«Менің отбасым. У дыбысы мен әрпі»


Камзина Сандугаш Оралбекқызы

воспитатель № 71 «Мөлдір» г. Нур – Султан

Мақсаты:

Білімділігі: Балалардың ой өрісін кеңейту, оқу қызметіне деген қызығушылықтарын арттыру, сөздік қорларын молайту, берілген тапсырмаларды ынтамен дұрыс орындауға үйрету.

Дамытушылығы: Берілген тапсырмалар арқылы білімдерін кеңейту.

Балалардың ойлау қабілеттерін дамыту. Шығармашылық қабілеттерін арттыру.

Тәрбиелігі: Бір-біріне деген достық қарым-қатынасқа тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер: Шаттық шеңбері, сұрақ-жауап, дамытушы ойындар, сергіту жаттығулары.

Шаттық шеңбері

Көтеріліп шаңырақ

Уықтары шаншылар

Керегелер керіліп

Өрімдей боп өрілер

Бәріміз жүрсек айналып

Киіз үй боп көрінер

Балалар, біз қандай заттың бейнесін жасадық? Ал киіз үйде кімдер тұрады? Оларды бір сөзбен қалай атаймыз? (Отбасы). Кәне орындарыңа отыра қойыңдар. Бүгін бізде сауат ашу пәнінен ұйымдастырылған ашық оқу қызметі. Бүгінгі тақырыбымыз «Менің отбасым. У әрпі мен дыбысы» деп аталады.

Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?

Қазір жыл мезгілі – күз.

Күздің қандай айы?

Күздің соңғы айы – Қараша.

Бүгін аптаның  қай күні?

Балалар жауабы. (Сейсенбі)

– дыбыс дегеніміз не? (дыбыстарды айтамыз, құлағымызбен естиміз)

– әріп дегеніміз не? (жазамыз, көзімізбен көреміз)

– дыбыстар нешеге бөлінуші еді? (2)

– дыбыстар қандай болып бөлінеді? (дауысты, дауыссыз)

– дауысты дыбыстарды қандай текшемен  белгілейміз ( қызыл)

– дауыссыз дыбыстарды қандай текшемен белгілейміз? (көк)

– сөздер қалай құралады? (сөздер әріптерден)

– ал сөйлем неден құралады? (сөздерден)

Балалар біз өткен сабақта қандай дыбыспен таныстық? (Т дыбысы)

Т дыбысы қандай дыбыс? (Т қатаң, дауыссыз дыбыс)

Ойын: «Сөз ойла, тез ойла»

Т дыбысына байланысты сөздер айтамыз.

Жұмбақ шешу

Маған да, саған да

Жақын, туыс адамдар

Бәрі де өз жұртың

Айтыңдаршы  олар кім? (отбасы)

Отбасына байланысты жаттаған тақпақтарымызды айтып берейікші.

Кәусар

Тоқыпты әжем алаша

Бояуы қанық тамаша

Көктемгі кемпірқосақты

Әжеміз жерге жасапты

Нұрасхан

Ана деп күнде ән салам

Ауылға бүкіл жар салам

Қуанту үшін анамды

Күнде-күнде «5» алам

Медина

Жақсы көрем анамды

Жақсы көрем папамды

Олар маған әрдайым

Сыйла дейді атаңды

Саидали

Мейірімнен жаралған

Күн нұрынан нәр алған

Шуақ болып таралған

Кім бар жақын анамнан

Әділ

Түзететін қатеңді

Жақсы көрем атамды

Сүй дейді атам жаныңдай

Туып өскен Отанды

Аяжан

Аға деген

Іні деген

Бір-біріне туысқан

Аға деген

Іні деген

Жаралғандай құрыштан

Тапсырма

«Кім не істейді?»

– Анам тамақ пісіреді?

– Әкем кітап оқиды.

– Атам теледидар көреді.

– Әжем тоқыма тоқиды.

– Ағам сурет салады.

– Інім ойнайды.

– Әпкем сабақ оқиды.

Сергіту сәті

«Тату тәтті отбасы»

Ойын шарты: Музыка қосылған кезде билейсіңдер. Музыка тоқтаған кезде тату тәтті отбасында қанша адам тұратынын мен айтамын. Сендер мен айтқан санға сәйкес тез топтасып тұра қаласыңдар.

Мысалы: отбасында  2 адам, 5 адам, 4 адам, 3 адам, 8 адам тұрады.

Жұмбақ

Ауылда бар,

Елде жоқ.

Дауылда бар,

Желде жоқ.  (У)

Біздің бүгінгі жаңа сабағымыз У дыбысы мен әрпі. У дыбысы бірде дауысты, бірде дауыссыз болады. Дауысты дыбыспен қатар тұрса  У  дыбысы дауыссыз болады.  (Тау) Дауыссыз дыбыспен қатар тұрса У дыбысы дауысты (ту) болады. У дыбысы сөздің басында (уық), ортасында (тауық),  аяғында (су) кездеседі.

Тіл ұстарту жаттығуы

У – у – у

Желбірейді ту.

1. Жоғары

2. Орташа

3. Төмен дауыспен айту.

Тапсырма

Ойын: «Кім жылдам». У әрпі бар сөздер айтқызу.

(Тау, аула, уыс, уық, ту, ру, су, қуыршақ, тауық, ау, жу, қу, бауыр, жауырын, уыс, туыс, ауа, жуын, алу, уәде).

Тауық, қуыршақ, аула, су, тау, ауа сөздерін буынға бөлгізу.

Тау, аула, ру – сөздеріне дыбыстық талдау жасау.

Т – қатаң, дауыссыз дыбыс.

А – жуан, дауысты дыбыс.

У – дауыссыз дыбыс.

У – дауыссыз дыбыс.

Л – үнді, дауыссыз дыбыс.

Р – үнді, дауыссыз дыбыс.

У – дауысты дыбыс.

Аула  сөзі неше буыннан, неше дыбыстан тұрады. Неше дауысты, неше дауыссыз дыбыс бар?

(2 буыннан, 4 дыбыстан, екі дауысты, екі дауыссыз дыбыс бар)

(Ту, тау)

Дәптермен жұмыс

У дыбысы екі элементтен тұрады.  У дыбысын ауада жазып көрсету. Алдарыңда тұрған таяқшалардан У әрпін құрастырасыңдар.

Дәптерге У әрпін жазғызу.

Ойын: «Дыбыстарды ажырат»

Шарты: дауысты дыбыстарды айтқанда қолдарыңды шапалақтайсыңдар. Дауыссыз дыбыстарды айтқанда аяқтарыңды топылдатасыңдар.

(А, Н, Т, О, Р, У, Л, Ш)

Ойын – сұрақ

«Көңілді доп»

– Отбасы мүшесін ата?

– Отбасында кімді жақсы көресің?

– Отбасында кімге сыйлық жасағың келеді?

– Үйге қонақ келгенді ұнатасың ба?

– Отбасында қанша адам тұрасыңдар?

– Отбасында сені қалай еркелетеді?

– Отбасында қанша баласыңдар?

– Отбасы сөзі қандай әріптен басталып тұр?

Мақал –  мәтелдер

1. Отан отбасынан басталады. (Алдияр)

2. Ата бәйтерек. (Ерке)

3. Балалы үй базар. (Анет)

4. Отбасы – шағын мемлекет. (Айбар)

5. Ана алдында құрмет,

    Ата алдында қызмет. (К. Інжу)

6. Анаға баланың алалығы жоқ. (Мирон)

7. Ақылды қария ағып жатқан дария. (Абдурахман)

8. Ата балаға сыншы. (Ш. Інжу)

9. Бала ананың бауыр еті, көз нұры. (Ақбота)

10. Отаншылдық отбасынан басталады. (Ислам)

Туыстық атауларға байланысты өлең – жұмбақ

Дегенімді жасайтын,

Қалған тамағымды асайтын.

Ертіп алып жетектеп,

«Немерем» деп атайтын. (Әже)

Ертегі айтып беретін,

Айтқаныңа сенетін.

Дегеніңді екі етпей,

Жаныңда сенің жүретін (Ата)

Кіріңді сенің жуатын,

Үйді шаштың деп қуатын.

Тамағыңды дайындап,

Жақсы көріп тұратын.  (Ана)

   Қорытынды: Біз бүгін қандай әріппен таныстық. Бүгінгі сабақ сендерге ұнады ма? Сабақта қандай тапсырмалар орындадық.  Қандай тапсырмалар ұнады?