«Менің мамандығым!»


Куспанова Молдир Амангалиевна

«Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы әкімдігінің білім беру  бөлімінің  Ақсай қаласының №1 бөбекжайы» мемлекеттік  комуналдық қазыналық кәсіпорын тәрбиешісі

«Ел  есінде  бір  жыл  қалғын  келсе- ас  бер, 

он  жыл  қалғың  келсе-ағаш   отырғыз,  

ал  мәңгі  қалғың  келсе бала  тәрбиеле»  

  халық   даналығы.

        Мен  үшін  ең  қастерлі  де, қасиетті мамандық ол-ұстаздық. Менің өмір жолындағы таңдаған мамандығым ол – тәрбиеші. Мен балабақшада тәрбиеші болып жұмыс жасағаныма еш өкінбеймін. Менің ұғымымда, алдымыздағы әрбір бала қайталанбас бір ғажайып әлем десек, сол зерттелмеген таза құпияға терең үңіліп, баланың басқаға ұқсамайтын ерекше қасиеттерін тану, оның жүрегіне, жан дүниесіне жол таба білу – біздердің, тәрбиешілердің бұлжытпас борышы. Бала тәрбиесі, оның ішінде балабақшадағы сәбилерді тәрбиелеу үлкен мәртебе. 

        «Адамды тәрбиелеу – демек оның ертеңгі қуанышқа ие болатын келешек жолын тәрбиелеу» -деп  А. С. Макаренко айтқандай біз балаларымыздың болашағына, тәрбиесіне жауапты жандармыз. Мектепке дейінгі ұйымдардағы жұмыстардың басты бағыты оқу тәрбие процесін жүйелі жоспарлау, жаңа инновациялық технологияларды ендіре отырып балаларды дамытудың тиімді жолдарын қарастыру. Міне осындай жұмыс жүйесі менің балабақшамда қалыптасқан.
        Балабақшадағы балалармен жұмысқа жетекшілік ететін бірден – бір адам, ол – тәрбиеші. Педагогикалық үрдістің тиімділігі тәрбиешілердің өз ісін сапалы орындауымен анықталады. Сондықтанда тәрбиеші мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту, тәрбие және дамыту әдістемелері жағынан білікті болуы керек. Тәрбиеші өз жұмысын ғылыми негізде теориялық тұрғыда сауатты жүргізе білсе, онда практикада жүйелілік, бірізділік қалыптасып, нәтижесі табысты болмақ. Тәрбиешінің өмірден алған тәжірибесі, қабілеті, адамгершілігі, қарапайымдылығы, мінез – құлқы әлдеқайда жоғары деңгейде болуы тиіс. Ол қандай қиын жағдай болсын, кедергілерге қарамастан балалармен тікелей тынымсыз жұмыс жасайды.
        Тәрбиешінің бір бойында бірнеше қызмет бар. Ол жаңа үрдісте заманауи технологияларды енгізу арқылы ұйымдасқан оқу қызметі, семинарлар, ғылыми жұмыстар мен және тағы да басқа сайыс – байқауларды ұйымдастырып өткізуші, басқару арқылы нәтижелерге қол жеткізуін қолдаушы болып танылады. Тәрбиеші – жүрегі жақсылық пен жаңалыққа толы ұлы тұлға. Сол бойындағы барлық білім мен білікті, тәрбиені баланың жүрегіне жеткізу үлкен қасиет.

       Тәрбиеші тәрбиесін шын қабылдаған бала болашақта сөзсіз ұлы тұлғаға айналады. Ұлы Абай атамыз:
«Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға,
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға!» – деп жырлап  кеткендей, әрбір ұстаз бұлақ түбінен асыл тас іздегендей балаға мән мен мағынаға толы білімді үйретуі керек. 

       Қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол болған еңбек жолындағы педагогикалық ұстанымым -үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және  әр тәрбиеленушінің бойынан жақсылық  тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетелеу. Мен жас өспірімдерге арнаған осы уақыттарды өмірімдегі ең бір бағалы уақытым, бақытты кездерім деп айта аламын. Алдымда отырған жас бүлдіршіндерімнің сүйкімді де, әдемі, байсалды да, ақылды жүздерін көрсем, әрбір үйдің ерке баласының жүздерінен не нәрсені де білуге құштар шабытты, сұраулы жанарларын байқаймын. Олардың менен күтетіндері өте көп…
         Әр бір оқу іс-әрекетіме жауапкершілікпен қарап, дайындалуды еш жадымнан шығарған емеспін. Шынайы оқу іс-әрекеті – бұл бала мен тәрбиешінің арасындағы бірлескен ізденіс нәтижесі, тәрбиешінің шығармашылық жұмысының жемісі. Ізденіс жоқ жерде сылбырлық, енжарлық, бас көтеріп оқу іс-әрекеттерінің мәні кетеді. Әрбір оқу іс-әрекеттері жас бүлдіршіндер үшін өз құпиясын ашқан сыр сандықтай болса, тәрбиеші сол тылсымы мол жұмбақ әлемнің сиқыршысындай.

          Әр оқу іс-әрекетінің , ашық тәрбие сағаттарының, мерекелік ертеңгіліктерінің сәтті шығуы, әрине өзімізге байланысты. Жыл сайын балабақшадан мектепке шығарып салатын, бүлдіршіндерімізді қимастықпен шығарып салып отырамыз. Өз педагогикалық тәжірибемде, қандай білім беру саласында болмасын әр оқу іс-әрекетінің тартымды, сәтті шығуы тәрбиешінің бала назарын еріксіз оқу іс-әрекетіне аударту, баламен оқу іс-әрекеті үстіндегі әрбір қарым-қатынасты шебер ұйымдастыра білуіне байланысты екеніне көзім жетіп жүр. Көбінесе негізгі оқу іс-әрекеттерінің арасындағы сергіту сәттерінің алар орны ерекше. Бала зейінін аударудың тиімді жолдары. Осы уақыттардың ішінде қаншама жас бүлдіршіндер алдымнан өтіп жатса да, алдыма келетін балаларды үлкен жауапкершілікпен осы ғажайып әлемнің тылсымына ендіру маған үлкен ләззат сыйлайды. Педагогикалық шеберліктің мәні алдымен қызықтыру, сонан соң үйрету деген тұжырымдамасын негізге аламын.

       Менің негізгі мақсатым – балаларға жақсы көңіл – күй сыйлай отырып, саналы тәрбие, сапалы білім беру. Өзімді әр оқу іс-әрекеті үстінде балаларға бағыт беруші, жол сілтеуші рөліне қоямын. Бұл балалардың өзіне деген сенімін арттырып, оқу іс-әрекеттеріне деген тұрақты зейін қалыптастыруға, қызығушылығын оятуға жағдай туғызады. Бүлдіршіндерді тәрбиелеуде, тәрбиешілердің осындай қым – қуат тіршіліктен шаршамай, талмай еңбек етіп, кішкентай бүлдіршіндеріміздің бойына ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, адамгершілік сіңіріп, өз – өзіне деген сенімділікке тәрбиелеуде тәрбиешілер шешуші рөл атқарады.
        Мен өзімнің әріптестеріме жаңа инновациялық, әдістемелік көмек беріп, оларға мейірімділікке, шыдамдылыққа, кешіре білуге бағыт беріп келемін. Қызметтестеріммен тең жағдайда сырласып, тыңдап, мен өз балабақшамның жұмысын жетілдіріп, жоғары деңгейде көтере алатыныма сенемін.
         Менің тәрбиешілік қызметімнің нәтижелігі өзге де педагогтардың өзін – өзі тануға ықпал жасау. Әрбір маман шығармашылығын, шеберлігін, талантын жаңғыртып, өз ісінің шебері атанса және оны балалармен жұмыста көрсете алса мен оны еңбегімнің жемісі деп түсінемін. Педагогикалық озық технологияларды ұйымдасқан оқу қызметі барысында пайдаланып, балалардың шығармашылығын дамытуға ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жүзеге асырдым. Бес жастағы бала зейінін дамытып, жеке тұлғаға айналдыру әр тәрбиешінің басты міндеті.
        Менің өмірдегі ұстанымым:
1. Мейірімділік, шыдамдылық, ізденімпаздық;
2. Балалардың мүмкіндіктеріне сену, ойын әрқашан құлақ қоя тыңдау;
3. Өз мамандығымды сүю және мақтан тұту.
        Мен өз ісімді шеберлікпен атқарып, балабақшамдағы тәрбиеленушілердің заман талабына сай білімдерін жетілдіріп, шығармашылық қабілеттеерін дамыту қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын. «Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады»- деген Абай сөзін өмірлік қағида еткен әрбір тәрбиеші, ұстаз құрметті. Сөзімді қорыта келе, бүгінгі тәрбиеші – өз мамандығын сүйетін, патриот, өз ісінің шебері, ізденімпаз, жаңашыл, терең болуы тиіс. Жеке тұлға ретінде ізденгіш, өз пікірін айта алатын, адамгершілігі мол, білімді, өз елін сүйетін, он қолынан өнері тамған өнерлі болуы керек. Шынымен де, ұстаздық жол – қызығы мен қиындығы қатар жүретін өте қасиетті жол. Осынау қасиетті жолмен білім әлемінің тылсымына бойлай отырып, бала жүрегінен жол табу тәрбиеші үшін үлкен бақыт. Мен өз мамандығыммен мақтанамын!