«Жазғы шабыт 2019»


Кемелхан Шаттық, Кемелхан Шаттық

№7 Е.Халықов атындағы жалпы орта  білім беретін мектеп оқушылары

Жетекші: Жумагалиева Кунзия Айткалиевна қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Ана- өмір шуағы

Ана деген ақ сүт беріп өсірген,

Ана деген- қасиетті жан өмір берген.

Ана- саған мейірімді, қамқоршы,

Біз де Оған сыйлайықшы мейір ерен!

Ана деген- ең бірінші жанашыр,

Қасымыздан табылатын пана шын.

Не болса да тайсалмайды баласы үшін,

Біз де Сізге қамқоршы боламыз.

Күн шуағын көремін келбетіңнен,

Сенен артық табам ба, жер бетінен?

Бар өмірін перзентіне арнаған,

Қуат алам бұл жалғанда бір өзіңнен.

Сен ұсынған таза жолмен жүрем де,

 Айымсың сен жарық берген түніме.

Күндіз Күнсің күлімдеген аспанда,

Жұлдызымсың көрік берген көгіме!

Жасай берші, ұзақ болсын өмірің,

Перзентіңе берік болсын сенімің.

Саулығыңды  тілеймін бір Алладан,

Ақ сүтіңді ақтай алсам, болды менің тілегім! 

Тәуелсіздік тұғыры

Тәуелсіздік- киелі ұғым, қасиеттің маржаны,

Сан ғасырлар ата-бабам арманы.

«Елім!», «Жерім!», «Отаным!», «Ұрпағым!», деп,

Бекер  емес жанды құрбан қылғаны.

Болған олар байтақ  елдің қорғаны,

Аманаттап тастап кеткен тауды, тасты, орманды.

Қанмен жазған аманатын бабаңның,

Жанымызбен түсіне алсақ болғаны.

Көгімде қыраным еркін қалықтаған,

Көңілімде жыр-әнім шарықтаған.

Тәуелсіздік бар кезде басымызда,

Бақытты боларымыз анық маған.

Білейікші қадірін бостандықтың,

Арайлансын әрдайым алдан ақ күн.

Нәсіп  етсін бір Аллам бірлікті берекелі,

Алыс қылсын ауылын араздықтың!

                                                            Мазмұны

I Кіріспе  Бейімбет, Мұхтар, Ғабит салған жолменен………………………..3-4

ІІ Зерттеу бөлімі

  1. Адамгершілік тақырыбы  ‑ Сайын шығармашылығының алтын діңгегі  ………………………………………………………………………………………………………4-5

2.Адамгершілік рух биіктігі – «Жусан иісіндегі» Аян бейнесі………………6-7

3. «Қылау» әңгімесіндегі ұл мен қыз арасындағы сыйластық…………….. 7-8

4. «Жабайы алма» повесіндегі ауыл балаларының адамгершілік келбеті………………………………………………………………………………………………8-12

III Қорытынды

                 Сайын Мұратбеков шығармашылығының өміршеңдігі……………………….12-13

                 Ұсыныс………………………………………………………………………………………..14

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ………………………………………………………15

Аннотация

Ғылыми жұмыстың мақсаты:

      Сайын Мұратбековтың адамгершілік шығармаларын оқып, түсіну арқылы тақырыбын ашып, кейіпкерлерінің жан дүниесіне үңіліп, оқушыларға үлгі ету

Ғылыми болжам:

   Жазушы шығармаларының балаларға лайықтысын іріктеп алып, жан‑жақты талдап, насихаттап, қазіргі жас буын өкілдерінің бойына адамгершілік нәрін себуге бола ма деген үміт;

Кезеңдері, зерттеу рәсімі:

  • Тақырып бойынша көркем әдебиет, интернет материалдарын, мақалаларды пайдаланып, көлемді жұмыс жинақтау;
  • материалдарды тақырыпқа сай зерделеу;
  • мазмұнына қарай жүйелеу;
  • жұмысты компьютерде теру.

Эксперименттік әдістемесі:

  • Сипаттау;
  • Салыстыру;
  • Түсіндіру;
  • Зерттеу;
  • Жинақтау;
  • Тақырыпқа сай талдау.

Зертттеудің жаңалығы мен дербестік дәрежесі:

     Жазушының шығармалары оқушының жас ерекшелегіне іріктелген, тақырыпты ашу үшін әңгіме‑повестерінен мысалдар келтіріле отырып дәлелденген, өзінше талдау жүргізілген;

Ғылыми жұмыстың нәтижесі:

  • Жас ерекшелгіне қарай жазушы шығармаларын іріктеймін;
  • Жазушының іріктелініп алынған шығармаларын тақырыптық жағынан жан‑жақты талдаймын;
  • Жазушы шығармаларының қазіргі өскелең жас ұрпақ үшін зор тәрбиелік мәні бар екенін ашамын.

           Нәтижелерді пратикалық қолдану салалары:

         С.Мұратбековтың тақырыптық ерекшеліктеріне қарай талданған шығармаларын сабақтар мен мектептегі апталықтар, сыныптан тыс оқу сағаттарында, сыныптан тыс оқу шараларында пайдаланып, осы арқылы оқушының жан дүниесіне әсер етіп, биік адамгершілікке тәрбиелеу.

Сайын туындылары – оқиға желісінің

 шыншылдығымен, тілінің көркем

өрнектілігімен, кейіпкерлерінің биік

адамгершілік қасиеттерімен бір сөзбен

айтқанда, табиғи нанымдылығымен

ерекшеленіп, оқырманын баурап

отырады. Қазақ ауылының қиын кезеңін

 шынайы бейнелеп, полотнолық ғажап

шығармалар жазған байыпты жазушы

Төлен Қаупынбайұлы.

                                                 Кіріспе

                Бейімбет,  Мұхтар,  Ғабит салған жолменен

Қазақ әдебиетінің көгілдір көкжиегінде самарқау қимыл мен жаяу жүрісті місе тұтпаған, өмір өріне омыраулап өрмелеп, «басқа шауып, төске өрлеген», өнер қиясына өзіндік соқпақ арқылы беттеген өзгеше мінезді, екпінді топ бар. Олар – шығармашылық шыңның биігіне мінген, қаламдарынан халық мүддесін көксеген шығармалар туындаған – Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сынды әдебиет саңлақтары. Міне, осы алқалы топтың өмірлері мағынаға толы, көңілдері арманға толы буын өкілінің бірі, әрі бірегейі – Сайын Мұратбеков. Балалық балдәурені соғыстың алапат тауқыметіне айырбасталған жазушы әдебиетке елуінші жылдардың соңы, алпысыншы жылдардың басында келді де, жаңа ырғақ , соны леппен өнер соқпағына түсе бастады.

Алдыңғы буын ағаларынан үлгі ала отырып, Сайын Мұратбеков қазақ әдебиетіне екпіні бөлек, өрнегі өзгеше туындылар алып келді. Өмір жырын шертуде оның үні сазды, әсерлі, суреткерлік бояуы анық. Шағын жанрда қайталанбас образдар жасап, өмір диалектикасының күрделі түйіндерін алуан характерлер арқылы айшықтап беру, яғни қазақ әңгімесіне үлкен әлеуметтік салмақ арттыру төл әдебиетімізге  Сайын Мұратбеков әкелген жаңалық сипат болса керек. “Менің қарындасымдағы” Әлиман, “Күсен-Күсекедегі” Күсеке, “Ескек желдегі” Рысжан, “Отау үйдегі” Ұзақ пен Тана, “Ананың арманындағы” әже, «Ұлтуғандағы» Ұлтуған, «Басында Үшқараныңдағы» Зағипа, «Жеңешедегі» Қамар, «Кәментоғайдағы» Кәмен, «Жусан иісіндегі» Аян, «Қылау» әңгімесіндегі Сатай мен Рәбиға, «Жабайы алма» повесіндегі Қанат образдары- жазушылық шеберлікпен қашалып сомдалған, жинақтау арқылы даралық танытатын көркем жасалған бейнелер.

  Өзіндік өрнекпен жаңа соқпақ үлгілері жазушының кез келген туындысында сайрап жатыр. Тіл тазалығы, ой тұнықтығы, өмір құбылысын зерделеп ұғуы, адам жанының нәзік иірімдерін дөп басып, дәл түйсінуі, сөйлем құрылысындағы жинақылық пен ой оралымдығы оқырманды баурап алып, өз тұңғиығына жетелеп әкететін қасиеті жазушы шеберлігін танытса керек.

 Сайын Мұратбековті ана тақырыптың немесе мына тақырыптың ғана шебері деп тамсану артықтау. Мұратбеков – ең алдымен, сезімнің нәзік пернесін әдемі шерте білетін кемел суреткер.

Жоғарыда айтылғандай, балалық шағы соғыс жылдарының ауыр күндеріне тап келген Сайын Мұратбеков көңіл таразысынан өткізген, алыста қалған балалық шағының жүрек сыздатар мұңды елесін жадында қайта жаңғыртып, көркем туынды етуі – оның шығармашылығындағы басты ерекшелік. Бір кездегі қазақ әңгімесінің туып, қалыптасуында алғашқы арнаны салып, көркемдік сапасының биік белеске көтерілуіне, ұлттық дәстүрді еуропалық үлгімен қиюластыра дамытуға айрықша еңбек еткен Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ. Мүсірепов дәстүрі 60-шы жылдары Сайын Мұратбеков шығармалары арқылы жалғасын тауып, оқырман жүрегінен орын тапты.

Сайын Мұратбековтің қырық  жылдан астам жазушылық жолында қаламынан туған шығармалары оның көркемдік ізденіс арналарын, қалыптасқан стильдік ерекшеліктерін даралайды. Ол – прозаның ықшам саласы – әңгіме жанрында бірыңғай қалам тербеп, қазақ әңгімесін бүгінгі даму сипатын танытар туындылар арқылы байытып, шағын жанрды көзге қомақты көрінетін роман мен повестің тасасынан шығару құбылысын жүзеге асырған сөз зергері.

                                                       ІІ Негізгі бөлім

  1. Адамгершілік тақырыбы – Сайын  шығармашылығының алтын діңгегі.

         Сайын Мұратбеков шығармаларын өмірдің сан алуан құбылыстарын табудан бастады. Бірақ соның ішінде адамгершілік тақырыбы- өз алдына бір төбе, бұған Сағат Әшімбаевтың «Сайын шығармаларының басты тақырыбы – адамгершілік, жан дүниесінің сұлулығы» деген сөздері дәлел бола алады. Сайын Мұратбеков прозасы- сол «алтын ғасыр» әдебиетінің саф таза, маржан мұрасы. Дегдар қаламгер жазғыштыққа салынбапты. Бар жазғаны 2 том. Көп те емес, аз да емес. Бірақ та осы екі томдағы қай шығармасына көз салып, көкейге түйсеңіз де, жазушы асықпаған, аптықпаған. Ақ парақ бетінде «төбе көрсеткен» кейіпкерлеріне адалдығын сақтаған. Сайын Мұратбеков әңгімелерінде кейіпкерлері қандай қиыншылықтарға, тағдырдың талқысына түссе де адамдық бейнесін, адамгершілік қасиетін жоғалтпауға, өмірге деген үмітін үзбеуге, көңіл шырағын сөндірмеуге тағдыр тауқыметіне мойымауға адалдық пен әділдікті баян етіп, адал жағын, таза ниетін бойында сақтап қалуға тырысады.

          Қаламгердің қай шығармасын алып қарасаңыз да, бей-жай қала алмайсыз. Көкейіңде сан мыңдаған сұрақтар туындап, сонда ол не, бұл не деп өзіңше жауап іздейсің. Олай болса, адамгершілік дегеніміз не? Осы сұрақтың төңірегінде ой өрбітіп көрелікші. Адамгершілік – бір‑ақ ауыз сөзбен түйіні шешілетін мәселе емес. Ол тұтас бір ұғым, яки ғылым десек, артық айтқанымыз емес шығар. 

           Адамгершілік қасиет дегенде адам бойындағы жекелеген  қасиеттер тізбектеліп тұра қалады. Оны толық түсіну үшін назарларыңызға төмендегі кестені ұсынамын:

Қайырымдылық
Кішіпейілділік
АДАМГЕР ШІЛІК ҚАСИЕТ
Қамқорлық
Сабырлылық
Жанашырлық
Үлкенге құрмет
Достық
Сүйіспеншілік (Отанға, туған жерге, ата‑анаға, т.б.)
Сыйластық
Уәдеге беріктік

 Ендеше, өздеріңіз көріп отырғандай, адамгершілік- адам бойындағы, болмысындағы, мінез‑құлқындағы барлық игі жақсы қасиеттер.

          2.Адамгершілік рух биіктігі – «Жусан иісіндегі» Аян бейнесі

        «Жусан иісі» ‑ Сайын Мұратбеков творчествосындағы үздік жетістіктерінің бірі болып табылады. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыртпалықты суреттейтін шығарма да, бала кейіпкер де оқырман көңіліне таныс, жүрегіне жақын. Бірақ бұл туынды олардың ешқайсысына да ұқсамайды. Оқиғаның өрбуі мен құрылымы да , логикалық ақыл‑ойдың дара сабақтасып дамуы да лирикалық шығарманың ішкі жан дүниесі де оқшау. Көз алдыңнан қара жолдың шаңын аспанға шығара, жарысып бара жатқан балалардың соңында аяғын сылтып басып, жете алмасына көзі жеткен кезде: «Әй, тоқтаңдаршы, бір қызық ертегі айтайын», ‑ деп соқпақ шетіне отыра кететін Аянның бейнесі кетпейді. Ғажайып қиялдарға беріліп, қызық‑қызық, неше түрлі ертегілерді ойдан шығарып, сонау майдандағы көкесін сағынған кезде оның күрткесін иіскеуі, күндіз ойнауға мұршасы келмей, түнде басқа баланың шанасымен сырғанақ тебуі тәрізді оның басқалардан ерекше әрекеті жүрегіңді шымырлатады. Аянның әрбір қимылына зер салып, елжірейсің.  Аян – ертегіші. Оның өзінің ақыл‑парасатына сай шағын әлемі бар. Рухани серігі – қиялы. Сол ұшқыр ойының жетегіне ілесіп, адамдармен, дүниеден ерте кеткен анасымен, майдандағы әкесімен сөйлеседі. Өзге құрбыларынан кішкене, бірақ өмір оны ерте есейткен. Тіпті оны жұбатуға келген балаларды өзінің қайсарлығымен таңдандырады. Әңгіменің соңында Аян қаладағы балалар үйіне аттанады. Өзі кетсе де, ауылдағы достарының көп нәрсеге деген көзқарасын өзгертіп, өшпес әсер қалдырды. Сондықтан да әңгімедегі басты қаһарманның: … «Тіпті, күні бүгінге дейін, содан бері содан бері талай ондаған жылдар өтсе де, кей күні түнде далаға шыға қалсам, қараңғыда бөрікше шошайған Ешкіөлмес шоқысы астында жалғыз көзді дәу ұйықтап жатқандай, соның қорқыраған демінен тау теңселіп тұрғандай көрінеді. Сол дәумен алысатын бала қайда екен деймін сол сәт… Шынында да бұл күнде Аян қайда екен? Тірі ме екен? Ондай бала тірі болуы тиіс. Ондай бала алдына қандай мұрат қойса да жетеді. Ал, тірі болса, «Жусанды төбеге» бір оралмауы қалай?! Жусанның иісін сағынбауы мүмкін емес қой?» деп түйіндеп, оқырманның өзіне сауал қойып, Аянның қалған өмірінің қалай сабақталатынын қиялдауға, көз алдыңа елестетуге меңзейді.

         «Жусан иісі» ‑ баланың майдандағы әкесінің күртесінің иісі. Жусан иісі – туған даласының иісі. Автор осы концепциямен Аянның адамгершілік рухының өрелігін, парасатты байсалдылығын, оның қиялы жай балалық қызығушылықтан туған ұшқыр ой емес, асқаралы мақсатпен астасқан арналы арман екендігін айқындайды. Ондай игі сезім балдәурен шақта жүрекке ізін салатындығын аңғартып, моральдық тазалықты оқиға арқылы қара сөзбен жырлайды. «Жусан иісі» әңгімесінің композициялық құрылымы, поэтикалық суреттелуі, лирикалық қоңыр әуені, кестелі тілі, сайып келгенде адамгершілік қасиеттерге ие кейіпкерлері аталмыш туындының поэзиялық сарынымен ұштастырып, жақындастырып тұр.

3.  «Қылау» әңгімесіндегі ұл мен қыз арасындағы  достық, сыйластық

         …Шырт ұйқының құшағында жатқан. Бас жағынан дарылдай сөйлеген әкесінің даусы оятып жіберді.  – Әй, Сатай, тұр, балам, барып шананы алып қайт, ‑ деді. Сатай көзін сығырайтты. Үйдің іші әлі қараңғы екен. Терезеден бұлыңғыр ғана жарық түсіп тұр, ‑ деп басталатын Сайын Мұратбековтың «Қылау» әңгімесі басты кейіпкер Сатайдың төңірегінде өрбиді[ 143-бет]. «Қылау» ‑ табиғаттың түлеуін, жеңіл ғана көмкерілген ақша қарды білдіреді. Ал, адамға қаратыла айтылғанда көңілдегі тазалықты, не жүрекке ерекше әсер қалдырған сезімді аңғартады. Шағын да  шырайлы, нәзік сезімге құрылған туынды осы бір сөздің екі ұғымының тоғысуын, яғни табиғаттың жаңаруымен Сатайдың ояна бастаған балғын сезімін, достық лебізін, пәк тілегін сыр ғып шертеді. Табиғат пен адам тағдырын астастыра бейнелеу – әдебиетте бесенеден белгілі тақырып. Дегенмен де, «Қылаудағы» шендестіру ерекшелігі өзгеше. Жазушы домбыраның бұрауын қоңыр әуенге келтіріп, Сатайдың бір күнгі сезімін қылаулаған қармен шендестіре суреттейді,өйткені Сатайдың  балғын сезімі- оның өміріндегі алғашқы құлпыруы, оның жүрегіне алғашқы із қалдырушы.

 … Дәл Тастөбенің көшесінен шыға берген жерде, жол шетінде бүрісіп

 Тұрған, қолында тырсия толған портфелі бар,өзі құралпы қызды көріп тоқтады.

      −  Қайда  барасың?

       − Бірлікке,- деді қыз.

       − Мен Қостөбеге барам. Айрық жолға дейін отырам десең отыр.

     Қыз шананың арт жағынан кеп тізерлей отырды. Тоңған болуы керек, бет- аузы көкпеңбек. Жұқа пальтосынан бүкіл өне бойының діріл қаққаны байқалады.

   −  Мә, ішікті жамылып отыр,- деп қойды Сатай. Әбден тоңыпсың ғой өзің.

    … Әлден уақытта бұрылып:

  • Не ғып жаяулап жүрсің, осындай суық күнде?- деп сұрады[ 147-бет ].

         Бірінші рет көріп тұрған бейтаныс қызға салған жерден аяушылық танытып, қамқорылық көрсетуі Сатай бойындағы адамгершілікті танытса керек. Зер салып оқыған кісіге, осы мейірім мен қамқорлық көрсетуінің астарында қызға деген балауса сезім де байқалғандай. Рәбиға да Сатайдың  жақсы бала екендігін байқамай қалған жоқ.

         Сатай баланың  адамгершілігіне қызығасың, өзіңнің сыныптас балалармен ойша салыстырасың да, оның  бойындағы биік жауапкершілікке,еңбексүйгіштікке тәнті боласың.

         Тіршіліктің шуақты көктемі, жайдары жазы, найзағай бораны, сүйініш-күйініші алда. Сатай мен Рәбиғаның алғаш бір-біріне тіл қатуы, ашық та бүкпесіз сұхбаты, таза ілтипаты, елегізулері табиғаттың сол кездегі қылаулаған қары іспеттес. Көңілдерінде  керім арпалыс та жоқ, бірақ бір қылаулаған  болмашы сезім пайда болғаны жасырын емес. Алгебра оқулығын Сатайға сыйлап тұрып : «Сөйтіп, ендігі жылы бірге оқимыз ба,.. байқа, класта қалып қойып жүрме»,- деп[ 152-бет ] Рәбиғаның күліп тұрып ескертуі арқылы автор олардың өмір жолында әлі талай жолығатынын, табысатынын, шынайы сыйластық , достық сезімге бөленетінін меңзейді. Ол кезде қос жеткіншектің  бұл шақ ең қызық дәурені болар, бәлкім, қылаулаған қылау сезім шындыққа айналар, оны уақыт көрсетер. Сондықтан да сол бір табиғаттың тамаша сәті  бір қалпынан таймады, тек қар қылаулап тұрды. С.Мұратбековың « Қылау» әңгімесі өмірдің мәні де, сәні де адамдар арасындағы шынайы сыйластықта жатқанын  айқын дәлелдегендей.

 « Жабайы алма » повесіндегі ауыл адамдарының адамгершілік келбеті

         Жазушының балғын балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа- тұс келгендігін  жоғарыда айтып өткенбіз.Бақытты балалық шағын алапат соғыс ұрлаған  жазушы есінде соғыстың салған дерті өшпестей, мәңгі қалған.

Әңгімелерінің  көпшілігі дерлік соғыс кезіндегі ауылдағы ауыр тұрмысты суреттейді, бірақ әр қайсысы өзінше өріліп, өзінше суреттеледі.Бәрі нанымды, көңілге қонымды. Әрқайсысы бір- бір әлем, бір-бір соны ізденіс. Алайда, сол ізденісті әңгіме жанрында көбірек танытса да, белгілі тақырыпқа қайта оралуда  повесть жанры арқылы қайта барлау жасайды.

 « Жабайы алма» повесі- дәл осыған мысал. Повесть көлемді жанр болғандықтан,  бұл көлемді туындысында  жазушы бұрынғысынан да көсіле шапқан сияқты.

   …Соғыс тауқыметіне тап болған қырдағы ел, ондағы адам тағдыры ию- қию өмір арпалысының  бір ғана ауылдағы көрінісі « Жабайы алма» повесінде терең филосфиялық ойға құрылған оралымдар , реалистік өмір шындығын дәл көрсететін деталь, штрихтар, уақыт психологиясы өзгерткен  характерлер арқылы жан- жақты суреттеледі. Онда әкеден айырылған бала, ұлынан айырылған ана, жардан айырылған жесір, сүйгенінен айырылған қалыңдық, бұғанасы қатпай ауыр еңбекке  араласқан  еріксіз ел қайғысын иығына көтерген  жасөспірім, бүлдіршін, жұмысқа жарамсыз халін ұмытқан қаусаған шал -кемпір бар- бәрі бар.[11-бет].

 Повесть  көлемді екі бөлімнен, бірнеше тақырыптан тұратын бөліктерден тұрады. Повестің көлемі едәуір болғандықтан, оқушы түсінігіне сәйкес келеді- ау деген тұстарына тоқталдым.

  Повестің бірінші бөлімі « Көкінай»  деген атаумен аталған бөліктен басталады.  Көкінай – иттің аты. Көкінай туралы елде аңыз көп. Ол ит- ешкімнің асыранды иті емес. Болған ,бірақ иесі майданға аттанғасын ешкімге көнбей, алып алма ағашының түбіндегі інді паналап, ол алма ағашына ешкімді жолатпайтын болған. Балалар  иттің күшіктегенін біліп,оны аяп, қолдарындағы талғажу қылатын  нандарын беріп, итті тамақтандырады.

  Күшігін алып асыраймын деген ойлары,итке жасаған қамқорлықтары еш кетеді. Араларындағы Сыпатай деген баланың шешесі Бүбітай деген әйел  «бір қазан сүтімді ішіп кетті» деп, күшіктер жатқан інді тып- типыл етіп көміп тастайды. Бұл балаларға қатты батады, «күшіктер өліп қалды- ау, Көкінай енді не істер екен, обал болды- ау!» деп қатты қиналып, Көкінайдың келуін күтеді. Күткен Көкінайлары ақыры келеді, ит те болса ана ғой, өлген күшіктерін көріп, қатты қиналады, жер тырнап, ұлиды. Сосын өлген  күшіктерін басқа жерге тасып, өзі де қарасын батырады. Балалар көпке дейін Көкінайды ойлап, қайғырып жүреді, күшіктерінің босқа өліп қалғандарына қиналады. Артынан Сыпатай алма алам деп жүргенде ағаштан құлап өледі. Шешесі жынданып кетеді. « Обалы жібермеді»  дейді бәрі.

  Жанды мақұлыққа деген балардың аяушылық сезімдері, қамқорлықтары, өздері ашқұрсақ жүрсе де қолдарындағы соңғы нандарын беріп, итке жан ашулары адамды бей- жай қалдырмайды. Соғыстың ауыр жылдарында бір көсек нанның қадірін қазіргі бейбіт заманда өмір сүріп жүрген  балалар білмеуіміз мүмкін, бірақ олар өздері жақсы біледі, бұл да болса  сол кездегі бала бойына себілген адамгершілік дәні екендігі сөзсіз.

         Соғыстың ауыр жылдарында барлығы  «Отан үшін», барлығы « Жеңіс үшін», «әкеміз соғыстан тезірек келсін» деп еңбектеген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін ауылда бел шешпей, азаннан қара кешке дейін қара жұмыс жасады.Астық жинады, шөп шапты,қолдарынан қандай іс келеді ,соның барлығын

жасады. Шаршаса да,болдырса да, ауырса да титығы жеткенше жүре берді. Сөзіміз дәлелді болу үшін мына бір үзіндіні келтірсек:

 … Неше айналым бау астық бастырғаным есімде жоқ. Кешкісін торы аттан тәлтіректеп түскенімде бойым бір-ақ тұтам боп қысқарып қалған сияқты көрінді. Тақымым , үзеңгі бау қажаған сирағым ду- ду ашиды. Басым айналып тұр. Көзімді жұмып жата кеткім келеді, бірақ  өйтуге болмайды, онда Байдалы мен басқа жұрттың алдында масқара болам ғой. Бар күшімді жинап, аяғымды барымша нықтап басып ауылға қарай бет алдым…[121-бет].

     Намыс, ар- ұят деген олар үшін ең жоғары орында тұр, не деген берік, не деген биік рух!

Ойға патриот ақын  Ж. Молдағалиевтың « Ар- ұят туралы» деген өлеңінің мына бір жолдары оралды.

  «Ажалдан әркім – ақ бір өлер,

  Ұяттан бір емес, күнде өлер,

  Ұят ол  өлімнен күшті» деп,

  Ұятқа ежелден түнеді ел.

  Осылай болды да, болады.

  Кеше де, бүгін де – әркезде.

 Осылай болды да, болады

 Адамда адамдық бар кезде.176-бет

   Үлкенді сыйлау, құрметтеу , жағдайсызға өзінде артылмай жатса да көмектесу шығарманың көп жерлеріне арқау болған.

Соғыс уақыты болса да оқитын жер салқын болса да мұғалім табылса, балалар оқудан қалмайтын , оларға мұғалімнің әрбір сөзі заң. Басты кейіпкер Қанаттың да сондай сабақтан келе жатқан уақыты, жолдағы балшық суға құлап, үсті малмандай болып үйге келеді,анасын көріп не істерге білмей жылап жібереді.Бір жағынан қорықты, бір жағынан ұялды.Анасының тігіп берген шалбары,  сырған шарығы лас болды ғой. Ақтала алмайды, анасы оны түсінді. Сабақта «үші» көбейіп кетсе де анасынан қысылады, сабаққа дайындалмағаны үшін де қысылады.  Қанаттың  бұл қылығы басқаға үлгі боларлықтай. Мұндай  жағымды қасиеттер басқа да кейіпкер бойынан  көптеп табылады.

         Үйлерінде  жарты қап астық болса, оның жартысын үлкен кісіге беру, жас балалары көп отбасына беріп көмектесу ол кездердегі адамдардың пейілінің кеңдігі болса керек.   …Мына Нұрсұлудың үйіне бағанағы астықтан бірер шелек  кіргізіп беріңіз. Балалары ашығып қалмасын.160- бет. Бұл- Қанаттың анасының сөзі.

         Балалар өз еріктерімен тауға отын шабуға барып, қолғабыстарын көрсетіп жатады. Қолдарын екі ете алмай жүрген үлкендерге бұл да аз көмек емес. Баланың берген бір көмегі- үлкендер үшін бір қуаныш.

         Бес саусақ бірдей емес, сол сияқты  Алла тағала адамды жаратқанда бір- біріне ұқсамайтын , әр түрлі қылып жаратқан. Сол соғыстың ауыр жылдарында үйінде қамқоршысы, бас көтерер азаматы жоқ отбасын басынатын, бастықтығын пайдаланып, тістерін батыратын жандайшаптар болғаны жасырын емес. Жас балаға, қыз- қырқындарға  әлімжеттік жасаған, алақандай кішкентай ауылда ақылсыз жандар адам жанын жаралаудан, зорлық, қорлық көрсетуден  тайынбаған.Осындай әділетсіздікті көріп өскен балалар ерте есейді, ерте ер жетті, өздеріне сабақ жинады, үлкендерше  шешім қабылдады, қиындықтан қашпады, қинала жүріп, жеңістің таңы ататына сеніп алға ұмтылды, олардың үміті алдамады. Ақыры сарыла күткен жеңіс көктемі де жетті-ау! «Сабыр түбі- сары алтын » деген- осы. Оны жазушы повестің соңында былайша жеткізеді.

         …Сол екі арада бір күні терістіктен лекілдеп жылы жел соғып берсін. Қар суының күлімсі иісі әлгі желмен аңқи жөнелсін. Леки соққан жел бір күннің ішінде- ақ сіресіп жатқан қарды тоз- тоз етіп сөгіп, шоқпыт киіздей іргелете түріп, сілікпесін шығарды. Тіпті шыдатар емес. Үлкендердің айтуынша, бұл молшылық болар жылы соғатын ескек жел еді.

   Ой, дүние-ай, сөйтіп, көктемге де жеттік- ау!

   Бұл- зарыға күткен жеңіс көктемі еді! [372-бет].

   Бұл  Сайын баланың  да зарыға күткен қуанышты көктемі еді. Кішкентай  Сайынның  тағдыры сол ауылдың көп балаларының  да тағдыры еді.

                                             ІІІ Қорытынды

                  С. Мұратбеков шығармаларының өміршеңдігі

    Әрбір жазушының жүрегіне жақын, өзі жақсы біліп, тамылжыта суреттейтін творчестволық әлемі болады. Сол арқылы айтар ойын өмірмен өзектестіре өріп, адамдардың жан дүниесінің құпиясын ашып, тиянақты тұжырым жасайды. Қаламгер шығармашылығы сан салалы. Ізденістің нәтижесіндегі жанрлық  барлаулар- ондағы нышандардың қылаң беруі кез келген өнер иесінің парасатты парызы. Дегенмен де, шынайы шығармалар  дарын табиғатымен астасып, бір көлге құйатын екі өзендей сабақтасып, жүректің қылын тербейді.

   Сайын Мұратбеков шығармаларының бояуын қоюлатпай, артық дыбыс қоспай, таза поэтикалық  дүние жазуды өзінің творчестволық мақсаты ретінде тұтынады. Сонымен қатар, философиялық терең тұжырым мен пайымды пікір де туындының салмағын арттырып, көркем дәрежесіне көтереді. Сайын шығармашылығының құндылығы шынайылығында. Шынайы, күл-білтесіз, қарапайым жазылған туындылар өзінің осы қаситтерімен өміршең.

   Түсінуі қиын шығармаларды кез келген қарапайым халық  оқи бермейді.Ал, жазушының қай әңгімесін оқыма, бастап оқи бастағаннан, « Соңы не болар екен?»-деп құныға, қызыға оқисың. Бұл- қарапайымдылықтың, шынайылықтың  құдіреті.

         Оқуға қызық, тілге жеңіл шығармалар Б.Майлин шығармаларына тән құбылыс болатын. Осы өрім Сайын шығармасынан жалғасын тапты. Жоғарыда азды- көпті талданған  « Жусан иісі», « Жабайы алма»,  «Қылау»  сияқты туындылар- қызыға да, құшырлана оқылатын, көкейге қона кететін рухани қазына. Кейіпкерлері де сондай қарапайым, жүрегі таза, өмірге құштар, бір сөзді, сезімтал, ақ көңіл, еңбексүйгіш адамдар. Сайын кейіпкерлері –Аян, Қанат, Сатай, Рәбиға, Қанаттың апасы- Нәзира қандай қиыншылықтарға, тағдырдың қандай талқысына түссе де, адамдық бейнесін, адамгершілік қасиетін жоғалтпауға, өмірден түңілмеуге, тағдырдың салған тауқыметіне мойымауға, әділдік пен адалдықты өміріне ту етіп, адал жанын, шынайы ниетін сақтап қалуға тырысатын жандар. Мұндай  шығармаларды дүниеге әкелген Сайын атамыздың адами келбетін Халық жазушысы Шерхан Мұртаза былайша өрнектейді: «Зергер сөздің шебері жазушы Сайын Мұратбеков- өмірдің болмысын шынайы бейнелейтін таңғы шықтай мөлдір шығармалары арқылы, оқырмандардың жан жүрегін жаулап, ықылас-құрметіне бөленген сирек дарын иесі.Сайын біздің ұлттық құндылығымыз, оның шығармаларының ғұмыры ұзақ. Бүгін болмаса, ертең ұлтына қарамай- ақ оқырманымен ажырамастай табысатыны мәлім.» Олай болса, біз де Шерхан атамыздың сөзіне толықтай қосыла отырып, Сайын жазушының шығармашылығы үздіктер қатарында қазақ топырағында, қалаберді бүкіл сайын далада шашасына шаң жұқпай ілгері ұрпақпен бірге тарта беретініне және жазушының қызық шығармаларын қызыға оқитын оқырмандары алдағы уақытта  көбеймесе, азаймайтынына кәміл сенеміз. Көңілім жырға толды: 

Мен де жазам шабыттанып,

Өзіңізден қуат алып, тамсанып.

Әңгімеңіз көңіліме ой салды,

Көркем сөзді түсіндім бе байсалды?

Ұсыныс

  1. С.Мұратбеков шығармаларын іріктеліп, балаларға арналған туындылары  жеке  кітап етіп шығарылса;
  2. Киноға лайықталып жазылған шығармалары, киноповестері жинақталып, драмалуға лайықтап шығарылсаса ( мектеп сахнасына қоюға тілі жаттауға жеңіл және тәрбиелік мәні жоғары);
  3. Сыныптан тыс оқу материалдарына әр сынып үшін лайықталып  дайындалса.

  Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Сайын Мұратбеков  1-том. «Жазушы» баспасы- 1991 ж
  • Сайын Мұратбеков  2-том  «Жазушы» баспасы-1991 ж
  •  Интернет материалдары

4. «Әдебиет» оқулығы   5-6-7-сыныптар