Армысың наурыз!


Жандарбек Жансая, Бақытжанқызы Қарлығаш, Құрманғалиқызы Айшуақ, Миралиева  Қымбат, Телхожа Әмина, Бейсембай Береке, Есіркеп Муслима, Дүйсенханқызы Қарлығаш, Қолдау Тоғжан, Салыбек Балым, Тоғай Дәнекер, Андасова Әлия, Сихымбаева Бану

Шымкент қаласы, №75 мектеп -гимназиясы оқушылары

Жетекшілер: Кадирбаева Күлсара Аманқұлқызы, Кадирбаева Күлсара Аманқұлқызы, Садыкова  Айткул  Әжібекқызы

                               Отбасым – асыл қазынам

     Отбасы –  адам өміріндегі  теңдесі жоқ тұлғалар жиынтығы. Отбасы –қиналғанда қайғыңмен, қуанғанда қуанышыңа ортақ болатын аяулы жандар. Отбасыңның тірегі – сүйіспеншілік пен бірлік, риясыз сенім. Отбасы жоқ адамдар қанатсыз құспен тең. Мен ынтымағы жарасқан, үйінен күлкі кетпеген, шынайы сыңғырлаған күлкі естілген шаңырақтың  бақытты перзентімін. Себебі, менің жанұям қасымда. Мен өз  бауырларымды, ата –анамды мақтан тұтамын. Менің асқар таудай әкем мен алтын анам тек бізді ғана ойлайды. Біз үшін қазір қалай еңбек етсе, ертең мен  де ата- анамды дәл солай күтіп, баптаймын. Маған қымбат жандардың жүзінде әрдайым нұр төгіліп, жүзінде жылы шырай тұрса екен. Маған күнделікті беріп отырған тәрбиесі, үлгі –өнегесі, айтар сөзі мен берер ақылы мен үшін қымбат. Ең алдымен, жақсы білім алып, сабағымды жақсы оқып, өскенде сіздердің мақтан тұтатын, ақылды қыздарыңыз боламын. Сіздер Алтынай Жорабаева әпкеміздің әніндегідей «Бет түзейтін құбылам болып» тұра беріңіздер.

Бейсенбай Береке

5 г – сынып оқушысы

Анама

Отырамын партада,

Дәптер қоям алдыма.

Қалам алып қолыма,

Ән жазамын анама.

Аялаған баланы,

Бағып – қағып өсірген.

Білім берген балаға,

Ризамын мен Анама!

Әкешім

Әкетайым, әкешім

Мәпеледің, өсірдің.

Ақыл берген – шешенсің,

Мақтан тұтар – көсемсің.

Құрлысшы – менің әкешім,

Ғимараттар шешімін,

Оп –оңай –ақ шешесің.

Мақтанышы қазақтың,

Қайраткері азаттықтың.

Менен күткен болашақ,

Жарқын болар қазақтың.

Денсаулықты сақтаймын,

Үмітіңді ақтаймын.

Досқа тілек

Жан досым, менің жан досым,

Жан достар табылама тосын.

Тілеймін саған бақытты,

Тілеймін саған шаттықты.

Шыншылдық пен адалдық,

Кетпесін сенің жаныңнан.

Мұңшылдық пен қасірет,

Табылмасын маңыңнан.

Бақытты бол өңіңде,

Жиі күл сен өмірде.

Достығымыз жарасып,

Жүрейік біз тау асып.

Сіңілім  Айлинге

Сіңілім бар әдемі,

Қылығы оның тәп – тәтті.

Былдырлайды бал тілі,

Шуақ шашқан күлкісі.

Сұлу әрі көркем де.

Жаңа туған періште.

Тісі шыққан кезінде,

Алып берем бөлішке.

                                                   Анам – асылым

 Ана – әлемдегі ең нәзік есім. Ол сөзді айтқанда жүрегім мейірімділікке толып, өзімді жайлы сезінемін.  Барлық ана – мейірімді, әдемі, сұлу.  Өз баласы үшін  ақ сүтімен нәр беріп, ашықсам тойдырып, кірілесем жуындырып, ауырсам емдейді. Менің өсіп – жетілуіме ауа, күн, су секілді қажеттілік тағы бірі – ана нәрі. Жақсы мен жаманды, ақ пен қараны, ыстық пен суықты, үлкен мен кішіні, жақын мен жатты ажыратуға үйреткен. Сол анам аурмаса деп тілеймін. Ана жүрегі «балам» деп соқпай ма? Баласы жарысқа барса, оны ойлап, жанкүйер болады.  Анашыма көмектесіп , «рақмет» деген сөзді есту қандай керемет десеңізші. «Жұмақтың кілті ананың табаның  астында» дегеннің өзі анаға құрметті білдіреді.  Ал біз сондай тілекшімізді тыңдасақ,  қадірлесек, айтқанын екі етпесек онда біздің естілігіміз деп ойлаймын.  « Анаңның қадірін барда біл, жоқта қайғырма» дегендей , асыл анашымның жүзінен нұр төгіліп тұрса екен.

 Менің өміріме нәр беретін, болашағыма күш –жігер беретін, ертеңіме нық сенім беретін жалғыз адам. Ол – менің анам!

Есіркеп Муслима

5 в – сынып оқушысы

                       Менің асыл жандарым

      Менің ата-анам мен үшін сондай қымбат жандар. Олар ұлым – қызым деп біз үшін аянбай еңбек етеді. Мен аяулы, ажарлы анамды жақсы көремін. Ана –бұл алтын діңгек, арқа сүйер тірегің, өмір бойы қолдаушы һәм қорғаушың. Ана баласы өмірге келгеннен бастап, өмірінің соңына дейін асты –үстіңе түсіп, бәйек боп, бар жағдайыңды жасайтын, ауырсаң түнімен көз ілмейтін жалғыз жан.Анам қуанса – мен қуанамын. Үйіміздің шуағы, нұры, берекесі, ұйтқысы- анам.

    Ал әкем – асқар тауым. Мен сіздей әкемнің барына мақтанамын, бақыттымын. Біздер үшін күн –түн демей еңбек етіп, қатарымыздан қалдырмай жүргеніңізге мың алғыс. Біздердің өміріміздегі дүниені танудағы, алғаш сөйлеуді, алғаш тәй- тәйлеп қадам жасауды үйреткен ұлы жандарсыздар. Менің осы күнге жетіп, аман –есен жүріп, білім алып, ойнап – күліп жүруім ата –анамның арқасы.

«Әке –асқар тау,

Ана – жағадағы құрақ,

Бала – сылдырлаған таза бұлақ», – дегендей менің өміріме нәр беретін, болашағыма күш –жігер беретін, ертеңіме нық сенім беретін асыл жандарым үміттеріңізді ақтайтын қыздарыңыз боламын.

Қалдау Тоғжан

5г – сынып оқушысы

                                Отанды сүй

Шексіз- шексіз, қиырсыз, ұлы дала,

Шуақ болып шомылмай жылына ма?

Сүй Отанды, шынымен сүйіп өт те

Гүл боп қадал ойына, қырына да, – деп Мұқағали Мақатаев атамыз жырлағандай мен өз туған жерімді сүйемін. Отан –  менің туған жерім. Әрбір адам өз Отанын  қастерлеп, қадірлеуі керек. Отан ол сенің кіндік қаның тамған, өніп – өскен жерің. Әлемнің қай шетіне барсаң да, өзіңнің туған жеріңе жетпейді. Шаңын бұрқыратып кешіп, суына шомылып, тәп – тәтті жемісін жеген жеріңді ешқандай жермен алмастыра алмайсың. Әрбір адам  туған жерін ананың  ыстық алақанындай жақсы көреді. Яғни, сенің анаң. Отан және сенің Жер- Анаң.  Мен  Жер – Анама мына жыр – шумағымды арнаймын.

Жер – Ана мен өз анаң егіз екен,

Мейірімі мейлінше теңіз екен.

Анам туды, Жер –  Ана жетілдірді,

Осыны өзім өмірден негіз етем- деп, бүгінгі Тәуелсіздікке халқымыз оңайлықпен жеткен жоқ. Бүл күнге қаншама апа- аталарымыз өз өмірін қиды.  Қазақ елін  шаттыққа бөледі. Сондықтан,  достарым, Отанды сүй!

Салыбек Балым

5в –сынып оқушысы

                                           Асыл анам

         Ана – сөзі үш әріптен тұрса да, берер ұғымы ұшан теңіз. Анамның есімі –Амирсейітова Роза. Әр адам анасын бір күн көрмесе сағынатыны өтірік емес. Өмірге келгенімнен бері ақ сүтімен нәр беріп келеді. Менің өсіп –жетілуіме  таза, тұнық ауа, күннің нұры, судың ең тәтті дәмін беріп келе жатқан асыл анам.  Сол анам ауырмаса екен. Мен өз анаммен мақтанамын. Менің осы күнге жетіп, аман –есен жүріп, білім алып, ойнап- күліп жүруім анамның арқасы. Балалығымызбен  шулап, бұзықтық жасап ренжітеміз.  Тәуке ханның «Жеті жарғысындағыдай» ұл бала анасын ренжітсе, артқа қаратып атпен шаптырып жазалаған екен. Ананы ренжітуге болмайды. Біз анамызды мейірімділігімен, кешірімшілдігімен, жанашырлығымен мақтанамыз. Ананың мейірімі шексіз. Менің анам жас болса да әңгімені өте жақсы айтады. Әрдайым бізге ақыл айтып, бізді бауырмалдыққа, кешірімшіл болуға, ізгілікке баулып отырады.

  Менің айдай Анамнан асқан сұлу бар ма екен? Ертеңіме нық сенім беретін жалғыз адам, ол – менің жан  Анам!

 Тоғайбек Дәнекер

5В  сынып оқушысы

Қазақ қызы

Мен қазақтан туыппын, шүкір, Алла!

Имандылық, ізетті қойып алға.

Қазақтың қыздарынан сұранарым,

Иба, ізет, ұятты жойып алма.

Ұлпан, Күләш, Мадина, Фаризалар,

Қызай апа, Ұлпан ана жан аналар.

Дарындылық қасиеті бойға сіңген,

Тек қазақтан туатын ұлы аналар.

Мен қазақтың қызымын мақтан етем,

Өзге ұлтта қонақжайлық бар ма екен?!

Ұлы аналар рухына тағзым етіп,

Ата-баба дәстүрін сақтап өтем.

Түсіме енген ақын (М.Шахановқа)

Менің түсіме алғаш рет ақын енді,

Мұқтар аға келбетін анық көрдім.

Ол ақынмен жүздесу арман еді,

Ал, түсімде арманыммен жүздестім.

Мұқтар аға, мен өзіңді пір тұтам,

Жырларыңды бойыма тұмар тұтам.

Қазағымда сендей ақын болғанына,

Барша ұлттың алдында мақтан тұтам.

Ақын аға, амандығың қымбат маған,

Барша жұртты тамсандырып жыр жазған.

Тілім, тілім, Ана тілім деп жырлап,

Жырларымен тіл құріретін сақтаған.

6 «В» сынып оқушысы

Қыс (эссе)

Қыс. Жердің бетін аппақ, мамық қар басты. Даланың табиғаты тып-тыныш қалпымен маужыраған күйге енгендей. Алатаудың сілемдері мен биік жоталарындағы қыс көрінісі көздің жауын алып, жан баурайды. Кеудеңді мұздай ауасы кернеп, рахат бір күйге бөленесің. Кеудеңе қос қанат бітіп, қалықтап ұшып, тау шатқалдарын аралап жүргендейсің. Тибиғат неткен сұлу.

Қыс көрінісі ғажааап. Алыстан ап-анық  көрінген тау бөктеріндегі шырша, арша ағаштары  ақ тоңын желбегей жамылғандай қардан қалың тон киген. Көгілдір аспан түсін адам айтып жеткізгізгісіз сұлу. Көк аспандағы шарбы бұлттар сан түрлі құбылыс бейнесіне еніп, кең аспанда ойнақтап, жел ығымен ауып барады. Алатаудың асқақ шыңдарындағы қалың қар ертегідегі Аяз атаның қабағындай қатпарланып, бір сәт тыныстап, терең ойға батқандай. Осы тұста Абайдың «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр, мылқау танымас тірі жанды. Үсті-басы ақ қырау, түсі суық, Басқан жері сықырлап келіп қалды»,-деген өлең жолдары ойыма еріксіз оралды.

Қыс мезгілінің аязды күндерімен қоса, ерекше бір жылылық сыйлайтын күндері де аз емес. Ғажайып, ұмытылмас шақтары адам жанына шуағын шашып, нұрын төге түскендей көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.

6 «Ә» сынып оқушысы