Ғылыми жоба


Исақ Гүлбаһрам Жасұланқызы, Жұман Ақниет Бауыржанқызы

Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы Абыз ауылының №27 негізгі орта мектебі 2 сынып оқушылары

https://youtu.be/-f3V-t9s7AY

«Көктемнің жаршысы бәйшешек»

     Бағыты:  Дүниетану

                                                               Орындаған: №27негізгі орта мектептің

 2-сынып оқушысы

                                                                          Исақ Гүлбаһрам Жасұланқызы Жетекшісі:  бастауыш сынып мұғалімі:

Кемпирбаева Назгуль Амировна

Тақырыбы: Көктемнің жаршысы бәйшешек

Мақсаты:  Табиғаттың сұлу көрінісін қорғап, аялауға тәрбиелеу.

 Міндеттер:

  • Бәйшешектің азайып бара жатқанына теориялық шолу жасау.

Ғылыми жұмыстың мазмұны:
 I. Кіріспе.
II . Негізгі бөлім
III. Қорытынды.

Аннотация

Исақ Гүлбаһрам «Көктемнің жаршысы бәйшешек»  деп аталатын тақырыбы бойынша зерттеу жұмысын жүргізді. Зерттеу бөлімінде туралы Бәйшешектің азайып бара жатқанына практикалық жұмыс  жүргізді.

№27 негізгі орта мектебінің

2-сынып оқушысы

Исақ Гүлбаһрамның

«Көктемнің жаршысы бәйшешек»

тақырыбына жазған

ғылыми – зерттеу жұмысына

Рецензия

2-сынып оқушысы Исақ Гүлбаһрамның зерттеген ғылыми жұмысының құрылымы, мазмұны жағынан талапқа сай жазылған. Өзінің жасына сай баланың зерттеушілік жұмысы анық жазылған.

    Бәйшешектің азайып бара жатқанына толық жазған. Практикалық жұмыстар жасаған. Осы жұмысты қорғауға ұсынамын

Рецензия жазған                       Жантемирова Ж.Ж.

Кіріспе

         Жас зерттеуші оқушы ретінде маған  әрқашан да гүлдер өте ұнайтын. Көктем мезгілінде алғаш қай гүл шығар екен деген ой мені мазалады. Енді бүгінге бет бұрайық. Біз ауылда тұрамыз. Көктем болса да, ауылдың айналасы тап-тақыр күйге түсіп тұрады. Байқамайды екенбіз. Бәйшешек түгілі өзге өсімдіктер де азайып кеткен. Көңіліміз жабырқап қалады. Табиғаттың сұлу көрінісіне үйреніп қалған баяғы әдетпен «Бәйшешек қайда?» дейміз. Жоқ. Себебін іздедік. Кітап ақтардық. Үлкендермен  пікірлестік. Жаһандық желіні шарлап шықтық. Не керек, жіптің бір ұшын ұстадық-ау. Бәйшешек те азайып барады екен. Қолға түскен деректе солай деп тұр. Бәсе, бекер күдік алмаппыз. «Қызыл кітапқа» еніпті. Апыр-ау, сол кітапқа енбеген табиғат байлығын саусақпен санап алатындай екенбіз ғой…
           Ерте заманда жер бетінде қатал қыс ұзақ аялдап, қақаған аяз кетпей тұрып алады. Сол заманда тау бөктерінде орналасқан жертөледе бір шағын отбасы өмір сүріпті. Отағасы жанұясын асырау үшін жұмыс іздеп жер дүниені шарлап кетеді. Әйелі мен екі перзенті оны күтумен болады. Күндердің күнінде қаңтар айының аяғында ұл бала қатты науқастанып қалады. Әбден шарасы таусылған ана тәуіптің көмегіне жүгінген екен. Тәуіп әйел оның кеселінің себебін анықтайды. Ол сәбиді емдеу үшін жаңа өсіп тұрған гүлдер мен жапырақтар керек екендігін мәлімдейді. Анасы мен бауырының қайғысына шыдай алмаған әпкесі емшіге керекті өсімдіктерді іздеп жолға шығады. Қараса, айналаның бәрі мұзбен шырмалып, қалың қармен көмкерілген. Бойжеткеннің бойын үрей билеп алады да, не істерін білмей, отыра қалып, қатты жылайды да, Құдайға жалбарына бастайды. Жүректен шыққан ыстық жастар қарды тесіп, жердің түбіне жетеді де, нәзік гүлдерді – бәйшешектерді оятады. Олар қардың қалың қабатын тесіп,  өздеріне жол салып, ақырында жер бетіне шыға келеді. Қыздың жасы тамған жерлердің бәрі әдемі ақ гүлдермен әрленеді. Сұлу бойжеткен оларды теріп алып, үйіне алып барады да, інісі аман қалады. Содан бері бәйшешек – үкілі үміттің нышаны саналатын болған екен.

Болжам: Көктем келді дегенше жаңбырдан көз ашпайтынбыз. Дәл қазір бір тамшы да тамбай, елдегілер алаң күйге түсетіні тағы бар. Оны табиғаттың тосын құбылысы деп қараймыз ба? Бәлкім, қоршаған ортаның өзара байланысына назар аудара алмай жүрміз бе?  Біздің айтпағымыз, сондай құбылыстар салдарынан өсімдіктер әлемі де құрып барады. Ілгеріде дала төсінің сәніне айналған бәйшешек те сондай салғырттық салдарынан қазақ жерінен жойылып кетуі ғажап емес.

Зерттеу пәні: Дүниетану.

Мақсаты: Табиғаттың сұлу көрінісін қорғап, аялауға тәрбиелеу.

 Міндеттер:

  • Бәйшешектің азайып бара жатқанына теориялық шолу жасау.

Әдебиеттің аналитикалық шолуы

Алай-дүлей мінезді қыстың құрсауынан құтылдық. Жер-дүниеге жылу сыйлаған көктем есік қағып тұр. Осындайда бәйшешек гүлі ойға орала береді. Оны көктемнің хабаршысы дейді жұрт. Жер-Ананың буыны босаған сәтте жер бетінде қаулап шыға келер еді.  Гүлдің неше алуан түрі шығатын. Алдымен бәйшешек бойын тіктер еді-ау. Жердің бетінде сол гүл көбірек көрінетін. Сол бәйшешек неге азайды? Қазір жердің ылғалы кеміді. Бұрын әр ауылдың іргесінде өзен-көлдер болатын. Бүгінгі күні олар да тартылып кеткен. Оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Суландыруға көңіл бөліне бермейді. Ілгеріде жауын-шашын да көп болушы еді. Бәйшешек жер жүзінің бірқатар бөліктерінде өседі. Әсіресе, Еуразия мен Жерорта теңізінің маңынан көбірек кездеседі. Қазақстанның Алатау тауының бөктерінде, Қаратау баурайында шығады. Гүлдейтін уақыты – наурыз айы. Бұл уақытта өзге өсімдіктер әлі де көктеп шыға бермейтінін білеміз. Қысқасы, бәйшешек ерте гүлдеп, жердің тоңын жібітіп, адамзат баласына қарбалас тіршілікке толы көктем мезгілін алып келеді. Сондай-ақ, жазғытұры келгеннен бәйшешек жұлғыштар да көбейе түседі. Әрине, біреулер анасын, жан-жарын, қарындастарына гүл сыйлап қуантқысы келетіні анық. Алайда сол кезде бәйшешек біткен азайып, оның шыққан аумағы да тарылып, көзден ғайып бола түседі. Қазіргі таңда ірі қалалар маңында оны емге іздесең де таба алмайтын күйге түсіп барамыз. Тіпті, елді мекендер маңында да ол көзге ұшыраса бермейді. Басқа да мақсаттарда есепсіз жұлынған бәйшешек осылайша қас пен көздің арасында еліміздің «Қызыл кітабынан» орын алып, арнайы қорғау шарасы жүргізілуде. Осының салдарынан көркем көрінетін аталмыш гүл аялы алақан күтетін жағдайға жетті. Оны қаншалықты қорғай аламыз?

Негізгі бөлім

Күнгей алатауларының бөктерлерінде өсетін бәйшешек гүлінің тағдыры эколог мамандарды алаңдатуда. Неге дейсіз ғой? Көктем шығысымен өсімдік атаулының ішінде бірінші болып гүл жарып, шешек ататын, сөйтіп бөктерлер мен қырларда құлпыртатын, табиғат ананы қуанышқа бөлейтін, адамзатқа тамаша көңіл-күй сыйлайтын бәйшешектер елімізде азайып бара жатыр. Бәйшешек жойылу қаупінде тұр. Ол көп теріледі. Әсіресе, Алматы қорығы мен Іле Алатауы ұлттық паркі маңында бұрынғы жылдарда көп өскен. Сонымен қатар, еліміздің оңтүстік бөлігін бойлай жатқан қарт Қаратауды жағалай қоныс тепкен Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары аумағында да кездеседі. Дегенмен табиғаттың түрлі себептерімен және адамдардың оған деген жанашырлығы жоқтығынан қазір өте сирек кездесетін болды. Әрине, оған бейжай қарауға болмас. Өйткені, қоршаған ортаның әрбір құндылығы тұрғындар үшін бағалы байлық емес пе? Біздің осыны ескере алмай жүргеніміз өкінішті.
Таратып айтқанда, бәйшешек — құртқашаштар тұқымдасына жататын көп жылдық тамыр түйнекті өсімдіктер. Оның Еуразияда, Жерорта теңізінің жағалауларында шалғындықтар мен құрғақ аралас ормандарды мекендейтін ғылымға бәйшешектің 80-ге жуық түрі белгілі. Көктемгі бәйшешек атауы  латын тілінің «приму» – «алғашқы»  немесе  «көктемгі» сөзінен шыққан. Бәйшешектің емдік қасиеті бар.  Бәйшешектер Қазақстанда негізінен Іле, Жетісу (Жоңғар), Теріскей Алатауларында, Ұзынқара (Кетпен) жотасында, Қаратауда өседі.
Бәйшешек ерекше сары-алтын түсті бір жағына қарай еңкейген және кілттер бумасына ұқсас шатыршалардағы қоңырау түрлі гүлдерімен гүлденеді. Бәйшешектің биіктігі 10-30 сантиметрдей. Тамыр түйнектері ұзынша немесе шар тәрізді домалақ болады. Шоғырланып біткен таспа жапырақтарының саны — 6-9, ұзындығы — 10-12 сантиметр. Сары немесе көкшіл түсті дара гүлінің гүл қоршауы қарапайым күлте жапырақшалардан тұрады. Гүл қоршауының ортасынан ұзындығы 10-15 сантиметрдей түтік шығады да, гүлі сол түтіктің ұшында жетіледі. Аталығы үшеу, аталық жіптері қысқа болады. Аналығы біреу, ол 3 жеміс жапырағынан тұрады. Жемісі – үш ұялы, көп тұқымды қауашақ. Наурыз-мамыр айларында гүлдейді. Гүлдері түнге қарай және бұлтты күндері жабылып қалады. Оларды аралар немесе көбелектер тозаңдандырады. Бәйшешектер негізінен сәндік өсімдіктер. Гүлдің 6 түрі қызыл кітапқа енгізілген.  Жоғарыдай айтқандай, бәйшешектердің табиғи түрлері еліміздің таулы беткейлерінде кездескенімен, оның гүлпарлы және жай күлтелі түрлері көгалдандыру мақсатында шет елден әкелініп, жерсіндіріледі. Сол себепті бәйшешек түрі мен сұрпына қарай әр мезгілде гүлдейді. Оның кейбір түрі желтоқсан, қаңтар айларының аралығында гүлдесе, енді бірі наурыз және сәуір айларында гүл жарады. Ғалымдар бәйшешектің гүлдеуі сұрыпына ғана емес, өскен жерінің климатына, ауа-райына да байланысты екенін айтады. Сондықтан да бәйшешек кешігіп немесе уақытынан ерте гүлдеп жатса, таңданудың қажеті жоқ.

Бәйшешекке көп күтім көрсетілмейді. Тек адам аяғы таптамайтын жерге егіп, гүлдеп біткен соң түбін қопсытып, қоректендіру қажет. Ал бұл гүлді 4-5 жылда бір рет түбін бөлу арқылы көбейтуге болады.

Қорытынды

Елімізде арнайы қорғауға алынған табиғи парктер мен қорықтар саны аз емес. Әйтсе де кең-байтақ өлкеміздің барлық аумағын бақылауға алу өте қиын. Десе де осы жағдайға жеткілікті деңгейде көңіл бөлу біздің басты парызымыз. Рас, Қазақстанда арнайы қорғауға алынған өсімдіктер мен жан-жануарларға қастандық жасаған адамға түрлі шаралар қолданып, арнайы айыппұл салынып жатады. Әйтсе де мұндай жағдайға душар болған адам қалтасынан мардымсыз қаржыны шығындайды. Мәселен, рұқсатсыз жұлынған әрбір бәйшешек үшін 0,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Оның көлемі 706,5 теңгені құрайды. Әрине, бұл өте төменгі деңгейде екені көзге көрініп тұр. «Қызыл кітапқа» енген бәйшешекке осындай ауыз тұщытпайтын айыппұл төлейтін болса, кез-келген адам одан оп-оңай құтылып кете береді емес пе?
Біздің елімізде гүлді заңсыз жұлған адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын естіген де, көрген де емеспіз. Сондықтан осы бағыттағы заңдық шараларды қатайтпасақ, туған өлкенің табиғатын сақтауда оң нәтижеге жете қоймайтын секілдіміз. Осындай салғыртық салдарынан қазақ даласындағы қаншама табиғат байлықтары «Қызыл кітапқа» еніп кетті. Ендігі кезекте әрбір жан-жануар мен өсімдікке көзіміздің қарашығындай қарау лазым. Олай болмаса әлі де көптеген құндылықтың құрып кетуі әбден мүмкін.