Ескерткіштер тарихтан сыр шертеді


Толғанай Косакова

№67 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі 

Алматы қаласы, Алмалы ауданы

18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні. Бұл мереке алғаш рет 1984 жылы атап өтілді. 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған  Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі Кеңес Ассамблеясы осынау атаулы күнді бекіткен болатын. Осы айтулы күнге орай, Еліміздің тұңғыш президенті – Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  ұлттық бағдарламасын негізге ала отырып, Алматы қаласы, Алмалы ауданының «Ардагерлер» кеңесінің ұйымдастыруымен « Мәңгі есте!» атты іс-шара өтті.

Айтулы іс-шараға аудан көлеміндегі білім беру ұйымдары: мектептер мен орта және жоғары білім беру мекемелері қатысты. Бұл күні ауданымыздағы әрбір ескерткіш алдында салтанатты жиын өткізілді. Іс-шараға Алмалы ауданындағы №67 мектеп директоры  тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.С. Найзабекова, 7 «Ә» сынып оқушылары мен сынып жетекшісі Т.Ә. Косакова  Алматы қаласындағы М.О. Әуезов атындағы ұлттық драма театрының алдында қойылған қазақ тарихы мен әдебиетінде болған ұлы тұлғалардың бірі және бірегейі, кемеңгер ойшылы, ұлы жазушы М.О. Әуезов ескерткішіне барып, атаулы іс-шарадан тыс қалмай, атсалыса қатысып қайтты.

Онда оқушылар мен келген қала қонақтарына «Тарихи мәдени ескерткіштердің – ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері болып табылатындығы, ескерткіштер әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес сол елдің өткені мен бүгінін саралайтын, сол арқылы келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызы зор» екендігі айтылды.

Сонымен қоса, М.О. Әуезовтің өмір жолы мен жазушылық қызметінен, шығармашылығынан мәләметтер беріліп, тарихи бейнесі көрсетілді. Әлем таныған Әуезовтің ұлылығын дәріптей отырып, өмір жолында қандай істер атқарғандығы, жазушының әлемдік мәдениетке қосқан үлесі туралы айтылды. Әуезовтей кемеңгер тұлғадан тәлім ала отырып саналы, ұлтжанды, елге қызмет етер тұлға қалыптастыру насихатталды. Оқушылар М.О. Әуеовтің өмір жолы, шығармашылығы мен алған атақ даңқтары, орден, медальдары, жазушы аты берілген көшелер мен мәдени орындар туралы, ұлы адамдардың айтқан естеліктері туралы өз білімдерімен бөлісті.

Іс шара соңында, Алматы қаласы, Алмалы ауданының «Ардагерлер» кеңесінің мүшесі Б.С. Курманалиева  мен Алмалы ауданының мәдениет басқармасының «БАҚ пен ұлтаралық байланыс» бөлімінің мүшесі Л.В. Ермилова сөз сөйлеп, оқушыларға іс-шараға қосқан үлестеріне ризашылықтарын білдіре отырып сыйлықтар,  №67 мектеп ұжымы мен басшылығына «Алғыс хат» берілді. Ескерткіш алдына гүл шоқтары қойылып, естелікке суретке түсірілді.

Еліміздің тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаевтің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтқанындай, біз атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерін келешек ұрпаққа  өз өмірлерінің «темірқазығы» ретінде үлгі тұтуға, ұлы бабаларымыздың есімдерін мақтан етуге ұстаз ретінде баулуымыз керек.