Құрбан айт – барша мұсылманның ұлық мейрамы!


Әлемдік деңгейде мәртебесі биік діни мереке саналатын Құрбан айт барша мұсылман қауымына ортақ ұлық мейрам.  Ертең  сол қасиетті мерекенің бірінші күні. Осы орайда  барлықтарымызға Құрбан айт мүбарак болсын, дей отырып, ғасырлар бойы халқымыздың ұлықтап келген мейрамы жайындағы ұстанымдарына тоқталып өтуді жөн көрдік.

  Тәуелсіздік алған уақыттан бергі кезеңде еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағынан жаңғыруымен бірге, рухани және мәдени өреміз де көтеріліп келеді. Құдайға шүкір,  халықтың талап-тілегі, Елбасының ұлттық мерекелердің мәртебесін көтеру бастамасының арқасында  Құрбан айт мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін болды. Яғни, 2005 жылғы 28 желтоқсанда Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдап, соған сәйкес Құрбан айт пен Рождество мерекесінің бірінші күні елімізде демалыс күндері болып жарияланды. Тарихи құжаттардан белгілі болып отырған деректерге жүгінсек, 1926 жылға дейін Ораза айт 3 күн, Құрбан айт 3 күн, Наурыз 1 күн ресми мереке ретінде тойланып келген. Оған негіз 1921 жылғы 5 наурызда Орынбор қаласында өткен Қазақстан Автономиялы Республикасы Орталық атқару комитеті Төралқасының «Мұсылмандар мерекесі» туралы қабылдаған шешімі. Оған C.Меңдешев төрағалық жасаса, Алаш арыстары А.Байтұрсынұлы пен Ә.Бөкейхандар Төралқа мәжілісіне қатысқан екен. Енді мінеки, 1926 жылдан күштеп тоқтатылған мұсылмандар мерекесіне ресми мәртебе беріліп, тарихи әділеттілік қайта орнығып, қасиетті мерекемен еліміз қауышты.  Сол үшін біз мың мәрте Аллаһ Тағалаға шүкіршілік айтуымыз керек.
Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаһқа жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады. Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Мына кең байтақ ғаламды жаратқан құдіретті Аллаһ жер бетіндегі саналы пенделерін бекерге жаратпаған. Олардың қоғам құрып, дұрыс өмір сүруі үшін тура жол көрсетіп дін жіберген. Қасиетті кітабы Құранда «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» (Зариат сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады. Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ол күні Аллаһ разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын күн. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқиды. Дүйім мұсылман баласы пайғамбарлардың ісін қайта жаңғыртып, Аллаһ жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады.

Ал құрбандық шалу төмендегідей төрт шартқа ие жандарға уәжіп болады: Мұсылман болуы, ақылды және балиғат жасына толуы, Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы және  негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы. Нисап мөлшері- 85 грамм алтын яки соның құнына тең келетін ақша. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен, жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат етілген. Аллаһ тағала былай дейді: «Әрі барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген пайдаларын көрсін. Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!» (Хаж сүресі, 27-28). Байқасақ, аятта құрбандыққа шалынатын малдың Аллаһтан берілген несібе екендігі айтылуда. Айт күндері құрбан шалу – ғибадат. Ал құрбандық шалудағы ең маңызды жайт оны – Аллаһқа арнап сою. Ниеттің адалдығы жай ғана істің өзін ғибадатқа айналдырады. Құрбандыққа шалынған мал – Жаратушының берген ризығы болғандықтан, етін сол  отбасы мүшелерімен қоса кедей-кепшіктер де жейді. Күнделікті өмірде жағдайы тым нашар адамдардың бар екенін ұмытпаған жөн. Бір күндік өміріне талшық етерлік ас таппай жүрген жандар да жоқ емес. Сондықтан мұсылман ғалымдарының айтуынша, шалынған құрбанның етінен жеу – мұстахап, мұқтаж жандарға үлестіру- уәжіп. )«Құрбан айт» кітапшасы, 2007ж.(

Сахабалардың айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) құрбандық шалуға жағдайы жоқ адамдардың атынан да мал сойған. Сондықтан да жағдайы бар мүминдер ардақты пайғамбарымыздың ұмыт болып бара жатқан осы бір сүннетіне қайта жан бітіруге  тырысқаны жөн.

Құрбандық шалу – мүмкіндігі бар барлық адамға уәжіп. Ислам дінінде әйел экономикалық тұрғыдан дербес, өзіндік жауапкершілік иесі болып саналады. Сол себепті егер әйелдің меншіктік құқы, өзіне ғана тиесілі байлығы нисап мөлшерінен асса, әйелдің жеке өзі құрбандық шалуы да уәжіп. Құрбан шалуға жағдайы жоқ кісілерге жасалған және бір жеңілдік, ол – айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Себебі бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі.

 

Енді құрбандыққа шалынатын мал турасында.

Кез-келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Ал, үйрек, қаз, тауық, күркетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады. Өйткені мұнда мәжусиларға (отқа табынушылар) еліктеушіліктің нышандары бар. Қой, ешкі, сиыр және түйенің еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса, құрбандыққа жарамды. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Дегенмен негізгі мақсат – Аллаһ тағаланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаһқа жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаһқа деген құрмет» (Хаж сүресі 37).

Құрбандық шалған кезде көптеген жайттарға назар аударады. Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу, құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апару, құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу. Төменде келтірілген аяттарды мал бауыздалмай тұрып оқыған абзал: «Жүзімді мені керітартпа діндерден алыстатып, көктерді және жерді жаратқан әлемдердің раббысына бағыттадым» (Әнғам сүресі, 6/79).«Былай де: «Менің намазым да, түрлі ғибадаттарым да, өмірім мен өлімім де үнемі әлемдердің раббысы Аллаһқа тән. Оның серігі жоқ. Маған айтылған бұйрық осы. Оған алғашқы болып бас иген де менмін» (Әнам сүресі, 6/162-163). Осы аяттар оқылғаннан кейін немесе бұл аяттар мен дұғаларды білмесе «Иә, Аллаһ тағалам, досың Ибраһим, сүйіктің Мұхаммедтен (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) қабыл алғаныңдай, менен де қабыл ала гөр!» деп, яки осыған ұқсас дұға оқуға болады. Кейіннен «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһаиллаллаһ» деп айтылады. Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс. Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп қосса айтқаны жөн. (Малды бауыздайтын кісі бауыздарда біле тұра әдейі  «бисмиллаһ»  деп айтпаса Ханафи мәзхабы бойынша ол малдың еті желінбейді). Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды. Малдың қаны толық ағып біткенше күтіледі. Құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек. Малдың қан-жынын ашық-шашық далаға қалдырмай, көміп тастаған жөн. Бұл – құрбандық малына әрі құрбан құлшылығына деген құрметтің белгісі.

Ғибадат Аллаһ тағала талап еткен, белгіленген мезгілде және орында жасалуы шарт. Сондықтан құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уақытта бауыздалғаны жөн. Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді. Құрбан айтқа арнап алынған мал құрбан айтта бауыздалмаса, малдың өзін садақа ретінде атау қажет.  Өзі себептерге байланысты құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады.

Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату- мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және отбасында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер» (Хаж, 22/28).

Айт күні мұсылмандар жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахап (жақсы амалдарға жатады). Намаздан кейін мал сойылып таратылады. Көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын!» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, Айтта бір-бірін кешірген жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, шамалары келсе көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап, Айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйласымдықтарын  барынша  арттырады.

Иман – әділетті, мейірімді, берекелі қоғамның ұйытқысы. Сондықтан біз ұлық мерекемізді  насихаттауға, құрбандық шалу дәстүрімізді жандандыруға, қоғамда қайырымдылық шараларының көптеп ұйымдастырылуына анағұрлым көбірек мұқтажбыз. Жеке адам тұрғысынан ғана емес, отбасылық, әлеуметтік, экономикалық, тіпті бұ дүние мен о дүниенің игілігіне бөлену тұрғысынан да құрбандық шалу ислам дініндегі міндет екенін әрбір мұсылман баласы санасына сіңіргені жөн.

 

http://www.inform.kz/kaz/article/2215649

Метки:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *