«Ел болам десең – бесігіңді түзе»


Адамбекова Айгуль Нургалиевна

воспитатель № 71 «Мөлдір» г. Нур – Султан

         Жаһандану өріс алған қазіргі кезде ұлттық мүдде, ұлттық тәрбие, ұлттық рухты сақтап қалу – бүкіл әлемдік рухани бірегейленудің асау иіріміндегі үлкен міндет. Сондықтан бүгінгі ұрпақ тәрбиесін дұрыс жолға қою  М. Әуезовтың                    «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген көрегенді сөзінде жатыр. Тәрбие балалықтан басталып, болашаққа тамыр тартуы керек.        

       Болашақ ұрпақты оқыту және тәрбиелеуді қоғам мүддесіне үйлесімді түрде қайта құру міндеттері жүзеге асырылуда. Солардың бірі – адамзат қоғамы тарихында қарым – қатынас құралы міндетін өтеп келе жатқан, ғылым –білімді үйрену негізі – тілдерді меңгерту, мемлекеттік мәртебе алған қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, қазақ еліндегі ұлттар мен ұлыстардың, ұлт балаларын еріктілікті сақтай отырып, қазақ тілінде сөйлеуге үйрету.

       Тілін мақтан тұтатын әрбір тәрбиеші шежірелі де, бай тілімізді басқа ұлт өкілдеріне қалай меңгертудің небір тиімді жолдарын іздестіріп, ұйымдастырылған оқу іс – әрекеттерінде қолдануда. Ізденген тәрбиеші қайтсе де нәтижеге жетуді көздейді, өзі таңдаған технология бойынша балалардың білім деңгейін көтеруге бар күш – жігерін жұмсайды, өмір талабы да күннен күнге жоғары. Ертеңгі еліміздің қамын ойлайтын, мемелекеттік тілде еркін сөйлейтін азаматтар дайындау, тіліміздің мәртебесін көтеру – өзекті мәселелердің бірі.

        Біздің балабақшада қазақ және орыс топтары жұмыс істейді. Қазақ топтарында тек қазақ балалары ғана емес, сонымен қатар басқа ұлт өкілдерінің балалары да бар. Бастапқы уақытта жұмыс жасау кезінде қиындықтар туындады. Атап айтатын болсақ, балалар айтылған сөздердің түп нұсқасын түсінбеуі, сөздерді байланыстырып өз ойын толық жеткізе алмауы, кейбір дыбыстарды нақышына келтіріп айта алмай, сұрақтарға жауап бере алмайтын. Бейбарыс, Айша, Кәусар, Әсия, Біржан тағы басқа балалар күнделікті қолданатын қарапайым сөздердің өзін түсінбейтін.

«Көгершін» ересек тобының оқу жылының басындағы білім деңгейінің мониторингі

        Әр түрлі әдістерді қолдана отырып сол қиындықтарды жеңуге тырысып,  қызығушылықтарын арттыру мақсатында жаңа технологияларды пайдаландық, қолданылған слайдтар, фотолар, бейне көріністер ұйымдастырылған оқу іс – әрекеттерін мазмұнды, қызықты, көрнекі, эмоционалды, тиімді болады. Осы мақсатта қазақ тілінде ойын элементтері арқылы балалардың шығармашылық ойлауын қалыптастыру – бүгінгі өмір талабына сай азаматты тәрбилеудің негізгі жолдарының бірі. Себебі, оқыту үрдісінде тиімді қолданылған ойын элементтері балалардың ұйымдастырылған оқу іс – әрекетіне деген ынтасын артттырады, сол арқылы балаларды ана тілінің терең қатпарларын игеруіне, асыл – маржандарын түсінуіне жағдай жасайды.

Тілді үйренуге деген қызығушылықтары артып, түсініп сөйлей білу дағдыларын қалыптастыру үшін, біз балалар ортасында тек қана қазақ тілінде сөйлесіп, көркем сөздер, мақал – мәтелдер, халықтың өсиет сөздерін, бесік жырлары, жұмбақтар, санамақтарды, жаңылтпаштарды, қазақ ертегілерін күнделікті қолданамыз.

Осындай іс – әрекеттердің нәтижесінде балалар сұрақтарға толық жауап беруге, еркін әңгімелеуге дағдыланады. Балалардың сөздік қорларын дамыту үшін, «Төлдерін ата?», «Сөз ойла, көп ойла?», «Бұл қай кезде болады?», «Ойлан тап?», «Не қайда тұрады?», және тағы басқа дидактикалық, сөздік ойындарды көп қолданамыз. Ойын – балаларды тілді үйренуге деген сенімін оятады. Сюжетті – рөлдік ойындарда барлық балаларға бірден рөл тиеді де, бір – бірімен міндетті түрде қарым – қатынасқа түсіп, сөйлеседі. Ойын ойнату арқылы балалар өздері білетін сөздерін пысықтай алады. Бұл ойындар мен жаттығулар балалардың сөздік қорын белсендіріп, қалыптастырып қана қоймай, қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға үйретеді. Әртүрлі дидактикалық материалдар: карточкалар, сөздіктер,ойынға арналған аттрибуттар, иллюстрациялар, компьютер ойындары, қазақ тіліне тән дыбыстардың аудио жазбалары, көрнекі – құралдар, ребустар, сөзжұмбақтар тәрбиеленушілерге тілді үйренуге көмектеседі. Балаларға қуыршақ қойылымдарын тамашалаған және қатысқан өте ұнайды. Олар өздеріне таныс «Үйшік», «Жеті лақ», «Бауырсақ» ертегілерін кіші топ балаларына шеберлікпен көрсетеді. Ертегілердегі кейіпкерлер сөзін нақышына келтіріп айтқандары, ертегіні қазақ тілінде сахналағандары оларды қуаныш сезіміне бөлеп, қазақ тіліне деген қызығушылығын арттырады.

Сонымен қатар «Тәуелсздік күні», «Тілдер мерекесі», «Наурыз жыл басы» мерекелеріне арналған ертеңгіліктерде балалар «Бесікке салу», «Тұсау кесу», «Қырқынан шығару» рәсімдерін көрсетіп, ұлттық ойындар ойнайды. Отанының ұлылығын, халқының даналығын, жерінің байлығын мақтан етіп,өз Отанына, еліне, жеріне сүйіспеншіліке тәрбиелеу.

       Ата – аналарда  қазақ тілін жетік меңгермегендіктен тығыз қарым – қатынаста болып, көптеген жұмыстар жасадық: жарыстар, ойындар, көрмелер ұйымдастырып, ертеңгіліктерге кейіпкерлерде  болды. Балабақшаның мамандары да көп көмек көрсетті.

      Қорыта келгенде, жұмысымыз жемісті болу үшін, ең алдымен ата – аналармен тығыз қарым қатынаста болдық.  Осы орайдағы міндетіміз балалардың күнделікті үйренген сөздерін ата – аналармен үйлерінде қайталап, меңгерген білімдерін тәрбиешілермен тиянақтап отырды, ұйымдастырылған жұмыс нәтижелі болады, баланың білімін нақтылайды, нығайтады, сөйлеу тілін, ойлау қабілетін жетілдіреді. Ата – аналар өз балаларын өзінің үлгісімен тәрбиелеп жатқандығын сезіну керек. Бала өзінің ата – анасының балабақша ісіне араласып жатқанын көргенде, олардың қамқорлық сезімін бағалап, өздерінің маңыздылығын сезіне түседі

     Қазақ тілін үйрену, осындай жан – жақты ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде «тілдік ортаға енуге» жағдай жасайды және орнын толтырады. Баланың жеке басының қасиеттерін дамытуда, тәрбиелеуде ең маңызды құрал – тіл туралы жүйелі ұғым қалыптастыру. Сондықтан, қазақ тілін өзге ұлт балаларына оқыту өте өзекті мәселе болып саналады.

                         Әдебиеттер:

  1. С. Дүйсебаев. Қазақ тілі. Алматы «Мектеп» 2004 ж.
  2. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Алматы 1999 ж.
  3. Отбасы және балабақша 1998 жыл № 9 – 10
  4. Отбасы және балабақша 2003 жыл № 1
  5. М.Әлімбаев, Ө.Тұрманжанов «Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы»  1989ж