«Тіл-тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз!»


Орынбасарова Асем, Шайжанова Эмилия

МКҚК «Құрманғазы атындағы саз колледжі» 2 курс студенттері

Жетекші: Аманчиева Зульфия Сериковна

Ұстаз — ұлы тұлға

Мұғалім ардақты ұмытылмас,

Өзіме бала күннен үні сырлас.

Нәр алып алғашқы рет сол ұстаздан,

Арманның асқарына ұмтылған жас!

                                                            Н.Әлімқұлов

  Ұстаз… Оңашада отырып ұстаз туралы ойға кетсем, көз алдымна ақжарқын мінезді, ақ жүректі, жылы жүзді ұстаз бейнесі көрініп, мені қиялға батырып, еріксіз нұрлы естеліктерге жетелей жөнеледі…Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі. Ұстаздың лаулаған жалыны — әр жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын қуаттың, өмірдің қайнар көзі. Тіршіліктегі шырақтың сөнбес ошағы. Ұстаз — өзінің бар күшін, бүкіл өмірін бала тәрбиесіне бел буған періште.Ұстаз — бұл қасиетті мамандық иесі, менің арманым бойынша, өте қайырымды, ешкіммен ешқашан сөзге келмейтін, сабақ барысында оқушыға деген қол үшін аямайтын адам… Ұстаз деген кім? Ұстаз – шәкірттерін білім нәрімен сусындататын адам.  Ұстаз  болу — екінің бірінің қолынан келмес, әрі аса үлкен жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Себебі, ол дәрігер сынды жас түлектердің болашағына жауапты.  Бала өмірге қадам жасаған сәтте оның жолында небір қиындықтар кездеседі, сол кезде өзінің тәжірибесімен бөлісетін адам сол баланың өмірінде өшпес із қалдырады. Ата-анамыз біз өмірге келген күннен бастап: жүріп-тұруға, оқуға, санауға, жаза білуге, қоғамдық орындарда өзімізді қалай ұстау керек екендігін үйретеді. Алайда  ата-ананың үйде берілген тәрбиесі жеткіліксіз, өйткені олар балаға өзінің нәрестесі ретінде қарайды. Ата-анамыздан кейінгі ақылымен бөлісер, ар-ұятты бойғы сіңірер бірде-бір адам болса, ол – ұстаз. Ал  мектептегі ұстаз балаға жеке адам, тұлға ретінде қарайды. Осыдан он жыл бұрынең алғаш мектеп табалдырығын аттап кірген сәтімде күлімдеп қарсы алған, қолымнан жетектеп партаға отырғызып, «Әліппе» кітабын  ұстатқан, алғаш әріп үйреткен-менің сүйікті де ең алғашқы ұстазым – Ақұлпа Ізімғалиқызы. Ол кісі- менің ақылшым, алғашқы данышпаным, өмірге бағыттаушым болды. Оның жайдары  күлімдеген көздерін үйде күнде көріп үйренгендіктен бе, біраз уақытқа дейін тентектеу болып өстім. Әліппені жаттатпай ұйқы бермейтін. Бұған өте қатты ашуланып, төрт қабырғаның төрт бұрышында да тұрып шыққан да кездерім болды. Қазіргі күнде алғашқы ұстазыма дән ризамын. Өйткені мен алғашқы ұстазымнан білім жолының таза, тура, әділ жол екендігін ұқтым. Бәрімізді өз баласындай көріп, ақыл айтып, көп нәрселерді  үйретіп жүретін осы жанның орны мен үшін қашан да ерекше. Өмірде өз анаңнан кейінгі қадірлі тағы бір адам болса, ол- алғашқы ұстазым. Бастауыш сыныпта жылап оқыған әліппем, бүгінгі күні маған «Әдебиет» деген үлкен әлемнің есігін ашты.  Әр оқушының  пәнді жақсы білуі пәнді оқытатын ұстазына байланысты екені баршамызға белгілі.  Егер оқушы мен мұғалім арасында қарама-қайшылық болса,  ол сабақтың қаншалықты қызық болғанымен де баланың оны білуіне құлқы болмайды, сабақты оқығысы да келмейді. Мұғалімдер өз елінің  жас болашағына тәлім-тәрбие береді, бұдан тек қана баланың өмірі қалыптаспайды, сонымен қатар бұл ұлттың, елдің қоғамы қалыптасады. Қазақстанның өркендеуіне, алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылуына үлкен әсер етеді. Әрбір шәкірттің өзі сүйген, жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі көкірек көрігінде, жүрек түбінде сақталуы заңдылық. Себебі, ұстаз – баланы адам қылып тәрбиелеп, күлімдеген, күнім деген, сенің жүрегіңе болашаққа мақсат қоя білуге сенім ұялатқан зор тұлға.

Ұстазымды мәңгі өлмейтін үлгі дер ем,

Өйткені  орны бөлек өзгелерден.

Ұстазым еш жалықпай білім беріп

Көңілге нұр, өмірлік азық берген.

Шәкіртіңе бір өзің үміт арттың,

Үйреттің өнер менен ұлттың салтын.

Мерейің әрқашан да үстем болсын.

Орның бар жүрегімде сақталатын.

Мен өзім шәкірт емес балаңдаймын.

Көре алмасам Сізді іздеп алаңдаймын.

Жаһанды жаяу жүріп араласам,

Сіздей жанды ешқашан таба алмаймын

,- деп  ұстазыма балалық жүрегімді жарып шыққан жыр жолдарымды арнаймын.

«Тіл-тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз!»

Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте,

Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте.

  Әлемде 2500-ден астам тіл бар. Олардың нақты санын дәл айту мүмкін емес. Әр жыл сайын, әр ай сайын, тіпті, күн сайын бір тіл жойылып отырады. Қазіргі таңда көптеген тілдердің жойылып кету қауіпі бар. Адамдар өз ана тілінің жойылып кетпеуі үшін барын беруге даяр. Өкініштісі, биология заңдылығына ұқсас ірі тілдер ұсақ тілдерді өзіне кіріктіріп, жеке дара құндылықтары мен ерекшеліктерін жойып жіберуде. Адамдар үшін өмірдегі ең бағалы құндылықтардың бірі — ана тілі. Ана сүтімен дарыған тілдің қасиетін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны Расул Хамзатовтың «Ана тілі» өлеңінде көркем суреттейді.

Бар адамнан жатырмын тек бөлек мен 
Бір дауысты естіп қалдым кенеттен. 
Естідім мен осы арадан үнін де, 
Екі кісі сөйлесті авар тілінде.
Мен жатырмын қара жерде көз жұмып 
Мына екеуі күбірлейді сөз қылып 
Ғасан деген бір кісінің қулығын 
Али деген бір кісінің сұмдығын 
Естідім де сөзін ана тілімнің 
Бойым жылып лезде мен тірілдім 
Балгер де емес дәрігер де емес емдейтін 
Тек өзімнің тілім екен сөйлейтін 
Өзге бір тіл емдер басқаларыңды 
Мен онымен айта алмаймын әнімді 
Егер тілім ертең болса құрымак 
Мен дайынмын өтуге де бүгін ақ 
Мен жаныммен сүйем осы тілімді 
Кедей деп ақ айта берсін білімді 
Ассамблеяда естілмесін үні де 
Ана тілі ұлы менің өзіме.
  Өлген адамды тірілтер тілдің ғана құдіреті бар. Расул Ғамзатовтың бұл өлеңі күллі авар халқының мұңын жоқтап, авар тілінің құдіреттілігін сезіндіріп тұр. Қазақ ұлтында да тіл туралы жырламаған ақын-жазушы кем де кем. «Ал екінші бақытым-тілім менің»,- деп жырлаған Мұқағали ақынның өлеңі әр қазақ баласының көкірегінде сайрап тұр. Қазақ тілі сөйлейтін адамдарының саны жағынан әлемдік тілдер арасында 70-ші, тіл байлығынан үшінші орында. Сену қиын десек те деректер осылай. Ең бай тіл саналатын араб тілінде 12 миллион 300 мың сөз болса, бұл көрсеткіш ағылшын тілінде 750 мың, қазақ тілінде 600 мың, ал испан тілінде 300 мың, орыс тілінде 150 мың екен. Ал қытайлар болса 87019 иероглифті қолданады. Демек, қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің төрінен орын алады. Қазіргі таңда елімізде қазақ тілі мен орыс тілі қатар қолданып келеді. Еліміздегі ірі қалаларда орыс тілінің басымдылығы бар екені жасырын емес. Оңтүстік өңірлер тілдің мәйегін бұзбай қазақылығын сақтап отыр. Ал солтүстік өңірлерде бұл көрсеткіш өте төмен. Біз бұл көрсеткішті көтеру үшін әр қайсымыз ана тілімізде сөйлеп, ана тілінде қарым-қатынас жасауымыз керек. БАҚ құралдары мен қоғамдық орындағы іс-шаралар қазақ тілінде өтер болса, тілімізге сұраныс артар еді. Қазір өзге ұлт өкілі түгіл, қазақтардың өзі ана тілін керексіз етіп отырғаны жасырын емес. Бұған  Мұхтар Шаханов ағамыз «мәңгүрттік» деп сипаттама берген еді. Тіл түзелмей, қоғам түзелмейді; мемлекеттің де, ұлттың да болашағы күңгірттене береді. Сондықтан да еліміздің қоғамдық-рухани өмірінде ұлттық тіл саясатын барынша батыл қолға алып, қарқынды жүргізетін уақыт жетті.

Метки: , ,