«Мұхтар Әуезов шығармаларын заманауи талаптарға сай оқытудың әдіс-тәсілдері» баяндама


Саурбаева Салтанат Беркутовна

КМҚМ Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі оқытылуы қазақ тіліндегі бөлім меңгерушісі,  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы

Заманымыздың заңғар жазушысы, қазақ әдебиеті  мен мәдениетінің ХХ ғасырдағы биік шыңы – ұлы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің артында қалған ұлан ғайыр мұрасын зерделеп, ой елегінен өткізу үшін де әр дәуірдің, әр ұрпақтың өз айтар сөзі, таным-түсінігі болатыны сөзсіз.

Жазушысы, ұлы педагог Мұхтар Әуезовтің оқу және тәрбие туралы пікірлері ағарту салалары жөніндегі көптеген ғылыми мақалалары мен сөйлеген сөздерінде, публицистикаларында, әсіресе көркем шығармасында жарқын көрініс тапқан. Ол бұл жағынан алғашқы ағартушы-демократтар Ш.Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А.Құнанбаевтардың тікелей мұрагері, солардың ісін жалғастырушы, үлгі-өнеге тұтушы. Ағарту  ісіндегі   негізгі мақсаты –  халыққа қызмет ететін білікті, білімді азамат тәрбиелеу, олардың неғұрлым жан-жақты дамуына көңіл бөлу еді.

«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім»  деген М. Әуезов  жастар тәрбиесіндегі мұғалімдердің алатын орны туралы жүйелі пікірлері ерекше назар аудартады. Оқытушылар, М. Әуезов ойынша, заман талабын дұрыс түсінген, адамзаттың өткен тарихындағы барлық мәртебелі де, игілікті істердің жалғастырушылары болуы шарт. Олардың идеялық шыңдалуы, аса жоғары жауапкершілік сезіммен қатар ізгілік, интелектілік, моральдық тазалығын, өзін-өзі ұстау, байыптылық, білімнің түрлі саласынан хабардар болу,  шәкірт  психологиясын терең білу, педагогтік  техниканы  жете меңгеру, оптимизм т.б. жеке қасиеттерді бойына дарытуы қажет дейді.  Ол өз оқулықтары мен бағдарламаларында, оқыту ісі жөніндегі мақалаларында мұғалімдерден әрбір сабағын ұқыпты ойластырып, білім беру мен тәрбиелеу тәсілін жетілдіре беруді, шәкірттердің ақыл-ой дамуын адамгершілік қасиетпен тығыз байланыстырып отыруды талап етті.

М. Әуезов өзінің көптеген ғылыми мақалаларында, сөйлеген сөздерінде мектепке нәтижелі жұмыс жасауы үшін оқытушының бойында білім мен біліктен басқа, педагогикалық қызметке деген табиғи бейімділік, зор  талап, терең талғам мен ұғымдылық, ынталылық қажет екендігін ескертіп отырды. Өйткені оқытушы өзінің жұмысына селқос қараса, шәкірттерді шын жүрегімен сүймесе, ол жұмысы да ықылассыз болады.  Ал ықылассыздық пен енжарлық, дөрекілік пен менмендік бірімен-бірі жақын тұрған адамгершіліктің көмескі жақтары ғана емес, тәрбиенің де жауы.

Қазіргі таңда мемлекетіміздің дамыған елдердің стандарттарына деген ұмтылысы еліміздің жаңа сапалық деңгейге жылдам өту қажеттілігін туындатуда.   Бүгінде  педагогикалық жаңаша үрдістерде білім мен тәрбие беруде жаңашылдыққа талпынуды қажет етеді. Бұл – оқушыны ізденіске баулып, білімді өз ынтасы, өз еңбек – ізденістері арқылы қалыптастыруға жетелейді.

Балаға берілетін  білім мен тәрбие ең алдымен сөз арқылы жүзеге асырылады. Оқушылардың тілін дамыту  – барлық пән мұғалімдерінің барлығына тән бірыңғай талап. Дегенмен де баланы оң мен солын танып білуге үйрету, өмірдің талаптарына бейім болу, адамгершілігі мол азамат болуға жетелеу  мәселесі әдебиетшілерге көбірек жауапкершілікті талап етеді. Себебі, әдебиет – сөз өнері, адамтану құралы.  Ол – адамды нағыз азамат ететін, оның рухын шыңдайтын, жанына қолбасшы болатын ерекше ғылым, әрі ғажайып өнер. Әдебиетті оқыту көркем шығарманы оқудан басталады.  Балаға көркем туындыны оқытпай, әдебиеттен білім беру мүмкін нәрсе емес.  Және де оны оқушы жай оқып шықпай, одан алған әсерін өмірлік қажетілеріне пайдалана алуы шарт.

Оқушы бойында халықтың салт-дәстүрін қадірлейтін, елін сүйетін жан жақты жетілген, саналы намысқор патриот тұлға қалыптастыруда  М.Әуезов шығармаларының ықпалы зор.  Шынай өмірді дәл сол қалпында түсірген ұлы жазушының қай әңгімесін, повесін, романын оқысаң да,  еш жалықпайтын, қазақтың жалпақ тілімен әсерлі жазылған нағыз өмірді көре аласың. Олар әлем таныған «Абай жолынан» бастап, «Қараш-қараш оқиғасы», «Көксерек», «Жетім», «Оқыған азамат», «Қыр суреттері», «Үйлену», «Сөніп-жану», «Кім кінәлі?», «Ескілік көлеңкесінде» т.б. шығармалары.

Мектепте жазушы  М.Әуезовтің шағын жанрдағы  әңгімелерін оқытудан басталады.  Әңгіме көркем прозаның ең ықшамды түрі, бірақ жеңіл түрі емес. Оның қиындығы да сол ықшамдылығында, суреткер аз сөзге көп терең мағына сыйғызып, негізінен бір оқиғаны баяндау арқылы мол өмір шындығын ашып береді. Ал соны бүгінгі күн талабын ескере  оқыту ұстаздың міндеті.  Әрине мектеп бағдарламасына М.Әуезовтің барлық дерлік еңбегі енбегені анық. Дегенмен де, бағдарламада бар шығармаларымен оқушыны қызықтыра алсақ, басқа да көптеген әңгімелерімен оқып танысуға өздері-ақ құлшына кетеріне күмәнсіз қарау қажет деп білемін.

М. Әуезовтің «Көксерек» әңгімесінде  сөз жоқ, оқушыларды ең алдымен оның оқиға желісі қызықтырады. Әсіресе, бұл әңгіме ер балаларды ерекше елең еткізеді. Автор осы әңгімесінде адамдар әлемі мен қасқырлар әлемін қатар алып, адамдардың сол қасқырлардан да қатал екенін көрсетуі – әңгіменің басты мәселесі. Көксеректі жауыздыққа итермелеген  де сол адамдардан көрген жәбірі. Ал «Қараш-қараш оқиғасындағы»  негізгі кейіпкер Бақтығұлдың іс-әрекеті  ұрлыққа жатама? деген ой төңірегінде пікірталастыра отыра ойларын дәлелдету – оқушыны шығарманың мазмұны мен идеясына көз жүгіртуге, прблемаларды бүгінгі күнмен байланыстырып қарастыруға, ізденіске, өзіндік танымын ашуға, өз пікірін, көзқарасын білдіре алуға жетелейді.  Жалпы шығармалардағы  басты проблеманы оқушыға ұғындыруда мұғалім – әңгіме төңірегіндегі проблеммаға жетелеуші, ал оқушы – өз ой елегінен өткізе отыра соның шешуін табушы рөлін атқаруы тиіс. Бұл орайда қазіргі таңда білім беруде пайдаланылып жүрген оқытудың белсенді әдіс-тәсілдері, бірлескен топтық жұмыстардың өз пайдасы бар.    Бірлескен жұмыстар 5-6 баладан құралған шағын топтарда ұйымдастырылады. Топпен жұмыс сабақтың мазмұнын айқын ашуға мүмкіндік берді және де  барлық  балаларға еркін сөйлеуге жағдай туғызады.

Өз бетінше ізденісі мен жеке пайымдаулар жасауы ортақ пікір шығаруға мүмкіндік туғызады. Оқытуда қолданылатын Алты ойшыл қалпақ,   ДЖИГСО, «Айналмалы бекет», «Ашық сұхбат», «Жуан және жіңішке сұрақтар қою»  т.б.  белсенді әдістерді қолдануда әңгіменің зерттеушілік түрі басшылыққа алынады.

Осындай жұмыс кезінде олар  жазушы шығармасымен  танысады, мазмұнын топ ішінде талдайды, постер құрып, өзгелерге түсіндіреді, сұрақтар қояды.   Мұндай жұмыстар  оқытушы мен  білім алушы арасында тез тіл табысуға, бірлесе жұмыс жасауға, олардың тең дәрежеде араласуына, белсенділік танытуға ұмтылуға жағдайлар туғызады.

Жазушының «Жетім» әңгімесін талдау барысында кейіпкері Қасымның жетімдікке душар болғаннан кейінгі халінің суреттелуі бойынша мынадай тапсырмалар беруге болады: 1. М.Әуезовтің  «Жетім» әңгімесі мазмұнына коллаж жасау; 2. «Жетім көрсең, жебей жүр» тақырыбы бойынша коллаж жасау;  3. Әңгіменің мазмұнымен үндес шығармамен салыстыру;   т.б.

Бұл жұмыс бір-бірін тыңдауға ықпал етеді. Қателіктерін мойындап, сынды жақсы қабылдауды үйренеді, ең бастысы орташа деңгейдегі  балалар да өзінің жауапкершілігін танытып топқа тартылады.

Шығармаларды талдау  алдында  ой қозғауда «Ассоцияция», «Миға шабуыл», «Кластер» тәсілдерін қолданған тиімді. Бұл жаңа тақырыпты ашуға  қызықтыруға  ықпалын тигізді. «Венн диаграммасы», «Бір айналым сөйлесу»,  «Екі түрлі жазба күнделігі», «Бес жол өлең», «Түртіп алу», «Эссе», «Ыстық орындық», «Авторға сұрақ» т.б. көптеген сыни тұрғыдан ойлану стратегиялары өзіндік менменшілдікті ойлаудан аластатуға мүмкіндік береді, ойлау қабілетін дамытады, шығармашылықпен жұмыс жасауға жол ашады.   Бір проблеманың көпқырын тануға мүмкіндік берді. Ақпаратты өз бетінше меңгеруге жағдай жасайды. Сөз астарын, құдіретін түсінуге бағыттайды.

Шығармаларды талдау барысындағы тағы бір ерекшелік – бағалау.  Күнделікті жұмыста қолданып жүген 5 жүйелік бағалау  бала білімінің нақты қай деңгейде екенін байқатқанымен, басқа жағынан жақсаруына мүмкіндік бермейді. Ал бағалаудың жаңа тәсілдері   өзін және өзгені бағалауда үлкен жауапкершілік пен сенім артқызады. Бағалауда «Екі жұлдыз, «Бағдаршам», «Білдім, Үйрендім, Білгім келеді», «Бір сөзбен…»,  «Табыс баспалдағы», «Өз жауабын дәлелдеу», «Бес саусақ», «Сөйлемді аяқта»,  «Чемодан», «ет тартқыш»,  «қоқыс» жәшігі сияқты әдіс-тәсілдер бір-бірінің жұмыстарына баға беру, жалпы іс-әрекетке  кері байланыс жасатып, жұмыстың әлсіз тұстарын жақсартуға, оқытушы жұмысын реттей алуға септігін тигізеді.

Қорыта айтқанда, «Мен бір күншіл емес, менікі ертеңгі үшін» деп белгілі ғалым А.Байтұрсынов айтқандай, бүгінгі таңда оқушы бойына ұлылар қасиетін сіңіру,   шығармаларын бүгінгі күн талабымен оқытсақ, Әуезовтей зиялыларымыздың армандарының іске асқаны деп білу шарт.   Әуезов сөзімен айтқанда, «Іздессең – табарсың, алыссаң – аларсың».