Ашық сабақ “Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер”


Солтүстік Қазақстан облысы

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан

Новоишим селосы

№2 Новоишим орта мектебінің

биология және химия пәнінің  мұғалімі:

Калыбаева Сауле Есимовна

Мақсаты:

1.Білімділік:Оқушылардың аса маңызды мемлекеттік белгілер- рәміздер        жөніндегі білімдерін жан-жақты сарапқа салу, оларға мемлекеттік белгілердің аса маңызды екенін ұғындыру, оны ерекше құрметтеп, мақтан тұту керектігін ашып көрсету.

2. Тәрбиелік: Отаншылдық, ұлтжандылыққа, өз елін, тегін, тарихын сүюге тәрбиелеу.

3. Дамытушылық: Ой-өрісін, танымдық қабілетін, жеке дара тұлға ретінде дамыту.

Көрнекілігі: Рәміздер авторларының суреттері, рәміздер суреттері, таңба-белгілер, сайыс барысы жазылған плакат т.б.

Сабақтың барысы:

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады.

1-оқушы: Қазақ елі ұлан- байтақ.Бір қиырынан екінші қиырына дейін ұшқан құстың қанаты талып, жортқан аңның тұяғы шағылған деп суреттеледі аңыздарда. Айтса айтқандай, батысынан шығысына 3000 шақырым, солтүстігінен оңтүстігіне 1600 шақырым, жалпы аумағы 2717.3 мың шаршы шақырым алып аймақты қалай әсірелесе де тұрарлық. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігін жариялау.

2-оқушы: КСРО-ның ыдырау барысын тездеткен 1991 жылғы тамыз бүлігі 1991 жылдың қазанына қарай көптеген республикалардың өз тәуелсіздігін жариялауына септігін тигізді.1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жөнінде Конституциялық Заң қабылдауы улкен айтыс-тартыстың арқауы болды. Сөз жоқ, осыдан бір жыл бұрын Қазақстанның тәуелсіздігі жөніндегі Заң көптеген қарсылықтарға ұшырар еді, 1991 жылдың соңғы 4 айының ішіндегі саяси процестер тығырықтан шығудың табиғи жолына бастап әкелді: Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. «Мұндай заңды көп ұлтты Қазақстан халқы көптен күткен еді, – деп мәлімдеді республиканың халық депутаты С.Сартаев, – егер де оны біздің халқымыздың көптеген ұрпақтары жақындата түсті десем, ақиқатқа қарсы айтқан болмас едім. Тәуелсіздік үшін күрес үздіксіз дерлік жүргізіліп келді».

3-оқушы:Қабылданған құжаттың 1-бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялықунитарлық және құқықтық мемлекет деп анықтама берілген. Ол өз аумағында барлық өкімет билігін толық жүзеге асырады, ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізеді, басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынасын халықаралық құқық қағидалары негізінде құрады. Қазақстан аумағы біртұтас, бөлінбейтін және қол сұғылмайтын болып табылды.

4-оқушы:Заңның 2-бабында республика азаматтары ұлтынадіни сеніміне, қоғамдық бірлестіктерге қатыстығына, шыққан тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, кәсібіне, тұрған жеріне қарамастан барлық құқықтар мен міндеттерді, бостандықтарды пайдалана алатыны атап көрсетілді. Егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттіліктің қайнар көзі республика азаматтары болып табылады. Республика аумағынан кетуге мәжбүр болған және басқа мемлекеттерде тұратын қазақтарға өздері азаматтары болған мемлекеттің заңдарына қайшы келмесе, Қазақстан Республикасының азаматтығын да қоса алу құқығы берілді. Республика аумағынан жаппай қуғын-сүргін, күштеп ұжымдастыру, басқа да адамгершілікке қайшы акциялар барысында қашып шыққандар мен олардың ұрпақтарының елге оралуына қолайлы жағдайлар жасалды.

5-оқушы:Мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі қазақ ұлты және Қазақстанда тұратын басқа ұлттар мен ұлт өкілдері мәдениетінің қайта өрлеуі мен дамуына қамқорлық жасау болып табылады. 3-бапта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өкімет органдарының құрылымы анықталды. Қазақстан Республикасының және оның атқарушы өкіметінің басшысы – Президент болып табылады. Республика мемлекеттік тәуелсіздігінің экономикалық негіздері анықталған 4-баптa республиканың тәуелсіз мемлекет мәртебесіне сәйкес келетін және меншіктің барлық түрлерінің көпқырлылығы мен теңдігіне негізделген дербес экономикалық жүйесінің болатыны атап көрсетілді. Жер мен оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер және жануарлар дүниесі, басқа да табиғи байланыстар, ғылыми-техникалық және экономикалык мүмкіндіктер Қазақстан Республикасының меншігіне жатады.

6-оқушы:Қазақстан Республикасы дүниежүзілік қауымдастықтың тең құқықты мүшесі, ол өзінің тәуелсіздігін қорғау мен ұлттық мемлекеттілігін нығайту шараларын қабылдайды. Республиканың ажырамас құқығын құрайтын мәселелерді шешуге кез келген сырттан қол сұғушылық оның мемлекеттік тәуелсіздігіне нұқсан келтіру ретінде бағаланады. Қазақстан Республикасының өз мемлекеттік рәміздері – ЕлтаңбасыТуыӘнұраны бар. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң тарихи маңызды құжат және егеменді, демократиялық қоғам қалыптастырудың негізі болып табылады.

7-оқушы: «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңды қабылдау жөніндегі хабарды республика халқы қуана қарсы алды. 1991 жылғы 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күні болып жарияланды. Бұл күн 1986 жылғы желтоқсан құрбандарын еске алудың бес жылдығымен тұспа-тұс келді. Алматыда өткен митингіде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан  Әбішұлы  Назарбаев, академик С. Зиманов, желтоқсан оқиғасына қатысқандар, алыс және жақын шет елден келген қонақтар сөз сөйледі. «1986 жылы желтоқсанда екі күш – жас, қатайып үлгермеген демократия мен тоталитарлық жүйе қақтығысты, – деді митингіде сөз сөйлеген М. Шаханов. – Алматыдағы оқиғалардан соң көптеген демократиялық бой көрсетулер болып өтті, тоталитарлық жүйе күйреді. Қазақстанның тәуелсіз мемлекеттердің қатарынан өз орнын алуында 1986 жылғы желтоксанның баға жетпес сіңірген еңбегі бар».

8-оқушы: Көп ұзамай Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде дүние жүзінің жетекші елдері таныды. 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына(БҰҰ) мүшелікке қабылданды. Республика өзіне Ұйымның Жарғысын бұлжытпай орындау міндеттемесін алды. Қазақстан адам құқығының БҰҰ ортақ декларациясыменбекітілген құкықтары мен бостандықтарының басымдығын мойындай отырып, дүниежүзілік қауымдастыққа лайықты түрде қосылуға ұмтылатынын, алған міндеттемесін мүлтіксіз орындайтынын нық мәлімдеді.

9-оқушы: 1992 жылы каңтарда Қазақстан өзінің тұңғыш алтынын шығарып, мемлекеттің алтын қорын жинауды бастады.

Республиканың мемлекеттік тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен 1992 жылғы қаңтарда Ішкі істер әскері құрылды. Армия қатарына шақырылған жастар Қазақстан аумағында әскери борышын өтеу мүмкіндігіне ие болды. Бұрын, ұзақ жылдар бойы «эксаумақтық» қағида бойынша әскерге шақырылғандар туған жерінен неғұрлым алыс аумақтарда қызмет етуге тиіс болатын. 1992 жылы тамызда Республика Президенті әскери қызметшілер үшін әскери анттың жаңа мәтінін бекітті.

10-оқушы: Қазақстан Республикасының мемлекеттiк Елтаңбасы. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуы кезек күттірмейтін міндет ретінде оның мемлекеттік рәміздерін қабылдауды талап етті.

1992 жылы 4 маусымда Жоғарғы Кеңестің сессиясы республиканың жаңа мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті. Сол жылғы 11 желтоқсанда Республика Әнұранының жаңа мәтіні қабылданды.

1936 жылы бекітілген Қазақ КСР-інің мемлекеттік туы мен елтаңбасында Кеңес елінің идеологиялық бағытын (тап күресі, «кеңес» халқының бірлігі, коммунизм идеясын дүние жүзіне тарату) бейнелеген және республиканың этникалық-мәдени ерекшелігін ескермеген рәміздер енгізілген еді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – мемлекеттік негізгі рәміздердің бірі. Тудың ортасында арайлы күн, күннің астында қалықтаған қыран бейнеленген. Тік бұрышты көгілдір матаның ағаш сабына бекітілген тұсында ұлттық оюлармен кестеленген тік жолақ өрнектелген. Тудың ені ұзындығының жартысына тең. Бірыңғай көгілдір түс төбедегі бұлтсыз ашық аспанның биік күмбезін елестетеді және Қазақстан халқының бірлік, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Күн –уақыт, замана бейнесі. Ұлан-байтақ кеңістікте қалыктаған қыран ҚР-ның еркіндік сүйгіш аскақ рухын, қазақ халқының жан дүниесінің кеңдігін паш етеді.

11-оқушы: Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының негізі – шаңырақ. Ол елтаңбаның жүрегі. Шаңырақ – мемлекеттің түп негізі – отбасының бейнесі. Шаңырақ – күн шеңбері. Айналған күн шеңберінің қозғалыстағы суреті іспетті. Шаңырақ – киіз үйдің күмбезі көшпелі түркілер үшін үйдің, ошақтың, отбасының бейнесі. Тұлпар – дала дүлдүлі, ер-азаматтың сәйгүлігі. Ол жеңіске деген жасымасжігердің, қажымас қайраттың, қажырдың, тәуелсіздікке ұмтылған құлшыныстың бейнесі. Қанатты тұлпар уақыт пен кеңістікті біріктіреді. Ол – өлмес өмірдің бейнесі. Бес бұрышты жұлдыз гербтің тәжі іспетті.

Қазақстан Республикасының Елтаңбасының авторлары – Ж. Мәлібеков пен Ш. Уәлиханов.

12-оқушы: Мемлекеттік Ту мен Елтанба жөніндегі арнайы заңда Қазақстан Республикасының азаматтары және Республика аумағындағы басқа да азаматтар Ту мен Елтаңбаны құрметтеуге міндетті екендігі атап көрсетілді. 1992 жылы маусымда «Қазақстан Республикасы Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заң, кейіннен – әнұран мәтіні қабылданды.

13-оқушы: Ал 2006 жылы қабылданған қазіргі әнұран сөзінің авторлары: Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев. Әнін жазған Шәмші Қалдаяқов. Халық арасында ыстық ықыласқа, сүйіспеншілікке бөленген Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әні XX ғасырдың ортасында, Хрущевтің әкімшілік реформалары кезінде шыққан. Бұл ән Қазақстан тұтас ел және жерінің бір шөкімін де өзгеге бермейді деген өжет дауылпаз ұран. «Менің Қазақстаным» әнінің рухы жаңа заманда Жаңа Қазақстанды орнатып жатқан халқымыздың рухани талап-тілегіне толық сай келеді.

14-оқушы: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны – Қазақстан Республикасының мемлекеттік негізгі рәміздерінің бірі. Әнұран салтанатты рәсімдерде, мемлекеттік органдар өткізетін өзге де шараларға байланысты орындалады.

15-оқушы: Ел рәміздерін қабылдау – аса маңызды тарихи оқиға болды. Көп жылдар бойы Қазақстан өзінің ішкі және сыртқы саясатын анықтау мүмкіндігінен айырылған еді. Енді жаңа рәміздерді қабылдау тарихи сахнаға жаңа мемлекеттің, жаңа бейбітшілік сүйгіш державаның шығуын білдірді.

16-оқушы: 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі елдің Негізгі Заңын – тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясын қабылдады. Қазақстан Республикасының Конституциясы барлық қазақстандықтар еңбегінің жемісі болып табылады. Бұл маңызды құжаттың жобасын талқылау барлық жерде азаматтардың, әр түрлі саяси партиялар мен қозғалыстар өкілдерінің жиналыстарында, баспасөз беттерінде, теледидар мен радиода жүргізілді. Талқылау барысында бір-біріне мүлдем қарама-қарсы көзқарастар да айтылды. Азаматтар мен заңгерлер талқылау барысында көптеген ескертулер мен толықтырулар енгізді. Жаңа Конституцияның ерекшелігі – оның Қазақстанды дүниежүзілік қауымдастықтың ажырамас бөлігі деп жариялауы еді. Осылайша Қазақстан халықаралық нормалар мен демократиялық және құқықтық мемлекет құруға бағыт алғанын барша әлемге жария етті.

17-оқушы: Қазақстан Республикасының осы, алғашқы Конституциясы 4 бөлімнен, 21 тараудан тұрды. Конституцияның құрамдас бөлігі Қазақстанның қоғамдық даму ерекшелігін бейнелейтін өтпелі кезең жағдайларына арналған тарау. Өтпелі кезеңнің мақсаты бұрынғы және жаңа конституциялық заңдылыққа, мемлекет пен оның органдары мен институттарына қатысты кейбір жағдайларын байланыстыру, үйлестіруге тиіс болды. Конституция баптарының көпшілігі – Отанымызда ұлтаралық жарасымдылықты сақтауға арналған. Онда Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының тең құқықтылығын қамтамасыз ететіні мәлімделді. Сондықтан да Негізгі Занның ең басты назар аударған нысаны – адам және оның өміріне байланысты мәселелер болды. Елдегі атқарылатын істердің бәрі Заң бойынша тек азаматтар мен қоғамның мүдделеріне сай жүргізілетін болып белгіленді. Қазақстандық және кеңестік іс- тәжірибеде тұңғыш рет адам құқығы мен бостандығының басымдылығы танылып, Қазақстан халқы дүниежүзілік қауымдастықтың ажырамас бөлігі екендігі бекітілді.

18-оқушы: Конституцияда тілге байланысты проблемалар өз шешімін тапты. Конституция бойынша республикадағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі, ал орыс тілі – ұлт- аралық қатынас тілі деп жарияланды. Мемлекет өз тарапынан ұлтаралық қатынас тілін, олардың еркін қолданылу салаларын сақтау мен олардың еркін дамуына кепілдік берді. Мемлекеттік тілді немесе ұлтаралық қатынас тілін білмеушілік себептері бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге тыйым салынды. Конституцияның тілдер жөніндегі баптары дүние жүзі, сонымен біргеТМД елдерінің ішіндегі неғүрлым демократияшыл баптар болып табылады.

19-оқушы: Негізгі Заңда Қазақстан Республикасының жері біртұтас, ол бөлінбейді және оған қол сұғуға болмайды деп атап көрсетілді. Мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі Қазақстан халқы екендігі жарияланды. Мемлекеттік билік Конституция және республика заңдары негізінде жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Конституциясының ең жоғарғы заңдық күші бар. Конституцияның орындалуына Республика Президенті кепіл болады.

20-оқушы: Конституцияның тұтастай тараулары мен баптары азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне, қоғамға, оның негізгі құрылымына, отбасына, қоғамдық бірлестіктердің қызметін үйлестіруге арналды.

21-оқушы: Бұған әр адамның өмір сүруменшік иесі болу құқығы, жиналыстар өткізу, бірлестіктер құру құқықтары жатады. Қазақстан азаматтары Конституцияны, республика заңдарын сақтауға, әрбір адамның ар-намысын, абыройын құрметтеуге тиіс. Бұған қоса республика азаматтары мемлекеттік рәміздерді – Елтаңба, Ту, Әнұранды қастерлеуге тиіс. Отанды қорғау – әрбір азаматтың абыройлы борышы. Республика азаматтары заңмен белгіленген салықтар мен алымдарды төлеуге міндетті.

22-оқушы: Үшінші бөлім мемлекет пен оның органдары мен институттарының құқықтық нормаларын айқындауға арналған. Төртінші бөлім Конституцияны сақтау кепілдіктеріне, Конституцияның тұрақтылығын қамтамасыз ету және оның ережелерін қорғауға арналған. Оқиғалардың бұдан кейінгі даму барысы көрсеткендей, республика Парламентінің Қазақстан Конституциясын қабылдауы тарихи маңызы бар оқиға болды. Конституция мемлекеттің өркениетті дамуының негіздерін қалап қана қоймай, адам құқықтарын қорғау ісінде сенімді кепілге айналды. Осы аса маңызды құжатты қабылдау арқылы Қазақстан әлемнің тарихи сахнасына тағы бір демократиялық мемлекеттің шыққанын мәлімдеді.

23-оқушы: Астана қаласы. Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі өзгерістердің бірі астананың ауысуы болды. Қазақстан Республикасының Президенті өзінің «Қазақстан жолы» атты еңбегінде астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдамас бұрын ұзақ ойланғанын, барлық қадамдарын есептеп, тарихшылармен,саясаттанушылармен, мәдениеттанушылармен ақылдасқанын, басқа елдердегі астаналарын көшіру тарихымен танысқанын айта келіп, астананы ауыстырудың негізгі себептерін былайша түйіндейді:

Біріншіден, астананы ауыстыру Қазақстанды геосаяси жағынан күшейтудің қажеттігінен туындайды. Сондыктан елдің бас қаласының орнын анықтауға ерекше көңіл бөлінді. Астана өзіне еуропалық және азиялық озық дәстүрлерді сіңіріп отырған Еуразия құрлығының орталығы болып табылады.

Екіншіден, бұл шешімді қабылдағанда қауіпсіздік мәселесі де еске алынды. Тәуелсіз мемлекеттің астанасы, мүмкіндігінше, сыртқы шекараларынан жырақта және елдің ортасында орналасуы тиіс.

Үшіншіден, астананың орнын ауыстыру Қазақстанның экономикасын сауықтыру қажеттігінен де туындады. Ол елдің экономикасы үшін тиімділікті қамтамасыз етті. Облыс орталықтары дами бастады, экономиканың құрылыс материалдары өндірісі, жол төсеніштері, энергетика және машина жасау сияқты салалары аяғынан тік тұрды. Тұрғын үй құрылысы бұрын-сонды болып көрмеген қарқынмен дамуда.

Төртіншіден, астананы көшіре отырып, құрамы жағынан көп ұлтты біз, тұрақты полиэтникалық мемлекетті құру, Қазақстанды мекендеп отырған халықтардың арасындағы достықты сақтау бағытын да есте ұстадық.

Қазақстан Республикасының 1994 жылдың 6 шілдесіндегі «Қазақстан Республикасының астанасын ауыстыру туралы» қаулысы тәуелсіз мемлекетіміз астанасының тағдырын шешті. 1995 жылы 15 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» заң күші бар Жарлығы, 1997 жылдың 20 қазанында «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлығы шықты.

1997 жылдың 10 желтоксанында Президент Н.Ә. Назарбаевтың төрағалық етуімен Парламент пен Үкіметтің біріккен мәжілісі өтті. Осы күннен бастап Ақмола Қазақстан Республикасының астанасы болып танылды.

1998 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып өзгертілді. Қазақстан Республикасы астанасының ресми тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өтті.

24-оқушы:Қазақстан Республикасының Ата заңының 9-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері- Туы, Елтаңбасы және Гимні бар,»- делінген.

Мұғалім: Сондай-ақ осы заңның 34-бап, 2-тармағында «Әркім Республиканың мемлекеттік нышандарын құрметтеуге міндетті,»- делінген. Олай болса бүгінгі 6- сынып оқушыларының  өткізгелі отырған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері »  атты ашық тәрбие сағатына қош келіпсіздер. Бүгінгі сабағымызға сынып  оқушылары 3 топқа бөлініп сайыса отырып, өз білімдері мен өнерін ортаға салуға келіп отыр. Бүгінгі сайыс сабаққа қатысқалы отырған оқушылардың білімдеріне баға беріп, төрелік жасайтын әділ қазылар алқасымен таныс болыңыздар. Әділ қазылар алқасы тағайындалады. Ендігі кезекте сайыс сабағымыздың кезеңдерімен таныстырып өтейік:

І кезең     «Сәлем – сөздің анасы».

ІІ кезең    «Бәйге».

ІІІ кезең  «Тарихы терең төлтаңбам».

ІV кезең   «Белгі және ұғым».

V  кезең     «Менің қиялымдағы рәміз».

VІ кезең    «Құлақтан кіріп, бойды алар».

VІІ кезең  «Топ басшыларының сайысы».

1- топ «Ту», 2-топ  «Елтаңба», 3- топ «Әнұран». 3 топ 7 кезең бойынша сайысады. Әділқазылар әр кезең бойынша бағаларын беріп отырады.

Қорытынды:Мұғалім: Туған жердің әр тасы, әр бұтасы, ең аяғы құбылмалы аспаны мен көшпелі бұлты да ата-бабаларымыздың бізге тастап кеткен баға жетпес аманаты. Әркімнің өз жері жұмақтың төріндей ыстық, жақын болмақ. Сондықтан осынай кең байтақ, бай әрі сұлу жерімізді сақтап, оны келесі ұрпаққа аманат ету мына біздің қолымызда. Елімізді ардақтап, жерімізді аялап өтейік!

Метки: , , , ,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *