Рухани жаңғыру – ел тірегі


Молдабеков Айбек Базаралыевич 

Ыбырай Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы

Тәуелсіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кәміл сенуге болады. Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Болашағы мен бағыты анық, рухы өр» ел боламыз. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Тарих өткен шақпен, адами жадымен және әлеуметтік еспен байланысты болғандықтан, бұған төл тарихты тану арқылы қол жеткізуге болады. Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Келешек қамына алаңдайтын болсақ, әуелі білім мен ғылымды дамытудан бастау керек екені сөзсіз. Бұл ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген ұғымды білдіреді. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерлеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс деп түсу керек.Бүгін жаңғыруды тек дамушы елдер ғана қажет етпейді, дамыған елдер де үздіксіз өзгеру үстінде, әсіресе ұлттық дамудың тиімді үлгілерін іздеу жолында жүр. Сондықтан ұстаз ретінде шәкірттерімді рухани жаңғыру аясында  тәрбиелеу менің де еншіме тиесілі деген ойдамын.