«Бала тәрбиесі баршамызға ортақ»


Аубакирова Асем Асыгатовна
“Павлодар қаласының №50 сәбилер бақшасы” мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорны тәрбиешісі

Бала тәрбиесі баршамызға ортақ

Қазіргі технология дамыған заманда бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеу, білім беру, жетілдіру – баршамыздың алдымызға қойылған міндет. Сәби дүние есігін ашқан сәттен өз аяғына тұрып жетілемін дегенше ата-ана рухани сусындатуы тиіс. Ал біздердің, тәрбиешілердің сол ата-анамен бірлесе отырып, жұмыс жүргізуіміз керек. Себебі, жалғыз ағаш орман жасай алмайтыны анық.

Елбасымыз өз жолдауында ұрпақ келешегі үшін мүмкіндіктерге жол ашып берді. Ал оны дұрыс не бұрыс бағытта бұрып, сілтеу бізге тапсырылған жүк.  Бала ақ парақ секілді, не жазсаң сол қабылданады. Ендеше сол парақты сиямен шимайламай көркем жазу үшін біздер еңбектенуіміз керек. Ана сәбиіне қалай нұрын төгіп, мейірленсе, біздер де өзгенің баласы деп емес, өзімнің балам деп жанымыз ашысын. Себебі, тәрбиеші атын кірлетпей жүру бізге сын.

 

Қазіргі кезеңде балаға әр түрлі жағдайлар әсер етуі мүмкін. Онда әр түрлі түсініктер қалыптасуы да анық. Әйтсе де өз ұлтымыздың салт-дәстүрін баланың санасына сіңірту, онда ұлтқа, туған жерге деген махаббатын сезіндіру, үлкенге құрмет, кішіге ізеттілік, ата-анаға деген сыйластық секілді сезімдерді қалыптастыра білуіміз керек.

Тәрбиелеу мен білім беру қатар жүретін процесс. Себебі тәрбиесіз білім, білімсіз тәрбие берілмейді. Ал біздер тәрбиені басты назарға ала отырып білім береміз. Сонымен қоса баланы қыспақтамай, әр түрлі жолмен, мысалы ойын арқылы, саяхатқа шығару арқылы, ардагерлермен, ақын-жазушылармен кездестіру арқылы немесе сол сияқты шараларды ұйымдастыруға болады. Өйткені қазіргі заман талабы – жан-жақты дамыған тұлға болмақ.

«Тәртіпке бас иген – құл болмайды» деп Бауыржан атамыз айтқандай, тәрбиенің кілті – тәртіпте. Қазіргі кезде қоғамдық тәртіп маңызды мәселе. Біздер сол қоғамда орын алған тәртіпсіздіктерге жол бермеу үшін, қазірден бала тәртібін қолға алғанымыз жөн. Ол жағдайларды әр түрлі видеороликтер арқылы немесе мемлекеттік қызметкерлермен сұхбат жүргізу арқылы жүргізуге де болады. Сонымен бірге ата-аналар да тек балабақша мен мектепке міндеттемей ұжыммен бірлесе отырып жұмыс жүргізгені жөн. Себебі бала үйде бір бөлек, қоғамдық ортада бір бөлек болуы мүмкін.

Өркениеттің дамыған заманында қазіргі жастар еліктегіш келеді. Өзге ұлт өкілдеріне, яғни жұлдыздарына ұқсағысы келеді. Ал біздер сол нәрселерді болдыртпау үшін өзіміз балаға үлгі болуымыз керек. Яғни, ұстаз – қоғамның айнасындай болуы тиіс. Ашып айтсақ тәрбиені, тәртіпті өзімізден бастағанынымыз жөн.

Балабақшадан кейінгі саты – мектеп табалдырығы. Бұл кезеңде ұстаздың жауапкершілігі арта түспек. Себебі, жоғарыда айтылған міндеттер екі еселенеді. Мектепте оқушылар дүниетанымын, мінез-құлқын, эстетикалық(дұрыс жүріс-тұрыс, сөйлеу әдебі, киіну тәртібі), дене, еңбек тәрбиесін қалыптастырады. Мұнда сыныпта және сыныптан тыс тәрбиелік жұмыстар, ата-аналар мен сынып жетекшілерінің, мұғалімдердің жұмысы жүргізіледі. Сол арқылы баланың келешек мамандығын таңдауына да әсерімізді тигіземіз. Әр түрлі шығармашылық кештер, мерекелер, интелектуалдық сайыстар, олимпиадалар өткізіп баланың танымдық қабілеттерін дамыта аламыз.

Қазіргі біз тәрбиелейтін бала немесе оқушы – келешек қоғам азаматы, болашағымыз. Оның өмірге деген өзіндік көзқарасын қалыптастыру, келешекте алдына кездескен сынаққа даяр болу. Яғни, елбасымыз бастаған көшке қалыспай еру, белгіленген межеге жету.

«Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата-анадан, жақсы ұстаздан болады» деп Абай атамыз айтқандай, балаға тәрбие беру – баршамызға міндет екені айдан анық. Баланың бесіктен ата-анасы берген тәрбиесі маңызды болса, оны біліммен қатар ұстаған ұстазға тапсырылған міндет одан да маңыздырақ болмақ.