“Қыс келді”


Қанатай Кәмиля Қалтайқызы, Танкаева Аяжан Оралтаевна, Секел Жанарбек Аскер
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі студенттері
Жетекші: Секенова Балкүміс Байжанқызы

Оған дейін анашыңа қарайла…

Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің филология бөлімінің 2 курс студенті Қанатай Кәмиля Қалтайқызы

Жетекшісі: Секенова Балкүміс Байжанқызы

Ей, бауырым, ұлы ананың ұрпағысың, бірісің,

Ана үмітін ақтау үшін тірісің.

Әр уақытта “бауыр етім балам” дер,

Анасыз бар өткен күнің құрысын.

 

Ана деген – ұлы жанды сыйлашы,

Әр тілегін ешқашан да қимашы.

Қыздарға сен талай сыйлық бергенше,

Анашыңа бар бақытты жинашы.

 

Қызға сыйлық керек емес, түсінші,

Тұру керек қыз дегенің үшінші.

Қыз дегенің нәзік гүл ғой, ертеңгі,

Ұрпағыңды тәрбиелер – мүсінші.

 

Қызда ертең ана болар көрерсің,

Шапағат пен жылулықты төгерсің.

Отбасыңның отанасы болғанда,

Сол уақытта бірінші орын берерсің.

 

Оған дейін анашыңа қарайла,

Ана деген арман шіркін талайға.

Бір сен үшін жүрегі елжіреп жүретін,

Анашыңа көңіл бөлші жарай ма!?

 

Ана үшін зар жылап жүр талайлар,

Жылу берер, қасында жоқ қарайлар.

Ақымақтар жатады кейде айрылып,

Ал ақылды ана үшін абайлар.

 

Иә, әр минутта ана үшін абайлар,

Ұлы есімді қасиетке қарайлар.

Ана ақылын айтып жатса егер де,

Құлақ салып тыңдамас та талайлар.

 

Анашыңның айтқаны дұрыс қалайда,

Анаң үшін сондықтанда абайла.

Осы күнге аман-есен жеткізді,

Сол үшін де өкпелетпе, жарай ма?!

КЕШІР АНА

 

Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің филология бөлімінің 2 курс студенті Танкаева Аяжан Оралтаевна

Жетекшісі: Секенова Балкүміс Байжанқызы

 

Ана батыр, ақ пейілді ,өнегелі ,еңселі,

Ол өсірген рухы биік батырларды кешегі.

Ана батыр ,дара тұлға ,жылы жүрек, ақниет,

Күллі ғалам ана алдында тағзым етіп бас иед(і)

 

Қиналғанда демеу болар жалғыз адам анашың,

Ол мейірімді,құрметті жан, баға жетпес бір асыл.

Жүрегіне еш уақытта суық кірбің түспесін,

Аналардың зор қадірі аяқ асты кетпесін.

 

Перзентіне өмір сыйлап,ақ сүтімен өсірген,

Ол жалғыз жан ,барлық  айып, қателерді кешірген.

Аналарды сыйлайықшы,қадірлейік ағайын

Аналардың бар қадірін әнге қосып жырлайын.

 

Бір оқиға баяндайын жыр тербетіп әнімде,

Қаяу салар сыр көңілге,адамзатқа,пендеге.

Жалғыз ғана ұлы бопты ақ жаулықты әйелде

Бұйырғаны осы болар шүкір дейді Тәңірге

 

Жаурамасын,аш қалмасын бауыр еті, перзенті,

Бөбегінің қамын ойлап,асыл ана тер төкті.

Анасының аппақ жүзін әжімдерге толтырып,

Жылдар өтіп,уақыт жетіп сол бір бала ер жетті.

 

Қала асып,арман қуып кетті бір күн баласы,

Ұмытады шалғайдағы,ақ жаулықты анасын.

“Тоңбады ма? Аман ба екен ? Балапаным ,жалғызым”

Терең ойлар мазалайды ақ ананың санасын

 

Жылдар өтті,айлар өтті сағынышпен сарғайып,

Сорлы ананың жүрегінде қалып қойды сол уайым.

Үміт үзбей қарайлайды терезеге үңіліп

Кіріп келер жан баласы шешесіне бір күліп.

 

 

Күңгірт ауа құбылмалы сары күздің кешінде

Анасының жалғызы отыр, үлкен қала есінде.

Құмар ойын арбауына кіріп кетіп, жетіспей,

Жүрегінде қайғысы бар қарап тұрсам көзіне.

 

Бір мезетте ыстық жасы көздерінен көрінді ,

Жерді ұрып,айқайлады ,өз ісіне өкінді.

“Ана”,-деді ақырын ғана,дауысы оның дірілдеп,

Жаратқанға “кешірші” деп жалбарынды,тізерлеп.

 

Жүз ойланды,мың толғанды қара кештің шегінде,

Ертеңгі күн аттанды ол кіндік кескен еліне.

Туған үйдің есігінен қадам басты төріне,

Сол сәтте-ақ көрінді ол ақ ананың жүзіне.

 

“Құлыншағым,келдің бе?” деп өксіп ана жылады,

Қалтырады,дірілдеді,қатты жерге құлады.

“Жалғызым-ау” деді ана баласына күлімдеп,

“Білген едім,сезіп едім” дейді тағы күбірлеп.

 

Ер жігіт тұр шешесінің ақ тізесін құшақтап,

“Кешір ана, мен адастым” дейді қатты жылап-сықтап.

“Кешір мені ,жалғызыңды кешіре гөр анашым,

Асыл қазынам,бар байлығым анашым сен данасың!”

Перзентің мен ата-анаңды сыйлағын

Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің филология бөлімінің 2 курс студенті Секел Жанарбек Аскер

Жетекшісі: Секенова Балкүміс Байжанқызы

Қарттар отыр өз үйіне кіре алмай,

Терезеден телміреді жылардай.

Алтын торда қамалған бір құстай боп,

Қартайғанда бақытты өмір сүре алмай.

 

Балалары тастап қарттар үйіне,

Тым болмаса, келмейді олар жиі де.

Ар-ұяттан безген осы жандарға,

Жиіркенемін, қапалана күйіне.

 

Айтатын жай көп қой мына ғаламда,

Тірі өлік қып тастай салар анаңда.

Пәк сәбиді көріп жолдың шетінен,

Қалың ойлар туындайды санамда…

 

Бұл өмірдің ашпай жатып есігін,

Жас сәбилер көрді ананың кесірін.

Қате басып сәбилерін “өлтірді”,

Тастап кетіп, таппай басқа шешімін.

 

Жетімдер көп шетел асып сатылған,

Қор болды ғой өмірлері пақырдан.

Өзін сатып жіберсе де анасы,

“Кел, анашым, қасыма” деп шақырған.

 

Ей, адамзат, алданбағың байлыққа,

Кедей болсаң, бұған дағы қаймықпа!

Айтшы кәне, тым болмаса жұмада,

Алла үшін екі қолды жайдық па?

 

Қоқыс болар – дүние, боқ жиғаның,

Ақша үшін сәбилерді қимағың.

Тірісінде көрсет жанның жылуын,

Перзентің мен ата-анаңды сыйлағын.

 

Бұл жандарға қатты мен де таңданам,

Қорықпай ма Жаратушы, Алладан?

Ар-ұятсыз азғындарды шамасы,

Жын-шайтандар теріс жолға арбаған.