«Желтоқсан желі ызғарлы» (тәрбие сағаты)

Сералина Жулдыз Ерболатовна
«№ 26 мектеп-балабақша» КММ «Тарих» пәнінің мұғалімі

Желтоқсан желі ызғарлы…(Тәрбие сағаты.)

Құрметті, Ұстаздар, Оқушылар! 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай өткелі отырған мерекелік іс-шарамызға қош келдіңіздер! Кешімізді бастамас бұрын сіздерді келе жатқан Тәуелсіздік  күнімен  шын  жүректен құттықтаймыз! Тәуелсіздікті  аңсап, осы жолда талай балапандар жетім қалып, талай аналарымыз жесір болған. Осы қиыншылықтарды біздің болшағамыз үшін басынан өткерген  ата-бабаларымыз екенін ұмытпағанымыз жөн. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ жоңғарлардың шапқыншылығын, соның кесірінен болған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманын, одан кейін «Ұлы жұтты», «Ұлы Отан соғысын» басынан кешкен біздің ардақты да, аяулы батыр ата-бабаларымыз. Менің тізіп айтқандарым олардың көрген қиыншылықтарының азы ғана. Осы қияметтердің барлығына олар біздің бүгінгі тәуелсіз күніміз үшін шыдап, жанын пида етті. Елімізді еркіндікке жеткізген ата-баба ерлігін есімізде сақтап, жас ұрпаққа өнеге ете алсақ, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болары анық.

Тұрса да биік өр басың,
Қазаққа бақыт орнасын.
Сексен алтыншы жылғыдай,
Желтоқсан желі болмасын!

 

Күн кешіп лапылдаған жастарым,
Дүрліктірді желтоқсанның аспанын.
Жерді, дінді, тілді,  баба дәстүрін
Қорғау үшін көтерді олар бастарын.

 

Шайқалмасын ешкімнің шаңырағы,
Бақыт көрсін Отанның сан ұланы.
Енді ағайын, көгіңде қалықтасын,
Қазағымның қастерлі – Әнұраны!

«Әнұран» орындалады.

Бүгінгі мерекелік іс-шара тәуелсіздік жолында құрбан болған қазақ жастарының өшпес ерлігіне арналады. Алматыда 1986 жылғы желтоқсан айында болған оқиға Қазақ халқын ғана емес, сол кездегі бүкіл Кеңес елінің санасын  ұйқыдан оятқан еді. Осы қанды оқиғаға қатысқан 16 мен 20 жас аралығындағы жас студенттер еді. Біз желтоқсан құрбандарының даңқы арта берсін деп бас иіп тағзым етеміз. Желтоқсан құрбандарына тағзым етіп, еске алу – біздің парызымыз.( Бір минут үнсіздік.)

9 «ә» сынып оқушы Байкенова Сағыныш

ЖЕЛТОҚСАН
Алтыныңды айырбастап қолаға,
Отаныңды айналдырса  молаға.
Өз тіліңді босағаға лақтырып,
Өз еліңде күн кешуге бола ма?!

Сол кешегі желтоқсанның аспанын,
Дүр сілкінтті жалын жұтқан жастарым.
Үнсіз қалса намыс өлер еді ғой,
Намыс өлсе керегі не басқаның.

Сен қазағым шыныменен ұлысың,
Ертең жайнап шығатұғын күн үшін.
Ұл – қызыңның қаны судай шашылды,
Бас алаңда басын тігіп тіл үшін.

Ереуілде ит пен құсқа таланған,
Шырқыраған шындық іздеп ғаламнан.
Қазағымның қызыл қанын мәңгілік,
Жуғанымен кетіре алмас алаңнан.

 

Соның бәрін еске алатын шақ бүгін,
Құрбан қылды қарындастар пәктігін.
Құрбан қылды ғұмырларын боздақтар,
Тағамыз деп ақиқатын ақ туын.

Енді сол 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына көз жүгіртіп көрелік. 20 градус аязда бозбалаларымыз бен қарындастарымызды мұздай жерге бірнеше сағатқа отырғызып, үстеріне су шашып, қыздарымыздың шаштарынан сүйреген, итше ұрып-соққан. Осы қанды оқиғаның нәтижесінде 8000 адам заңсыз ұсталып, 1722 адам жеңіл және ауыр жарақат алды, 103 адам жауапқа тартылды. 99-ы сотталды. Алматы қаласы бойынша 2401 адам қамауға алынып оқудан 309 студент шығарылған, 99-ның ішінде 2 адам өлім жазасына кесілген. Жазаға тартылған 99-дың 76-сы ерлер де, ал қалған 23-і қыз-келіншектер болған. Желтоқсанның құрбандарына айналған біздің аға-апаларымыз бар. (Осы сәтте 7,8,9,10,11 слайдтар жүреді.) Олар: Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Спатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова. Олардың жасаған ерліктері ешуақытта ұмытылмасы анық.

 

Әлі де бостандық деп атар таңдар,
Ұшқыннан бар әлемге апарғандар.
Қайрат, Ләззат, Ербол, мен Сәбиралар.
Осылар – Желтоқсанда Қаһармандар
Халықтың қабырғасы сөгілмесін,
Аналар ұлын жоқтап егілмесін.
Алладан ақ ниетпен тілейік біз,
Жазықсыз жанның қаны төгілмесін.

Ән «Желтоқсан тағылымы» Мұхтар Шаханов. Орындайтын 8 «ә» сынып қыздары. (Мұқаш Арайлым, Уатханова Бинура,  Асылбай Әйгерім)

1.     Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,

Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.

Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,

Айналайын жас қайратым, жас өркені халқымның!

Қайырмасы:

Арманыңның атын, жігеріңнің отын,

Өшіре алмас асау желі уақыттың.

Егер кім қанша уайымсыз болса,

Нақ сол адам құнын білмес бақыттың.

2.     Темір қолдар қуатты еді алқымыңды қаусырған,

Намысыңды жықпай өттің нәубет, дүлей маусымнан.

Жалғыз қалған шақтарымда  жігер алдым бойыма,

Түрме торын жарып шыққан сенің қайсар даусыңнан.

Қайырмасы:

3.     Өсер ұлдың қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,

Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы!

Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің,

Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!

Мұхтар Шаханов ағамыздың Желтоқсан оқиғасына арналған бірнеше туындылары жарық көрді. Солардың біріне жаңа өздеріңіз куә болдыңыздар. Желтоқсан оқиғасының не себепті болғанына тоқталып өтелік. 1986 жылдың 16 желтоқсаны. Таңғы сағат 10:00. Не бары 18 минутқа созылған Пленум қазақ халқының бар өмірін шешкендей. Қазақ елін жиырма алты жыл бойы басқарып келген КОКП Орталық Комитетінің хатшысы               Д.А. Қонаевтың орнына Ульяновтан келген Г. Колбиннің сайлануы қазақ жастарының наразылығын туғызды. Не себепті қазақтың  елін, жерін  халықтың тілін, дінін білмейтін  өзге ұлт өкілі басқаратындығы қазақ жастарын налытты. «Қазақ жерінен тым болмаса, бір қазақ азаматы табылмағандығы ма»,- деген сөздермен олар алаңға өз пікірлерін білдіруге аттанған. Айта кетейік, олар алаңға бүлік шығару үшін емес, бейбіт жолмен жай ғана өз ойларын айтуға барған болатын. Алайда, алаңдағы бейбіт шерудің соңы қаншама боздақтарымыздың өмірін қиды…

Кәмилә 8 «ә» сынып оқушысы:

Желтоқсанның желі, аязы, ызғары,
Қанды мұзда талай қазақ сыздады.
Ұлт қамы үшін шыққан сол күн алаңға,
Азап шекті қайсар қазақ қыздары.
Талай қазақ қыздарын да тоңдыра,
Талай қазақ гүлдерін де солдыра,
Ел билеуге алып келді Колбинді
Қазақ ұлы Қонаевтың орнына.
Егемендік – бұл елімнің елдігі,
Егемендік – барлық ұлттың теңдігі.
Егемендік – елін, жерін қорғаған,
Ербол менен Қайраттардың ерлігі.
Желтоқсаным – тәуелсіздік тірегі,
Желтоқсанды қадір тұтып тұр елі.
Есте сақтап ағалардың ерлігін,
Жүректерге сақтау керек үнемі.

Осы сәтте сіздердің назарларыңызға Желтоқсан оқиғасына арналып шығарылған бейнебаянды ұсынамыз.

Бейнебаян «Желтоқсан желі».

Қазақ қыздарының  бұрымдарынан сүйреп, су шашып, итке таланғандарына қарап тұра алмаған қазақ ұлдарының бірі – Қайрат Рысқұлбеков.

Күллі әлемге Қайрат боп,
Тарап кеткен атағы.
Желтоқсанның жарасы,
Мәңгі жанға батады.
Батыр болған Тұрардай,
Бауыржандай атағы.
Қайраты жоқ халықтың,
Таңы қалай атады?!

Қазір сіздердің назарларыңызға желтоқсан оқиғасында әділдік үшін күрескендердің бірі Қайраттың тұтқындалуы жайында көріністен үзіндіні ұсынамыз.

«Қайраттың тұтқындалуы» көрініс. 8 «ә», 9 «ә» сынып оқушылары. (12 слайд)

 

Нағашысының үйінде демалыста болған Қайрат Рысқұлбековты милиционерлер тұтқындауға келеді. Қайратты тұтқындағанын естіген анасы баласының соңында зар жылап қалады. Қайратты тергеуші бөлмесіне шақыртып, тергейді. Тергеушілер неше түрлі айла-шараларын, зымиян әрекеттерін қолданып, Қайрат Рысқұлбековке «Савицкийді өлтірді» деген жала жабады.

Сот процесінде  Қайрат Рысқұлбеков ақтық сөзін айтады:

 

 

Ақтық сөзі:

Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең алыңдар.
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
«Еркек тоқты – құрбандық»,

Атам десең, атыңдар! (мұңлы әуен жүріп тұрады, Қайратты сахна сыртына алып кетеді.)

 

 

Қазақ КСР-і Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі колегиясының төрағасы Е. Грабарниктің 1987 жылы 16 маусымдағы Үкімімен Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков ең жоғары жаза – өлім жазасы – атуға бұйырылды. Кейіннен Рысқұлбековтың жазасын жеңілдету бойынша жоғарыға өтініштер жолданады. Соның нәтижесінде, ату жазасы 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылады. Бірақ, Шу, Қарағанды темір жол бекеттері арқылы Рысқұлбеков белгісіз себептермен Семей түрмесіне жеткізіліп, құпия жағдайда оның өміріне қастандық жасалады. Желтоқсан көтерілісінің құрбаны болған Қайрат Рысқұлбеков еліміз егемендік алғаннан кейін, Қазақстан Жоғары Соты Пленумының 1992 жылы 21 ақпандағы шешімімен толықтай ақталып шығып, оған «Халық қаһарманы» атағы беріледі. Қайрат Рысқұлбековтың есімімен Тараз қаласындағы демалыс паркі аталып, ескерткіш орнатылған.

Осындай аға-апаларымыздың арқасында қазіргі бейбіт заманда өмір сүріп отырған күніміз нағыз бақыт. Қазіргі таңда тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк, ашық аспан, бейбіт заман. Осы күнге жеткізген ата-баба рухына мың тағзым, Аллаға мың шүкір етуіміз керек. Тәуелсіздік біздің жарқын болашағымызға жол ашып берді. Біздің бүгінгі міндетіміз осы егемендігімізді жоғалтпай, мәңгі сақтап қалу. Себебі, Тәуелсіздік – бабаларымыздың бізге қалдырған асыл мұрасы. Құдайымыз келешекте сол уақыттағы Желтоқсан желінің ызғарын сезбеуге нәсіп етсін.

Бір ата, бір ананың түлегіміз,

Бір болсын қайда жүрсек тілегіміз.

«Бірлік барда  тірлік бар»  деген бабам,

Бірлік деп бірге соқсын  жүрегіміз!

Осындай еркіндікті ел тілесін,
Бақыт құсы бағымызға еркін келсін.
Ал енді Тәуелсіздік құтты болып,
Көк байрақ мәңгі – бақи желбіресін!

Бүгінгі іс-шарамызды Бекболат Тілеухановтың  «Елім менің» атты әнімен аяқтағымыз келеді. (ән «Елім менің»).

Скачать (PDF, 2.03MB)