ЭССЕ Балаларға берілген жүрек


Кобдикова Нағима Жұмаханқызы
Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы Абай ауылы Абай атындағы орта мектептің даярлық сыныбының мұғалімі

Орындаған: Кобдикова Н.Ж.

Балаларға берілген жүрек

Бала – өсімдік. Оған күннің шуағы, аспанның мейірі, Жер-Ана құшағының жылуы керек. Мынау мәңгілік қозғалыстағы ғалам, өзгеріп-өніп отыратын табиғат, жанды-жансыздың бәріне жан жылуы қажет. Ал, балалар ата-ананың, тәрбиешінің, ұстаздың жан жылуын ауадай қажет етеді. Күннің нұры сияқты ұстаздың жылы сөзі, мейірімді көз қарасы, пейілі, дүниеге әр бітіріп, әр баланың жүзіне қан жүгіріп, өңдерінен шырай білінсе, ол– ең алдымен ұстаздың адамдық құдіреті. «Ұстаз – ұстаз емес, шәкірті үшін күймесе, Шәкірт – шәкірт емес, ұстазын ол сүймесе» деген астарлы сөз бар қазақта. Ұстаз – өзінің бар күнін, бүкіл өмірін бала тәрбиесіне сарп етуге бел буған кезде ғана, баланың өмірінде үлкен із қалдырады. Әр баланың бойындағы жақсы-жаман қасиеттер негізінен сол бала күнінінде қалыптасады. Бала әр үйдің үміті, ертеңгі азаматы болғандықтан, не істесе де ойланып істеуге, өзі арқылы өзгенің жан дүниесіне үңіле біл деп айтып отыруымыз қажет. Баланың бойынан барлық жақсы қасиеттерді дарытуды, оларды дамытуды, кімдермен жүреді, не ішеді, неге қызығады осының бәрін біліп отыру шарт. Саналы тәлім-тәрбие, бала жасынан еңбекке баулуы, жан тазалығына, биік адамгершілікке, қадір-қасиеттерге талаптандыру, баланың еркін, саналы, жігерлі, мығым, намысшыл, басқаларға мейірімді, адал да таза тұлға ретінде қалыптастыруына ықпал ететіндей тәриелеу керек. Сонда ғана адалдықтан айнымайтын, абырой биігін аласартпайтын, сөзі салмақты, ойы орнықты, тазалыққа, турашылдыққа, отансүйгіштікке бағыт-бағдар беретін біздің мақтаныштарымыз бола алатын болашақ ұрпақ тәрбиелей аламыз. Әр ұстаз үшін бала бейнесі – адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі. Яғни, ұстаз қандай болса, шәкірті де сондай болмақ. Бала тәрбиелеуде бойына жақсы қасиеттерді жинай білген ұстаздың мәртебесі биік. Өйткені, ұстаз балаға тек білім ғана емес, сонымен қатар рухани күш-жігер сыйлайды, ой-өрісін дамытады. Дүниеде адамды тәрбиелеп, азамат атандырғаннан артық абырой мен құрмет жоқ шығар, сірә?!

Біз балаларға тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білімде ғана деп, әр баланың жүрегіне болашаққа деген сәуле оятумыз керек. Әр баланың ар-намысын жоғары бағалап, азамат болу үшін адам бойында қандай қасиет болса да, тек оқумен, біліммен ғана артқа із қалдырады. Қай іс-әрететтің болмасын билеушісі жүрек болуға тиіс. Сол үшін біз өмір шындығын дөп басатындай, әр балаға білім мен тәрбие немесе белгілі бір өнер үйретіп, халыққа пайдасын тигізетін азамат тәрбиелей алауымыз қажет. Сонда ғана адам өмірі мен табиғат құбылыстарының арасындағы үндестікті бар жан дүниемізбен сезіне аламыз. Біз табиғаттан күш-қуатты, еңбекке деген ұмтылысты, табиғаттың сұлулығын, өміріміздің бір бөлігіне балап, табиғат бейнесін өз өмірімізбен бейнелеп отырамыз. Әр адам баласының игілігі үшін, ұстаз жаққан сәулені сөндірмеуге тиіс. Ұстаз тым қатал да болмауы керек, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек. Өйткені, аса қаталдық – шәкіртті өзіне қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру – қадірін кетіреді, берген білімге шәкірт селқос қарайтын болады. Сондықтан да, баланы тәрбиелеп, білім беріп, оқи алса, оқыған нәрсесін көңілге тоқи білсе, бізге одан асқан бақыт жоқ деп білемін.