Менің мамандығым


Рахманова Әсемгүл Сұңғатқызы
«Нәзік» б/ж КМҚК тәрбиешісі

 Бала тәрбиесінің негізі балабақшада қаланады. Баланы жеке тұлға етіп тәрбиелеу үшін,әрине тәрбиешінің жеке басының өзі соған сай болуы керек. Белгілі орыс педагогы Ушинскиий айтқандай «Тәрбиенің қайнар көзі тек адамның жеке басының өнегесіне негізделген». Шындығында да, тәрбиешінің өзі-өзгеге үлгі болуы керек. Яғни тәрбиешінің бойынан адамгершілік қасиеттері: мейірімділік,қарапайымдылық,әділдік ең бастысы өз мамандығын сүйе білуі керек. Тәрбиеші жан –жақты болса ғана, өз маманының ұстасы болады деп ойлаймын. Сондықтан да тәрбиешінің жеке басына ерекше талаптар жүктеледі. Тәрбиеші жай ғана мамаңдық емес.Ол адам бағдарын жасаушы,келешек ұрпақтың сәулетшісі. Бұл сөздің астында тәрбиеші мамандығының үлкен жауапкершілік иесі екендігінің айқындап тұр. Балабақшадағы жұмыс әрі қызықты, әрі жауапты болады.

Мамандықты таңдау үшін, адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет. Мынау көп салалы өмірде мамандықтың түрі көп. Әрине таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Өз ісіне сенімді, дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Адам еңбегінен қуанышын таба білсе, бойына жаңа күш қосылып, еңбекке деген шабыты арта түседі. Зор ықылас, шабытпен істеген іс–табыс биігіне жеткізетін қанат.
Абай атамыз айтқандай: «Неге арналсаң, соны істе» деп, қашанда адам өмірден орнын өз таңдауымен тапқан жөн.Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзін араласқын келетін ортаны да таңдау. Қазақ “Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі – жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда” деп бекер айтпаса керек.

Тәрбиеші бейімділігі, дарындылығы көбінесе балалардың тағдырын шешеді. «Ұстазсыз шәкірт тұл, шәкіртсіз ұстаз тұл, ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға » дейді қазақ. Бұл басқа емес, дәл педагог мамандығына арнап айтылған мақал.

Әр мамандықтың  өз қиындығы, өз қызығы бар.Менің мамандығым-тәрбиеші. Тәрбиеші жұмысы күрделі де, қызықты да, жауапты. Балабақшаға кіргенде жас бүлдіршіндердің жағымды үндері, сыңғырлаған күлкілері.

Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды.  Алайда баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасына алғашқы адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату мына біз тәрбиешілердің еншісінде.

Өйткені бала – кіршіксіз пәк, тап-таза мөлдір бұлақтың бастауын, көзін  ашып тұнығуына қону үшін қаншама  қиын да, қызықты еңбек пен тер  төгу керек. Балаларды  ана  тілінде әдемі сөйлету  олардың ой  – сезімдерін оның еркін көркем жеткізе алуға  баулу, таңымдық  қабілеттерін дамыту – тәрбиешінің мақсаттарының бірі.

Қорытындылай келе  менің мамандығым әлемдегі ең қажет мамандықтардың бірі. Көрнекті тұлға Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген екен. Балабақша тәрбиешілері қай кезеңде болсын ертеңгі елім деп еңірейтін ұрпақты тәрбиелеуге тер төгуде.