Аппақ қыс


Казбеков Аслан

Денисов ауданы №3 Денисов орта мектебі” КММ  3 сынып оқушысы  

Табиғаттың әрбір маусымы ерекше болатыны сөзсіз. Әр маусымның өзіне тән қызығы мен сейіл-серуені бар. Соның ішінде қыс мезгілі де өзіндік кіршіксіз аппақ қарымен, қаһарлы мінезімен, сықырлаған аязымен ерекше. Бұл мезгілде адамдар табиғаттың құпиясын, ерекше бір ұмытылмас сәттерін тамашалайды.Қара жердің бетін басқан аққұба ару сияқты үлпілдеген ақ ұлпа қар айналаға сән бергендей. Әркім бұл мезгілді асыға күтетіні рас. Бірі шаналарын арқалап, биік жоталарға, таулы қыраттарға бет түзейді. Дала төсінде қолдан сырғанақ жасайтын қызықты кездерде өз алдына бір бөлек әңгіме. Қолдарына шана сүйреген балалар, жүздері күлкіге толы адамдар барлығы бейне бір қыстың суығын емес, оның жылы нұрын, ыстық тартар сәулесін тауып алғандай қуанады.

Даланың табиғаты тып-тыныш қалпынан, маужыраған күйінен серпіле түскендей күйде. Қыс мезгілін тағы да асыға күтуіміздің бір себебі – Жаңа жыл. Сірә, бұл мейрамды еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін күтетіні айдан анық. Бүлдіршіндер аппақ қардан аққала жасап, шырша безендіріп, аяз ата мен ақша қарды көруге асығады. Барлығы ақ тілектерін білдіріп, сыйлықтарын береді. Қылышын сүйретіп жеткен қаһарлы қыстың бізге берер қызығы мен қуанышы көп. Осындай естен кетпес оқиғаларға толы қыс мезгілін керемет деуге толық негіз бар. Қыстың ғажайып ұмытылмас шақтары адам жанына шуағын шашып, нұрын төге түскендей, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.