Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілетін арттыру жолдары.


Ислямова Гульнар Насиповна

Өскемен қаласы әкімдігінің «№47 жалпы білім беретін мектебі» КММ ШҚО, Өскемен бастауыш сынып мұғалімі

Бастауыш мектеп оқушысының жеке тұлғасын қалыптастыру, оның рухани әлемін байыту, сабаққа ынта жігерін арттыру, дарындылығын дамыту – бүгінгі таңдағы негізгі мәселелердің бірі. Оқушылардың өз-өзіне сенімін арттыру, олардың шығармалығын дамыту, өтілетін сабақтың оқу материалын терең ұғына білуге баулу. Оқушылардың өздік жұмысының жоғары түрінде олардың өз еркімен амал тәсілдер қолданып жасайтын шығармашылық жұмыстары жатады. Өз бетінше ізденімпаздықпен жұмыс істей білу, яғни оқу материалын дайындау, жаңаны қабылдау мен меңгеру, алған білімдерін іс жүзінде қолдана білу, оңтайлы әдістерді таңдап алу, белгілі бір нәтижеге ұмтылу оқушылардың шығармашылық дербестігін қалыптастырудың алғы шарты болып табылады. 

Осы мақсатты жүзеге асыру үшін, баланың  өзіндік іс-әрекеттерімен ізденуін белсендіріп, шығармашылық қабілетін дамыту арқылы шешілмек. Ана тілі сабағында күнтізбелік жоспар тақырыптарын топтап, тиісті бөлімдерге бөліп жасалынады. Сол бөлімдер бойынша ақын-жазушылардың суреттері мен қосымша деректер, топтамалар, көрнекіліктер арқылы сабақтың шығармашылық мақсатын арттыруға болады.

Шығармашылықтың түрі көп. Ал шығармашылық қасиетті қалыптастыруда сөз өнерінің маңызы зор. Бұл ретте ұлы ұстаз А.Байтұрсынов: “Сөз өнері – өнердің биік шыңы. Ол адам санасының үш негізіне сүйенеді. Бірінші – ақыл, екінші – қиял, үшінші – көңіл”- деп, балаға сөз өнерін меңгерту үшін осы үш істі бірлікте қарастыру керектігін ұсынса, жан-жақты талант иесі М. Жұмабаев “Педагогика” еңбегінде бастауыш мектепте әдеби қабілеттілікті қалыптастырудың кейбір әдістерін көрсеткен.

Баланың жеке қабілеті мен әлеуметтік белсенділігін дамуына жол ашу бастауыш және орта буынға бағыттап бағдарламаса, жоғарғы сыныпқа келгенде, көбінің шығармашылық мүмкіндігі шектеліп, тоқырап қалады.

Жас ұрпаққа білім беру жолында “Дамыта оқыту”, “Сын тұрғысынан ойлау”,  “Ойын арқылы оқыту”, “Деңгейлік оқыту” тағы басқа оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы баланың кішкентай кезінен табиғат, қоршаған дүние туралы түсініктерін кеңейте отырып, дүниеге өзіндік көзқарасының қалыптасуына жол ашу. Қоғам талабына сай қазіргі міндет жеке, дара тұлғаның ойлау қабілетін дамыта отырып дарынды, шығармашылық тұлға қалыптастыру – біліммен тәрбие беру мұғалімнің басты парызы. Оған жетудің тиімді нақты жолдары – ізденіс негізінде жұмыс істеу. Шәкірт бойындағы талант көзін ашып, тілін байыту, қиялын ұштау мен өз бетінше ізденуге бағыт берудің, яғни айтқанда оқушы шығармашылы ғын дамыту.  Оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділіктерін, қызығушылықтарын, шығармашылық қабілеттерін арттыруда түрлі әдіс-тәсілдерді өз сабағымызда қолданамын:

Мәтін, ертегі, әңгімені өз бетінше аяқтау.

Ақын, жазушылардың дайын мәтіндерін басқаша аяқтау.

Белгілі мақал негізінде әңгіме жазғызу.

Мәтін бойынша мақал құрастыру.

Табиғат құбылыстарына, заттарға және жеке суреттерге қарап жұмбақ

құрастыру.

Әңгімелерді салыстыру, бөліктерге бөлу.

Шығарма, мәтін, ертегі құрастыру. (тақырып бойынша, жоспар бойынша, тірек                  сөздер  арқылы)

Өлең, мақалдар құрастыру.

Шығармадағы әңгімелерге ұқсас оқиғалар айтқызу.

Кейіпкерге мінездеме беру.

Шығарма бойынша сурет салғызу, ауызша суреттеу, қиялдау арқылы     суреттеу.

Рөлге бөліп оқыту.

Логикалық ойлауын дамытатын ойындармен берілген тапсырмаларды шешкізу (анаграмма, сөзжұмбақ, ребус).

Диалог-ертегі құрастыру сияқты жұмыс түрлерін жүргізіп отырамын.

Сөз байлығы жеткілікті бала әңгіме, шығарма, мазмұндаманы еркін жазатыны белгілі. Бағдарлама бойынша ана тілі пәнінде тарау біткеннен кейін алған білімді шығармамен, мазмұндамамен қорытындылап отыруды әр сабағымда  қолданамын. Сол сияқты

Енді өзім сабақ  беретін төртінші сынып оқушыларының жазған шығармашылық тапсырмаларының кейбіреуіне тоқтала кетейін:

 Байбек Бұлқышевтің “Ана” деген тақырыбын өткенде оқушыларға мәтінен “Жақын жан, ыстық алақаны, жұмсақ даусы, айналып-толғанғаны” деген тірек сөздерді пайдаланып, “Ана” тақырыбына шығарма жазу берілді.Сыныптағы  оқушыларымның  жазған шығармасына тоқталсақ:

                                                     Ана

“Ана” деген осынау үш әріптен тұратын сөзде қаншама құдретті мағана бар.

Шырылдап дүние есігін ашқаннан бастап, есейгенше ең жақын адам-ана. Түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін беріп, мәпелеп өсірді. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмайды. Сондықтан анамды мен ең жақын жан деп ойлаймын. Анамның ыстық алақаны мен кең құшағында еркін, ойнап-күліп есейіп келемін. Ана сөзінің өзінен ерекше ыстық лебіз сезіледі. Анамның жұмсақ дауысынан мейірімділік пен жылылық кетпейді. Анам мені еңбеккорлыққа, адалдыққа, білімді болуға үйретеді. Үй шаруасына үйретеді. Сол үшін анаммен ақылдасып, пікірін жиі тыңдап отырамын. Мен анамның айтқанын әрдайым орындап, ренжітпеуге тырысамын. Ананың балаға деген махаббаты ерекше болады. Өмірдегі ең ардақты, асыл жан – ол сүйікті  анам. Осы шығарманы жазған оқушының сөз қолдану,сөйлем құрауғы шығармашылық толғанысын  көреміз [Асылбекова Жанерке].

Сол сияқты Динара Мыңжасарқызының “Мектептен жырақ жол” деген тақырыбын өткенде Бақытжан  болған жайды айтып, досына былай деп хат жазды. Қандай ұят десеңші! Ұялғаннан жылағым келді. Анамды көргенде кірерге тесік таппадым. Себебі, мен (ары қарай хатты өзің аяқта…) деген тапсырманы Магзатова Анель былай аяқтаған:

                                               Сәлем досым.

Қандай ұят десеңші! Ұялғаннан жылағым келді. Анамды көргенде кірерге тесік таппадым. Себебі мен қатты ұялдым. Қателік жасағанымды сол кезде ғана білдім.

Анамның сенімінен айырылдым, қабағына кірбің түсірдім. Анамның мен дегенде жаны қалмайды. Неге қателік жасадым? Енді анамның кешірімін қалай аламын?Анамды қатты ренжіткеніме өкінемін. Енді ойын автоматына бармаймын деп уәде беремін.Енді анамды ренжітпеуге сөз беремін. Сәлеммен  Бақытжан.

Оқушы Бақытжанның образына кіре отырып , ең алдымен өздігінен ой қорытып,шешім шығара    отырып ,адамгершілік қаситтерді дамыта білген.

Қайнекей  Жармағамбетовтың “Ормандағы оқиға” деген тақырыбын өткен кезде оқушыларға Тобылғыға  істеген ісін ұялтып, не деп хат жазар едіңдер?- деген тапсырманы Сагимбаев Темірлан былай орындаған.

                                                 Салем Тобылғы.

 Мен саған қатты ренжідім. Сен неге Ақ қайың мен Қараағаштың достығын бұздың? Ол екеуі айырылмастай дос еді ғой. Сенің істегеніңді дұрыс деп құптамаймын. Біздің сыныптағы балалар сені жек көріп кетті. Сен өсекшісің, мейірімсізсің. Ешкімді аямайсың. Біздің сыныпта дәл сен секілді адам жоқ. Мен сенің орныңда болсам, олай істемеген болар едім. Сондықтан осы істеген ісіңді ойланып көр дер едім. Салеммен 4″Г” сынып оқушысы  Темірлан.

 Осы сияқты жұмыс түрлерін ана тілі сабағында үнемі жүргіземін.Осындай шығармашылық тапсырмаларды орындаған оқушылардың ой-өрісі, сөйлеу тілі дамып, жеке мәтінмен, кітаппен, өздігімен жұмыс істеуге үйренеді. Соның нәтижесінде баланың оқуға деген ынтасы артып, ана тілі пәніне қызығушылығы артады. Шығармашылық жұмыстар арқылы оқушылардың дүниетанымын, ізденімдік қабілеттерінің дамуына, тұлға ретінде қалыптасуына зор ықпал етеді.

Ұстаз еңбегі – ұстаз білімімен өлшенеді десек, ұстаз еңбегінің күрделілігі әрбір оқушы жүрегіне жол таба білуінде.

Шынайы сабақ – бұл оқытушы мен шәкірттердің бірлескен ізденісінің нәтижесі, мұғалімнің шығармашылық жұмысының жемісі. Отанын, елің, туған жерін сүйетін шәкіртті ана тілін терең оқыту арқылы тәрбиелей аламыз. Сол шәкірт бойындағы шығармашылық ізденісті тереңдете түсу – менің негізгі мақсаттарымның бірі.  

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Ұстаздық шығармашылық Б.А. Тұрғынбаева Алматы, 2007 ж.
  2. Шығармашылық қабілеттер және дамыта оқыту Б.А. Тұрғынбаева Алматы, 1999 ж.
  3. Бастауыш білім журналы №5, 2004 ж.
  4. Бастауыш сыныпта оқыту журналы №  1, 2, 2008 ж.
  5. Мен және бәрі, бәрі, бәрі Алматы, «Аруна», 2006 ж.
  6. Бастауыш мектеп журналы, № 1, 2006 ж.
  7. Оқушыларға тіліді меңгерту жолдары Алматы «Ана тілі», 1997 ж.
  8. Шешендік сөздер С. Негимов Алматы, «Ана тілі» 1997 ж