«Мен жеңістің көріп тұрмын алауын» тақырыбына арналған кураторлық сағаттың сценариі


Хасенова Анар Тналиевна

Ақмола облысы білім басқармасының жанындағы «Бурабай ауданы,Щучинск қаласы, Жоғары техникалық колледж» МКҚК қазақ тілі  пәнінің оқытушысы    

                                                                                                                                                                  «Мен жеңістің көріп тұрмын алауын»
      –(Ұлы жеңістің 72 жылдығына арнайы) тақырыбына
            арналған кураторлық сағаттың  сценариі

                                                                                                                                         
                                                             Дайындағандар:Әділжан Г., Әбдаш Е.-
                                                             ЭМ-32 тобының студенттері

                                                              Куратор:  Хасенова А.Т.

                                     2016-2017 оқу жылы

Өтетін уақыты: 02 мамыр 2017 жыл

Өтетін орны: жатақхананың №51 дәрісханасы

Жауапты: Әділжан Г., Әбдаш Е.

Қатысушылар: ЭМ-32 тобының  студенттері  

Кураторлық сағаттың тақырыбы: « Мен жеңістің көріп тұрмын алауын»-(Ұлы жеңістің 72 жылдығына арнайы).

 Мақсаты: «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген қағиданы ұстана отырып, студенттерге ерлік пен батылдық туралы,  Ұлы Отан соғысы , оның зардаптары, Ұлы жеңістің мән-маңызы туралы мағлұмат беру.

Міндеті: Студенттердің Отан тарихына деген сүйіспеншіліктерін арттыру, жеңіс салтанатын көре алмай кеткен боздақтардың ерлік істеріне тағзым етуге, өз халқымыздың тарихын құрметтей білуге, дүние жүзіндегі басқа ұлт өкілдерінің достығын нығайтуға тәрбиелеу, отансүйгіштікке, елжандылыққа, батылдыққа шыншылдыққа баулу.

 Көрнекілігі: батырлардың суреттері, мультимедиалық проектор,  видеороликтер.

 «Ерлік – басыңа төнген қауіп қатерді жеңу деген сөз. Ол тек қасарысқан қажырлы күресте ғана туады».

 Бауыржан Момышұлы.

 
Кураторлық сағаттың өту барысы:

Куратордың сөзі:

      Ұлы Отан соғысының аяқталғанына міне 72 жыл толмақ. Әрқайсымыз үшін жақын әрі қымбат мереке 9 мамыр -Жеңіс күні.Жеңіске жету жолында қазақстандықтардың асқан ерлігі мен әскери жанқиярлығы Отан соғысы тарихындағы жарқын беттерге айналды. Сондықтан бұл күннің маңызы өте жоғары. Жеңіс үшін шыбын жандарын құрбан еткен бірнеше миллиондаған адамдардың есімдерін есте сақтап, 1418 азапты күн мен түнді болашақ үшін ерен еңбекпен, қайсар ерлікпен өткізгендерін ұмытуға болмайды. 

Гүлфара :

Бұлт түнеріп аспаннан,

Талай көзден жас тамған.

Тұтқиылдан жау келіп

Қырғын соғыс басталған.

Еділхан :

      1941 жылы 22 маусым күні таңғы сағат 4-те таң шапағы жаңа ғана арайлап келе жатқан кезде фашистік Германия тұтқиылдан Кеңес Одағына опасыздықпен басып кірді. Бұл халық үшін ауыр кезең болды. Гитлердің соғыс жоспары «Барбаросса» деп аталды, ол жоспар бойынша КСРО-ны 3-4 айда жаулап алып, оны болашақ соғыс жорықтары кезіндегі шикізат, адам ресурсына айналдырмақшы болды.Бірінен соң бірі Европа елдерін бағындыра отырып, Германия 1941 жылы өзінің басты қарсыласы деп есептеген КСРО-ға аяқ тіреді. Біздің тарихымызда бұл Ұлы Отан соғысы деген атпен белгілі.

Гүлфара:
       Отанымызға қатерлі күн туды. Дүниедегі бейбітшілік бағына сұрапыл соғыс қаһарын төкті. Отанымызды қорғау үшін еліміздің көптеген ер-азаматтары майданға аттанды.Барлық жұмыс соғыс талабына сай ұйымдастырылды. Партизан отряды құрылды.«Бәрі де Майдан үшін» деген ұран тастады. Еңкейген кәрі, өрімдей жас, еңбектеген балаға дейін елі, жері,

Отаны үшін арпалысты.           

 Отан ана жылағанда шерленіп,

  Тапжылмастан шөгеді екен жерге бұлт.

 «Қара бұлтты қақ жарайық !»-деді де,

 Қолдарына қару алды ерленіп.

Еділхан:
     Ұлы Отан соғысы жылдары КСРО 27 млн азаматынан айырылды, оның шамамен 4101 мыңы қазақстандықтар. 1710 қала типтес мекен, 70 мыңдай ауыл-селолар қирады.Фашистердің жан түршігерлік әрекеттері «Ост» («Шығыс») жоспарына негізделді. Бұл жоспардың мақсаты «Оқтың күшімен, найзаның ұшымен дүние жүзін бас идіру болды1-ші дүниежүзілік соғысқа – 1 млд. астам халқы бар 36 мемлекет қатынасса, 1939-1945 жылы соғысқа 1 млд. 700 млн. халқы бар 61 мемлекет қатысты. 40 мемлекет территориясы – ұрыс шайқасына айналды.

 Гүлфара:
      Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен Кеңес Одағы, оның ішінде қазақ халқы бір адамдай Отан қорғауға аттанып, соғысты жеңіспен аяқтау үшін барлық күш-жігерін жұмсады. Қазақстанда соғыстың алдында 6,2 миллион халық тұратын еді. Осы жылдары республикамыздан 1 миллион 196 мың 164 адам қару асынып майданға аттанды. Республикадан еңбек армиясына 700 мың адам жіберілді. Сонда Қазақстан соғыс жылдары әскери комиссариаттары арқылы 1 миллион 900 мыңдай адам сапқа тұрды.Даңқты қарулы күштердің және еңбек армиясының құрамында мл қазақстандықтар болғанСоғыстың алғашқы күндерінен-ақ бүкіл халық жан тәнімен өз Отанын қорғауға аттанды.

Еділхан:
      Ат ауыздығы мен су ішкен, ер етегімен су кешкен сұрапыл соғыста ерлермен бірге қолдарына қару алып, Ұлы Отан  соғысына қатысқан батырларымыз: Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Мәлік Ғабдулин, Талғат Бигелдинов, Қасым Қайсенов, Сағадат Нұрмағанбетов сынды ағаларымыз ел алдындағы борыштарын өтеп, еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғап қалды

 С.Шынболат:

  Бұлт торлады аспанды,
Қара жер қанға ластанды.
Зеңбірек атып жан-жақтан,
Осылай соғыс басталды.

А.Ербол:
Соғыс деген қайдан шықты,
Авторы кім алғашқы?
Есіл адам, есі кетіп,
Оған несін жармасты?!

Ө.Ұлдана:

Бүкіл адам тарихының бетін неге қан басты?
Соғыс деген — аққан соры ақсүйектің, құлдың да,
Соғыс деген — төккен ары ұлдың және қыздыі да.
Соғыс деген — Сотқарлардың қолындағы найзасы,
Соғыс деген — соғыс деген — зұлымдықтың айнасы.

К.Әдемі: 

Қиылды,
Қанаты тәтті арманның.
Үзілді қайырмасы бақтарда әннің.
Әлемде еі сұмдық күн ана үшін —
Майданға азаматтар аттанған күн.
Бұлт басты,
Ашық сәні қашты аспанның.
Жоғалсын заты бұлай бас қосқанның.
Анаға ең ауыр күн тіршілікте —
Боздап кеп,
Боздағымен қоштасқан күн.
Қайғыдан кәрі таулар қап-қара боп,
Жеткізді жерге дейін қайың басын.

Ө.Ұлдана:

Білеміз сұм соғыстың кезеңдерін,
Сел болып аққан қанның өздерін.
Елімді, Отанымды олжалауға,
Жау оғы жан ұшырып кезенгенін.
Көтердік сол соғыстың зардаптарын,
Қайғылы, қатерлі кез салмақтарын.
Елімнің бақыты үшін шеит болған,
Аяулы ардагерлер, саңлақтарым.
Болса да жер шарының кеңестігі
Оңай бізге келген жоқ Жеңіс күні
Жеңіс үшін аянбай қызмет етіп,
Тылда да еңбегімен тер төккені.

Д.Нұрсұлтан:

Жеңіс келді далама,
Жеңіс келді қалама,
Жеңіс келді әке боп,
Елдегі бар балаға.
Жеңіс келді ән болып,
Келді ауылға сән көрік,
Жеңіс келді, алақай!
Тойып жейтін нан болып!

К.Әдемі:

Айтып болды дүние талай әнді,

Аспан жүзін таң алды арай алды.

Жетсек деген арманға жетті-дағы,

Жеңіс деген бір сөзден ел оянды.

 Төрт жыл бойы жел соғып, дауыл келді

Қала көрді, қиындық ауыл көрді

Жеңіс! Жеңіс! Әке мен оның ұлын,

Кездестірмей қойғаның ауыр болды.

Еділхан:
     
1945 жылдың 30 сәуірінің кешінде 6 сағат 30 минутта Жеңіс туы тігілді. Ту тіккен — Рақымжан Қошқарбаев. 4 жылға жуық созылған қан төгіс аяқталды. 9 мамыр — Жеңіс күні. Бірақ бұл жеңіс оңайлықпен келмеді. КСРО-ның 1710 қаласы күл талқан болды. 70 мыңнан астам село мен деревняны өрттеп жіберді. Қаншама ана баласыз, қаншама бала әкесіз қалды. Соғыс даласынан 20 миллионнан астам адам қайтқан жоқ, ал соның ішінде 350 мыңы қазақ болатын.

Гүлфара:
       Иә, соғыс өзінің сұмдықтарын бүгінгі күнге дейін ұмыттырар емес. Ұлы Отан Соғысының жеңіспен аяқталғанына міне 72жыл болды. Бірақ, сол жылдар жаңғырығы адамзат жүрегін әлі сыздатуда. Иә, уақыттың тарихы атты өз төрешісі бар. Соғыс өрті өшіп, қайғы мұңнан арылып, бейбітшілік орнады.

А.Ербол:

72 жыл — бейбіт көктем таңы атқалы,
72 жыл — шуақты күн таратты әнін.
Талай құс содан бері қайта оралды,
Талай бақ әлеміне қайта оранды.
Соғыста өлгендер тек оралмайды,
Тек ұрпақ олар жайлы айтады әнді.
72 жыл — жауыздықтың ажал оғы,
Біздің елдің үстінен ұшпағалы.

Қорытынды:
    Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы құрамындағы халықтар үшін басына түскен сын кезең болды. Осы сыннан халқымыз мүдірмей өтіп, әлем алдында беделі асқақтап, биік шыңдардан көріне білді.Жауынгерлеріміздің бірлігі, асқақ рухы арқасында Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталып, еліміз бейбіт өмірге көшті.

С.Шынболат:

 «Майданға хат» (үзінді)

Құлыншағым аман ба?

Қолыма тиді сенен хат.

Хабарыңды есітіп,

Қуанып қалды ғаламат.

Күніге тоқсан тілеймін,

Құлыным кел деп саламат.

Жүрегім – жалын, ішім у,

Жанымда ауыр жарақат.

Суретің келді хатыңда,

Шекпен киген жалаңқат.

Ерге лайық бес қару,

Асыныпсың автомат.

Суретіңе қарасам,

Емшегім иіп, сүт тамад.

Көзімнің жасы төгіліп,

Ұйқыдан кетті рахат.

Отаның үшін қарағым,

Арың қымбат жаныңнан.

Бөбектерің аман-сау,

Ас жейді әзір қолымнан.

Ербеңдеген ермегім,

Тастамаймын қолымнан.

Лақ-қозы қайырсам,

Қалмайды сүйем соңымнан.

Жағдайсыз емес келінім,

Оны да көрем бағымнан.

Қайырмайды тілімді,

Жібектей майда жамылған.

Көңілімде алаң жоқ,

Жаны сүйген жарынан.

Уһілеп кейде демалып,

Шығады түтін жалыннан.

Хабарыңды жиі жаз.

Өтпесін көп күн арадан.

Талқандап жауды аман қайт,

Бұлт серпіліп көгімде.

Жазылсын жүрек жарадан!

Гүлфара:

 Ер елі үшін туады. (мақалды жалғастыру)

1. Отан үшін отқа түс, …  (күймейсің)

2. Отан оттан да …  (ыстық)

3. Туған елдей ел болмас,  (туған жердей жер болмас).

4. Ит тойған жеріне…(ер туған жеріне).         

5. Батыр туса, ел ырысы  …   (Жаңбыр жауса, жер ырысы).

6.Туған жердің күні де ыстық … (түні де ыстық).

7. Ел болам десең, …     (бесігіңді түзе)      

8. Отансыз адам …  (ормансыз бұлбұл)              

9. Ер бір рет өледі,  … (қоқақ мың рет өледі).                  

10. Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,… (батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін).

Еділхан:

 Қаһарман ұрпаққа мың тағзым  (Сұрақ – жауап)

  1. Ұлы Отан соғысы батырларын ата?
  2. Ұлы Отан соғысы қай жылы басталды?
  3. “Шығыстың қос жұлдызы” кімдер?
  4. Рейхстагқа ту тіккен қазақ батыры?
  5. Соғыс дегенді қалай түсінесің?
  6. Ұлы Отан соғысы қай жылы аяқталды?
  7. Ұлы Отан соғысы батырларын ата?
  8. Кеңес Одағының екі мәрте батыры, ұшқыш?
  9. Әлия мен Мәншүкке жасаған ерліктері үшін қандай атақ берілді?
  10. Бейбітшілік дегенді қалай түсінесің?

Қорытынды:
    Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы құрамындағы халықтар үшін басына түскен сын кезең болды. Осы сыннан халқымыз мүдірмей өтіп, әлем алдында беделі асқақтап, биік шыңдардан көріне білді.Жауынгерлеріміздің бірлігі, асқақ рухы арқасында Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталып, еліміз бейбіт өмірге көшті.

72 жыл көктем таңы атқалы,

72 жыл шуақты күн таратты әні

Есімде содан бері қаншама рет

Ашылды Жеңіс күннің парақтары.

Талай құс содан бері қайта оралды

Талай бақ әлеміне қайта оранды.

Соғыста өлгендер тек оралмайды

Тек ұрпақ олар жайлы айтады әнді.

«Соғыстан қайтқан солдаттар» әнін тыңдау

сөзі: С. Мәуленов
әні: Т. Әбілхатич