ЖҰМЫС ӨНДІРІСІНІҢ ЖОБАСЫ ЖӘНЕ ОНЫ АВТОМАТТАНДЫРУ


Абилбекова Айдана Әмірханқызы

М.ӨТЕБАЕВ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР КОЛЛЕДЖІ мұғалімі

ЖҰМЫС ӨНДІРІСІНІҢ  ЖОБАСЫ ЖӘНЕ ОНЫ АВТОМАТТАНДЫРУ.

ОҚО, Шымкент қаласы, М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжі, «Құрылыс пәндері»  кафедрасының арнайы пәндер оқытушысы

Абилбекова  Айдана Әмірханқызы      

Құрылыстың дайындық кезеңінде  технологиялық құжаттар мен жұмыс өндірісінің жобасын  талапқа  сай және сауатты  құру өте маңызды.

Жаңа ақпараттық технологиялар осы жұмысты автоматтандырады, яғни  жеңілдетіп жылдамдатады.

Технологиялық ұйымдастыру құжаттарының құрылымы мен мазмұны  нормативтік ережелерге сай  жұмыс өндірісінің жобасы мен құрылысты ұйымдастыру  жобасынан тұрады.

Жұмыс өндірісінің  жобасы (ЖӨЖ) құрылыс жұмыстарының дайындық кезеңінде технологиялық-ұйымдастыру жүйесіндегіқұрылыс-құрастыру жұмыстарының технологиясын, орындалу мерзімін, қаржылармен жабдықтау тәртібін анықтайтын жоба, ол ғимараттардың (үймәреттердің) жеке бөлшектерін тұрғызу жөніндегі өндірістік процестерді ұйымдастыру кезеңінде басшылыққа алынатын негізгі құжат қызметін атқарады.

Құрылысты ұйымдастыру жобасы (ҚҰЖ) – құрылыстың ұзақтылығын және кезеңдік мерзімдерін, күрделі қаржыны бөлуді және құрылыс-құрастыру жұмыстарының көлемін, материалдық-техникалық және еңбек ресурстарын және олардың орнын толтыратын кездерді, құрылыс-құрастыру жұмыстарын жүзеге асырудың негізгі әдістерін және объектілердің құрылысын басқарудың құрылымын анықтайтын техникалық (жұмыс-техникалық) жобаның құрамдас бөлігі.

Ғимараттар мен үймәреттерді тұрғызуда жұмыс өндірісінің  жобасына төмендегідей  техникалық құжаттар кіреді:

  • Нысан бойынша жұмыс өндірісінің күнтізбелік жоспары; (сурет-1)
  • Құрылыстың бас жоспары; (сурет-2)
  • Технологиялық карталар; (сурет-3)
  • Геодезиялық жұмыстар жөніндегі шешімдер;
  • Еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі;
  • Түсіндірме жазба.

Сурет-1. Жұмыс өндірісінің күнтізбелік жоспары. (үлгі)

Сурет-2. Құрылыстың бас жоспары (үлгі)

Сурет-3. Технологиялық карта (үлгі)

Негізі құрылыс саласында  ҚМжЕ 3.01.01-85 «Құрылыс өндірісін ұйымдастыру» құжатының талаптарына сәйкес жұмыс өндірісінің жобасы мен құрылысты ұйымдастыру  жобасы бекітілмей құрылыс-жинақтау жұмыстарына рұқсат берілмейді. Өкінішке орай , құрылыста жұмыс өндірісінің  жобасының  кейбір  бөлімдері  орындалмай, ғимараттардың қирауы, монтаждау крандарының орындарынан ауытқып құлауы тәрізді келеңсіз жағдайлар   орын алып жатады.

Құрылыс   өндірісінің  технологиясының және техникасының әрқашан күрделенуі, тиімді шешімді таңдауды қиындатып отырады.

Бұл  жағдайдан шығу жолы модельдеуді қолдануға құрылысты басқарудың негізгі звеноларында,  есептеу техникасын және экономикалық әдістерді пайдалануда шеше аламыз.

Нәтижесінде нақты, мұқият орындаған жұмыс өндірірісінің жобасы құрылыста технологиялық тәртіпті, сапаны, құрылыс мерзімі мен орындайтын жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

ЖӨЖ-ын құру көп еңбекті қажет ететін және орындаушы мамандардың кәсіби деңгейіне  жоғарғы ,арнайы біліктілікті талап ететін күрделі процесс.

Осындай күрделі  жобаны іске асыру барысында көптеген сұрақтар туындайды:

  • Құрылыс-жинақатау жұмысын өндіруді қалай оңтайландыруға болады?
  • Құрылыстың құны мен жұмыс өндірісінің  күнтізбелік жоспарына қандай өзгерістер енгізуге болады?
  • Құрылыс жұмыстарын орындау барысында қандай қарама-қайшылықтардан аулақ болу керек?

ЖӨЖ-ны орындау мерзімін жылдамдатып, сапасын жоғарылату үшін бүгінгі таңда жаңа заманауи  ақпараттық технологияларды қолдану қажет.

ЖӨЖ-сын автоматтандыру бағдарламасы 3 принципке  сүйенеді:

  1. ЖӨЖ-ың мақсатын жүйелеу  және құрылымын негіздеу;
  2. Құрылыста кіріс-шығыс мәліметтерді нақтылау үшін нормативтік және анықтамалық-әдістемелік  ақппаратпен  қамтылып, дамыған білімділік базаны ұйымдастыру;
  3. ЖӨЖ-на кіретін бөлімдерді блоктарға бөліп, нақты  шешімдерін автоматтандыру.

       Автоматтандырылған  тапсырмалардың нақты шешімдерінің  бағдарламалық модульдері есептік және графикалық компоненттермен қамтылу керек. AutoCAD бағдарламасында графикалық модуль орындалып, ал есептік  модульдері мысалы FoxPRO C++ бағдарламасында орындалатын жағдайларды да қарастыруға болады.

Бағдарламада  текстік, цифрлік, кестелік және графикалық материалдардан құралған нормативтік-әдістемелік база болу керек.Бұл базаны нормативтік  және анықтамалық-әдістемелік  құжаттармен қамту қажет.

            Мысалы, жүк көтергіш  монтаждау крандар мәселесі қарастырылған жағдайда, база төмендегідей  ақпараттардан құрылады:

  • Жүк көтергіштігі;
  • Жүктерді строптау схемасы;
  • Уақытша инвентарлық ғимараттардың каталогы;
  • Құрылыс алаңында  орындалатын әр түрлі жұмыстардың технологиялық схемасы;
  • Құрылыс материалдары мен құрылымдарын қоймалау схемасы;
  • Жарықтандыру құрылғылары туралы мәлімет.

Ғылыми прогресс бір орында тұрмайды. Құрылыс саласы, экономиканың басқа салалары сияқты, жылдам өзгеріп жатқан әлеммен бірге өзгеріп жатыр. Қолданыстағы технологиялардың одан әрі дамуы, жаңа инновациялық материалдардың пайда болуы, сонымен қатар құрылыс материалдарына қойылатын экологиялық тұрғыдан қауіпсіздік талаптары құрылыс саласының дамуына елеулі әсерін тигізіп жатқаны сөзсіз. 

Жоғарыдағы сұрақтардың шешімін табуда BIM, 4D, 5D және 6D бағдарламасының  жобалау технологиясы  қолданылады.

 «BIM» – Building Information Modeling – ғимараттың ақпараттық моделі. Ғимараттарды ақпараттық модельдеу немесе BIM (Building Information Modeling) құрылыс жұмыстарын айтарлықтай жеңілдетеді. Бұл жүйе әр түрлі мамандар мен ұйымдармен әзірленген болашақ ғимараттың компоненттерін есептеуге, қосуға және келістіруге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, жобаның әр түрлі кезеңдерінде осы компоненттердің дұрыстығын, тиімділігі мен пайдалану сипаттамаларын тексеруге мүмкіндік береді.

 Нысанның цифрлық моделі жұмыс құжаттамасының жазылуына, құрылыс конструкциялары мен бөліктерін жасауға негіз бола алады. Оны ғимаратты пайдалану кезеңінде ұйымдастырушылық – шаруашылық сұрақтарын шешу үшін қолдануға болады. 

Жобалаудың бұл ақпараттық  моделінде  құрылыс нысанының  кеңістіктік (3D) моделі   күнтізбелік жобалаудың  (4D) моделімен өзара байланысты. Сонымен  қатар,  құрылыстың құны   (5D)моделінде анықталады.

Жобаның 4D-6D моделі ғимараттың инженерлік жүйелерін құрудың, құрылыс нысанының  кез-келген мерзіміндегі жағдайды визуалды көрінісін айқындайды. Жобаның орындалу барысы  талданады. Модульдік құрастыру немесе қайта фабрикациялау құрылыс жұмыстарының мерзімін айтарлықтай қысқартады.

Бұл бағдарламалар   құрылыс саласында қолданысын табуда. Технологиялық құжаттардың орындалуының  жемісті болуы  білікті жобалаушы мен бағдарламалаушылардың  серіктестігіне байланысты.

Бүгінгі таңда, ғылымның, техника мен мәдениеттің даму барысында педагогикалық және ақпараттық-коммуникациялық технологияны үйлестіру білім беру жүйесінің алға басуына  ықпал етпек.

Оқу үдерісін жетілдірудің негізгі  шарты – студенттердің ғылыми-шығармашылық потенциалын дамыту. Кәсіби білім беру саласында құрылыс мамандарын даярлауда  жоғарыда баяндалған заманауи ақпараттық технологияны қолдану  –  Қазақстан экономикасының басты локомативі – құрылыс өндірісінің  ілгері жылжуына үлкен ықпалын тигізеді деп сенемін.

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ:

  1. Данилов Н.Н., С.Н. Булгаков, М.П. Зимин «Технология и организация  строительного производства», -М.: Стройиздат, 1988.- 628 б, 664 б, 713 б
  2. Хамзин  С.Қ. «Үймереттер  мен ғимараттардың құрылыс технологиясы», «Фолиант»  баспасы, 2004. – 27, 28 б,
  3. Хамзин  С.Қ. «Құрылыс өндірісінің ұйымдастырылуы мен технологиясы», «Фолиант»  баспасы, 2007.-6,7 б