РЕЦЕНЗИЯ №32 – 11.06.2020ж.


Ақмола облысы, Жақсы ауданы Жақсы №1 орта мектебінің мұғалімі Каскаева Ляззат Байсеркеқызының 6-сыныпқа арналған «Әдебиет әлемі» бағдарламасына

Пікір

Қазіргі білім және ғылым салаларының күннен күнге қарыштап дамып келе жатқан заманында білім бағдарламасы жаңарып, жаңа бағытта дамып келеді. Даму болған жерде бәсеке болары сөзсіз. Пән мұғалімдеріміз түрлі бағдарламалар  дайындауға үлес қосып,  бәсекеге қабілеттіліктерін танытуда. Мәселен, қазақ әдебиетінің озық үлгілерін іріктеп, мектеп қабырғасында жүрген балалардың санасына сіңіру бүгінгі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе болып табылады. Бұл тұрғыдан алғанда, аталған бағдарлама Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленген.

Оқушыларды қазақ жазушыларының шығармаларын қызықтыра оқуға  баули отырып, күрескерлік рухта тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы. Осыған орай мектеп оқушысына дайындалған бағдарламаның  маңызы зор. Оқушы қазақ әдебиеті бойынша бағдарламадағы оқу материалын қолдана отырып, өзіне  қажетті  ақпаратты ала алады. Белгілі бір авторлардың шығармалары мәтіндік, графикалық, видео, фото, портрет түрінде берілген. Ең бастысы, аталған бағдарлама оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын, ынтасын оятып, танымдық белсенділіктерін арттыра отырып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған.

Қаріп өлшемі, графикалар оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкес жасалынған. СБР компоненттерін анықтайтын жазулар жүйесі, өзге де символдар оқу барысында қиындық тудырмайды.

Автор «Қазақ әдебиеті» пәні бағдарламасына үш негізгі дағдыны басшылыққа алады:

1) түсіну және жауап беру;

2) анализ және интерпретация;

3) бағалау және салыстыру. 

Осылар арқылы оқушы ұсынылған әдеби шығарманың жанрын, фабуласын, сюжетін анықтайды, кейіпкерлер портреті мен образын ашады, шағын көлемді үзінділерді мәнерлеп оқиды, жатқа айтады. Әдеби шығарманың тақырыбы мен идеясын түсініп, пікір алысады.

Жалпы, «Әдебиет әлемі» бағдарламасы оқушылардың ойлау қабілеттерін арттырып, коммуникативтік дағдыларын қалыптастырады. Иллюстративті материалдарымен оқушылардың қазақ тілінде ауызша және жазбаша сөйлеу түрлерін сауатты пайдалануын қамтамасыз етеді.

ф.ғ.к., доцент                                        Л.Н. Дәуренбекова