Мектеп жасына дейінгі балаларды мемлекеттік тілге үйретуде ойын технологиясын қолдану


Бейсенова Айнагуль Серикбаевна

№ 10 «Алтын бала» балабақшасының қазақ тілі мұғалімі

Адамның жан дүниесінің дамып жетілуі, әлеуметтік өмірге бейімделе тіршілік етуі әртүрлі іс – әрекеттермен шұғылдану барысында қалыптасады. Сондай әрекеттердің бір саласы – ойын әрекеті.

Ойын – бұл қоғамдық тәсілді меңгеру мақсатында, ситуациялық жағдайда, бағытты түрде іскерлігін көрсететін, өзін – өзі басқаруын жетілдіретін іс – әрекет. Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Балалықтың қанында ойын азық» деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын үстінде бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады. Қай бала болмасын ойнап өседі. Мұғалім ойын технологияларын пайдалана отырып, баланың әр қырынан көрінуіне және оның мінез – құлқында, қарым – қатынасында, оқуында пайда болатын әртүрлі қиындықтарды жеңуге жағдай жасайды.

Сондықтан жас ерекшеліктеріне сай сабақты ойын түрінде өткізу, әсіресе екінші тіл қазақ тілі сабақтарында жақсы нәтиже береді. Ойын арқылы әр баланы жақсылыққа, әдептілікке, азаматтылыққа баулимыз, осы қасиеттерді бойына сіңіреміз. Сонымен қатар ойын кезінде баланың таным қабілеті дамиды, қарым – қатынас жасауға мәжбүрлік туады, өмірге деген қызығушылық қалыптасады.

№10 «Алтын бала» аралас балабақша болғандықтан қазақ тілін тез және жеңіл түрде үйретуде алдыма қойған мақсатым: жаңа инновациялық әдістерді қолдана отырып, балаларға сапалы да терең білім беру, олардың ойлау дағдылары мен есте сақтау дәрежесін көтеру.

Балалардың сөздік қазақша сөйлей білуге үйретуде мынандай талаптар қойылады:

  1. Әр сөзді тұрақты түрде есінде қалдыру.
  2. Сөз балаларға таныс заттарға байланысты болуы керек.
  3. Сөздік қорларын молайтып отыру.
  4. Әрбір сөз үнемі пайдаланып, қайталанып отыруы тиіс.
  5. Қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға дағдыландыру арқылы дұрыс сөйлеуге үйрету.

Әрине, бұл талаптарды орындау үшін  әр сабақ  қызықты құрылып, әр кезеңі әдістемелік талапқа сай жүргізілуі тиіс. Тіл үйрену баланың ойлау қабілетімен тығыз байланысты болғандықтан олардың ойлау дағдысын жан – жақты дамытып, кеңейтіп отыру қажет. Балалардың сөздік қорын молайту жөнінде, оларды дұрыс сөйлеуге үйрету жолында өз іс – тәжірибеме сүйеніп мынандай тәсілдерді қолданамын.

  1. Сөздікпен жұмыс (әңгімелеу, салыстыру,қайталау, сұрақ – жауап, суретпен жұмыс);
  2. Көрнекі құралдар қолдану (сурет, ойыншық, бейнефильм, слайд т.б.);
  3. Ойын (дидактикалық, саусақ, ұлттық, қимылды, сөздік, сюжетті рөлдік т.б.).

Балалармен ойнайтын жер ойынның мазмұнына, құрамына, сюжетіне, ойнаушылардың санына сәйкес келуі керек. Сонымен қатар қауіпсіздік, балаларға ыңғайлы, гигиеналық талаптарға сай, бөгде адамдар кедергі жасамайтын жерде болған жөн. Ойын балалардың жас ерекшеліктеріне сай жабдықталуы тиіс. Ойын түрлерін сабақтың әр кездерінде, тақырыбына қарай мұғалім өзі таңдап алып, қолданып отырады. Ойын түрлері сабақты қызықты өткізуге, балалардың сабаққа ынтамен қатысуына, өз бетімен жұмыс істеуіне жол ашады. Сонымен қатар баланың ойлау қабілеті мен сөдік қорын дамытуға, қиындықты жеңуге, төзімділікке баулиды.

Балалардың логикалық ақыл – ойын, эмоциялық еркін, зейінін, ынтасын дидактикалық ойындар арқылы арттыру барысында ойындарды түрлендіріп, күрделендіріп отыруға болады. Ойынның  әр түрінде уақыт саналы түрде бөлінуі қажет. Бұл сабақтың тартымды, қызықты болуының шарты, әрі бала ондай сабақ зейін қоя тез ұғып алады. Дидактикалық ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндетті шешеді.

Ойын.

Мақсаты: Бағдарламада алған білімдерін қалыптастыру, тиянақтау, пысықтау.

Міндеті: Баланың қызығушылығын ояту, белсенділігін арттыру.

Дидактикалық ойындар – балалардың білімдерін арттырудың құралы. Бұл ойын байқампаздық, елестету, есте сақтау, сөйлеу, ойлау қабілеттерін дамытады. Дидактикалық ойын екі түрлі мақсатпен қолданады: танымдық мақсатта. Екіншісі ойын ойнау мақсатында. Мұғалім өзі де ойынға қатысады, балаға үйретеді. Сабақта ойындарды қолданудың түрлі жолдары бар:

  1. Сабақтың басында: Өткен сабақты еске түсіру.
  2. Сабақтың ортасында: Көңіл күйін сергітеді, ерік жігерін дамытады, сабаққа ынтасын арттырады.
  3. Сабақтың соңында: Тақырыптарды бекіту сабақта алған білімді жинақтау мақсатын көздейді.

Сабақтың басында «Аудармашы» ойынын ойнауға болады. Бұл ойында балалар өткен тақырыптағы сөздерді еске түсіреді және  үш тілдік компонентті пайдаланып айтады.  Сабақ  барысында балалармен мынандай «Не артық?», «Бинго», «Суреттер сөйлейді», «Бағдаршам», «Не жоқ?», «Көкөністер мен жемістер», «Дауысынан таны» т.б. көптеген  дидактикалық ойындарды ойнаймыз.

Ойын арқылы сабақ өткіземін деп арсылы – гүрсілі жүгірткізіп немесе оқуға қатысы жоқ ойындарды ойнату керек деп түсінбеу керек.

Сабақ үстінде өтетін ойындарды жүргізу түрлері:

  1. Қосарланған;
  2. Жеке;
  3. Топтық;
  4. Ұжымдық.

Ұжымға, топқа бөлген кезде әдеп сақтау, балалардың бір – біріне тартымдылықтарын, симпатияларын, жаратпаушылықтарын ескеру қажет. Балалардың ойнау тәжірибелерінде топтарға бөлу кезінде жеребе, санамақ сияқты демократиялық тәсілдер бар. Мысалы:

Алма кетті домалап,

Көше бойын жағалап.

Кім алманы табады,

Сол ойыннан шығады.

Саусақ ойыны – бұл ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан, әрі үлкен мәні бар мәдени шығармашылық. Дәстүрлі емес технологиясын пайдалана отырып жасалған саусақ ойыны баланың сөйлеуге деген талпынысын, қабілетін дамытып, ынтасын арттырады және шығармашылық әрекетіне жол ашады. Адамның бас миында саусақ қимылына және сөйлеуге жауап беретін орталықтар өте жақын орналасқан. Ұсақ маторикаға әсер ете және белсендіре отырып, көрші орналасқан сөйлеуге жауап беретін орталықты да дамыта аламыз.

Саусақ ойындарының нәтижесінде:

  1. Баланың тілі жетіледі;
  2. Қимыл – қозғалысы артады;
  3. Икемділігі артады;
  4. Қисынды ойлауы дамиды;
  5. Танымдық деңгейі дамиды.

Саусақ ойынын балабақшада және үй жағдайында әсерлі, көңілді түрде ұйымдастыруға болады. Алдымен саусақ ойынын балаларға түсіндіріп, әр қимылды көрсету керек. М: «Отбасы»

Бас бармақ – әкем,

Балан үйрек – анам,

Ортан терек – ағам,

Шылдыр шүмек – сен,

Титтей бөбек – мен.

Бір үйде біз нешеуміз?

Бір үйде біз бесеуміз.

Сабақ барысында «Құлып», «Ешкі», «Добым», «Қазым», «Мысық» т.б саусақ ойындарын ойнауға болады.

Ұлттық ойын – арқылы балалардың өз салт дәстүріне, әдет – ғұрпына деген сүйіспеншілігі артады. Сондықтан мен өз сабақтарымда мынандай ұлттық ойын түрлерін ойнатамын. «Ханталапай», «Тақия тастамақ», «Асық» т.б.

Рөлдік ойындар – тіл дамыту құралы. Бұл тілді  үйрену процесіндегі ең белсенді әдістемелік тәсілдерінің бірі. Оны тиімді қолдана білген ұстаз балаларға білім мен тәрбие беруде табысқа жетеді, сол арқылы балалардың бойында ойын өзгеге өз бетінше жеткізу қабілеті мен дағдысын қалыптастыруға, монолог түоіндегі ойын дамытуға, диалог қарым – қатынас негізіндегі сөйлеу тілін бағыттауға ықпал етеді. Рөлдік ойындар баланы үлкендермен, құрдастарымен нағыз қарым – қатынасқа үйретеді.

Сөдік ойыны – бұл ойынды ойнаған кезде балалардың ойлау қабілеттері артады. Сонымен қатар олар екі тілді меңгереді. Сөздерді қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға аударуға үйренеді.

Қазақша – орысша

Дос – друг,          Жол – дорога,      Ақ – белый,       Қыз – девушка,

Шеңбер – круг.   Сиыр – корова.    Тұтас – целый.   Ата – дедушка.

Орысша – қазақша

Мать – ана,             Много – көп,         Мяч – доп,            Смех – күлкі

Ребенок – бала.      Трава – шөп.          Группа – топ.      Лиса – түлкі.

Ойын формасында жүретін сабақ белгілі бір ережелерге бағынады:

  1. Алдын ала дайындалу;
  2. Ойын заттарының болуы. Көрнекі құралдар, жиһаздардың орнын ауыстырып қою,техникалық оқыту құралдарын пайдалану ойын нақты жағдайда болғандай әсер қалдырады.
  3. Міндетті түрде ойын қорытындысын жариялау.
  4. Балалардың зейінін аудару үшін өлең айту, секіру тәрізді сәттерді ойынға еңгізу.

Ойын мұғалім мен бала арасындағы қарым – қатынасты нығайтып, пәнге деген қызығушылықтарын арттырады. Бала бойындағы жағымсыз қылықтарды ойын арқылы тәрбиелеуге мүмкіндік туады.

Қорыта келгенде, мен өз тәжірибемде ойындар арқылы балаларды қызықтыра отырып, сөздерді оңай үйретуге болатынына көзім жетті. Ойынның нәтижесінде баланың бойында ойлау, тапқырлық, шыдамдылық, белсенділік, ұйымдастырушылық қасиеттері қалыптасады.