РЕЦЕНЗИЯ №27 – 23.04.2020 Ж.


Ақмола облысы  Жақсы ауданы Жақсы ауылы  Жақсы №1 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Дюсембекова Айман Карабаевнаның «Білімді бекітуге арналған жаттығу жұмыстары. Қазақ тілі. 5-9 сыныптарға арналған» атты жаттығулар жинағына

ПІКІР

Мектеп оқушыларына қазақ тілі пәнін оқыту барысында жаттығу жұмыстарын жүргізудің пайдасы зор. Себебі, жаттығу жұмыстары оқушыларды сауатты жазуға бейімдейді. Сондай-ақ, оқушының шығармашылық қабілетінің дамуына, тіл байлықтарының жетілуіне мүмкіндік береді.

Автордың аталған әдістемелік құралында қазақ тілінің салалары: фонетика, сөзжасам, морфология тараулары бойынша орындалатын тапсырмалар жинақталып берілген. Жаттығу жұмыстары оқушылардың алған білімдерін практикада қолдана алу дағдыларын іске асыру мақсатында жүргізілетіні анық. Мұғалім өтілетін тақырыптарға бейімдеп, жаттығу жұмыстарын ұсынады да, дидактикалық мақсатын, әдістемесін де нақты жағдайларға байланысты өзгертіп отырады.

Автордың: «Қазақ тілі сабақтарында жаттығу жұмыстары ауызша да, жазбаша да жүргізіліп келеді. Сондықтан да оқушылардың ауызекі сөйлеу тілі мен жазба тілін дамытуда жаттығу жұмыстарының маңызы зор» деуінен, өзіндік іс-тәжірибесіне сүйене отырып, оқушыларды анализ, синтез жасай білуге дағдыландыруды мақсат еткенін байқауға болады.

Қазіргі кезде жаттығу жұмыстары дәстүрлі оқыту кезеңінде де, қазіргі түрлі инновациялық технологияларды оқыту кезеңінде де қажет екендігі дау тудырмайды. Осы тұрғыдан алғанда аталған еңбектің оқушылардың ауызекі сөйлеу тілі мен жазба тілін дамытуда маңызы зор.

Жаттығулар жинағы 5-9 сыныптардың бағдарламаларына сай жазылған. Яғни, мұғалім әр жаттығуды құрастыру барысында жас ерекшеліктерін ескерген. Оқушы жаттығу жасау арқылы қазақ тілінің грамматикасын меңгереді, әрі алған білімін бекітеді. Қазақ тілі пәнінен жаттығу жұмыстарын жүргізудің нәтижелі болатындығын осы жинақтан көз жеткізе отырып, тақырыбын жинақтап: «Қазақ тілі пәніне арналған жаттығулар жинағы» (5-9 сынып) деп атауды ұсынамын.

Филология ғылымдарының кандидаты,

доцент                                                                  Л.Н. Дәуренбекова