«Оқытудың белсенді әдіс-тәсілдері» шығармашылық есеп

Саурбаева Салтанат Беркутовна

КМҚМ Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі оқытылуы қазақ тіліндегі бөлім меңгерушісі,  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы

Саурбаева Салтанат Беркутовна
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы
saurbaeva.saltanat@list.ru

Оқытудың белсенді әдіс-тәсілдері
«Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана шәкірт жанына нұр құя алады»
А.Байтұрсынов.
Бүгінгі күн – білім беру мазмұнына, педагог пен білім алушының тұлғасына және қызметіне деген көзқарастардың түбегейлі өзгеріске бет бұрып отырған кезең. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев өз сөзінде: «Біз қазір «білім-ғылым-инновация» атты үштік үстемдік құратын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз», – деген еді. Қазақстанның әлемдік үрдістерге кіруі, дамыған елдердің стандарттарына деген ұмтылысы білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігін арттыруда.
Білім – білікті елдің болашағы десек, бүгінде білім жүйесін жетілдіруде, педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыруда біраз шаруалар атқарылуда. Осындай істің бірі – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университетінің (Ұлыбритания) Білім беру факультетімен бірлесіп әзірлеген деңгейлі бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан курстар. Бұл курс педагогтардың кәсіби өсуіне, шеберліктерін шыңдауына жол ашып жатқан зор дүние.
Ұйымдастырылып жатқан осы курс ұстаздардың әдістемелік жұмысын реттеуге, қандай бағытта жүру керектігіне жол ашуда. Өйткені деңгейлі бағдарламаның 7 модулі, яғни сыни тұрғыдан ойлау, бірлескен топтық жұмыс жасау, диологтік оқыту т.б. студенттердің өздігінен білім алуға, теориялық білімдерін тәжірибе барысында қолдана білуге, кәсіби біліктілік қабілеттерін дамытуға, шығармашылық ізденіске жауапкершіліктерін арттыратынына көмектесетіні тәжірибеде байқатып отыр. Ал, оқытушыға тың өзгерістерден хабардар болу, кәсіби өсу мақсатында іздену, сабақта жаңа әдістер қолдану арқылы табысты оқуға қол жеткізуге болады. Оқыту үрдісіндегі дәстүрлі сабақтарды өзгертіп, сабақтың негізі оқытушы емес, студент болатындай жағдай жасайтын оқытудың дәстүрлі емес түрлеріне көшуіге ықпал тигізеді.
Бағдарламаның модульдерінің бірі – бірлескен топтық жұмыс. Студенттердің бірлескен жұмыстарын 5-6 студенттен құралған шағын топтарда ұйымдастырған жұмыс сабақтың мазмұнын айқын ашуға мүмкіндік берді және де топтың барлық мүшелеріне еркін сөйлеуге жағдай туғызады. Топтың бір-бірімен сәлемдесуі, аудиторияда психологиялық жағымды ахуал қалыптастыру мақсатында «Сағат тілі бойынша достар», «Көршім», «Шаттық шеңбері» т.б. тренингтерді қолданған тиімді. Мұндай жаттығулар студентттердің көңіл-күйлерін көтеруге, бір-бірімен шағын топта жақын, еркін қарым-қатынас жасауға пайдасы зор. Топқа біріктіруде өлең құрастыру, түрлі түсті фигуралар, конфеттер бойынша топтасу тәсілдерін түрлендіре отыра қолдануға болады.

Студенттердің өз бетінше ізденісі мен жеке пайымдаулар жасауы, өз пікірін, өз ойын айтуға бағытталған тапсырмалар оларға топтарда бірлесе жұмыс жасауға, ортақ пікір шығаруға мүмкіндік туғызады. Мұның бәрі бірден бола қоятын процес емес. Дегенмен, жүйелі жұмыс жүргізу нәтижесінде диологтік оқытудың да өз тиімділігін бар екеніне көз жеткізуге болады. Диалогтік оқуда ДЖИГСО, «Айналмалы бекет», «Ашық сұхбатты», «Жуан және жіңішке сұрақтар қою» т.б. әдістерді қолдана отыра, ұжымдық түсіну мен білім беруге қол жету аясындағы табысты талқылауларда әңгіменің зерттеушілік түрін басшылыққа алған жөн.
Осындай жұмыс кезінде студенттер дәріс мәтінімен танысады, топ ішінде талдайды, постер құрып, өзгелерге түсіндіреді, сұрақтар қояды. Оқытушы жұмысқа бағыттаушы ретінде бір-бірлеріне сұрақтар қоюдың түрткі болу, ой салу, сынақтан өткізу және қайта бағыттау сияқты әр түрлі техникаларына мән бере отыра ұйымдастырады. Топ ішінде белсенділік танытпайтын студенттерді көбірек жұмысқа тарту үшін «BLAB TREE» ағашы сияқты қызықты тәсілдерді пайдаланған да тиімді. Интербелсенді оқыту тәсілдері оқытушы мен студент арасында тез тіл табысуға, бірлесе жұмыс жасауға, студенттердің тең дәрежеде араласуын, үйрену процесінің басты қайғидалары ретінде өзін-өзі реттеуге, топ ішінде белсенділік танытуға ұмтылуға жағдайлар туғызады. Мұндай тәсілдер «қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» біліктілігі бойынша оқитын студенттер үшін диалогтік оқыту оларға жақын, әрі ең маңызды әдістердің бірі. Егер оқытушы сабақта диалогтік оқытуда әдіс-тәсілдерді жүйелі, орынды қолдана алса, онда студенттер өмірде де дұрыс пайдалана алады, өз ойларын еркін айтуға тырысады, көркем сөйлеу қабілеттері дамиды, ынтымақтастықпен бірлескен жұмыс болады, түрлі ойындар арқылы тілдесім құзыреттіліктері артады, шығармашылық қабілеттері дамиды. Мысалы, әдебиетті оқыту әдістемесі пәнінен «Оқушылардың тілін дамыту, ауызша тіл мәдениетіне баулу жолдары» атты тақырыбына дайындық ретінде алдын-ала үйге топтарға шығармашлық тапсырмалар берге болады: 1.М.Мақатаев «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы мазмұнына коллаж жасау; 2. «Әйел-ана» тақырыбы бойынша коллаж жасау; 3.Поэманың мазмұнымен үндес шығармамен салыстыру; 4. Поэмадағы қасиетті ұғымдар жайында әңгімелеу.

Диологтік оқудың тағы бір ерекшелігі студенттердің бірігіп шешім қабылдауына әсерін тигізетінін айтуға болады. «9 ромб» әдісі арқылы мұғалімдердің оқушылармен қарым-қатынасындағы маңызды, маңыздылығы төмен әрекетті орналастыру үшін, «Менің атым-Қожа» фильмінен сыныптағы мұғалім мен оқушылар арасындағы диалогті көрсетіп, сол негізінде өздерінің ойларын атуға мүмкіндік туғызуға тиімді. Бұл жұмыс студенттердің шешім қабылдауда бір-бірін тыңдауға ықпал етеді және де дұрыс шықпай жатқанда түзетулер айтуға, қателіктерін мойындап, сынды жақсы қабылдай алуға бағыттауға болады. Диалогтік оқу арқылы, тапсырмаларды бірлесе атқару кезінде орташа деңгейдегі студенттер де өзінің жауапкершілігін танытып топқа тартылады.
Диалогтік оқуда жұптық жұмыстар маңызды рөл атқарады.Тапсырманы оқып, орындап, көршісі екеуі бір-бірлеріне сұрақтар қоя отырып талдау барысында барлығы жұмыс жасауға талпынады. Бұл ретте «Суреттер сөйлейді» тәсілін падалануға болады. Суреттермен жұмыс жасау арқылы бір нәрсе туралы ойындағы негізгі қажеттіліктерін, біледі, білгендерін жұбымен бөліседі, ортаға салып талқылайды. Мысалы, «Бейнефильмдегі проблема тұсында ойлан, ойыңды жинақта, жұбыңмен бөліс, топта талқыла» деген тапсырма студенттердің диалогтік оқу жұмысын бақылауға көмектесті.
Оқытушының кәсіби мақсаты – оқытушы мен студент арасындағы қарым-қатынастың негізгі басты басымдығы гуманитарлық пәндер сабақтарында өскелең ұрпақты, шығармашыл, кәсіби маманды жоғары азаматтық көзқараста тәрбиелеу. Сабақтарда тапсырмалар дайындаған кезде сыни тұрғыдан ойлауға негізделген әдіс-тәсілдерді қолданған орынды. Өйткені сыни ойлаудың әр стратегиясының өзіндік ерекшеліктері бар.
Әдіс тәсілдерді оқытушылар студенттердің қабілетіне, қабылдау деңгейіне қарай іріктеп, қолданған дұрыс. Сыни тұрғыдан ойлау – «ойлау туралы ойлану». Ол маңызды мәселелерді талқылау және тәжірибені ой елегінен өткізуді қамтиды. Сын тұрғысынан ойлау әдісі – дәлелдер мен мәнмәтіндерді, тұжырымдар мен әдістер және критерийлерді қолдана білетін, нысаналы, өзін реттей алатын ой үдерісі. Сабақтарда ой қозғауда «Ассоцияция», «Миға шабуыл», «Кластер» стратегияларын қолданған тиімді. Бұл студенттердің жаңа тақырыпты ашуға қызықтыруға ықпалын тигізді. Сын тұрғысынан ойлау бағдарламасы диалог арқылы сыни тұрғыдан ойлауды дамытуды да көздейді. Студенттерді диалог пен талқылауға тарту белсенді жүргізген жағдайда олардың оқуы тиімдірек және зияткерлік жетістіктері жоғары болатынын тәжірибе байқатып отыр. «Венн диаграммасын», «Бір айналым сөйлесу», «Алты ойшыл қалпақ», «Екі түрлі жазба күнделігі», «Бес жол өлең», «Түртіп алу», «Эссе», «Ыстық орындық», «Авторға сұрақ» т.б. көптеген сыни тұрғыдан ойлану стратегиялары өзіндік менменшілдікті ойлаудан аластатуға мүмкіндік береді, студенттердің ойлау қабілетін дамытады, шығармашылықпен жұмыс жасауға жол ашады. Белсенділік, дербестік дамиды;сөздік қорлары, тілдері, ойлау қабілеттері артады; өзіндік әрекет жасауға үйренеді. Сондай-ақ, бір проблеманың көпқырын тануға мүмкіндік берді. Ақпаратты өз бетінше меңгеруге жағдай жасайды. Сөз астарын, құдіретін түсінуге бағыттайды.
Мысалы, «Менің атым Қожа» повесі кейіпкерлеріне мінездеме беру, талдау жұмысын жүргізуде «Суреттермен сөйлету» әдісі 4 топқа бөлінген студенттер түрлі-түсті қағаздардың көмегімен «Түбінде адам болатын бала» (Қожа), «Жаман азамат шықпас еді…», (Сұлтан), «Білімді мыңды жығар» (Жантас), «Мейірімді қыз» (Жанар) тақырыбында ой бөлісіп, постер жасатуға болады. Әр топ қызықты суреттермен безендірген постерлерін ортаға шығып қорғайды.
Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – «Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалаудың» өзіндік айырмашылығы. Жалпы білімді бағалау жайында педагогикалық тұрғыда түсінік барлық оқытушылардың ойында жүретін үлкен мәселе. Күнделікті жұмыста қолданып жүген 5 жүйелік бағалау студент білімінің нақты қай деңгейде екенін байқатқанымен, студенттің басқа жағынан жақсаруына мүмкіндік бермейді. Ал бағалаудың жаңа тәсілдері студентті өзін және өзгені бағалауда үлкен жауапкершілік пен сенім артқызады. Студент өз міндетін жақсы атқарудың жолдарын қарастыруға талпынады,қызығады, әділдікке үйренеді. Бағалау-оқытудың жүйелі және жопарлы жинақталған куәгері ретінді оның сапасы туралы қорытынды қабылдау үшін пайдаланатын әрекеттің кез келген түріне қатысты берілген категория оқытудың екі аспектісін қарастырады: оқытуды бағалау (сумативті бағалау) және оқыту үшін бағалау (формативті бағалау).
Формативті бағалаудың студенттің пәнге қызығушылығын арттыруда, сындарлы оқуын және түсінуін дамытуда маңызы зор. Себебі студент жұмыс істеуге ынталанып, мамандығына деген қызығушылығы арта түседі, мұғалімдік қызметтің қыр-сырын танып білуге деген ұмтылысы жоғарлайды. Студенттер бір-бірінің жұмыстарына шапалақпен, смайликпен, түрлі түстермен және «Жарайсың», «Сенеміз», «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деген ынталандырушы сөздермен қолдау жасайды. «Екі жұлдыз, бір ұсыныс» әдісі бойынша екі жақсы шыққан тұстарын айтып, бір сұрақ немесе ұсыныстар айтып баға беруге үйретеді. «Бағдаршам», «Білдім, Үйрендім, Білгім келеді», «Бір сөзбен…», «Табыс баспалдағы», «Өз жауабын дәлелдеу», «Бес саусақ», «Сөйлемді аяқта», «Чемодан», «ет тартқыш», «қоқыс» жәшігі сияқты әдіс-тәсілдер арқылы бір-бірінің жұмыстарына баға беру, жалпы іс-әрекетке кері байланыс жасатып, жұмыстың әлсіз тұстарын жақсартуға, оқытушы жұмысын реттей алуға септігін тигізеді.
Қорытындылай келе, бағдарлама негізінде берілетін теориялық білім оқуды жақсартуда бір қарағанда қарапайым болып көрінгенімен, практикалық тұрғыда оқытуға енгізілуі тиіс түйінді факторларға байланысты екенін түсінуге көмектеседі. Тәжірибеде жаңа инновациялық әдістерді ұтымды қолдану өзіндік бір жаңа идеяны үйлестіруге, оны жетілдіруге ықпал етеді. «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деген Абайдың cөзі педагогтің алға қойған мақсатын іске асыруға жол сілтейтіні сөзсіз. Білім берудегі жаңалықтардың негізгі пайымдауларын алдағы уақытта тәжірибеде жаңа идеялармен үйлестіру және де оны жетілдіріп, оқытудың белсенді әдіc – тәcілдерін меңгеріп, жақсы шыққан тұсын асыру – оқытушының кәсіби шеберлігін шыңдай түсуге ықпал етеді.