Кәсіби техникалық бағытта білім алушыларға мемлекеттік тілді оқыту мәселесі


Сулейменова Айгуль Кадылбековна

«Электротехника колледжі» КМҚК қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы

 «Ұлт үшін тілінен қымбат еш нәрсе жоқ».

М.Жұмабаев

Қазіргі таңдағы тіл саясатының басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді дамыту мен оның қолданылу аясын кеңейту болса, оның кешенді тармағы – тәуелсіз мемлекетіміздің болашағына адал қызмет ететін мемлекеттік тілді жетік меңгерген кәсіби мамандар даярлау болып табылады.

Мемлекеттік тіл мәселесі – өте маңызды, мемлекеттік мәні бар мәселе. Қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы сөз болғанда бұл мәселенің ішінен өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту мәселесін жеке бөліп қарастырмаса болмайды. Өйткені, қазіргі таңдағы көп жұмыс істеліп, жан жақты қарастырылып отырған мәселе – орыс аудиториясында қазақ тілін оқыту мәселесі. Бүгінгі қоғам оқытушының біліктілік деңгейіне де, ішкі жан дүниесіне де жаңаша талап қойып отыр, өйткені қазіргі таңда ХХІ ғасыр ұрпағынан үлкен үміт күтілуде.

Жастар- ұлттың болашағы, қоғамның әлеуметтік байлығы, біз олардың адамзаттық жоғары парасаттылығын, ақылдылық пен білімділігін, адамгершілік негізін қалыптастыра білуіміз керек. Өйткені қазіргі заманның талабы бойынша жоғары білікті, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау – қай мемлекетте болмасын білім беру технологияларының жоғары дәрежеде жетілгендігінің көрсеткіші.

Қазіргі кезеңде білім мен біліктің, дағды мен білімнің қарапайым жиынтығы жеткіліксіз, сондықтан оқыту барысында білім алушының ақпаратты өз бетінше, дербес алуы, оған талдау жасауы, бір жүйеге түсіріп, өзінің қабілеттерін танытуы үшін қоғамда және өз қызметінде тиімді пайдалана білуі сияқты білік-дағдыларын қалыптастыру аса маңызды болып отыр. Бұл мәселе білім алушыны құзырет, құзыреттілігі деген маңызды ұғымдарға әкеледі. Методикалық терминдер сөздігінде: «Құзыреттілік – қандай  да бір  оқу пәнін оқыту үдерісінде қалыптасатын білім, білік, дағдылар  жиынтығы,  сонымен қатар, қандай да бір қызметті орындай алу қабілеттілігі», – делінген. Яғни, құзыреттілік – оқу нәтижесінде меңгерген  білім, дағдыны тәжірибеде қолдана алу, проблеманы шеше білу, білім алушылар дайындығын  анықтайтын  жаңа сапа.

Кәсіби техникалық бағыттағы білікті мамандарды мемлекеттік тілде дайындаудың алғы шарты – техникалық оқу орнында оқып жүрген студенттер өз мамандықтары салаларындағы ғылыми терминологияны толық игеруі тиіс. Егер студент оқу орнында мамандық негіздерін толық меңгермесе, онда нағыз біліктілік деңгейіне жете алмайды. Бұл – қазіргі өмір шындығы. Тілдерді толық игергенде ғана жас маман күнкөрісіне қажетті еңбекке орналаса алады және өз мамандығы бойынша кәсіби жетістікке, кемелденуге мүмкіндік алады.
          Қазақстан сияқты көптеген ұлттар мен ұлыстар мекендеген елде мемлекеттік тіл мәселесін бір ғана жарлық, бір ғана заң немесе қаулысымен шеше салу мүмкін емес. Бұл-еліміздің егемендігі, тәуелсіздігіміздің тұғырын, мемлекетіміздің іргетасын нығайта отырып, туған халқымыздың үлес салмағын арттыру арқылы кезең-кезеңімен шешілетін мәселе.
Кәсіптік-техникалық оқу орындарында «Кәсіптік қазақ тілі» мен «Мемлекеттік тілде іс жүргізу» пәндерін оқытудың өзіндік ерекшелігі бар. Ол жалпы білім беретін мекемелерде оқу кезінде алған білім деңгейінің, көлемінің және сапасының ерекшеліктерімен, сондай-ақ олардың болашақ мамандығы туралы түсінігімен байланысты. Алайда, мемлекеттік тілді меңгеру – бұл Қазақстан Республикасы әрбір азаматының парызы. Студенттердің тілді үйренуге қызығушылық деңгейінің сәйкес болмауы мәселесін шешу үшін орта мектепте жастардың алған білім деңгейін, студенттердің мүдделерін, олардың болашақ мамандығының ерекшелігін ескеруге арналған бағдарламалар жасау арқылы мүмкін болады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта білім берудің әлемдік үрдісі міндетті түрде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, оқыту процесінің жаңа технологиялық деңгейге көшуін болжауға байланысты электрондық білім беру ресурстарын кеңінен енгізу арқылы тілді үйренуге қызығушылықты арттырудың жаңа мүмкіндіктері ашылуда.

Тілді оқу кезінде жиі қолданылатын электрондық білім беру құралдары – электрондық оқулық болып табылады. Электрондық оқулықта мәтіндік, графикалық және басқа да материалдарды құрастыру маңызды рөл атқарады. Электрондық оқулық бетбелгілерді кез келген жерде жасауға, бетбелгілердің, сұрыптаудың тізімін кез келген ретпен көрсетуге мүмкіндік беруі тиіс. Электрондық оқу ақпаратын тілді меңгеруде қолдану студенттердің қызығушылығын арттырып, психологиялық ерекшеліктеріне негізделген әсерлерін барынша күшейтуге мүмкіндік береді. Электрондық білім беру құралдары электрондық оқулықтан басқа сызбаларды, сөздікті, тестілеу бағдарламасын немесе бақылау сұрақтары мен тапсырмалар банкін қамтуы мүмкін.

Электронды оқу құралдарын пайдалану әлеуметтік – мәдени ортаны қалыптастыруға, студент тұлғасын жан-жақты дамытуға қажетті жағдай жасауға мүмкіндік беретін жас ұрпақты тәрбиелеуде және кәсіби құзыреттілікті қалыптастыруда өте тиімді құрал болып табылады. Әрі олардың мамандық бойынша білімдері толықтырылып, мәтінмен жұмыс істеу дағдылары жетілдіріледі. Мәтіндермен жұмыс барысында студенттер болашақ мамандықтары туралы қосымша мәліметтер мен атқарылатын іс-әрекеттеріне байланысты ақпаратпен қамтамасыз етіледі.
Студенттердің кәсіби сөйлеу тілдерін дамытуды қамтамасыз ететін мәтін түрлеріне баяндама, талқылау, әңгіме, пікірлесу, хабарлама, сұрастыру, сұхбат жатады. Басты мақсатымыз – болашақ мамандыққа байланысты сөздерді қазақ тілінде үйретіп, кәсіби сөйлеу дағдыларын қалыптастыру. Кәсіби лексиканы мәтіннен таба білу, оны мәтіннен тыс жағдайда орынды қолдану – олардың іскер, жан-жақты дамыған, өз мамандығын жетік меңгерген терең білімді маман тәрбиелеу болып табылады. Қазақ тілінен берілетін әрбір сабақтың тәрбиелік, танымдық жағына баса мән беріп, оның болашақ мамандығының өмірдегі қажеттілігін саналы түрде түсінуіне мүмкіндік туғызу қажет.

Кәсіби бағдар барысында оқыту мәселелеріндегі мәтін таңдау ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ, мұнда ең алдымен тіл үйренушінің кәсіби мамандығына байланысты мамандыққа қатысты сөздер, сөз тіркестері, тұрақты тіркестер, негізгі ұғымдар мен терминдерге көңіл аударылып, олардың лексикалық-грамматикалық ерекшеліктеріне баса назар аударту жұмыстары жүргізіледі. Бұдан кейінгі кезекте, әдетте студенттер берілген сөздер мен сөз тіркестерін пайдалана отырып, кәсіби бағытта мәтін құрастырады. Біздің оқу орны «техник-электрик», «техник-программист», «техник-электромеханик», «дәнекерлеуші» біліктіліктерін дайындайтындықтан, мәтінде қамтылатын материалдар жүйесі мамандыққа байланысты оқытылатын арнайы пәндермен тікелей ұштастыра алынады.  Себебі кез-келген мамандық иесі өзі таңдаған кәсібінің қыр-сырын жетік меңгеруге мүдделі және өз ойын кәсіби сөйлеу тілінде жеткізуге ұмтылуы оның мамандыққа деген сүйіспеншлігін арттыру мәселесіне келіп тіреледі.

Әр студенттің мамандығына қатысты лексиканы меңгеруіндегі негізгі шарт – сөздік қорының мол болуы. Өйткені, сөздік қоры жеткілікті студент тілде жаңа туынды сөздер мен жаңа мағыналы сөздерді жасап, тілдесуде кеңінен қолдана алады.

Оқытудың қазіргі уақыт талаптарына сай әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, кәсіби бағытта жүйелі жұмыс жүргізу арқылы студенттердің сөздік қорларын байытып, кәсіби сөйлеу тілдерін дамытуға болады. Тиімді жұмыс барысында студенттердің өз бетінше ақпарат алып, онымен жұмыс істеу дағдылары дамытылып, мамандықтары бойынша білімдері толыға түсері сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Байжуманова Н. С. Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі // Білім әлемінде. – 2008. – № 5.

2. Құдайбергенова К. «Құзырлылық – тұлға дамуының сапалық критерийі».
Алматы-2008.