Жаңа технологияларды сабақта қолдану арқылы оқушылардың біліктіліктері мен дағдыларын қалыптастыру


Саттарханова  Камшат Карибжановна

№24 жалпы орта мектебі мұғалімі

Қазіргі уақытта жаңа технологияларды пайдалану – өмір талабы. Сондықтан да сабаққа қойылатын талаптар мұғалімнен үлкен шеберлікті талап етеді. Жаңа педагогикалық технологияның оқушылардың білім сапасын арттыруға, өздігінен ізденуіне, ой санасының дамуына мүмкіндік беретіні анық. Осы мақалада жаңа технологияларды сабақта қолдану арқылы оқушылардың біліктіліктері мен дағдыларын қалыптастыру туралы сөз етпекпін.

Алдымен, деңгейлеп оқытуға тоқталсақ. Деңгейлеп оқытуда міндетті және мүмкіндік деңгейлердің өзара сабақтастығы ескеріледі, Блум  жүйесі негізге  алынады. Деңгейлеп оқыту технологиясы арқылы  оқушылар    берілетін алгоритмдік тапсырмаларды мұғалімнің бағыт-бағдар беруімен орындайды. Деңгейлеп оқытудың  жоғарғы сатысы – шығармашылық тапсырмаларды орындауда  оқушылардың өзіндік-даралық ерекшеліктері ашыла түседі.  Бұл ретте әр оқушының тұлғалық дамуы оның  алған білімі мен шығармашылық қабілетіне қарай бағаланады.

Деңгейлеп саралап  оқыту технологиясы  дегеніміз –  әр оқушыны оның қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне қарай оқыту, тәрбиелеу бағытында  жүзеге асатын  технологияның  түрі. [1.9]  В.П.Беспалько деңгейлеп, саралап оқытудың жаңа жолдарын ұсынып, оны төмендегідей деңгейлерге жіктеді:

         Бірінші- оқушылық деңгей. Аталған деңгейде ұсынылатын тапсырмалар бағдарлама талабына сәйкес беріледі.  

         Екінші – алгоритмдік деңгей. Бұл деңгейде тапсырмалардың мазмұны күрделендіріле ұсынылады.  

         Үшінші- ізденушілік деңгей.Аты айтып тұрғандай, бұл деңгейде ұсынылатын тапсырмалар оқушыны ізденушілікке жетелейтіндей болуы шарт. Олар өзара сабақтастыққа, жүйелілікке негізделіп, оқушылардың танымдық қабілетін мен танымдық құзіреттілігін жетілдіруге бағытталады.      

         Төртінші- шығармашылық деңгей. Бұл деңгей оқушының шығармашылық қабілетін, дарындылығын, талантын ұштауға, оның жеке қабілетін дамытуға көмектесетін тапсырмалардан тұрады.  Аталған деңгей тапсырмалары оқушының бүкіл қабілетін дамытып, жетілдіруге ықпал етеді.

         Деңгейлеп оқытуда мұғалім ақпарат беруші және ұйымдастырушы, кеңес айтушы қызметін ғана атқарады. Деңгейлеп  саралап оқыту технологиясының  алдына қойған мақсаты оқытуды оқушының әр түрлі топтарына, ерекшеліктеріне сай бейімдеу, ыңғайлау. Оқушылардың өзіне деген сенімділіктерін қалыптастыра отыра, деңгейлік шығармашылық тапсырмалар және жазба жұмыстарын орындау арқылы шығармашылық деңгейге көтерілуін  анықтау. Деңгейлеп оқыту технологиясы  оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыру мүмкіндік береді. Оқушылар оқушылық, алгоритмдік, ізденімдік және шығармашылық деңгейдегі тапсырмаларды орындау арқылы белгілі бір жетістіктерге жетеді. Деңгейлік тапсырмалар оқушылардың білімге деген ынтасын арттыруға ықпал етеді.      

Деңгейлеп оқыту технологиясының ұтымдылығы бұл технология  оқушының да, мұғалімнің де белсенді шығармашылық қызметін дамытуға арналған. Бірінші деңгейдегі тапсырма мемлекеттік стандарттық деңгей болғандықтан мұны оқшылардың барлығы  орындауға міндетті. Екінші-үшінші деңгей бірте-бірте күрделене түсетіндіктен  оқушылар бұл тапсырмаларды құқылы, ал төртінші деңгей  тапсырмаларын шығармашылықпен жұмыс істей алатын оқушылар ғана орындайды. Әрине,  барлық оқушы 4-деңгейді түгел орындап шыға алмауы мүмкін. 

         Бірақ 1-2 деңгейді оқушылардыңы барлығы дерлік орындай алады, ал білімді, алғыр оқушылар 3-4-деңгей тапсырмаларын орындап алға озып кетуі ықтимал.   Олай болса, деңгейлеп оқыту білім алушылардың мүмкіндік және міндеттті деңгейін анықтай отырып, оқу жетістіктерін, нәтижесін тексеруде ұтымды деп танылған педагогикалық әдістердің бірі ретінде қолданылады.  

         Міндетті деңгей – оқушылардың  білім беру стандарты, бағдарлама бойынша оқу материалдарын меңгере алуы. Ал,  мүмкіндік деңгей  білім беру стандарты, бағдарлама  берілген оқу материалдарын  ғана емес, сонымен қатар білім алушылардың өздігінен ізденіп, тапсырмаларды шығармашылықпен орындай алу құзыреттілігімен  сипатталады.      

         Орыс дидактиктері М.А.Данилов пен В.П.Есипов проблемалық оқытуда оқушыға дайын материалды бермей, шығармашылық тапсырмалар арқылы олардың өзіндік ойларын жетілдіру керек деп санайды[2.29].

         М.И.Махмутов проблемалық оқытуды үш түрлі классификацияға бөледі: Оқу материалдарындағы ережелер мен заңдылықтарды шешуге, анықтауға бағытталған ғылыми шығармашылық; практикалық мәселелерді шешуге, алған білімді жаңа жағдаятта пайдаланып, оны шешуге және өздігінен құрауға бағытталған практикалық шығармашылық; ойын ойнау, ән айту, сурет салу, т.б. арқылы өзінің шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған көркемдік шығармашылық.   Проблемалық оқыту оқушының репродуктивті, продуктивті және шығармашылық қызметін жетілдіруді көздейді.

         Проблемалық оқыту шартты түрде төрт деңгейден тұрады. Бірінші деңгей мұғалімнің айтқан материалын тыңдап, берілген тапсырмаларды орындауды қамтиды. Екінші деңгейде алған білімін жаңа жағдайда мұғалімінің көмегімен, жартылай өзі орындауы арқылы іске асырады. Үшінші деңгейде оқулық бойынша берілген тапсырманы өздігінен іздене отырып, орындайды. Төртінші деңгейде шығармашылық тапсырмалар орындай отырып, өзі талдау жасайды.

         Оқушының алдына проблемалық жағдаят қою арқылы материалды меңгерту – проблемалық оқытудың басты шарты. Проблемалық жағдаят оқушының ойлау қабілетін жетілдіреді, өздігінен шешім қабылдауға жетелейді. Проблемалық оқытуды қолдану үшін мұғалім тақырып бойынша оқушының білім деңгейін және олардың шығармашылық қабілетін ескеруі тиіс. Іріктеліп алынған сұрақтар оқушының жауап беруін талап ететіндей, салыстыру мен талдаудан тұратындай болуы қажет.

         Проблемалық оқыту оқушылардың ғылыми таным нәтижелерін, білімдер жүйесін ғана меңгеріп қоймай, сонымен бірге бұл нәтижелерге жету жолын өздігінен табуға жетелеп, оқушының таным дербестігін қалыптастырады. Проблемалық оқыту ойлау операциялары (талдау, қорытындылау т.б.) арқылы жүзеге асатындықтан, оқушының ойлау қабілетін дамытып, өзіне деген сенімділігін қалыптастыруға игі әсер етеді.

         Бүгінгі жаңашыл педагогтар білім сапасының мәнін айқындауда іс жүзінде білім сапасы шартты түрде қарастырылмайды, тек оны жүйеде ғана, қандай да бір қиын деңгейдегі тапсырманы орындауда ғана ескеру керек деген тұжырымдар ұсынуда.  Олар  білімнің сипаты деңгейлер бойынша алынған ақпаратты меңгеру және қолдана алу заңдылықтарына, ойлау үрдісі заңдылықтарына жауап беретінін сөз етеді. 

Жаңа технологияларды үнемі сабақта пайдалану арқылы оқушылардың өз бетімен іздену іс-әрекетінде пайда болатын білімдер, біліктіліктер мен дағдыларын қалыптастыруға болады. Деңгейлеп оқыту технологиясын қолдана отырып жетістіктерге жету үшін ең алдымен оқушылардың білім дәрежесін, ынтасын, ақыл-ой, еңбек дағдысын, өз жұмысына деген жауапкершілігін назарға ұстау қажет.  Оқушыларға баға деңгейлік тапсырмаларды орындай алу біліміне  қарай қойылады. 

Проблемалық оқыту оқушының білетіні мен білмейтінінің арасындағы қайшылыққа құрылып, ол мәселелерді шешуге деген проблемалық жағдаят туғызады. Осымен байланысты оқушының ізденушілік қабілеті дамиды. Проблемалық оқыту оқушының ерекшеліктерін ескере отырып, оның алдына шешілуі тиіс мәселелерді қояды.

 Шығармашылық деңгейдегі білімдерге оқушылардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін оятатын эвристикалық және зерттеу әдістері арқылы қол жеткізуге болады.  Бұл деңгейде оқушылар жұмыстың тақырыбы мен міндеттерін айқындайды, болжамын және іздену жоспарын дайындайды, іздену және зерттеу жұмыстарын жүргізеді.       

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Б.А. Тұрғынбаева. Мұғалімнің шығармашылық әлеуметін біліктілікті арттыру жағдайында дамыту: теория және тәжірибе // Aлматы. 2005, 174 бет.

2.Таубаева Ш.Т. Оқытудың қазіргі технологиялары //Бастауыш мектеп.– 1999. – №4. – 5-12.

3.Қ.Ж.Бұзаубақова. Жаңа педагогикалық технология. Алматы, 2006 ж. 76-бет.