Баяндама «Білім беру жүйесінде заманауи технологияларды пайдалану»


Жамухамбетова Гульжан Сейтжановна

Ақмола облысы Көкшетау қаласы «№ 12 орта мектебі»КММ бастауыш сынып мұғалімі

         Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8 – бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық коммуникациялық желілерге шығу, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау»[1]

– деп атап көрсеткендей, қазіргі кезеңде әрбір мұғалімнің алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі – оқытудың әдіс – тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа педагогикалық технологияны меңгеру. Ал білім беру жүйесінің алдындағы жаңа міндеттердің бірі инновациялық педагогикалық оқыту технологияларын пайдаланып білім сапасын арттыру.

         Елімізде оқыту мазмұны жаңартылып, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу мақсатында жаңа буын оқулықтарының негізінде жасалған бағдарламалар бастауыш мектептің жаңа жүйеге көшуін, әрбір мұғалімнен жаңаша жұмыс істеуін, батыл шығармашылық ізденісін, оқушылардың белсенділігі мен қызығушылығын арттыруды талап етеді. Сондықтан, мұғалім өз білімін жан-жақты жетілдіре отырып, оқушыны қызықтырып оқыту керек екені сөзсіз.[2]

        Жаңаша оқытудың «Кембридждік» жүйесі бойынша бұл тәсіл біршама өзгереді. Мұнда балаларға білім дайын күйінде берілмейді, керісінше оқушылардың өздерін еркін ұстауға, ойлануға мүмкіндік жасалады. Олар өз беттерімен және өзара әрекеттесе оқып-үйреніп, ортақ бір шешімге келуге бағытталады. Сондықтан да қазіргі таңдағы әрбір ұстаздың да, оқушының да іс-әрекеті ерекше шығармашылық сипатта болуы керек.

       Бағдарламаның мақсаты – оқушылар өздерінің қалай оқу керектігіне назар аудара отырып, олардың өз ойлары мен дәлелдемелерін нақты жеткізе алатын, яғни ойға жүйрік, тілге шешен, әрі жазбаша түрде еркін, көркем бейнелеп жазуға төселген, бірнеше тілді қатар меңгерген бәсекеге қабілетті жан-жақты жетілген жеке тұлға қалыптастыру болып табылады.

Ондай «тұлға» болашаққа сенімді, ынталы, сыни пікір көзқарастары жүйелі дамыған, қазіргі сандық технологияларды, өмірде өз білімін қалыптан тыс жағдайда да еркін әрі терең пайдалана білетін жан болуы тиіс.[3]

      Бағдарламада зерттеуші-психолог Шульман түсінік, дағды және тұтастықты «мұғалімнің үш көмекшісі» деген. Оны бас – кәсіби түсінік, қол – оқытудың тәжірибелік дағдылары, жүрек – кәсіби-өнегелік тұтастық деп түсіндіреді. Бұдан біздің ұққанымыз, әр мұғалім теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, шын ынта-ықыласымен оқушыларға мейірімділік, аяушылық, құрмет таныта білуі тиіс. Бұл біздің біліктілігіміз бен рухани құндылығымыз жоғары деңгейде болуы керек деген сөз.[3]
Біліктілікті арттыру бағдарламасының негізгі мазмұны жеке жеті модуль түрінде берілген, олар оқыту барысында аралас түрде ұсынылады:
Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер;
-Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету;
– Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау;
– Оқыту мен оқуда ақпараттық-ком-муникациялық технологияларды (АКТ) пайдалану;
– Талантты және дарынды балаларды оқыту;
– Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу;
– Оқытуды басқару және көшбасшылық
.[3]
      Білім беру нәтижелеріне табысты қол жеткізуді, алған білімін оқу және практикалық қызметте пайдалана алуын қамтамасыз ететін логикалық, конструктивті және сыни тұрғыда ойлау негіздерін қалыптастыру үшін оқытудың тиімді нысандарын енгізіп сабақ өткізу.

Мен  бастауыш сыныптың мұғалімі ретінде ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, мәдени мұраларды жадында өшпестей етіп сақтаған құзіретті жеке тұлға қалыптастыруда оқыту мен оқуда жаңа тәсілдерді өз сабақтарымда пайдаланып, үйреніп жүрмін. Әр сабақта бір немесе бірнеше модульді бірден қолдануға болатынын анықтадым.

       Әр мұғалім өз сабағының –көшбасшысы. Ал көшті дұрыс бағыттай білу ол шеберлігіне байланысты. Жалпы менің оқытудағы өз міндетім оқушыларды өз бетімен жұмыс жасауға тәрбиелеу, үйрету, шығармашылық қабілеттерін дамыту, оқу жазу, математикалық сауаттылықтарын арттыру. Сондықтан сабақта оқушылардан жиі тақырып бойынша жеке,жұптық,топтық жұмыс яғни пирамидалық тәсіл түрлерін алып отырамын. Өйткені, ол оқушының ойлауын, елестету мен есте сақтау белсенділігін, дағдысын, білімінің дамуын қамтамасыз етеді. Ақпараттық технологиялардың білім беруде маңызы зор. Сабақ беруде мұғалім оқушылардың жас ерекшелігін негізге алуы керек. Тапсырамаларды да меңгере алатындай, сұрақтарға дұрыс жауап іздей алатындай етіп қою керек.

1.Мұғалім оқыту кезінде билік жүргізу әдісінен айрылуы керек.
2.Оқыту үрдісі кезінде сабақтағы басты тұлға білім беретін мұғалім емес, осы білімді қызыға қабылдауға дайын оқушы болуы тиіс.
3.Балалардың оқуға деген ынтасын күшейту керек
4.Өз дербестігін, белсенділігін дамыту қажет.
5.Оқу, дамыту жұмысын ұтымды жүргізу үшін баланың табиғи талабын, қасиетін дер кезінде айқындау керек.

      Осы қағидалар негізінде сабақты жаңа технология әдістерін қолдану арқылы жүргізу — оқушының өзін-өзі дамытуына, өз біліміндегі олқылықтарды өзі тауып, өз сұрағына өзі жауап іздеп жан –жақты білім алуына көмектеседі. Мен «Оқытудың кембридждік тәсіліне негізделген 7 модуль мәнмәтінінде курсының бағдарламасымен» танысып және оның элементтерін сабақ беру процестерінде қолданып жүрмін. Жаңа технологияны қолдану мына кезеңдер арқылы іске асады:

І кезең: оқып-үйрену;

ІІ кезең: меңгеру;

ІІІ кезең: өмірге ендіру;

IV кезең: дамыту.

Жаңа педагогикалық технология түрлері өте көп.

1.Ойын технологиясы. Ойын түріндегі жұмыстар сабақ үстіндегі қолайлы деген жағдайларда пайда болып, оқушыларды қызықтырушы құрал ретінде қолданылады.

2.Проблемалы оқыту технологиясы. Проблемалы оқыту – мұғалім басшылығы мен қиын мәселелерді туғызу және оқушылардың белсенді түрде өз беттерімен мәселелерді шешу. Ойлау қабілеттері дамып, шығармашылық іскерліктері мен дағдылары қалыптасуына жағдай жасайды.

3.Сын тұрғысынан ойлау технологиясы.  Бұл технология бойынша:

— оқу үрдісінде қызығушылық артады;

— оқушының өз бетімен білім алуына мүмкіндік беруі туады;

— оқушының ақпараттық тіл байлығы жетіледі.

4.Деңгейлік саралау технологиясы. Деңгейлеп оқыту технологиясының мақсаты: әрбір оқушы өзінің даму деңгейінде оқу материалын меңгергенін қамтамасыз етеді.

 1) Деңгейлеп оқыту әр оқушыға өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып, білім алуына жағдай жасауға мүмкіндік береді;

2) Деңгейлеп оқыту әр түрлі категориядағы балаларға, олармен саралай жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

3) Деңгейлеп-саралап оқыту құрылымында білімді игерудің бірнеше деңгейі қарастырылады: ең төменгі деңгей (базалық), бағдарламалық, күрделенген деңгей сондықтан әрбір оқушы меңгеруі тиіс. Жаңа технология түрлерін сабақ үрдісінде пайдалану, оқушының шығармашылык, интеллектік қабілетінің дамуына, өз білімін өмірде пайдалана білу дағдыларының қалыптасуына әкеледі.

       Әр сабақ сайын оқушылардың орнын ауыстырып, топқа бөлу де, топтасып жұмыс жасау да, ақпараттық технологияны жиі пайдалану да, сыни тұрғыдан ойлату да, қажымай, талмай дарынды, талантты оқушыны анықтап, оның дарындылығын одан әрі дамыту да, шығармашылық тапсырмаларды көптеп беру де оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттырып, білім беру жүйесінде оң нәтижелер береді деп ойлаймын. Мұғалім мен оқушы көшбасшылығы – мұғалім жеті модульді тиімді пайдаланып, нәтижеге қол жеткізе алса – мұғалімнің көшбасшылығы, ал оқушыларда топқа бөлінгеннен кейін-ақ көшбасшы көрінеді, топта айрықша белсенділік танытқан оқушы–көшбасшы, ол әдетте басқа оқушыға көмектесіп, соған жауап бергізуге тырысады, өйткені ол өзін емес, сыныптастарын, топты алға сүйрейді.
Жалпы, осы жеті модуль идеяларын тұрақты пайдалану арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатынын түсіндім.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы »
  2. 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу бағдарламасы.
  3. Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін

арттыру курстарының бағдарламасы.

Мұғалімге арналған нұсқаулық .Үшінші (негізгі) деңгей.

Метки: , ,