшылыққа алуға болады.

Екінші кезеңде дарынды оқушылардың бойындағы ерекшеліктерді білу қажеттігі туындайды.

Дарынды оқушылардың ерекшелігі:

1. Ойлау ерекшелігі:

– шапшаң ойлау, тез нәтижеге жету, тез ілгерілеуі;

– әдеттен тыс қызығушылық, сауалды көп қою, «Неге», «не үшін» деген сұрақтарды көп қойып, жауап іздеудегі үлкен талабы;

– көп көлемді білімді меңгеру, ұмытпау, есте сақтау қабілетінің жоғары болуы.

2. Ішкі сезім ерекшелігі:

– сезім сүшелерінің ерекше қабылдауы (дыбыс, түс);

– интеллектуалдық дамуда ерекше бір ілгерілеу шапшаңдығы (ойлауы, байқағыштығы өте жоғары, білімге, жаңалыққа құмар, оқу жеңіл, өз ойын жақсы жеткізе алады, алған білімдерін кез-келген уақытта еске түсіріп, пайдалана алады, құрдастарынан көп біледі);

– жан дүниесінің тереңдігі;

– кейбір пәндер бойынша өте үздік үлгірім таныту:

3. Әлеуметтік тұрғыдан ерекшелігі:

– өз талап – тілектерін орындау, адамгершілік мәселесінде ерте даму;

– жоғары дәрежедегі әділдік сезімі.

4. Академиялық тұрғыдағы дарындылық аясында :

– оқуда  – есте ұзақ сақтап, жаңғырта алады;

– математика пәнінде оқушы өлшеу, сызу, математикалық ұғымдар арасындағы байланыстарды ашуға берілген тапсырмаларды зор қызығушылықпен орындап,  математикалық белгілерді есте сақтап, өздеріне қажет жағдайда қолдана алады;

– қоршаған дүниені танып-білуде сұрақтар қояды, заттардың пайда болуы, құбылыстар туралы зерттейді, тәжірибе жасайды, арасындағы қарым-қатынасты жақсы түсініп, өзіндік жаңалықтар ашады;

– шығармашылық жұмыстарда мәселені өз бетімен шеше алады, көбінесе өзі тың нәрсе жасайды, көркемдік – қолданбалы еңбекте заттарды өзі жасап аяқтайды.

«Дарындылық дамуының  бастауы – оқушының танымдық қабілеті» – дейді А.И.Матюшкин, В.С.Юркевич өздерінің теориялық еңбектерінде. Танымдық қабілетттің дамуы: баяу және белсенді болып екіге бөлінеді.

Баяу формасы – жаңалықты игерудің жай жаттанды түрі мен жай сабақтармен шектелсе, белсенді формасы – шығармашылық қабілеті қалыптасатын зерттеу жұмыстары түрінде көрінеді.

Біз психологиялық тестілер, психо-педагогикалық әдебиеттер көмегіне сүйене отырып, дарынды оқушыны анықтау және даму ерекшеліктеріне тоқталдық. Кейбір оқушының танымдық қабілеті өте жоғары, басқа оқушылар алдында өнеге – үлгі болып, көмектесіп жүрсе,   кейбір оқушыларға оқу өте жеңіл болғанымен, өз жолдастарымен тіл табыса алмайды, оқу жалықтырып жіберетін жағдайлар кездеседі. Біздің алдымызда тұрған міндет –  кейінгі оқушымен жұмыс жүргізіп, жағымсыз қылықтарды жою, қажеттілігі мен қабілетін қалыптастырып, дамыту, белсенділігін арттыру.

Мұны жалпыға білім беру жағдайында қалай жүзеге асыруға болады?

Деңгейлеп оқыту және саралап – даралап оқыту арқылы дарынды оқушының дамуына және шығармашылық белсенділігін арттыруға болады. Осы мақсатта «12 жылдық бағдарламамен оқытатын 2 – сыныптың қазақ тілі пәнінен деңгейлік тапсырмалар жинағын құрастырдым. Бұл тапсырмалардағы ең соңғы шығармашылық тапсырма «дарынды» оқушыларға арналған.

Оқу бағдарламасын игеруде:

1.                      Ең басты мәселені шешуде тереңдете отырып оқытуды қалыптастыру.

2.                      Ойлаудың өнімді түрін, яғни оқығанын өмірде пайдалан алу дағдысын дамыта отырып, алған білімі арқылы жаңаны ойлап табуға бағытталған жұмыс түрлері.

Бұған ағылшын педагогы Д.Хамблиннің ашқан «Өрмекші» сызбасын тіл сабақтарында пайдалану арқылы қол жеткізуге болады. Мәтін бойынша негізгі ойдан төмен қарай өрбитін фактілер негізінде орындалады.

Біртінде птапсырманы күрделендіріп жалпылау және бөліп алу қабілетін дамытуға болады.

Д.Хамблиннің келесі сызбасы «ағаш» деп аталады. Негізгі ойдың, ұсақ ойлар – бұтақтыр. Осыдан кейін оқушыларға мәтінге сәйкес өз сызбаларын жасауды ұсынғанда «дарынды» деп анықталған оқушылар шырша және жапырақ дамуына сәйкес жасады.

3. Үнемі жаңалық арқылы  дамытуға, алатын білімге деген құштарлығын арттыруға бағытталған жұмыс түрлерін қолдану.Мысалы:

а) «Күн күркірегенде» , «Ормандағы демалыс» тақырыптарына әңгіме құрау, мәтінді аяқтау;

ә) Мұғалімнің әңгімесін аяқта:

Жазда таңертең ерте далада серуендеген жақсы. Ауа кеудеңді ашады. Күн денеңді аймалап сүйеді. …..

б) Салыстыр: «Өзенде жазда» және «Өзенде таңертең жазда»

– Арасында айырмашылық бар ма?

– Біреуіне шығарма жаз.

в) Тірек сызбаға қарап әңгіме құра:

жауын – шашын                        өзен                                 найзағай              жасын

егін           орман                                               күркіреу

нан                               орылды

комбайншылар                                       қорқынышты

г) Берілген сөздерден бір ғана сөйлем құрау: балалар, актер, ертегі, қойылым.

Ертегі қойылымына келген балалар өздеріне таныс актерді көріп қуанды.

Қонақ, шарбақ, тоңазытқыш:

Рұқсатсыз тоңазытқышты ашқан қонақтарды үй иесі шарбақтан шығарып жіберді.

4. Өздеріне қажет білім көздерінің жеткілікті болуын және оларды дұрыс пайдалана алуын қамтамасыз ету.

а)Бұны қалапқа келтіру мақсатында төмендегідей тақырыптарда шығармалар жазуға ұсындым:

«Қояндар суда өмір сүре ала ма?», «Қасқыр мен мысықтың арасында қандай ұқсастық және айырмашылық бар?», «Менің айналамдағы орта», «Жақсылық, мырзалық деген не?», «Мысық пен күшік», «Аңдар орманда қалай қыстайды?», «Ормандағы көктем», «Әрқашан күн сөнбесін», «Бұлт пен Күн туралы ертегі», «Жер бетіндегі жел туралы ертегі», «Ертегі не үшін керек?», «Ағаштар неліктен өседі?», «Ойыншықтар адамға не үшін керек?» т.с.с.

ә) Аяқталмаған әңгіме.

«Көп қабатты үйдің тоғызыншы қабатында бір бала тұрды. Ол балконға шығып, кешкісін әкесі оқып қалдырып кеткен газетті тауып алды да, оны ұсақтап жыртып, жерге тастай бастады. Ауада ұсақ қағаз қалықтап, біресе жылдам, біресе ақырын ұшып, гүл өсіретін алаңға, үй қасындағы жолға түсе бастады. Егер сен осы баланың

Әкесі болсаң:

Досы болсаң:

Аула сыпырушы болсаң:

Аулада қыдырып жүрген бала болсаң:

Гүл алаңында ойнап жүрген мысық болсаң:

не айтар едің?»

«Кешке қарай аспанды ауыр сұр бұлт қаптады да, қар жауды. Төмен қарай үлкен қар ұлпалараы ақырындап түсе бастады.

Аулада ойнап жүрген балалардың ойы:

Қар жинайтын машина жүргізушінің ойы:

Ормандағы түлкі мен қоянның ойы:

Қарға мен қарға отырған ағаштың ойы:

5.Оқуда жаңалықты ашудағы жетістігін,  басқарушылық және өздік жұмыс істеу қабілетін мадақтап, мақтап отыру.

Математика пәніндегі периметрді, ауданды табуға берілетін формулаларды алдын ала қорытындылап, өз бетімен шығарды.

Р т = (а+b) · 2      Р ш = а · 4            S ш = a ²                 Sт   =   а · b

6. Оқушының басқа адамдармен, қоршаған ортамен байланысы, мәдениеттілігі.

7. Күрделі ойлау дағдысын шығармашылық және орындау шеберлігін қалыптастыру бағытында пайдалануға назар аудару.

Дарынды оқушымен жұмыс тек сабақ үстіндегі тапсырмалармен шектеліп қалмайды. Ол мектептен тыс, мектеп ішіндегі шаралармен жалғасын тауып, сабақтасып жатады. Бұл жұмыстар оқу процесіндегі игерген білім, білік дағдыларын әрі қарай тереңдңтң отырып,  зерттеу, шығармашылық тапсырмаларды орындау барысында қолданады. Оны жеке оқушымен де, шағын топпен де жүргізуге болады. Біздің гимназиядағы «Қызықты математика», «Математикалық логика», «Тіл дамыту», «Сөйлеу мәдениеті» таңдау пәндерінің бастауыш сынып оқушыларның қабілеттерін ашып, дамытуға қосар үлесі шексіз. Дарынды оқушылар қатысатын көңілділер, тапқырлар, ойшылдар сайысы, түрлі үйірмелер, олимпиада, білім сайыстарын жоспарлы түрде өткізіп тұру олардың өздерін тануға, жаңа білімді игеруге деген құлшынысын қалыптастыратын таптырмас құралдың бірі болмақ.

Дарынды оқушының шығармашылығын қалыптастыруда белгілі бір тақырыпта зерттеу жұмысын жүргізу қажеттігі туындайды. Зерттеу тақырыбын алуда:

1.     Оқушыға қызықты болуын, оны қызықтыруын.

2.     Шешімі болуын, зерттеушілерге ол тақырыптың пайдасы болуын.

3.     Кездейсоқ, таңқалдыратын, күтпеген жағдаяттар кездесетіндей.

4.     Оқушылардың қызығушылығын ескере отырып, өзіңіз талдай алатын, өзіңізді осы тақырып төңірегінде дарындымын есептей алатын орта туралы.

5.     Жұмыс тез аяқталатын болуына назар аудару қажет.

Зерттеу тақырыбы бойынша жұмысты жүргізгенде оқушыға мақсатқа жетуге бағыттайтын  барлық мүмкіншілікті, жолды көрсетіп беру, қалыптасқан, белгілі және белгісіз, зерттеуді қажетсінетін жолдарды анықтап, талдау, таңдау жасау, әрбір әрекетті бағалау қажет. Олардың зерттеу тақырыбы қиялдауға ұласып кетсе де, нәтижеге жеткендігі болып табылатынын естен шығармау керек.

Зерттеу тақырыбын оқушының өзі қорғауын да назардан тыс қалдырмаған жөн. Ол тақырыпты ата – аналар және өз құрдастары алдында қорғай алады. Қорғау кезеңінде оқушы ашқан жаңалығын ұсынуға үйренеді, басқалардың ой-пікірін тыңдап, өзінің көзқарасын дәлелдеуді үйренеді.

«Шығармашылықпен оқыту» аясының маманы Д.Треффингер балаларды шығармашылыққа баулитын ұстаздарға мынандай ережелер ұстану керектігін ескертеді:

1.     Балаларды міндеттемеңіз; оны өз бетімен әрекет етуге үйретіңіз, оның немен шұғылданатына нұсқау бермеңіз.

2.     Тез шешім қабылдамаңыз; тыңғылықты зерттей отырып, баланың әлді және әлсіз жақтарын біліңіз, оның базалық біліміне сүйеніп шектеліп қалуға болмайды.

3.     Оқушылардың бастамаларын шектептастап, олар өздері атқаратын жұмысты өзіңіз орындап қоймаңыз.

4.     Қорытынды жасауға асықпаңыз.

5.     Оқушыларды  пәнаралық байланысты бақылап отыруға дағдыландырыңыз.

6.     Мәселені өздері шеуге, жағдаятты өздері саралауға үйретіңіз.

7.     Оқушыға мектепте және үйде туындаған келеңсіз жағдайды шешуде  өздерінің бойында қалыптасқан дағдылар арқылы қол жеткізу.

8.     Қалыптасқан білімді қолдана білуге үйретіңіз.

9.     Бәріне шығармашылықпен қараңыз.

Балалардың жұмысқа қабілетін бағыттап отыру жеткіліксіз, дарынды оқушыларға жағдай жасап – болашақ басшыларды, өздерін қорғай білетін, білімді, тапқыр тұлғаны қалыптастыру үшін оларды анықтап, жұмыс жүргізу жолдана тоқталдық. Бұндай оқушыларға керемет бір жаңалақты ашып, әлемді таңғалдыру міндетті емес. Бірақ олардың интеллектуалдық даму деңгейі өте жоғары, қабілетті, жеке басының дамуында ерекшелігі бар болғандықтан, біздің міндетіміз – қолымыздан келетін барлық мүмкіндіктер арқылы олардың  кез-келген пайдалы ортадан табылуына көмектесу.